Қазақстан Президентінің әлемдегі қауіпсіздікті күшейту туралы сөзін жоғары бағалаймыз
ЮНЕСКО-ның Бас директоры Президент Н.Назарбаевтың әлемде тұрақтылықты қолдау және қауіпсіздікті күшейту бойынша бастамасын жоғары бағалады. Яғни, жақында Қазақстанның Франциядағы елшісі, Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілі Нұрлан Дәненов Ұйымның Бас директоры Ирина Боковамен кездескен еді. Кездесу барысында көпжақты және екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды. Елші И.Бокованы Қазақстанның енді ғана аяқталған ЮНЕСКО Атқарушы кеңесі 199-сессиясының жұмысында мәдени мұраны сақтау, өзара сыйластық мәдениетін және төзімділікті ынталандыру, білім мен ғылым бойынша қабылданған маңызды шешімдерге қосқан үлесі туралы хабардар етті. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бейбітшілік пен тұрақты дамуды қолдау жөніндегі бастамаларына ерекше көңіл бөлінді. Елші Бас директорға Алматыда ЮНЕСКО-ның аясында Халықаралық мәдениеттерді жақындастыру орталығын құрудың тұжырымдамасын табыстап, ЮНЕСКО жанынан бейбітшілік академиясын ашу мәселесіне қатысты өткізілген консультациялар мен алдын ала ұсыныстар жөнінде әңгімеледі. И.Бокова жуырда болып өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитте таратылған «Әлем. XXI ғасыр» манифесімен таныстырылды. ЮНЕСКО-ның ЭКСПО-2017 көрмесіне мазмұнды қатысуын қамтамасыз ету, оның әлеуетін мәдениет, білім, ғылым, тұрақты даму, су ресурстары және энергия бойынша бағдарламалар арқылы таныстыру мәселесі жеке талқыланды. Кездесу барысында Қазақстанның Білім беру саласындағы кемсітушілікке қарсы күрес бойынша 1960 жылғы конвенцияны ратификациялағаны туралы құжат ЮНЕСКО хатшылығына сақтауға берілді. ЮНЕСКО-ның Бас директоры 2015 жылғы қарашада ЮНЕСКО Штаб-пәтерінде ресми сапармен болған кезінде Президент Н.Назарбаевпен кездесуін жылы шыраймен еске ала отырып, оның әлемде тұрақтылықты қолдау және қауіпсіздікті күшейту бойынша еңбегін жоғары бағалады және Қазақстан басшылығының жоғарыда аталған бастамаларын ЮНЕСКО-да ілгерілетуге қолғабыс көрсетуге дайын екенін білдірді.Кемеңгер тұлға ғана тыныштықты ойлайды
Марина СЛАДКОВА, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті жанындағы Болон процесі өңірлік орталығының бас маманы: Нұрсұлтан Назарбаевтың Жер шарының мызғымас бірлігіне алаңдаушылығының астарында ядролық қауіпсіздікті сақтаудың маңызы жатыр. Осының өзінен Қазақстан басшысының планетаның тыныштығын ойлаған кемеңгерлігі байқалып отыр. Өз манифесінде ядролық, химиялық һәм биологиялық қаруларды қолдануды тежеу қажеттігін көтерді. Шын мәнінде, әлемнің көптеген елдерінде тұрақсыздықтан тұрғындар тыныш мекен іздеп, тіпті өздерінің кіндік қаны тамған туған жеріне оралудан бас тартып жатқандар көп. Мұның түпкі төркінінде сол елдердегі алауыздық, басқаша айтқанда, жауласушылықтың салқыны айқын сезіледі. Егер Қазақстан секілді, біздің Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев секілді әлемнің барша елінде ядролық қарудан бас тартуға жаппай ұмтылыс, тек ұмтылыс емес-ау, нақты қадам жасалған болса, дәл бүгінгідей жаһан жұртының тынышы кетпеген болар еді. Алайда, әлемдегі бүгінгі лаңкестік әрекеттер мен өз өмірлерін қию арқылы бейкүнә жандарды ажал апанына итермелеген жан түршігерлік қадам жасайтын жанкештілердің істері әлі де планетаның төрт бұрышының астаң-кестеңін шығарар қауіп-қатерден сейілтпей тұр. Бұл, әрине, алдымен бейбіт өмірді аңсаған тұрғындардың тынышын кетіріп, үрейге бой алдыруына себеп болып отыр. Әлемнің осындай аумалы-төкпелі сәтті бастан кешіріп отырған тұсында адамзатқа соғыссыз әлем қажет деген алаңдаушылықты білдірген бірегей тұлға – Нұрсұлтан Назарбаев. «Ядролық қаруды таратпау туралы шарт өзінің міндеттерін орындай алмай отыр. Ажал себетін қару мен оны дайындау технологиялары ірі державалардың қосарланған стандарттарының салдарынан бүкіл әлемге тарауда. Олардың терроршылардың қолына түсуі – уақыт өте келе әбден болуы мүмкін нәрсе» деп Нұрсұлтан Әбішұлы әлем тыныштығы жолындағы алаңдаушылығының басты себебін алға тартты. Шындығы да солай ғой. Адамзаттың бейбіт өміріне қастандық жасаушылар қолдаушыларға арқа сүйемесе, оң-солын танымаған балаларды да әлемге қарсы шығуға мәжбүрлемес еді. Ал мұның зардабын алдымен бейбіт халық көреді. Екіншіден, көптеген елдердің экономикасы тұралауға, тіпті, кей мемлекеттер арасында қырғи-қабақ көзқарастардың қалыптасуына соқтырып отыр. Ел мен ел арасында ашық араздық туып, арты экономикалық санкцияларға да ұласып жатыр. Бұған, әрине, тосқауыл болуы керек. Тосқауыл жасаудың негізгі бағыттары Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифесінде жан-жақты сараланды. Енді БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің басшылары осы манифестегі басым бағыттарды басшылыққа алар болса, әлемде бейбітшілік орнатуға әбден болады. Бұған менің толық сенімім бар. Өйткені, дәл қазір әлемге тыныштық керек. ХХІ ғасыр – бейбіт өмірдің ғасыры болуы қажет. Бұл – барша әлем жұртының ізгі тілегі. Бейбіт күннің орнағанын аңсаған Нұрсұлтан Назарбаевтың да арманы мен мақсаты әлем жұртының аңсарлы тілегімен ұштасып жатыр. АТЫРАУӘлем елшісі
Иосиф БРЕЙДО, профессор, техника ғылымдарының докторы: Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі – әлемдік көшбасшылардың бірі жариялай салған ядролық қауіпсіздік проблемасы жөніндегі қатардағы жай ғана құжат емес. Бұл – дүниежүзілік деңгейдегі мемлекеттік қайраткердің осынау алапат қауіп-қатердің адамзат өркениеті тіршілігінің өзіне қауіп төндіріп отырған кең ауқымды жан-жүрегімен сезініп барып, ол турасында әріден ой қозғап және аргументін тастай қылып айтқан монологы. Иә, Қазақстан ядролық қауіп-қатермен ширек ғасырдан бері күресіп келеді. Нұрсұлтан Әбішұлы қасарысқан қарсылықтарға қарамастан, Қазақстан тәніндегі қауіпті ісіктей болған Семей ядролық полигонын жабу туралы шешім қабылдады. Әлемде әлеуеті мен жеткізу құралдары бойынша төртінші болып тұрған ядролық қарудан бас тарту оңайға тиді дейсіз бе? Бұл ядролық шоқпардың көмегімен көрші елдерді ғана емес, бүтіндей бір құрлықтарды үйрей құшағында ұстап отыруға болушы еді. Бірақ Қазақстан адамзат баласына қауіп-қатер төндірген бұл қарудан өз еркімен бас тартқан әлемдегі аз ғана елдің бірі. Президент үшін, ел үшін бейбітшілік жолындағы күрес жалаң сөз бен құрғақ уәде емес, ол Орталық Аиядағы, құрлықтағы, әлемдегі милитаризм мен кикілжіңдердің ыстығын басуға бағытталған тұрақты және мақсатты түрдегі бейнеті көп жұмыс. Қазақстан ХХІ ғасырдағы әлемдік қауіп-қатермен қалай күресу керектігін өз мысалында бүкпесіз, әрі батыл түрде көрсетті. Сондықтан да, Біріккен Ұлттар Ұйымы 2015 жылдың 7 желтоқсанында Қазақстан Республикасының бастамасы бойынша Ядролық қарудан ада әлем құру жөніндегі жалпыға ортақ декларацияны қабылдағаны кездейсоқ емес. Өзінің манифесінде Қазақстан Президенті «Қазақстан 2016 жылы БҰҰ-ның жоғары деңгейдегі Халықаралық конференциясын шақыруды ұсынады. Онда ХХІ ғасырда қиратып, бүлдіруге әкелетін соғыстар мен жанжалдардың алдын алу мақсатында халықаралық құқықтың қағидаттарын қуаттау керек. Ақыл мен үнқатысуға, сабырлылық пен парасат-пайымға шақыру жаһандық әлемге қарсылардың ақпараттық шабуылдарының құрбандықтарына айналмауы тиіс. ХХІ ғасырда әлемге тыныштық керек!», деді Елбасы. Яғни, Қазақстанды, оның Тұңғыш Президентін «Бейбіт әлем елшісі» деп атасақ, шындықтан алыс кетпес едік! ҚАРАҒАНДЫМәртебелі биіктіктің қиын жолы
Нуруллах САДЫКОВ, Ш.Есенов атындағы КМТжИУ «Информатика және жаратылыстану-ғылыми пәндер» кафедрасының профессоры, «Дағыстан» этномәдени бірлестігінің өкілі: Жер бетінің мазасы кетіп тұр. Жарылыстар мен дүмпулер, ашаршылық пен жұмыссыздық, босқындар мен лаңкестер... Соғысқұмар жандар болуы мүмкін, бірақ олардың бейбіт өмірде мазмұнды өмір сүруді, бақытты ұрпақ өсіруді қалайтын өзге жандардың тұрмысын, тағдырын бұзуға хақы жоқ. Және соңғы айтылған топтың, яғни соғысты қаламайтын топтың жанжалқұмар жандарға қарағанда бірнеше есе көп екендігіне, тіпті жер ғаламшарындағы жандардың барлығы дерлік осы ұстанымды қалайтынына, қолдайтынына сенемін. Әйтсе де және ең өкініштісі – ғылым-білім дамып, адамзат санасы таңғажайып деңгейге көтерілді дегеннің өзінде соғыссыз әлем құруға шамамыз жетпей келеді. Рас, қарудың неше түрін ойлап табуға, ғылым мен техниканың алуын жетістігін қару жасауға пайдалана алуға шама-шарқымыз жетті, бірақ тыныштықтың қорғаушысы бола алмай жүргеніміз өкінтеді. Мен мұны жер бетінде, түрлі мемлекеттерде әртүрлі себептермен соғыс өртін тұтандыруға себепші болғандарға, жазықсыз жандардың тағдырын тәлкек етіп, миллиондаған сәбидің өмірін қасіретке айналдырғандарға қатысты айтамын. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың көпұлтты Қазақстандағы бірлік, татулық, өзара түсініктік идеясын әлемдік деңгейге алып шыққанына қуанышпен және түсіністікпен қараймын. Мен қазақ елінің тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрі мен тарихын, мәдениетін, алға ұстаған бағыты мен жоспарларын қызығушылықпен қадағалап келемін. Ядролық қаруды таратпау жөнінде тек айтып қана қоймай, Семей ядролық сынақ полигонын жабу, әлемде қуаттылығы жөнінен төртінші орында тұрған әлеуетті қарудан бас тарту сынды нақты істермен дәлелдей білген Н.Назарбаевтың адамзаттың, яғни тұрғындардың тарапынан Жер шарына төнген қауіпті алдын ала ескертіп, есебі мен зияны есептелмейтін мол қасіретті болдырмауға үн тастауы – үлкен азаматтық іс, салиқалы саясаткерге тән қасиет. Қазақстан Президентінің Вашингтонда сөйлеген сөзі жерге немесе экономикалық, геосаяси мәселелерді соғыс арқылы шешуге ұмтылатын мемлекеттерге ой салып, сабасына түсіруге үлес қосады деп ойлаймын. Манифесте Н.Назарбаев Жер ғаламшарының басынан өткерген, айтуға ауыр қасіреттерін ойға салып өтті. Расында мұны естудің, сезінудің өзі ауыр тиді. Жер-Анамыз десек, оны жылатуға, жаралауға, тіпті, жойып жіберуге біздің құқымыз бар ма? Әрине, жоқ. Сол себепті, Президент адамзат үлкен үмітпен қадам басқан жаңа ғасырды жанжалсыз бастап, жаңа жетістіктермен өткізуге шақырды. Ол үшін «ХХІ ғасыр: соғыссыз әлем» атты бағдарлама құру қажеттігін ұсынды. Соғыстың зардабы мен қасіреті осы бағдарламаның мақсат-мазмұнын түсіндіру барысында айтылып, түсіндірілген. Сондай-ақ, бағдарламаны қандай бағыттарда жасақтау керек, оны жүзеге асыру үшін не істеп, жұмысты неден бастау керек және кең ауқымды бағдарламаны тиянақты жүзеге асыра отырып қандай жетістікке қол жеткізуге болады – осының бәрі манифесте толық баяндалған. Жер ғаламшарының бастан кешкен соғыстары, осы соғыстарда опат болған адамдар санынан бастап, ядролық қарусыздану мен ол бағытта жасалған түрлі келісімшарттар, олардың орындалу барысы, атом энергетикасын жоспарлау жолдары, атом саласындағы ғылыми жаңалықтарды тіркеу реестрін құру, өзге де көптеген маңызды мәселелерді қамтыды. Саммиттен соң іле-шала америкалық газет жариялаған Қазақстан Республикасы Президінтінің бейбітшілік манифесі – адамзаттық проблеманы бейбіт шешуге жасалған оң қадамдардың бірі деп білемін. АқтауӨрлеу мен өркендеу жолы
Игорь ГЕОРГИАДИ, «ЕуроХим-Тыңайтқыш» ЖШС бас директоры (Ресей): Кез келген елдің тілегі де, оның арманы да – халқының бейбітшілігі. Өйткені, бейбіт өмір өрлеу мен өркендеуге жол ашады. Бейбітшілік бізге әлемнің жолын анықтауға көмек көрсетіп, тұрақты және саламатты әлемді қалдырады. Жер бетіндегі өмір қанша дамып, адамдардың санасы қаншалықты өсті десек те, қазір бүкіл әлемді бейбітшілік мәселесі қатты толғандырып келеді. Сондықтан, бейбітшілікті сақтап қалу мәселесі, жаһандық соғыс қаупі ешқашан талқылаудан түскен емес. Қайта адамзат өркениетке қол созып, санасы өскен сайын әскери қауіп бүкіләлемдік ауқымдағы қасіретке айналып барады. Міне, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифесі ХХІ ғасырда өмір сүретін және жұмыс істейтін өскелең ұрпақтың тағдырына шынайы алаңдаушылықтан туындап отыр. Иә, Нұрсұлтан Әбішұлы айтқандай, соғыссыз әлем адамзаттың барлық салада дамуының кепілі екені шындық. Ал бейбітшілікке, бейбіт тыныш өмір сүруге ұмтылу – қазақ халқының қанына сіңген асыл қасиет деп толық сеніммен айта аламын. «Сырт көз – сыншы» деген ғой, Жамбыл облысының Сарысу ауданында бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келе жатып жергілікті тұрғындардың, жалпы қазақ халқының тыныштықты қалайтын, бейбіт өмірге ұмтылған, бірлігі мен ынтымағы жарасқан мықты ел екеніне көзім анық жетті. Тарих беттерінен де арғы-бергі заманда қазақ жерінде болған саяхатшылар, ғалымдар, елшілер қазақ ұлтының меймандос, сабырлы, момын, ешкімге жамандық, қаскөйлік жасамайтын халық екенін, Қазақ елі ежелден бейбітшілік сүйгіш ел, өз бетінше ешкімге ұрынбаған, соғыс ашпаған ел екенін сүйсіне жазғанын білемін. Ал қасиетті Әулиеата жері – қашанда достық пен ынтымақтың, өзара келісімнің ордасы екеніне күн сайын куә болып жүрмін. Осының бәрі Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сындарлы саясатының жемісі деп ойлаймын. Содан болар, Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасымен ядролық қарудан біржолата бас тартып, бейбітшілік жолды қалауы Қазақ елінің атын әлемге танытумен қатар, жер бетіндегі атом қаруына қарсы қозғалыстардың кең қанат жаюына, ядролық сынақтарды тоқтатуға ықпал етті. Еркін ел болу бақытын, тәуелсіздікті, халықтың ынтымағын жасампаздық игілігіне жаратып жүрген Қазақстанның алар асуы биік, еңбегі көрікті болатынына сенімім мол. Жамбыл облысыБіз – әлемнің бір бөлшегіміз
Гүлжайна ИМАШПАЕВА, химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқытушысы, биология ғылымдарының кандидаты, «Жылдың үздік педагогы» республикалық байқауының жеңімпазы: Қазақ елі мен жерінің ядролық апаттан шеккен зардабын ойлаудың өзі адамның жанын түршіктірері сөзсіз. Осы бір алапат апаттан ел мен жерді қорғаудың мүмкіндігі Тәуелсіздігіміздің алғашқы күнінен бастау алды. Жер-ананы жарақаттап, жанына жара салатын, жаппай қырып-жоятын ядролық қаруды таратудан бас тарту арқылы бейбітшіліктің бастауы болар ел екендігімізді Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің батыл қадамдарымен дәлелдеп берді. Ширек ғасыр ішінде Президенттің парасатты бастамасы халықаралық бейбітшіліктің қозғаушы күшіне айналып үлгерді. Мемлекет басшысының АҚШ астанасы Вашингтондағы ядролық қауіпсіздік саммитінде көтерген жаһандық қауіпсіздік мәселесі – бейбітшілік жолындағы әлемге төнген қауіп-қатердің алдын-алу жолдары. Бұл саясат қарапайым халықтан бастап ірі саяси зиялылардың ойынан шығып, кеңінен қолдау тапты. Себебі, адамзаттың бейбіт өмірін, олардың денсаулығын сақтау аса маңызды. Әлемде жүріп жатқан дүбірлі қақтығыстар экономикалық, экологиялық, әлеуметтік үлкен зардаптар әкелері хақ. Оның себепшілері біреулердің жеке көзқарастары болса, біреулердің экономикалық мәселелері болып табылады. Осындай адамзаттың болашағын ойламай, оған жауапкершілікпен қарай алмай жүрген тұлғалар да кешегі күні мектеп қабырғасында отырған азаматтар мен азаматшалар. Сондықтан, мектеп қабырғасынан бастап оқушылардың адами құндылықтарын арттыруға баса назар аудару ұстаздар қауымының назарынан тыс қалмауы керек. Баланың бойында жаһандық азаматтықты қалыптастыру бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Осыған орай, Өскемен қаласының Назарбаев зияткерлік мектебінде «Біз – әлемнің бір бөлшегіміз және біздің әрқайсымыз әлемді тек жақсы жаққа өзгертуге қабілеттіміз» деген ұғыммен жаһандық азаматтықтың құжаты қабылданды. Бұл орайдағы басты мақсат: бүгінгі оқушы – ертеңгі ел, қала берді, әлем азаматы. Олардың бүгінгі тәрбиесі болашақтың қауіпсіздігі, әлемдегі мәдениеттің көптүрлілігін дұрыс түсіну, қабылдау және құрметтеу. Жаһандану жағдайындағы өз елінің мәдениетін сақтауға ұмтылу дегеніміз – бұл жаһандық маңызы бар оқиғалардан хабардар болу, сол оқиғалардың себебін түсіну, ақпараттарға сыни тұрғыдан қарай білу арқылы саралау. Өз әрекеттері үшін жауапты болу және оның жаһандық қоғамға әсерін түсіну, жергілікті және жаһандық деңгейдегі іскерлік пен достық қарым-қатынастарға қабілетті болу. Осы тыңнан жасалған құжат негізінде ғұлама ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің «Тәрбиесіз берген білім қоғамға апат әкеледі» деп айтқанындай, білімнің көзі тәрбиеде болғандықтан, негізгі ұстаным тәрбие жұмысына аса назар аудару керек деген ойды кіріктіреді. Біз болашақтың жарқын, сенімді болатынына бүгіннен бастап нақты қадамдар жасауға тиіспіз. «Туған елге – тағзым!» жобасы шеңберінде мектебіміздің оқушылары Семей қаласындағы ядролық сынақ полигонының зардаптарын музейден көріп, саяси бәсекелестікке бой алдырған адамдардың мейірімсіздік іс-әрекеттерінің нәтижесіне куә болды. Мектепке оралған соң кураторлық сағат өткізіліп, талдау жасалғанда қазақтың кең даласының бір бөлігінің жарамсыз болуы, адам баласының мутациялық үлкен зардаптары оқушыларды қатты толғантты. Оларға ой салды. Назарбаев зияткерлік мектептерінде жаңадан ашылған пән – «Жаһандық перспективалар» сабағында 12-сынып оқушысы Елдар Алмас «Өскемен қаласында ядролық жанар-жағармайлардың қоймасын құруға қоғамның пікірі» тақырыбында зерттеу жүргізген еді. Зерттеу барысында Елдар ядролық жанар-жағармайларды бейбіт мақсатта қолданудың басты жолдарын көрсете білді. Сонымен қатар, қалада ядролық жанар-жағармайлардың қоймасын құруды екі тұрғыдан қарастырды. Оның қаншалықты тиімді және қаншалықты зияны болатындығын талдады. Оқушы өз жұмысында ел экономикасына пайда әкелетін өндірістік кешендерді жоспарлауда сол өңір тұрғындарының пікірін ескеру аса маңызды деген қорытындыға келіп, аталған қойманы тұрғылықты жерден алшақ орналастыруды ұсынады. Тұңғыш Президент күнінде оқушылар Елбасымыздың бейбітшілікті сақтау үшін жасап жатқан ерен еңбегін талдай отырып, әлемдегі ең үлкен сынақ алаңдарының бірі болып саналатын Семей полигонын жапқандығын айтып, бала жүректеріндегі Елбасына деген құрмет, мақтаныш сезімдерін білдірді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Вашингтон саммитінде адамзатқа «ХХІ ғасыр: соғыссыз әлем» манифест-бағдарламасын құрудың қаншалықты маңыздылығын талдап беруі қақтығыс пен қайшылықтарды қалап отырғандарды ойландырмай қоймас деп ойлаймын. ӨСКЕМЕНЕл қауіпсіздігін ойлаған Елбасы
Семейдегі Түйемойнақ аралында жыл сайын 29 тамыз – Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күніне орай митингі өтеді. Жақында осы Түйемойнақ аралында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың манифесіне орай, «Семей-Невада» антиядролық қозғалысының мүшелері брифинг өткізді. Онда Қазақстан Президенті манифесінің өз елі үшін ғана емес, барша адамзат үшін жасалған маңызды қадам екені атап көрсетілді. – Біз ел ертеңіне қатысты алаңдаушылықтан туған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың манифесін қолдаймыз, – деді «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының вице-президенті, «Құрмет» орденінің иегері, «Вайнах» чешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Сұлтан Картоев. – Елбасының ядролық қарусыз өмір сүруге шақыруы планета тұрғындары мен көптеген мемлекет басшылары тарапынан қолдау табуда. Қазақстан басшысының манифесіне бүкіл әлем үн қосып жатыр. Бұл – біздің еліміз үшін үлкен мәртебе, зор құрмет! Бұл – биыл Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойын атап өтетін Қазақ елінің халықаралық деңгейдегі бейбіт өмір сүру үшін жасаған тың қадамдары. – Расында да, жүйелі пікірлері, тың қадамдары, іскерлік басшылығына байланысты Қазақстан Президенті даралығымен, даналығымен танылып отыр, – деді халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Солтүстік және Шығыс аймақтары бойынша вице-президенті, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Орал Шәріпбаев. – Келелі мәселелер талқыланатын басқосуларда Қазақстан Президенті алғашқылардың қатарында сөз сөйлеп, пікір білдіруге шақырылады. Қазақстан Президентінің «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифесі ұлттық лидерлердің болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершіліктерін және бір екшеген, ядролық қарусыз өмір сүруге шақырған саяси маңызы өте салмақты құжат болып табылады. Бұған қоса, манифест – Қазақстан басшысының әлемдік аренада айтқан тың ойы, өзге елге үлгі бола білудің, еліміздің бейбіт өмірді жақтайтындығының айқын көрінісі. Елбасымыз өз манифесін жариялау арқылы әлемге жаңаша ойлаудың үлгісін белгілеп берді десек, артық айтқандық емес. Өйткені, қазіргі таңда әлемдегі құндылықтар жүйесін жаңаша түзу – бірінші кезектегі тарихи мәні бар мәселе. – Елбасымыз халықаралық басқосуларда үнемі жаһандық жаппай қырып-жоятын қаруларды таратпау, соғыс қаупін болдырмауға қарсы бастамаларын ашық түрде ортаға салады, – деді «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының белсендісі, дәрігер Болат Серікбаев. – Ол адамзатқа «ХХІ ғасыр: соғыссыз әлем» кең ауқымды бағдарламасын жасау керектігін айтып отыр. Тіпті, алдағы он жылда барлық кикілжіңдер мен соғыстарды тоқтату жалпыға ортақ міндет екенін атап көрсетті. Шынында да, соғыссыз әлем – адамзаттың барлық салада дамуы деген сөз. Ал тыныштықта өмір сүруге ұмтылу – қазақ халқының қанына сіңген асыл қасиеттерінің бірі екені тарихтан белгілі. Қазақ елі – ежелден қонақ күткен, бейбітшілікті қалаған, көшпенді өмірін сүріп, малын жайып, берекесін көрген ел. Тәуелсіздікке қол жеткен тұста да осы ұстанымымыздан айныған жоқпыз. Мұны бағалауымыз керек. Жиында Елбасы манифесін қолдаймыз деп ақсақал-ардагерлер, қоғамдық ұйым мүшелері бірауыздан үн қосты. Манифест – Елбасының бүкіл әлемде соғыс атаулыны болдырмаудағы, бейбіт өмірді сақтаудағы тың қадамы, десті жиналғандар. Раушан НҰҒМАНБЕКОВА СЕМЕЙ Суретті түсірген автор.Сенім мен сергектік қажет қашанда
Рустам УСМАНОВ, «Ново-Пэк» ЖШС бас директоры: Көкшетаудағы «Ново-Пэк» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұжымы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифесін адамзат ұстанар ұлағат санайды. Біздің көпұлтты әрі негізінен әйел қауымы жұмыс істейтін кәсіпорнымыз бейбіт өмірдің бағасын жақсы біледі. Бізде бөтен ой жоқ. Жасампаздықты мұрат санайтын еліміз Президенттің «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» Жолдауын алаңсыз жүзеге асыруы тиіс. Өндірістің дамуына серпін беретін міндеттер ел экономикасын өрге бастырып қана қоймай, қарапайым халықтың әл-ауқатын көтеруге де игі ықпалын тигізеді. Сондықтан, Елбасының манифесін халық жаһандық дағдарыс дендеп тұрған кезде игілік әкелер жақсылықтың жаршысына балайды. Біздің «Ново-Пэк» манифесте айтылған басты қағидат – жаһанданудың жақсы мысалындай болып көрінеді маған. Ортақ планетада ынтымақтаса жұмыс істеуіміз керек. Бұрын лента тоқу фабрикасы аталған кәсіпорын қаланың ең үлкен шағын ауданының тұрғындарын жұмыспен қамтыған екен. Біз Нұрсұлтан Әбішұлының халықаралық инвестициялық саясатын терең зерттеу арқылы Көкшетаудың фабрикасын қайта еңселендіруге қатысып отырғанымызды мақтан етеміз. Кәсіпорын негізінен Тәжікстан инвестициясын пайдаланады. Нұрсұлтан Назарбаевтың манифесі – жаһан дауысымен айтылған парасатты пайым. Өйткені, қауіпсіздікті жұмыла қорғап, қолдайтын уақыт туып тұр. «Өзіңнің қауіпсіздігіңді өзге мемлекеттердің қауіпсіздігіне қысым жасау есебінен қамтамасыз ету мүмкін емес» деген бұлтартпас тұжырым баршаның ортақ қағидаты екендігі тағы да еске салынды. Мұны басшылыққа алу қажеттігі туралы мемлекет басшылары, әлемнің озық ойлылары, салиқалы сарапшылар түгел қолдап отыр. Бұл мәселе Вашингтондағы самиттен кейін Қазақстан Президентінің іле-шала Кубаға, Иранға, Түркияға, Өзбекстанға сапарында, ол терең мағыналы ой тастаған Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының ХІІІ саммитінде де кеңінен қамтылды. Бұл бүгінгі әлем тынысындағы алаңдаушылықты байқатады. Халықаралық терроризм қаһарлы сипатқа ие болды. Ол жекелеген елдердегі бірлі-жарым актілерден Еуропа, Азия және Африка мемлекеттеріне қарсы кең ауқымды террорлық агрессияға айналып үлгерді. Миллиондаған босқындар, қалалардың қирауы, құнды тарихи ескерткіштердің жойылуы – осының бәрі әдеттегі көрініске айналуда. Экономикалық санкциялар мен сауда-саттық майданы да қалыпты құбылыс болып отыр. Планета тағы да бүкіл адамзат үшін қасіретті салдарлары бар «қырғи-қабақ соғыстың» өткір жүзінде тербеле бастады». Бұл сөздер ешкімді бейжай қалдыра алмайды. Себебі, «дүние әзірше өткен төрт онжылдықтың оң инерциясының арқасында сақталып тұр». Манифестің осы тұрғыдағы артықшылығы қауіп-қатерден арылудың нақты жолдарын көрсетіп беруінде деп білеміз. Нұрсұлтан Әбішұлы адамзатқа ұсынған «ххі ғасыр: соғыссыз әлем» атты кең ауқымды бағдарлама ізгі ниет тұтқасы болатыны анық. Басқа жол да болмайтынын мойындауымыз қажет. Сондықтан, адамзатты ажал сепкен соғыс қатерінен мүлде арылту үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасауымыз керек. Біз үшін қазір және таяу болашақта бұдан көкейкесті міндет жоқ. Қазіргі кезде 600-ден астам адам жұмыс істейтін зауытымызда айына 5 миллион дана полиэтилен, 100 миллион дана «биг-бег» қаптары шығарылады. Оның 30 пайызы тұрақты түрде экспортқа жіберілуде. Осындай алаңсыз тіршілігіміз жалғаса беруі үшін, қалыпты ырғақтағы жұмысымыз жеміс төгуі үшін біздің еңбекқор ұжым манифест қағидаларын үнемі құрмет тұғырында ұстайтыны анық. Ақмола облысыАждаһаны ауыздықтау – арман
Игорь Ахатов, Қазақ-түрік бірлескен «Gold Aluminum» ЖШС АҚ бас директорының міндетін атқарушы: Қазір дүниежүзіне халықаралық терроризм қаупі күшейіп тұр. Таяу Шығыстағы террорлық ұйымдар Қазақстанға көрші мемлекеттерге азу тісін ақситып, күш көрсетіп қояды. Олардың харам ниеті іске асқан жағдайда Қазақстан бейтарап қала алмайды. Нұрсұлтан Назарбаевтың Ташкент сапарындағы ресми кездесуі осыны да ұқтырғандай болды. Нұрсұлтан Әбішұлының саммитте «Мен террорлық ұйымға қатысы бар әркімді бақылауға алуға болатын бірыңғай әлемдік желі құру қажет деп санаймын» деген ұсынысын өз елінің қауіпсіздігін ойлау ғана емес, дүниежүзінің тағдырына алаңдаушылық деп түсіну керек. Семей-Шыңғыстау өңірінде елу жыл бойы атом бомбасының сынағы жасалуы сан мыңдаған адамды радиация зардабын тартуға мәжбүр етті. Яғни, бейбіт мақсатта пайдалануға болмаса, ядролық қарудан адам баласы пайдаға шықпайды. Елбасы Семей жеріндегі сынақтан мүгедек болып туған Кәріпбек Күйіковтің «Жарылыс» атты картинасын АҚШ президенті Барак Обамаға сыйға тартқанын білеміз. Кәріпбектің өзге де өзі қатарлылардай өмірдің бар қызығын көруге қақысы бар еді. Атом сынағының зардабы екі қолынан айырды. Қылқаламды аузымен тістеп сурет салатын Күйіков – атом қасіретінің адам баласына қандай қасірет әкелетіндігінің жанды көрінісі. Бір мемлекетпен келіспей қалса, атом қаруы барын аңғартып қоқиланатын мемлекет басшылары бұл соғыста жеңімпаз болмайтындығын ойламайтындығы өкінішті. Қазір дүниежүзіндегі барлық мемлекет терроризмнен қауіпсізбін дей алмайды. Күні кеше алаңсыз отырған Еуропа елдеріндегі оқиғалардан ащы сабақ алу керек. Ядролық қауіпсіздіктен сақтануда барлық мемлекет күш біріктірмесе, бәрі де бекер болатындығын көпшілігі түсініп қалды. Нұрсұлтан Назарбаевтың Вашингтондағы Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитте жариялаған «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі осы жағдайды толық ұқтырды. Адамдарға бейбітшілік және жақсы өмір керек. Жақында Қазақстан Президенті Түркия мемлекетіне ресми сапармен барды. Қазақстанда Түркия Президенті Реджеп Тайип Ердоғанның қатысуымен өткен бизнес-форумда: – Түркия біздің стратегиялық сауда-экономикалық серіктесіміз болып саналады. Соңғы 10 жылда елімізге салынған түрік инвестициясының көлемі 1,8 миллиард доллардан асты. Біздің нарықта түрік капиталының қатысы бар бір мың жарымнан аса кәсіпорын жұмыс істейді. Түркия бұл көрсеткіш бойынша Ресейден кейінгі екінші орында тұр. Қазақстанда 15 мыңнан астам түрік азаматы тұрақты еңбек етіп жүр. Олар біздің жаңа елордамыздың құрылысына белсене қатысты. Астана халықаралық әуежайы, «Хан Шатыр» кешені, «Рамада Плаза Астана» қонақ үйі және басқа айшықты нысандар – соның жарқын айғағы, – деген болатын Нұрсұлтан Назарбаев. Сол іскерлік байланыс әлі де жақсы жалғасын тауып жатыр. Оңтүстік Қазақстан облысындағы Қазақ-түрік бірлескен «Gold Aluminum» серіктестігіне Түркия тарапынан 1 173 млн. теңге инвестиция салынды. Қазақстан Президентінің ядролық қауіпті ауыздықтау жөніндегі бастамалары өндірістің өркендеуін қалайтын кәсіпкерлерге осындай мүмкіндіктер туғызып отыр. Оңтүстік Қазақстан облысы