10 Мамыр, 2016

Ата рухына белгі

352 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
7 001Әрбір адамның өмірінде еске алар өткені, естелігі, сағынышы, маңдайға жазған жазуы болатыны анық. Өткен соғыс жарасы салған сарғайған естеліктер әрбір үйдің тағдырына жазылғандай. Марқұм Жақсылық Оралов атамыз да ел шетіне жау тигенде Отанын қорғау үшін 1941 жылы Қашыр ауданы Тегістік ауылынан майданға аттанады. Бұл кезде 18-ге жаңа толған кезі екен. Өткен соғыс күркірі Жол­дыбай ағамыздың да өмір бойы жүре­гінен кетпей, тыныштық бер­мейді. Ол – соғысқа аттанып, хабарсыз кеткен Жақсылық атам­ның соңында қалған бір белгі-ізді қалай­да іздеп табамын деген жанын мазалаған жай болса керек. – Біздің атамыз Жақсылық әкем Рахымбектің туған ағасы болып келеді. Туыс-туған бәріміз өмір бойы іздеумен жүрдік. Архивтерді ақтардық. Бір жерден жылт еткен бір хабар шыға ма деп күттік. Жыл сайын Жеңіс мерекесінде жүрегіміз лүп-лүп етіп, қатты толқып, хабарсыз кеткен солдат атамызды іздеп алаңдаймыз. Көзге жас толатын. Бірақ, бір үміт бізді жұбатушы еді, – дейді Жолдыбай аға бізбен әңгімесінде. – Қазір енді ақпараттық жаңа технологиялар заманы ғой. Бұрынғыдай емес, содан былтыр тәуекелге бел буып, Ресей Қорғаныс министрлігіне, ондағы Іздестіру тобына хабарластық. Арада бірер ай өтер-өтпестен ол жақтан «Мемориал» деген майдан жолдарына арналған сайтты қарап шығуымызды өтінген хат келді. Қазақтың үміті алдамайды, үмітсіз шайтан дегені осы ғой. Айтқандай-ақ, атамыз Аралов Жақсылық деген аты-жөнімен Орлов облысының, Ливенский ауданындағы бауырластар зиратына жерленіпті. «Атамыздың 1922 жыл туғаны және 1942 жылғы тамызда қаза тапқаны жазылған деректер де анықталды», – дейді ол әңгімесін жалғап. Сол бір Ливенский даласы үшін болған ұрысқа жа­уын­гер Жақсылық атамыз да қатысқан екен. 8-ші атқыш­тар дивизиясының 310-шы атқыштар полкінің жауын­герлері 1942 жылдың 1 тамызында Никольски селосын жаудан азат ету барысында қаза та­­бады. Осы жердегі бауырластар зи­­­ра­тынан Жақсылық Ораловтың аты-жөні табылып, «Ливенский щит» атты із­деу тобы дереу Жол­ды­­­­­­­­бай Қара­баев тұратын Ақсу қала­сы­­­на хабар­ласады. Ағамыз қала­­дағы Қарт­­­­тар үйінде қызмет жа­сай­ды. P1060049– Аты-жөнінің табылғанына қуанғанымызды айтсаңызшы! қуаныштың көз жасы, атамызды тірі қарсы алатындай күй кештік бәріміз.Үйде бір күн де жүре алмай, дереу жиналып жолға шығып кеттім. Майдан жолы бағытында түсіністік танытқан жергілікті, облыстық әкімдіктерге, облыстық мұрағаттар, құжаттама басқармасының басшысына рахмет. Никольски деген селоға жеткенше жүрек дүрс-дүрс соқты. Атам жатқан жер деп қатты тол­қып келдім. Сөзбен айту да, жет­кі­зу де мүмкін емес мұндай сәтті. Өмір бойы іздеумен өткен үміт оты осылай жанды. Жаз айы, өткен жылдың 16 маусымын ешқа­шан ұмытпаспын. Ал 9 мамырға баруға мүмкіндік болмай қалды. Туған жері Тегістіктен бір уыс топырақ түйіп ала шыққан едім. Бауырластар зиратына апарып туған ауылының бір уыс топырағын салдым. Басына тас белгі қойдым. Құран оқып, рухына бас идім. Талай жыл бойыңды қысып, жүрек ауыртып, күн сайын күрсінтіп маза бермей жүрген ауыр, бір тылсым әсер алысқа ұшып кеткендей болды. Атам да біздің бір келетінімізді күтіп жатқандай екен ғой, – дейді Жолдыбай аға. Қазақ үшін бір уыс топырақ, аманат, тағзым, ұрпақ жалғасы, аталар жолы деген ұғымдар мәңгілік. Осы ұғымдардың біздің кейіпкеріміздің жүрек төрінен орын алғаны соғыста құрбан болған аталар есімін жаңғыртты. Ал ізделмей, із-түзсіз кеткен, іздесе де табылмай, туған-туысқандары таба алмай жүрген қаншама боздақ қалды алыста... Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан» Павлодар облысы, Қашыр ауданы
Соңғы жаңалықтар

Жұмақ – жүректе

Кино • Бүгін, 08:30

Жарыстар күнделігі

Спорт • Бүгін, 08:20

Саяның «SSS» мектебі

Қоғам • Бүгін, 08:12