10 Мамыр, 2016

Ескерілмеген ерлік

491 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Гелашнемесе Гелаш Гайнутдинов Кеңес Одағының Батыры атағын неге алмай қалды? Жаратылысы батыр, ержүрек ерлеріміздің бірі Ақтөбе облысы Темір қаласынан шыққан жауынгер барлаушы, артиллерист Гайнутдинов Гелаш Хисамут­дин­ұлы еді. Соғысқа дейін шекарашы қызметін атқарған. 1941 жылдың шілде айында Темір аудандық әскери комиссариаты арқылы Қызыл Армия қатарына алы­нып, соғысқа аттанады. Май­дан­ға кеткенде әйелі Закия мен 4 және 1 жа­стағы екі ұлы Ильдос пен Фидай қалады. Орта­лық майдан­да шайқасқан аға сержант Гелаш алғашқыда 4-ші батарея 86-шы ауыр артиллериялық бригадасының бөлім командирі, кейін 1 Беларусь майданы 65-ші армия 108-ші Бобруйск дивизиясының 444-ші атқыштар полкі зеңбірек қаруының коман­дирі болады. Ерекше қабілеті мен ерлігі, отаншылдық қасиеті баға­­ланып партия қатарына қабыл­­данады. Ерлік істеріне май­­дан­дас­тары да куә болады. Г.Гайнут­динов­тің Беларусь жерін­дегі Гомель облысы Днепр өзені­нен өту барысындағы ерлігі туралы тарихи құжаттар мен жазба деректер де соны айғақтайды. ...1944 жылы ақпан айында Рогачев ауданында Днепр өзенінен өту ұзаққа созылды. Өзен сағасы Друть бойындағы майдан біраз уа­қытқа тынышталып қалды. Келесі соғыс әрекетіне дайындық жүріп жатты. 1944 жылдың 23 мау­сым күні таңда артиллериялық да­йын­дық болып жатқан, оның ішін­де аға сержант Гелаш та бар еді. Друть өзені бойында жаудың жаудырған оғына қарсы тұру үл­кен шеберлік пен табандылық­ты талап етті. Қарсы шабуыл та­быс­ты басталды. Артиллеристер­дің дөп көздеуі атқыштар ротасы­­ның Добысна, Ола, Березин өзен­дері­нен табысты өтуіне үл­кен көмегін тигізді. ...1944 жыл, 5 қыркүйек. Кенеттен: – Алдымызда Нарев! Өзеннен өтуге дайындалыңдар!, – деген бұйрық келді. Сол мезетте дивизия Нарев өзені жағалауына жақын­дап орналасты, артиллеристер оларға көмекке әзір тұрды. Түнде кеңестік әскерлер қаруларын дайындап, орыстың Рожань қамалына жақындап орнықты. Ал таңда қарсыластар плацдармды жоюға әрекет еткен уақытта, кенет кеңес әскерлері оқ жаудырды. Немістер бірнеше ондаған жауынгерлерінен айырылды. Дәл осындай атқылау 7 рет қайталанды. Одан соң Гелаш­тың қаруы жасанды көпірге қарай бағытталды. 1944 жылдың 5 қазанында жау өзенді басып алу үшін қар­сы шабуылға шықты. Гайнут­динов­тың зеңбірегіне қарай бірнеше танк жылжып келе жатты, ал оның артында бірнеше бронетранспор ілесіп келеді. Гелаштың бірінші атқан оғы алдыңғы танкке тиіп күлі көкке ұшты. Сол мезетте бро­нетранспортер Гелаштың пуш­ка­сына қарай бет бұрып, оның көзін жоймақшы болды. Көзді ашып-жұмғанша Гелаш екінші танкті талқандап үлгерді. Ендігі кезек – бронетранспортер. Дәл көздеген Гелаштың оғы бұл бронетранспортерді де жарып жіберді. Зұлым жаудың аптығын басқанымен, снарядтың бір жарықшағы Гелашқа тиіп, денесін қан жуады. Осылайша ержүрек жерлесіміз Беларусь жерінде көз жұмады. Орда бұзар отыз жасында қыршын кеткен оны осы ерлігі үшін 444-ші гвардиялық атқыштар полкінің командирі, подполковник Абиловтың қол қоюымен 1944 жылдың 10 қазанында Кеңес Одағының Батыры атағына ұсыну қағазы толтырылады. Бұған дейін де Гелаш екі рет «Ерлігі үшін» медалімен, ІІ дәрежелі «Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз» ор­дені­мен марапатталған болатын. Гелаштың ерлігі туралы дерек өткен ғасырдың 80-жылдары Беларусь жерінде П.Фролов басқарған қызыл ізшілердің іздеу жұмыстары нәтижесінде нақтыланып, баспасөз бетінде «Артиллерист из Темира» деген мақала жарық көреді. Одан қалды, қазіргі таңда сол Темір қаласында табылып отырған архив деректері дәлел береді. Ерлік үстінде қаза тапқан жауынгерге Батыр атағын беру туралы наградалық қағаз толырылады да, 1945 жылдың 24 наурызында, яғни 5 айдан соң КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы М.Калинин мен оның секретары А.Горкиннің қол қоюымен аға сержант Г.Х.Гайнутдиновке тек Ленин ордені берілгендігі туралы қаулы шығады. Бұл нені бай­қат­ады? Сол уақыттағы Кремль қожа­йын­дары мен өзімшіл генералдар өк­тем мінездерінен арыла алмай, «кіші» ұлттарды, соның ішінде қа­зақ­стандықтардың ерлігін дұрыс баға­ламағанының тағы бір айғағы бұл. «Ерлік – биіктегі кемерінен асып, лақ етіп құздан құлаған тасқын», сол тасқын иесі жерлесіміз Гелаш атаның өмір мен өлім бетпе-бет келген сұрапыл соғыстағы елен­бей қалған ерлігін бүгінгі таң­да паш ету – қазақ даласының қара­пайым қызының перзенттік борышы деп білем. Сондықтан, интернационалист, отаншылдық пен адамдық қасиетке толы өжет те қайсар Гелаштың мәйіті сонау Беларусь жерінде қалса да, сол қан майданда ерлігін өз көзімен көрген тұлғалардың берген бағасы ұмытылмай, ата-баба рухы үшін артында қалған баласын, аңсап күткен жұбайын емес, өршелене түскен әр жаудың көзін жойып, жанын пида еткен жерлесіміздің бүгінгі таңда, Жеңіске 71 жыл толып отырған кезеңде ерлігі бағаланып, берілмей қалған атақ өз иесін тапса екен дейміз. 1945 жылдың 9 Мамыры алыс­тап барады, қар жастанып мұз төсенген ардагерлер әбден азай­ды. Солардың әлде де болса баға­лан­баға­н ерлігі болса, соны жарық­қа шығару – бүгінгі ұрпақ парызы. Жұмазия ҚУАНОВА, Шұбарқұдық гимназиясының тарих пәні мұғалімі Ақтөбе облысы, Темір ауданы
Соңғы жаңалықтар

Жұмақ – жүректе

Кино • Бүгін, 08:30

Жарыстар күнделігі

Спорт • Бүгін, 08:20

Саяның «SSS» мектебі

Қоғам • Бүгін, 08:12