Парламент Сенатының депутаты А.А.Башмаковпен әңгіме
– Құрметті Анатолий Афанасьевич, жуырда Өскеменде өткен бастамашы топ басқосуында сіз де сөйлеп, Елбасы Н.Назарбаевтың президенттік өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту жөніндегі референдумды қолдаушылардың бірі болдыңыз...
– Бүгінгі күні Қазақстанның тарихында жаңа дәуір басталды. Бұл дәуір Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты екеніне ешкім де шүбә келтіре алмас. Мемлекеттік архитектураны жүздеген жылдарға нық орнату үшін ғаламат көрегендік керек. Біздің Елбасымыздан сондай қасиет табылды, оның даналығының, қарапайым жұрт көре алмайтын құбылыстарды сезіне алуының және соларға лайықты құралдарды дұрыс бағытта қолдану мен ғайыптан пайда болған үдерістерді қажетті бағытта өрбіте алуының арқасында Қазақстан шүу дегендегі жағдайлары бірдей болған ТМД елдерінің көбі тайып жығылып жатқан қиын жолдардан адасып та кетпей және сүрінбей де өтті. Енді алдымыздағы онжылдықтар да «Назарбаев феноменінің» ықпалымен өтетініне шүбә келтіруге болмайды. Халық даналығы «Біз қалай іргесін қаласақ, болашақ солай болады» дейді. Меніңше, бүгінгі күні болашағымызды баянды етудің кілті өзіміздің қолымызда. Бүгінгі күні Қазақстан өзінің жаңа сапада дамитын дәуіріне қол артып тұр. Оның жоспары Президенттің «Қазақстанның 2020 жылға дейінгі аралықтағы даму стратегиясы» атты құжатта көрсетілген. Онда Мемлекет басшысы қол жеткен табыстарды пайдалана отырып, жаңа міндеттерді жүзеге асыру жоспарын нақты көрсетіп берді. Бұл еліміздегі тұрақтылықты одан әрі тереңдетіп, қоғамды, соның ішінде барлық саяси жүйені, рухани, интеллектуалдық, қаржылық және материалдық күштерімізді ұйыстырудың арқасында іске асады. Ал олардың орындалуына 100 пайыздық кепілдік бере алатын тек қазіргі Мемлекет басшысы. Бүгін одан басқа елді ұйыстыра алатын, ұлтаралық үйлесімділікті қамтамасыз ете алатын сенімді де лайықты кандидатура жоқ.
– Дегенмен, референдум ерекше жағдайларда ғана өткізілетін шара ғой. Оны өткізу себебіміз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бүгінгі таңда елімізге аса қажетті айрықша қасиеттері деп отырсыз. Солардың біразын атап бермес пе екенсіз?
– Қазақстандықтар оған «Ұлт Көшбасшысы» деген мәртебе бергенде оның айрықша еңбектерін бағалап қана қойған жоқ, сонымен бірге, жас мемлекеттің болашақ тағдырын да қолына берді деп ойлаймын. Бүгінгі күні, әлемдік қаржы дағдарысының әлі де толық еңсерілмеген сәтінде, жаһандық ауқымда қарағанда саяси қайшылықтардың әлі де күш алып тұрған кезінде уақыт бізден тағы да азаматтық ақылға келіп, болашақ ұрпақтың қамы үшін Н.Назарбаевтың өкілеттігін ұзартуымыз керек дегенді алға тартып тұр деп ойлаймын. Виктор Гюго: «Ұлы мақсаттарға ұлы адамдар ғана қол жеткізе алады», деген екен. Ұлы адамдар алдына ұлы мақсаттар қойып қана қоймай, олардың жасампаздық күштерін әрі қарайғы даму жолына жинақтай алады дер едім мен. Президент Н.Назарбаев үшін ұлы мақсат біздің тәуелсіз елімізді әлемдегі орны бар, салиқалы, беделді мемлекетке айналдыру болса, ол сол мақсатты бүгін артығымен орындап отыр. Ол қазақстандықтардың әлеуметтік қамсыздануын, тұрмыс-деңгейін де жоғары деңгейге көтере алды. Осының арқасында әлемдік қоғамдастық Н.Назарбаевты қатты құрметтейді, соның бір көрінісі ретінде кешегі ЕҚЫҰ Саммитінің Астанада өткізілгенін атауға болады. Меніңше, бұл Саммит халықтың даналығы мен оны басқарудағы дарындылықтың арқасында ғана қол жеткізілген Қазақстанның құндылық шыңы болды деп есептеймін.
Қазақстан Президентінің айрықша қасиеттерінің бірі, яғни оның ажырамайтын альфасы мен омегасы Қазақстан халқының тұтастығын сақтау болып отыр. Ұлтаралық келісімнің тиімді моделін жасаудың арқасында Қазақстандағы барлық этностар өздерін жақсы сезінеді. Ал осы мәселедегі соңғы кездегі ғана оқиғаларды еске алатын болсақ, Президенттің бұл істі дұрыс жолға қоюының маңыздылығына терең бойлай түсер едік. Жүздеген жылдық мемлекеттік тарихы бар еуропалық елдердің өзі бұл істерде лайықты шешім таба алмай отыр. Мәселен, Парижде мемлекеттің осы бағыттағы мәселені еңсере алмағандығының кесірінен мұсылмандар мен жергілікті халық арасында үнемі қақтығыстар болып тұрады. Швейцарияда мешіт салуға тыйым салу жөнінде заң қабылданды. Осының өзі мұсылман халықтарының өкілдері үздіксіз өсіп отырған жағдайда болашақ қақтығыстың басы болары белгілі емес пе. Данияда Мұхаммед пайғамбардың суретін әжуалау да мемлекеттік тұрғыдан саясаттың дұрыс қолға алынбай отырғандығының, мемлекеттік саясаттың ұлттар арасындағы бірлікті сақтаудағы солқылдақтығының көрінісі. Айналамызда осындай жағдайлар болып жатқанда көпэтносты, көпконфессиялы Қазақстандағы тыныштықтың өзі көп нәрседен хабар бермей ме, Саммиттің біздің елде өткізілгендігінің бір себебі де осы ғой деп ойлаймын.
Мен жуырда Польшаның Қазақстандағы елшісі Мечислав Лапановскимен әңгімелескен едім, сол кісі: «Қазақстан – тамаша дәстүрлері бар бір ғажайып ел. Сіздің елдеріңіздің салттары, мәдениеті мені таңқалдырады. Еуропа елдерінде ондай жоқ. Мен сіздердің осы құндылықтарыңызды жоғалтпауларыңызды, керісінше, оны Еуропаға алып барғандарыңызды қалар едім», дейді. Осындай риясыз көңілден шыққан шындыққа қалай мақтанбассың?.. Ал оған қол жеткізген Президенттің саясаты емес пе? Елбасы ЕҚЫҰ-ның Саммитінде де Ұйымның себеттерін ұлғайту жөнінде ұсыныс жасады, соның бірі осы ұлтаралық қақтығыстардың алдын алу жайы ғой. Нақ осы мәселеде біздің Президентіміздің бүкіл әлемге үлгі ұсынуға хақылы екеніне ешкім таласа алмайды. Ал бұл дегеніңіз шағын Қазақстанның үлкен жетістігі емес пе?
– Сізді сенатор етіп сайлаған аймақта бұл мәселелер қалай шешілуде? Ондағы халықтың да Президенттің осы еңбегін жоғары бағалайтыны күмән туғызбаса керек қой.
– Мен жуырда ғана Солтүстік Қазақстан облысындағы сайлаушылардың ортасында болып келдім. Ондағы халық та Елбасының осы бағыттағы еңбегін жоғары бағалайды. Президенттің аймақтағы өкілі ретінде облыс әкімі Серік Біләлов та Елбасының бұл саясатын іске асыруда жігерлілік пен белсенділік көрсетуде. Мәселен, мен ол кісінің жуырда православие храмы салынатын жерде және мешіт құрылысына бөлінген жерде болып, халықпен кездескенінің куәсі болдым. Ал Тимирязев ауданының орталығында мешіт пен православие шіркеуі қатар бой түзеп, ауылдың сәнін келтіріп тұр. Осының өзі де біздің бірлігіміздің, достығымыздың және өзара төзімділігіміздің айғағы емес пе?
Мен еліміздің болашақ тағдырына алаңдаушылық білдіретін барлық ізгі ниетті адамдарды Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзартуды референдум арқылы қолдауға шақырамын. Осының өзі біздің қуатты Қазақстан құрамыз деген мақсатымызға сөзсіз қолдау болар еді.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Жақсыбай САМРАТ.