10 Мамыр, 2016

«Химия қиын емес»

703 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Дамеш апай– дегізген Дәмеш апай «Түсі игіден түңілме» демекші, ол кісіні алғаш көргеннен бастап жылы жүзі, биязы дауысынан-ақ келісті кісілік келбетті, зиялылықты аңғарғандай едім. Қателеспеген екенмін. Себебі, оның тағылымға толы ғибратты ғұмыр жолымен таныстық артқан сайын, ұстаз деген ұлыға бас имес­ке болмасын тағы бір ұғынғандайсың. Иә, өмірінің жарты ғасыр уақытын ұстаздыққа арнап, ұрпақты білім нәрімен сусындатқан Дәмеш Өмірбекқызы туралы бір үзік сырдың туындауы да оның талайға тағылым болар еңбек жолын өскелең ұрпаққа үлгі еткендігімізбен үндессе керек-ті. Қазір сан қилы мамандық бар. Оның бәрі керек және олар өмір талабынан туындаған. Олар да «бір кірпіш дүние, кетігін тауып қаланған» болса да, тіпті, сол мамандықтардың кейбірін өмірі естімей, білмей кетуіміз де әбден мүмкін. Алайда, қоғамның кез келген мүшесі алдынан өтуі тиіс, адамзат баласына бас идірген, белгілі бір мамандық иесі бар, ол – ұстаз. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор. Сондықта, ол әрдайым қадірлі, бәріміз үшін ұстаздың орны бөлек. Осындай құрметке лайық жандардың бірі – Аймағанбет Дәмеш Өмірбекқызы. Ол Астанадағы Ж.Жабаев атындағы №4 мектеп-гимназиясының химия пәні мұғалімі. Химия қазақ баласы үшін қашаннан қиындау сабақ саналатын. «Ашиды миың, химия – қиын», деп қиыстырып жүргендердің де жайы сол болса керек. Бірақ дәл Дәмеш Өмірбекқызы сабақ берген сыныптарда «химия қиын» деген ұғым болған емес. Ол оқушылардың бұл пәнге деген қызығушылығын оятып қана қоймай, оны кез келген оқушының жетік меңгеруіне болатынын дәлелдеген мұғалім. Химиядан оқушыларды сан түрлі білім жарыстарына, пәндік олимпиадаларға, ғылыми жоба сайыстарына қатыстырды. «Мұғалімнің бүкіл мақтанышы – шәкірттерінде, өзі шашқан білім дәнегінің өсіп-өнуінде» демекші, дарынды ұстаздардың бірегейі Дәмеш Өмірбекқызының мақтан тұтар шәкірттері көп. Мәселен, республикалық, қалалық, аудандық пән олимпиадасы, ғылыми жоба сайыстарында кейінгі 15 жылда 67 шәкірті химия пәнінен олимпиада жүлдегерлері атанған. Дәмеш Өмірбекқызы алғашқы еңбек жолын Целиноград ауданы Родионовка 8 жылдық мектебінде химия-биология пәні мұғалімі болып бастапты. Білімділігі мен біліктілігінің нәтижесінде Красный флаг мектебінде, сонымен қатар, Теңіз ауданы Баршын орта мектебінде бірнеше жыл мектеп басшысы қызметін атқарған. 1998 жылы Ж.Жабаев атындағы №4 мектеп-гимназиясына аға мұғалім болып орналасты. Күні бүгінге дейін осы мектепте еңбек етуде. Барлық саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиелеп, ел баласына білім мен біліктің дәнін еккен ұлағатты ұстаз биыл 70 жаста. Ал білім саласында еңбек еткеніне 50 жыл толып отыр. Ұстаз еңбегі өлшеусіз екені рас. Оны ештеңемен өтей алмайсыз. Алайда, «елге сіңірген еңбек жақсы, еңбекті елеген ел жақсы» деген бар. Дәмеш Өмірбекқызы «Еңбек ардагері» медалі, «Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет Грамотасы», «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің Құрметті қызметкері», «Халық ағарту ісінің озық қызметкері», Білім және ғылым министрлігінің құрмет грамотасының иегері. Ал Астана қаласы білім департаментінің «Құрмет грамотасымен» 7 мәрте марапатталған. Сондай-ақ, 2008 жылы «Елорда білім жүйесінің алтын қоры» атты кітапқа есімінің енуінің өзі ұстаз еңбегіне деген ерекше құрмет. Дәмеш Өмірбекқызы Қарағанды облысы, Нұра ауданы Ақтөбе ауылында дүниеге келген. Ол қазір өзі жұмыс істеп жүрген, ол кезде Ақмола қаласындағы №4 Жамбыл Жабаев атындағы мектепті бітіріпті. Жоғары білімді Петропавл педагогикалық институтында алған. Ол бүгінде мейірімді ана, немерелеріне қамқор әже, жастарға ақылшы, ұжым сыйлаған ұлағатты ұстаз. Тағдырдың жазуымен жары Зарлық 1983 жылы дүние салып, Дәмеш апай бір ұл, үш қызын өзі жетілдірді. Бүгінде балаларының бәрі жоғары білімді. «Адамды бақыттылыққа үйрету мүмкін емес, бірақ бақытты болатындай тәрбиелеуге болады», деген екен әйгілі педагог А.Макаренко. Айтқандай-ақ, ол өзінің ғана емес, өзгенің де баласын бақытты болуға тәрбиеледі. Ал енді Дәмеш апайдың немересі Өміртас Нұриза химия пәні 8-сыныптан басталатынына қарамастан, осы бағытта 4-сыныпта ғылыми жоба сайысына, 7-сыныпта химиядан олимпиадаға қатысып, жүлделі орындарға ие болған. Осыған қарап-ақ, шынымен, білімді болу да, білім беру де зор еңбектің нәтижесі екенін ұғыну қиын емес. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан» АСТАНА