20 Сәуір, 2016

Ядролық қауіп елдердің үлкен-кішісіне бірдей төнеді

351 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
IMG_5512Иан КАНЛАС, Назарбаев зияткерлік мектебі физика пәнінің мұғалімі (Филиппин): Мен өткен жылдан бері Қостанай қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде физика пәнінен сабақ беремін. Алдымен өзім қызмет істеп жүрген Қазақстан елі туралы әсерімді жеткізгім келеді. Осы елге қызмет ұсынғанда қуана келістім. Тәуелсіздігін алған ел екенін білетінмін. Жас болса да экономикасы адымдап өсіп келе жатқан мемлекет. Дүниежүзінде жер көлемі жағынан тоғызын­шы орынды алатын әрі қазба байлыққа бай ел. Алдағы жылы ЭКСПО-2017 көрмесінің Астана­да өтетінін де ғылым мен білім­нің дамуына мүдделі елдер күтіп отыр. Бейбіт өмірді, кеңдікті сезінемін. Әлемде бейбітшілікті сақ­тауға байланысты өткізіліп жатқан шараларда, әлемдік деңгейдегі басқосуларда Қазақ­­­стан Республикасының, оның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі жиі естіледі. Мұның өзі Қазақстанның әлемде бейбітшілікті сақтау шараларына белсене атсалысып жүргенін білдіреді. Қазақстанның өзінде уран өндірілетініне қарамастан, ядролық қарудан өз еркімен бас тартып, Семей полигонын жабуы әлемдегі соғыс қаупін болдырмау жолындағы адам сенгісіз, батыл қадам болып саналады. Соғыс болмайтын аймақта өмір сүрген адамдар бақытты. Бізде сонау өте алыстағы Филиппин елінен осында бейбіт ел болғаннан кейін, еш қауіпті сезінбеген соң келдік. Адамдары мейірімді, тыныштықты, бейбіт күннің қадірін білетін ел екен. Менің мамандығым физик болған соң атом энергиясы адамзат үшін қажет деп санаймын. Мысалы, Қазақстан көмірге тәуелді, электр энергиясын көмірмен өндіреді. Сөз жоқ, бұл табиғатқа кері әсерін беретіні жасырын емес. Осындай көріністер тек Қазақстанда ғана емес, әлемнің көптеген елдерінде бар. Табиғатты тоздырмау, кейінгі ұрпаққа да сыбаға қалдыру үшін энергетика саласында шикізаттан бас тарту керек болып саналады. Мұның басты жолдарының бірі атом болып саналады. Өкінішке қарай, ғылымды осы бағытқа бұрудың орнына әлемдегі алпауыттар атомды қаруға пайдаланып отыр. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Вашингтонда өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі ІV саммитте Американың саяси және қоғам қайраткерлері, әскери ұйымдар басшылары алдында сөз сөйлеп, өзінің «Әлем. ХХІ ғасыр» атты мани­фесін жария етті. Ядролық қару­дан, атом жарылысынан кел­ген зардапты әлем тарихы біледі. 40-шы жылдардағы Жапо­нияға тасталған атом бомбасы­нан қаншама адам зардап шекті? Ядролық қарудың сынағы­нан қазақстандықтардың көп жыл­дар бойы азапқа түскенін мен осы ел тарихымен таныс­қан­да білдім. Қандай қасіретті көрініс! Қазір әлемде соғыс туралы өте көп айтылады және күн са­йын терроризмнің қаупі қалыңдап келеді. Түркиядағы бірінен соң бірі болып жатқан жарылыстарды, Сириядағы ауыр жағдайларды, босқындар легін естіп-біліп отырмыз. Америка Құрама Штаттары мен Ресей Федерациясы арасын­дағы қарсы тұрушылық, басқа да алпауыттар арасындағы текетірес әлемдік тыныштықтың шырқын бұзатындай көрінеді. Егер алпауыттар ядролық қару қолданса, одан келер қауіп кішкентай елдерге де төнетіні бұл күнде сауатты жандардың барлығына аян. Ал үлкен елдің де, шағын елдің де адамдары соғысты қала­майды. Адамның барлығы да өмір сүргісі, тіршілік еткісі келеді. Жазық­сыз отқа оранып, оққа ұшып жат­қан­­дар қару кезенгендердің әді­летсіз әрекетінің құрбаны болға­ны өкінішті. Әлемді ертеңін ойла­маған бір ессіздік билеп-төстеп бара жатқандай қауіпті сезінеміз. Қазақстанды мен бейбітшілік жолындағы күрескер ел дер едім. Төмен байытылған уран банкін өзінде сақтауға келісімнің өзі оның тағы бір батыл қадамы дер едім. Жер жүзіндегі барлық үлкенді-кішілі елдер атомды тек ғана бейбіт мақсатқа жұмсауы тиіс. Сонда барлық елдерде тыныштық орнайды, адамдар қауіпсіз өмір сүреді. Болашақты көрегендікпен ойлайтын Президент Назарбаев әлемдегі алпауыттар басшыларын ядролық қарудан бас тартуға, атомды бейбіт мақсатқа ғана пайдалануға шақырды. Оның адамзат қолымен жасалған аса қауіпті қарудың лаңкестер қолына түсіп қалмауын ескертуі өте құптарлық, көрегендік мәселе. Жер адамзаттың дамуына жағдай жасады, енді адамзат Жерді сақтауы тиіс. Ғылым қарыштап дамыған ХХІ ғасыр осыны меңзегендей. Қазақстан басшысының сөзінен мен осыны ұқтым. Әлем бір кеменің үстінде екенін білгендер ақылға келер деген үмітте отыр.  ҚОСТАНАЙ