Келешегіміздің қанатын кең жайдыратын, еліміздің ертеңін қолына алатын, атадан балаға деген жақсы ұғымның иесі, біздің болашағымыз – балаларымыз. Сол келешегіміздің бүгінгі таңда тағы бір жайсыз жағдайды бастағанынан көңілімізге қорқыныш ұялап, күдік туа бастады. Қайдан жеткен бәле екенін таза түсінбесек те, осы кейінгі 3-4 жылдың ішінде жайлап келіп, бойымызды ала бастаған бәлекетке еруді, әсіресе, биыл жаппай костюм іздеп, шайтан мен сабалақтың, мыстанның, құбыжықтың, қара күштердің бейнесіне енгенді сәндік, қызық көріп, құбыжық болып киініп, күнәкарды ұлықтауды әдетке айландыра бастадық. Сайтан сайран салған түн – әр жылдың 30 қазанында қайдағы бір жабайы тайпаның мейрамының біздің елімізде де қанат жайып, күш ала бастағанын көзімізбен көріп, куә болып отырмыз. Әлгі еліміз күткен саламатты өмірімізге бүйте берсек, қолымызды қанша созсақ та, жетуіміздің ауылы алыстай беруі анық.
Бұл аты белгісіз бәлеге, мереке деп айтуға ауыз бармайтын шайтанның сандырағына «хеллоуин» деген ат беріліпті. Ата дінімізге де жан-жақтан шабуылдаған әртүрлі қитұрқы діни ағымдар аз дегендей, ең жаман жағынан көрінген көріністі шайтанға теңестіруші едік, енді сол бәле жай келмей, мейрамын сүйрете келіп, есігімізден сығалай бастады. Өткен жылдың 30 қазанынан 31-іне қараған түні жын-шайтандар, қара күштер бейнесіне кірген неше түрлі бәлелер бас қалаларымызда түнімен өріп жүріпті. Сол түнгі деректерге сенсек, еліміздің ең бір сағынып көрісетін Алматысында сол түні 17 түнгі клубта шайтанның арнайы тойы болыпты. Бас қаламыз Астанада да бірнеше түнгі клуб түнімен әлекке түсіп, тіпті көптен күтіп мақтанышпен ашқан «Хан шатыр», сол сияқты «Керуен» ірі ойын-сауық орталықтарында да аста-төк атап өтіпті. Көпшілік жағасын ұстап, төбе шашың тік тұратындай көріністерді көздерімен көріпті. Кіре берісте қып-қызыл қанға боялған (қызыл бояу) жындар тұр, арғы жағында қанға боялып өлген адамның мүрдесі (қуыршақ) жатыр сұлап, ал музыкасын тыңдасаң, құлақ тұндыратын жайсыз үн, айнала толған өңшең шайтандар, қаңқалар, мыстандар, қара күштер қолдарында ұстағандары шиша, жынды бимен қосылған айқай дейді. Міне, шайтанның нағыз тойы осылай шайтанша болыпты. Біздің шыққан «жаңа биігіміз» осылай аяқталыпты.
Қарқыны қорқынышты, қадамы жаман әдетке бұдан ары тағы көрмегендей көз жұма берсек, қайда барып тірелері бәрімізге түсінікті. Бұл қазаққа жат, мұсылмандығымызға бөтен, жалпы алғанда, кісілік қасиетімізге теріс, қызығатын озық дүние емес, кім көрінгеннің керек етпей тастаған тозығына жаңалық ашқандай бас ұрғанымызға айтар сөз таппай, аңырып отырмыз. Шынын айтсақ, біз кімнің тойын тойлап жатырмыз, қайда барамыз, бұдан опа табамыз ба? Алдағы 14 ақпанда атап өтуді жаман әдетке айналдырған «Әулие Валентин күнімен» айтысып жатқанда, мына бәле шайтан тағы қайдан шықты?
«Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады» дегендей, не бір дәстүрге сыймайтын «сатанистар мейрамын» тайраңдатып, көздің алдында тойлатып қойып, билік неге көзін жұмып байқамай тыныш отыр. Дін басындағылар шайтан төбесінде ойнап жатса да, аузына құм толтырып, олар отыр мүлгіп. Әрине, осы жерде әлгі қылышыңды кеш сермесең, тасқа шаптың кері келіп жүрмесе екен дейміз.
Мына күшейіп келе жатқан бәле құбылыстан дер кезінде қатты талап қойып, жабылып қарсы жұмыс атқарылмаса, жалындап келе жатқан жастарымызға ие бола алмай қалуымыз әбден мүмкін.
Тәуелсіздік алып, еліміз бен тіліміз, дініміз бен дәстүр-салтымыз жаңғырып жатқанда, жат елдің жаман әдетінің келуіне тастай тосқауыл қоймасақ, келешегімізге келер зиянды тоқтата алмай, кешігеміз. Мерекелерімізді, құтты мейрамдарымызды, заңмен бекітілген, Елбасымыз қол қойған ұлыстың ұлы күндерін ұлықтаудан ауытқымайық, құрметті ағайын.
Құрманғали УӘЛИ, Мәжіліс депутаты.