Азиадаға 9 күн қалды
Жарыстар: ҚАЙ КҮНІ? ҚАЙДА? ҚАЙ УАҚЫТТА? Астанада өтетін VII Қысқы Азия ойындарының кестесі КОНЬКИМЕН ЖҮГІРУ 31 қаңтар – 6 ақпан. «Алау» спорт сарайы (Конькимен жүгіру стадионы) 31.01. 15.00 3000 метрге жарыс (әйелдер) 5000 метрге жарыс (ерлер) 01.02. 15.00 1-раунд. 500 метрге жарыс (әйелдер) 500 метрге жарыс (ерлер) 17.00 2-раунд 500 метрге жарыс (әйелдер) 500 метрге жарыс (ерлер) Марапаттау рәсімі. 02.02. 15.00 масс-старт 25 айналым (әйелдер) масс-старт 35 айналым (ерлер) Марапаттау рәсімі. 04.02. 15.00 1500 метрге жарыс (әйелдер) 1500 метрге жарыс (ерлер) Марапаттау рәсімі. 05.02. 15.00 5000 метрге жарыс (әйелдер) 10 000 метрге жарыс (ерлер) Марапаттау рәсімі. 06. 02. 12.00 Командалық жарыс (әйелдер) Командалық жарыс (ерлер) Марапаттау рәсімі. ШАЙБАЛЫ ХОККЕЙ 28 қаңтар – 6 ақпан. «Қазақстан» спорт сарайы, «Барыс» спорт кешені Қатысатын құрама командалар: Топ дивизион: Қазақстан, Жапония, Корея, Қытай, Тайпей 31.01. 14.30 Тайпей – Корея 19.00 Қытай – Жапония 01.02. 14. 30 Жапония – Тайпей 19. 00 Қазақстан – Қытай 03. 02. 14. 30 Жапония – Корея 19. 00 Қазақстан – Тайпей 04. 02. 14. 30 Қытай – Тайпей 19. 00 Корея – Қазақстан 06. 02. 11. 30 Корея – Қытай 16. 00 Қазақстан – Жапония 18. 15 Марапаттау рәсімі Премьер дивизион: А тобы: БАӘ, Үндістан, Катар В тобы: Тайланд, Кувейт, Қырғызстан С тобы: Малайзия, Моңғолия, Бахрейн 28.01. 13. 30 Кувейт – Қырғызстан 17. 00 Бахрейн – Малайзия 20. 30 БАӘ – Үндістан 29.01. 13. 30 Моңғолия – Бахрейн 17. 00 Катар – БАӘ 20. 30 Тайланд – Кувейт 31.01. 13. 30 Үндістан – Катар 17. 00 Қырғызстан – Тайланд 20. 30 Малайзия – Моңғолия 01.02. 13. 30 – 16. 00 В3 – С3 17. 00 – 19. 30 В2 – С2 20. 30 – 23. 00 В1 – С1 02.02. 13. 30 – 16. 00 С3 – А3 17. 00 – 19. 30 С2 – А2 20. 30 – 23. 00 С1 – А1 03.02. 13. 00 – 16. 00 А3 – В3 17. 00 – 19. 30 А2 – В2 20. 30 – 23. 00 А1 – В1 05.02. 14. 00 – 16. 30 Финал (3-4 орын үшін) 18. 00 – 20. 15 Финал (1-2 орын үшін) 20.15 Марапаттау рәсімі. ШОРТ – ТРЕК 31 қаңтар – 2 ақпан. Республикалық велотрек 31.01. 14.00 1500 метрге жарыс (әйелдер) 1500 метрге жарыс (ерлер) Марапаттау рәсімі. 01.02. 14.00 500 метрге жарыс (әйелдер) Ширек финал, жартылай финал, финал А, финал Б 500 метрге жарыс (ерлер) Ширек финал, жартылай финал, финал А, финал Б Марапаттау рәсімі. 02.02. 14.00 1000 метрге жарыс (әйелдер) 1000 метрге жарыс (ерлер) Эстафета 3000 метр (әйелдер) Эстафета 5000 метр (ерлер) Марапаттау рәсімі. МӘНЕРЛЕП СЫРҒАНАУ 3 ақпан – 6 ақпан. Республикалық велотрек 03. 02. 16. 00 Қысқа би 17. 00 Қысқа би бағдарламасы (жұптар) 18. 00 Қысқа би (ерлер) 04. 02. 15. 00 Қысқа бағдарлама (әйелдер) 18. 00 Еркін бағдарлама (жұптар) Марапаттау рәсімі. 05. 02. 15. 00 Еркін бағдарлама (әйелдер) 20. 00 Еркін би 21. 00 Еркін бағдарлама (жұптар) Марапаттау рәсімі. 06.02. 15.00 Көрсетілімдік билер.* * *
ҚЫЗЫЛЖАР ТӨРІНДЕГІ АЛТЫН АЛАУ
Қаңтардың сақылдаған сары аязына қарамастан қызылжарлықтар мерекедегідей киініп, 20 қаңтар күні қас қарая Петропавл әуежайына жиналды. Олар Қысқы Азия ойындарының алауын жеткізген делегацияны әсем әнмен әуелете қарсы алды. «Қасиетті Қызылжар жеріне, Мағжан еліне хош келдіңіздер!» деген жарқын үндер жиі естіліп, суық сорған жүздер қуаныштан бал-бұл жайнады. Қостанайдан жеткен мәртебелі қонақтарға гүл шоқтарын ұсынып жатты. 21 қаңтар күні тіпті суытты. Жайшылықта саршұнақ аязды шыбын шаққан құрлы елемейтін солтүстік өңірдің тұрғындары шеруді көргенше асықты. Есімдері мен атақ-даңқтары республикаға жақсы мәлім 60 алаугердің сайдың тасындай іріктеліп алынғаны бірден байқалады. Күлімдеген жүздеріне қарағанда дайындықтарының жақсы екені сезіледі. Араларынан өзіміз жақсы танитын тұлғаларды да көзіміз шалып қалды. Олардың бірнешеуін әңгімеге тарттық. Евгений Тетюхин, СҚМУ-дың профессоры: – Мүгедек болғаныма қарамастан алауды алып жүру маған сеніп тапсырылды. Қанша айтқанмен 2000 жылы Сиднейде өткен параолимпиялық ойындарға қатысқан, халықаралық жарыстардың жеңімпазы болған тәжірибелерім ескерілген болар. Бүгін мүгедектердің қол арбасымен «жүгіретін» боламын. Жамбыл Тасеменов, облыстың құрметті азаматы: – Тәуелсіздіктің арқасында еліміздің дүние жүзіне танылғанына қалай ғана қуанбассың! Ата-бабаларымыз армандап, бірақ жете алмай кеткен кезеңде өмір сүріп жатқан біз — нағыз бақытты ұрпақпыз. Міне, көптен күткен салтанатты шара да басталып кетті. Облыс әкімі Серік Біләлов кең-байтақ елімізде алғаш рет өткелі отырған осынау тарихи маңызы өте зор спорттық шара – ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойына толайым тарту екенін сөз ете келіп, додалы бәсекеде қазақстандық спортшыларға жеңіс тіледі. Азиада алауының Петропавл қаласындағы бірінші кезеңі биыл туғанына 300 жыл толатын айбынды ханымыз – Абылай мұражайы жанынан бастау алды. Алау эстафетасы дирекциясы басшысының орынбасары Сәрсен Құранбек Алау құтыны аймақ басшысына аманат етті. Серік Сұлтанғазыұлы алауды жоғары көтеріп ұстаған бойы Сүтішев көшесінің қос қапталында иін тірескен жұртшылық арасымен алып өтті. Сөйтіп, салтанатты түрде жеңіл атлетикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азияның екі дүркін чемпионы, Сиднейдегі, Пекиндегі жазғы Олимпиадаларға қатысушы Елена Парфеноваға ұстатты. Желмен жарысқан желаяқ оны келесі алаугерге табыс етті. Ардагерлер арасында гір көтеруден 11 мәрте әлем жеңімпазы Виктор Сайко Мир көшесін бетке алды. Одан 86 жастағы соғыс, еңбек ардагері Степан Башкиров алауды қабылдап алып, еңсесін тік ұстаған күйі алға тартты. Түстен кейінгі шеруді тамашалаушылар да көп болды. Екінші кезеңнің алғашқы алауын облыстық мәслихаттың хатшысы, спорт жанашыры Қайырлы Едіресов алып жүріп, гір көтеруден еңбек сіңірген спорт шебері, әлемнің бірнеше жеңімпазы Виталий Диденкоға табыстады. Одан әрі көкпаршы Рамазан Махатов, дәрігер Төлеген Иманов, шаруа қожалығының жетекшісі Қайырбек Хамзин, тағы басқалары жалғастырды. Ал, Н.Погодин атындағы орыс драма театры алдында орнатылған қазандықтағы алауды тұтату бақыты Маргарита Мацкоға бұйырды. Олай болатын жөні бар. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері үшін 2010 жыл ұмытылмастай есте қалды. Жерлесіміз XVI Жазғы Азия ойындарында 800 метр қашықтыққа жүгіруде алдына жан салмады. Эстафетадан күміс медаль иеленді. Жеңіл атлетшінің басқадай жетістіктері де ауыз толтырып айтарлықтай. Қызылжар өңірінде үлкен ұйымшылдықпен өткен шеру мерекелік гала-концертке ұласты. Өмір ЕСҚАЛИ. Солтүстік Қазақстан облысы. * * * ВОЛОНТЕРЛЕР Азиадаға арналған акция Кеше Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде VІІ Қысқы Азия ойындарына арналған «Қазақстан алға!» атты акция өтті. Оған Астана қаласы жоғары оқу орындарының ректорлары, мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдары өкілдері, сондай-ақ, университет студенттері мен волонтер-еріктілер қатысты. Қазақстан Азия ойындарының тарихында Олимпиада алауының эстафетасын ұйымдастыруды алғаш рет қолға алған ел. Тәуелсіздігіне 20 жыл толу үстінде тұрған республикамыз үшін бұл лайықты бастама болумен қатар, үлкен мәртебе екендігі даусыз. Азиада алауы жиырма күн бойына барлық облыстарды аралап шығатыны, алаудың елордаға 30 қаңтар күні келіп жететіні баршаға мәлім. Осыған дейін қала жастары да уақытты тиімді пайдалануға тырысуда. Соның бірі ретінде ЕҰУ-де өткен волонтер-еріктілерге арналған акцияны айтуға болады. Акция аясында «VІІ Қысқы Азия ойындары» атқарушы дирекциясының өкілі Болатбек Жұмабекұлы: «Бүгін Азиада алауының Астанада жануына 9 күн қалды. Сондағы салтанатты оқиғаны ертеңгі тарихтың бір беті ретінде қарауға болады. Ал сіздер сол параққа жазылу үстіндесіздер. «Мен жастарға сенемін» деп Мағжан ақын айтпақшы, сіздерге үлкен сенім артамыз!», - деп еріктілерді жігерлендіре түсті. «Азиада – Қазақстан. Бірлігіміз жарасқан!», «Қазақстан алға!» деген ұрандармен елім, жерім деген, қыран құсы көгінде биік самғаған еріктілер қатары бүгінгі күні қызу дайындық үстінде. Олар елордаға келген шетелдік туристерге қызмет көрсетпек. Елімізді қонақтарға таныстырмақ. «Отан» сөзін ардақ тұтып, отаным деп замана көшіне ерген Елбасының сындарлы саясатына сенім білдірген астаналық жастар VІІ Қысқы Азия ойындарында сөйтіп республикамызды жан-жақты насихаттамақ. Акция шеңберінде Еуразия ұлттық университеті студенттік филармониясының «Самұрық» би ансамблі мен әншілері өз өнерлерін ортаға салса, «Ұлар» тобы қадамы құтты, болашағы мықты, татулығы тұрақты да қуатты мемлекетті көз алдына елестетіп «Қазақстан» әнін шырқады. Жұлдыз БАЙДІЛДА.