Қазақстандықтар кеше жария етілген Елбасы Жолдауын осылай деп бағалауда
Кенжеғали САҒАДИЕВ, Парламент Мәжілісінің депутаты:
– Өте мазмұнды, халыққа ерекше әсері бар Жолдау болды. Өткен жолымыз қорытындыланды. Расында жақсы-жақсы жетістіктерге жетіппіз. Қарап отырсақ, тәуелсіздік алған жалғыз біз емес қой, ал біздің 20 жыл ішіндегі жеткен биігіміз шүкіршілік жасайтындай. Президенттің осы орайда келтірген мысалы өте әсерлі болды. Мәселен, Оңтүстік Корея алғашқы 20 жылында 3 есе, Малайзия 2,2 есе, Польша, Венгрия, Түркия барлығы бізден аз деңгейде көтеріліпті. Біздің қарқынымыз олардан бірнеше есе артып отыр. Ал олардың мысалына қарап өзімізше өлшейтін болсақ, келесі 20 жылдың табысы одан да еселене түспек.
Тағы бір маңызды көтерілген тақырып, ол – әлеуметтік мәселелердің қаралуы. Білімді жоғары сапаға көтеру, мектептер мен балабақшалар салу, осы бағытта әлемде алдыңғы қатарлардан көріну, денсаулық сақтауға маңыз беріп, адам жасын ұзарту сынды халыққа қажетті көптеген мәселенің қалай шешімін табатындығы айтылды. Мәселен, ІЖӨ-нің 3,2 пайызы денсаулық сақтау ісіне бөліну қажеттігіне маңыз берді.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселесі көптен бас қатырып жүрген қиын түйін болатын. Осыған қолымыз жетпей жүрсе, бүгінгі Жолдауда ол өте жақсы айтылды. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағытында атқарылады деген істер де көңілден шығады. Осылардың орындалатынына сенімдімін, өйткені, біз бағдарламаның бірінші жылы-ақ 150-ден астам кәсіпорынды іске қостық қой. Сондықтан алда атқарылар жұмыс мол.
Гүлшара ӘБДІҚАЛЫҚОВА, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
– Елбасы Жолдауында әлеуметтік салаға көп көңіл бөлді. Бұл – шынында да көпшіліктің көкейін тескен ірі проблеманың бірі. Өйткені, халықтың көңіл-күйі осы әлеуметтік мәселелерге тікелей байланысты десем, артық айтқандық емес. Осы кезге дейін көп айтылып жүрген, бірақ шешімін таппаған мәселелерді шешуде атқарылатын нақты шараларды Мемлекет басшысы өз Жолдауында белгілеп берді. Ол – өзін-өзі еңбекпен қамтамасыз ететін азаматтар мәселесі. Осыған байланысты біздің салада аталған жұмысты алға апару үшін мемлекеттік бағдарлама жасау тапсырылды.
Бүгінгі күні елімізде халықтың 32 пайызы өзін-өзі қамтамасыз етеді. Ал олардың басым бөлігі – 60 пайыздан астамы ауылдық жерде тұратындар. Елбасы осы категорияға үлкен көңіл бөлу керектігін баса айтты. Егер де біз өзін-өзі қамтамасыз ететін азаматтардың мәселесін шешетін болсақ, сонда олардың біразы үдемелі индустриялық-инновациялық жобаларға бағыт ұстанып, қажетті мамандарды даярлау арқылы осы салада әлеуетті жұмыс атқарушылар қатары көбейеді. Ендігі бір бөлігіне ауыл шаруашылығын дамытуға микрокредиттер бөлінеді. Бұл дегеніміз–ауыл проблемасының шешілуі. Бағдарлама жасалынып, ол мақсатты жұмыс жасағанда әлеуметтік проблемалар түйіні жазылады деген сөз.
Алдағы 10 жылдың еліміз үшін жаңару мен өсу жылдары болатындығын бәріміз ұғындық. Енді сол жолда барлығымыз еңбектенуге тиіспіз.
Серік АХМЕТОВ, Қарағанды облысының әкімі:
– Елбасы бүгінгі Жолдауында көтерген тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын жаңғырту – өте күрделі мәселе. Осыған байланысты Үкіметке, облыс әкімдеріне тапсырмалар берілді. Үстіміздегі жылдың 1 мамырына дейін жаңа бағдарлама қабылдануы тиіс. Бағдарламаны алдымен ойдағыдай әзірлеп, оны жүзеге асыру бағытында көп істер атқаруымыз керек. Ал осы саладағы инфрақұрылымның тозығы жеткендігі ешкімге жасырын емес. Жылу электр стансалары, коммуналдық шаруашылық, тұрғын үйлердегі жылу мен судың ескірген құбырларын ауыстыру өте қажет. Бұл аймақтардағы жергілікті әкімдер үшін ең бір бас қатыратын шаруа еді.
Денсаулық сақтау, білім беру саласында Елбасы алға қойған міндеттердің де маңызы зор. Халықтың денсаулығын түзетуде, олардың өмір жасын ұзарту бойынша берген тапсырмалары көпшіліктің көкейіндегі ойлар. Ол үшін жер-жерде фельдшерлік-акушерлік бөлімшелер ашу жайын да Мемлекет басшысы алдымызға міндет етіп қойды.
Тағы да елдік маңызы бар, биік мақсаттарға жетуіміздің кепілі–ол еліміздің индустриялық-инновациялық дамуы. Біз егер осы саланы дамытуға жұмылмасақ, жастарымыздың білімін арттырып, жаңа технологияларды меңгеретін мамандар даярламасақ, көштің артында қалып қоюымыз мүмкін. Елбасының осы мәселені баса айтуы аса маңызды. Жолдауда қай салаға да болсын қатысты айтылған ойлардың маңызы өте зор.
Сергей ПЛОТНИКОВ, сенатор:
– Халық Жолдаудан өздерінің тұрмыс дәрежесін арттыруға мүмкіндік беретін жақсылықтарды күтеді. Соның ішінде зейнетақы, стипендия, түрлі төлемақы, өтемақы және еңбекақының өсірілгенін қалайды. Ал биылғы Жолдау осыларды өсіру жөніндегі алға қойылған әлеуметтік бағдарламалардың мерзімінен бұрын орындалып жатқанын көрсетті. Мәселен, біз кейбір бағдарламалардың 2015 жылға дейінгі мерзімде орындалуын алға қойған едік, ал бүгін олардың толық орындалып та қалғанын көріп отырмыз. Осының өзі бүкіләлемдік қаржы дағдарысы жағдайында іске асуда. Мұндай жетістіктерге қалай қуанбассың. Бірақ Елбасы бұған тоқмейілсіп отырған жоқ, ол Үкіметтің алдына жаңа міндеттер жүктеді. Соның ішінде халықты әлеуметтік тұрғыдан барынша қолдайтын міндеттер бар. Мәселен, бюджеттік қызметкерлер мен студенттер стипендиясының 1 шілдеден бастап 30 пайызға артатындығы айтылды. Ал зейнетақы көлемі 1 қаңтардан бастап-ақ 30 пайызға өсірілген.
Президенттің Үкімет алдына қойған міндеттерінің сайып келгендегі мақсаты біреу-ақ. Ол – халықтың хал-ахуалын арттыруға бағытталған. Мемлекет басшысының өзі де оны атап өтті. Ал біздің, депутат корпусының міндеті – Елбасы алға қойып отырған тапсырмаларды орындауға заңдылық тұрғыдан жағдай жасайтын заңнамалық құжаттар қабылдау. Осы уақытқа дейін бұл міндетті дұрыс орындап келдік, алдағы уақытта да Елбасының сенімінен шығамыз ғой деп ойлаймын.
Бердібек САПАРБАЕВ, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
– Маған бүгінгі Жолдауда айтылған мәселелер қатты ұнады. Соның ішінде, ауылдағы халықты жұмыс орындарымен қамтамасыз ету мәселесінің айтылғаны өте орынды болды деп ойлаймын. Елбасы үстіміздегі жылы ауылды жерлерде жаңадан 20 мың жұмыс орнын ашу міндетін қойды. Енді Үкімет осы бағытта арнайы бағдарлама қабылдап, тиісті дәрежеде қаражат бөлетін шығар. Бұл ауыл тұрғындары үшін өте қуанышты хабар деп білемін. Біз осы бағытта қызу жұмыс істеуге әзірміз.
Президент Үкіметтің алдына ет өнімдерін сыртқа шығаруды арттыру міндетін қойып отыр. Мәселен, 2016 жылға дейін ет өнімдерін экспорттау көлемін 60 мың тоннаға жеткізуіміз керек екен. Меніңше, бұл да өте дұрыс қолға алынып отырған мәселе. Әсіресе, Шығыс Қазақстан үшін оның маңызы зор. Өйткені, біз Ресей Федерациясымен шектесеміз. Ет өнімдерін сол елге шығаруға облысымыз өте қолайлы орналасқан. Оның үстіне біз Кеден одағына мүшеміз, ал ол өз өнімдеріміздің бәсекелестігін арттыруға мүмкіндік береді. Біз енді осы мүмкіндіктерді молынан пайдаланып, ет өнімдерін сыртқа шығаруда алдыңғы қатардағы аймаққа айналатын шығармыз деген үмітіміз бар.
Ал ет өнімдерін беретін мал шаруашылығы жаңа жұмыс орындарын ашу деген сөз. Сонымен бірге, халықты ауыз сумен қамтамасыз етуді толығымен аяқтау міндеті де ауыл тұрғындары үшін қуанышты хабар болары сөзсіз.
Салидат ҚАЙЫРБЕКОВА, Денсаулық сақтау министрі:
– Президент өз сөзінде тыңдаушыларды көлік апаты орын алған кезде тікұшақтармен азаматтардың өмірін сақтап қалу мақсатында жедел жәрдем беруге қатты назар аудартты. Өйткені, зардап шеккендердің басым көпшілігі медициналық көмек көрсеткенше жан тапсыратыны жасырын емес. Жолдауда көрініс тапқан басымдықтар арасынан 2015 жылға дейін қазақстандықтардың өмір сүру деңгейін 70 жасқа жеткізуді атап өтуге болады. Ал 2020 жылға қарай оны 72-ге көтеру жоспарланып отыр.
2015 жылға қарай бірыңғай денсаулық сақтау жүйесін толық аяқтау көзделген. Яғни, ауруханалар азаматтарды емдеуде нақты нәтижеге жұмыс істейтіні басты міндет етіп қойылған. Сонымен бірге, азаматтардың «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеуді» барынша ұстануына жағдай жасау біздің алдымызға қойылған үлкен міндет. Мемлекет басшысының тағы бір тапсырмасы – медициналық қызметтің ауылдықтарға қолжетімді болуын қамтамасыз ету. Осы міндетті орындау мақсатында 16 жылжымалы жедел қызмет көрсету кешендерін сатып алудамыз. Бұдан басқа жыл соңына қарай тағы 34-ін алу ойымызда бар. Медициналық көмекті уақытында көрсету үшін 16 тікұшақтың сатып алынатынын да айта кеткеніміз жөн. Ол өз кезегінде жоғарыда аталған жол апаты оқиғаларынан зардап шеккен азаматтардың өмірін сақтап қалуға дер кезінде сеп болары анық.
Мақсұт Нәрікбаев, «Әділет» социал-демократиялық партиясының төрағасы:
– Елбасы бүгінгі Жолдауында еліміз үшін бәйгеде жетемін дейтін көмбені көрсетіп қана қойған жоқ, оған жетудің жолдарын да жіктеп тұрып айтып берді. Маған әсіресе білім беру саласына қатысты айтқандары өте ұнады. Егер ойланып қарайтын болсақ, осы өткен 8 жылдан бері біз жоо-лардағы білім беруді еуропалық стандарттарға жеткізу жайын үнемі сөз еттік, соған жетуді мақсат тұттық және көштік дедік. Ал нақты өмірде кеңестік заманнан бергі тәртіп, құқықтық тетіктер жалғасып жатты. Осының салдарынан жоо-ларда академиялық тәуелсіздіктің болмағаны шындық. Бүгінгі күні жағдай өзгеше, Елбасы «Назарбаев Университеті» деген білім ордасын өмірге әкеліп, соны заңдастыру арқылы оның академиялық тәуелсіздігін жақсартып, осы жұмыстың қалай жүргізілу керек екеніне үлгі көрсетті. Өйткені, осыған дейін былай айттық, олай айттық, бірақ діттеген жерге жетпей жаттық.
Мінеки, Жолдауда 2015 жылға дейін 12 жылдық білім беруге көшуіміз керектігі айтылды. Ал ол болмаса жаңағы айтылған білім саласындағы мақсаттарды орындау қиын. Біздің бүгінгі орта мектепті бітірушілеріміз жаңа білім жобасына дайын емес, Елбасының осы мәселені көтеруі көңіліме барынша қонды. Елімізге білімді азаматтар қажет.
Және жастарға кәсіптік білім беруде бизнес құрылымдарды жауапкершілікке бағыттап отырғаны да маңызды дер едім. Бизнестің өздеріне қажетті мамандарды оқытуға, оларды даярлауға қаражат бөлуі, түптеп келгенде, бизнестің елдің болашағына салған инвестициясы болмақ.
Айгүл СОЛОВЬЕВА, Парламент Мәжілісінің депутаты:
– Елбасының халыққа арнаған биылғы Жолдауы еліміз үшін айрықша маңызды саналатын мәселелерді нақты көрсетіп, айқындай түсуімен маңызды болды. Яғни, қазақстандықтардың әлеуметтік әлеуетін көтеру, халық тұрмысын жақсарту басты назарда болмақ.
Бұл жерде ерекше атап өтетін мәселе – Президент өкілеттігін ұзартуға қатысты референдум. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы стандартында кез келген адамның сайлауға қатысуға және өз ойын ашық білдіруге құқылы екендігі ашық айтылған. Демек, референдум бізге дәл осындай мүмкіндікті бере алады. Сондықтан, Президент өкілеттігін ұзарту мәселесін толықтай қосыламын.
Ерлан НЫҒМАТУЛИН, Парламент Мәжілісінің депутаты:
– Президенттің биылғы жылғы Жолдауының басты ерекшелігі мен өзегі – Жолдаудың бүгінгі күннің проблемаларына, қоғамның өзекті мәселелерінің түбейгейлі шешілу жолдарына арналғандығы. Әсіресе, әлеуметтік мәселелерге айрықша назар аударылды. Мәселен, биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап стипендия, бюджет саласында жүрген қызметкерлердің еңбекақысы 30 пайызға өсетінін айтты. Бұл – Қазақстанның, еліміз экономикасының әлемдік қаржы дағдарысынан мойымай, еңсе тіктеп шыққанын айғақтайды. Яғни, біз Қазақстан экономикасының негізгі құрамдас бөлігі – әлеуметтік сала тетігін күшейтудеміз. Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы жаңа серпін алды. Ендігі кезекте ауыл шаруашылығы, оның ішінде, мал шаруашылығы секторында жаңа өзгерістер орын алмақ. Жаңа жұмыс орындары ашылмақ. 130 млрд. теңге көлеміндегі несие ресурсы мал шаруашылығы саласын дамытуға, жандандыруға бағытталатын болады.
Ендігі бір айтатын мәселе – халықтың еңбекпен қамтылуы. Бұл қазіргі кездегі ең бір өзекті мәселе десек те болады. Ал оның жүйелі шешілуі көптеген қазақстандықтың тұрмыс сапасын жақсартуға сеп болатыны сөзсіз.
Осы ретте Мемлекет басшысы атап өткен маңызды міндеттердің шешілуі үшін арнайы заңнамалық нормалардың бекітілуі маңызды дер едім. Ал бұл мәселелер өзінің оңтайлы шешімін табады деп санаймын.
Елеусін САҒЫНДЫҚОВ, Ақтөбе облысының әкімі:
– Президенттің Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауында әлеуметтік мәселелерге ерекше назар аударылған. Маңызы зор бұл құжатты былтырғының заңды жалғасы деп қарастырған жөн. Атап айтатын жәйт – білім беру мен денсаулық сақтау саласының сапалық деңгейін барынша арттыру міндеті өткір қойылды. Сондай-ақ Елбасы өз сөзінде жұмыспен қамтамасыз ету жайын да ұмыт қалдырған жоқ. Негізінен Мемлекет басшысы халықтың әл-ауқатын көтеру, сонымен қатар, оларға қызмет жасаудың сапасын арттыру дегенді үнемі назарда ұстап келеді. Бұл жолы да Президент сол міндеттердің орындалуы қажеттігіне ерекше екпін бере айтты. Олай болса Жолдауды атқарушы органдардың жұмысын үйлестіруге қажетті тетік десе де болғандай.
Бағдарламалық құжаттағы басты міндеттер біздің көкейімізден шығып отыр. Ендігі мәселе соны халыққа барынша түсіндіріп, жергілікті жерлерде ұйымдастыру жұмыстарын жүргізу қажет. Мемлекет басшысының бастамаларын халық қолдайды, сондықтан жұмылдырудың арқасында алда тұрған көптеген мәселелердің шешімін табатынына сенімім мол. Мәселен, 2020 жылға дейін балабақшамен қамтамасыз ету толығымен шешімін табу керек деген мәселе қойылса, Ақтөбе облысында ол былтыр 20 пайызға өсті. Қазір балаларды балабақшаға орналастыру 85 пайызға жеткендігін айта кеткен жөн. Келер жылы оның межесін 95 пайызға жеткізуді ойластырып отырмыз. Осылайша барлық алға қойылған міндеттерді шешуге мүмкіндіктер бар және сол үдеден шығатынымызға сендіргім келеді.
Азат ПЕРУАШЕВ, «Атамекен» одағы» ұлттық экономикалық палатасының төрағасы:
– Бүгінгі Жолдауда бірнеше маңызды мәселелер айтылды. Мәселен, солардың ішінде ауыл шаруашылығын, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, шағын несие беру мәселелерін айрықша атап өткім келеді. Себебі, бүгінде ірі бизнес, ірі кәсіпкерлік өз орнын әлдеқашан тапқан. Орта бизнес дағдарыстан кейінгі кезеңде жаңа бір сапалық сатыға көтеріліп отыр. Ал шағын бизнес әлі күнге дейін өзінің жүйелі даму жолын айқындай алмай келеді. Осы орайда, жеке кәсіпкерлікті дөңгелетіп отырған шаруа иелеріне назар аудару айрықша мәнге ие болмақ. Себебі, бүгінде ауылды жерлердегі жеке шаруа қожалықтары үлкен қолдауды қажет етеді. Бұл ретте Елбасы ауылдағы шағын кәсіпкерлік пен шаруа қожалықтарына айрықша көңіл бөліну қажеттігін атап өтті. Жақын келешекте біз осы бағытқа түбегейлі бет бұрып, оның дамуын назарда ұстаймыз деп ойлаймын.
Ал жалпы алғанда, тәуелсіздік жылдарының алғашқы күнінен бастап елдегі кәсіпкерлікті өркендетуге айтарлықтай көңіл бөлініп келеді. Оған бизнес секторларын себепсіз тексеруге қарсы мораторийдің жариялануын, оны бақылауға алуға қатысты мысалдарды дәлел ретінде келтірсек те болады. Бұл – үлкен қолдау. Бұл орайда, «Атамекен» одағы да ауылға жаңаша бет бұратынын айтқым келеді.
Болат ӘБІЛОВ, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының тең төрағасы:
– Биылғы жылғы Жолдауда Президент айтқан, көтерген әлеуметтік саланы дамыту, бизнеске қолдау көрсету, тұрғын үй секторын жандандыру секілді мәселелер біраз жылдардан бері айтылып келе жатыр. Сондықтан, ендігі жерде олардың нақтылы жүзеге асқанын көрсететін нәтижелер күтеміз.
Ал егер Президенттің өкілеттігін ұзарту жөнінде референдум өткізу мәселесіне келер болсақ, демократия үшін, халық үшін, ел үшін сайлау қажет деп санаймын. Егер 5 миллиондай адам референдумның өтуіне қолдау білдіріп отырса, олар сайлауда да Президентке дауыс береді деп ойлаймын. Ол – айқын нәрсе.
«Келісімді өмір кепілі»
Елімізде Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауын жақсылық жаршысы ретінде қарсы алу дәстүрі қалыптасқан. Менің екі ұл, бір қызым әртүрлі кәсіптің құлағын ұстап, әртүрлі қалада тұрғанымен таңертең үйге телефон шалып, сағат 11-де Елбасының кезекті Жолдауы жарияланатындығын еске салып жатты. Осыған да жүрегім жарыла қуандым. Жаңа дәуір ұрпақтары осылай болуға тиісті деп талай ата-ана тәубе тілегін айтқан шығар... Уақыт туындатқан «Бірлігіміз жарасқан!» ұранының ұлылығы мен ұлағаты да осында.
Ғалы МАНТЫҚОВ, Қорғалжын ауданындағы «Ақ жол – 2030» ЖШС директоры.
Өз үйіміздің төріндегі теледидарда көрінген Нұрекең жаңа Жолдауын: «Өзара келісімде өмір сүріп жатқан мемлекетті ғана жарқын болашақ күтіп тұр», деген жігер тасқындатар сөзімен бастады. Бодан жұрт бостан күнге жетті. Елбасымыз 1997 жылғы алғашқы Жолдауында: «2030 жылы біздің ұрпағымыз әлем таныған елде өмір сүретін болады», деген болатын. Ұлық тілек уақыттан озып тұр. Небәрі 12 жылдың өзінде Жер шарының ең дамыған 126 мемлекетінің көшбастаушылар қатарынан көріндік. Басқасын айтпағанның өзінде, ЕҚЫҰ-ға төрағалығымызды абыроймен атқарып, Астана саммитін шақырғанымыз осының айқын дәлелі.
Жолдауда қазақи ауылдарға қатысты көптеген тілек, міндеттер қойылды. «Қазіргі кезде біздің егістік алқаптарымыз мол өнім беруде. Енді біз мал шаруашылығы саласына баса көңіл бөлуіміз қажет. 2016 жылы біздің ет экспортымыз 60 мың тоннаға жететін болады. Бұл 4 миллион тонна астықтың экспортына тең».
Тоқсан жылға жуық тарихы бар біздің Жантеке ауылының тұрғындары Нұрсұлтан Әбішұлының бұл сөздерін айрықша қуанышпен әрі үлкен жауапкершілікпен қарсы алды. Шаруашылығымыз 3500 гектарға егін сеуіп, төрт түлік малды аман-есен өсіруде. Ұжымымыз қазір ірі қара тұқымын асылдандыру ісін мықтап қолға алуда. Қазірдің өзінде облысымыздағы Атбасар ауданының «Бастау» шаруашылығынан еттік бағыттағы торпақтар сатып алуға келісім шарт жасадық. Үкіметтен жеңілдетілген несие алу мәселесі де шешімін табады деген сенімдеміз. «2011 жыл – Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» болып жарияланған биылғы екпінді жылда игі ниетіміздің нәтижелі жемістерін көреміз деп ойлаймын. Ауылды индустрияландырудың мақсаты да осы.
Жалпы, үстіміздегі жыл бүкіл тарихымыздағы ерекше кезең болатыны айқын. Елбасымыздың өкілеттігі ұзартылатынына сенемін. Бұл – елді ілгерілету қадамы. Елдің келісімділігі де, келістілігі де осыдан көрініс береді.
Жазып алған Бақберген АМАЛБЕК,Ақмола облысы.
Байлық – байлыққа ие болуда емес, оны жарата білуде
Біздің ұжым мұнайшылары Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың жыл сайынғы Жолдауын асыға тосады. Елбасының биылғы бағдарламалық сөзін тікелей эфирден ұжым болып ерекше ықыласпен тыңдадық. Өйткені, бұл Жолдаудың мәні де, маңызы да бұрынғылардан айрықша. Келешекте Қазақстан экономикасы қалай дамуы қажет? Қай салаларға баса мән берген жөн? Осының бәрі де мұнда айқын көрініс тауып, бағыт-бағдар алар көп мәселені көңілге түйдік. Әсіресе, еліміздегі индустрияландыру жобасына байланысты жастарға кәсіптік білім беру мен бәсекеге қабілетті болу үшін үш тұғырлы тілді меңгерудің маңызы айрықша деп ойлаймын. Жолдауды тыңдағаннан кейін зауыттың байырғы мұнайшылары: «Президент жастардың кәсіптік білімін жетілдіру қажеттігіне орынды назар аударды. Себебі, жастар – біздің келешегіміз. Олар әр салаға қажет мамандықты жетік меңгергенде ғана еліміз бәсекеге қабілетті бола алады», дегенді қайта-қайта айтты. Бәсекеге қабілеттілік дегеннен шығады, Атырау мұнай өңдеу зауытын жаңғырту жобасы басталғалы бері жас мұнайшыларды жаңа қондырғыда жұмыс істеу үшін шетелде білімін жетілдірдік. Зауыттың жас мұнай өңдеушілері арасында ағылшын тілін меңгергендер көптеп саналады.
Президент өңдеу өнеркәсібінде өнім көлемін ұлғайтудың маңызын атап көрсетті. Себебі, Қазақстандағы мол табиғи шикізаттарды өндіріп қана қоймай, оны сапалы өңдеуге бет бұрды. Өз заманының ұлы ойшылы Сервантес: «Байлық – байлыққа ие болуда емес, оны жарата білуде», деген ғой. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев та осы қағиданы ұстанады. Міне, осы тұрғыдан айтқанда, Қазақстан өткен жылдар ішінде 200-ден аса өнімді экспортқа шығаратын болды. Отандық өнімді өңдеу 19 пайызға артты. Демек, мемлекетіміз әлеуетті елге айналды. Мұнай-газ өнеркәсібіне қоса өзге салалар да қарқынды дамуда. Мұнай-химия өнеркәсібі де еңсе тіктемек. Алдағы жылдары осы саланың өрге қажетті шикізаттар Атырау мұнай өңдеу зауытында шығарылмақ. Қазір 133 мың тонна бензол және бір жылда 496 мың тонна параксилол шығаратын кешен құрылысы басталды. Осының бәрі Елбасының идеясымен ел игілігі үшін жасалып жатыр.
Талғат БАЙТАЗИЕВ, Атырау мұнай өңдеу зауытының бас директоры.
Атырау облысы.
Суретті түсірген Темірлан СҰЛТАНҒАЗИЕВ.
«Жақсы сөзге жүрегің жылиды»
– дейді Елбасы Жолдауын теледидардан көрген Павлодар өңірінің тұрғындары
Ауылда
Павлодар өңіріндегі тілшілер қосынына хабарласқандардың бірі орман өрті кезінде ауыл тұрғындарына дер кезінде көмекке келгені үшін Елбасы Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған Лебяжі ауданы, Жабағылы ауылындағы дәрігерлік бөлімшенің дәрігері Шаттық Батырханова:
– Бірнеше жылдан бері дәстүрге айналған Елбасының биылғы Жолдауын ерекше назар қойып мұқият тыңдадым. Өзім дәрігер болған соң, біздің денсаулық сақтау саласына қатысты барлық мәселелер өте орынды, дер кезінде айтылды деп ойлаймын. Біздің ауыл шалғайдағы қалың орман шетінде орналасқан. Былтырғы тосыннан келген апат өрт кезінде қиындықтар көрдік. Ал енді Жолдаудан кейін алыстағы ауылдарға осындай жағдайларда санитарлық авиация көмекке келіп жатса, әрине, қиындықты жеңеміз. Сонымен қатар, 300-ден аса фельдшерлік пункттердің салынуы, жолдарда медициналық көмек көрсету орталықтарының ашылуы, медициналық қызмет көрсету туралы жетістіктерімізбен бірге әлі шешімін күткен мәселелер де атап өтілді.
Біздің ауылдық округ бойынша фельдшерлік пункт жұмыс істейді. Оны медициналық жабдықтау бойынша аудандық ауруханамен тығыз байланыстамыз, бүгінгі күні барлық жағдай жасалған. Адамдар дәрілермен, медициналық қызметпен толық қамтылды. Биыл ауылда дәріхана ашылды.
Мен Елбасы Жолдауын жақсылық жолы, жақсы сөз – жарым ырыс деп бағалаймын. Өз ойымша, бұл құжат әр қазақстандықтың жүрегінен орын алып, болашағымыздың жарқын болатынына сенім білдіреді.
Кентте
Келесі кезекте біз Екібастұз ГРЭС-2 стансасындағы әріптесіміз, баспасөз хатшысы Үміт Сапарқызына хабарласып: «Жолдауға байланысты энергетиктер не дейді?» деп сұрадық. «Міне, міне, олар менің қасымда: Жаңа ғана теледидардан Елбасын тыңдап шыққан бетіміз еді», деп қасында отырған жігітке телефон тұтқасын берді. «Аты-жөнім – Нұрлан Уахитов» – деді ол.
– 1995 жылдан бастап «Екібастұз ГРЭС-2 стансасы» АҚ-та дәнекерлеуші болып жұмыс істеймін. Өзім осы энергетиктер кенті деп аталатын Солнечный кентінде тұрамын. Біз бүгін Президенттің Қазақстан халқына Жолдауын тыңдадық. Ең бастысы, Елбасы айтқандай, біздің күшіміз – елдің бірлігінде. Мысалы, осы стансада 28 ұлттың өкілдері тату-тәтті еңбек етіп келеміз. Бәрімізді бір ғана мүдде біріктіреді. Ол – еліміздің өркендеуі, жақсы өмір сүру, тыныштықтың болуы. Елбасы Жолдауында халықтың жағдайына, қазақстандықтардың денсаулығына өте көп көңіл бөлді. Мысалы, станса басшылары тек өндіріс көлемін ұлғайту мәселелерінде ғана емес, оған инновациялық технологиялар енгізу, жұмыскерлер үшін өзінің әлеуметтік жағдайларын құру үшін де жұмыс істеуде. Бүгінгі күні, өзіміздің дәрігерлік бөлімше, зертхана, физиокабинет, өкпе ауруларын емдеу орталығы және профилактикалық спелеокамерамыз бар. Бұдан басқа, бассейн, спорт кешені, қазіргі заманға сай асхана жұмыс істейді. Бір сөзбен айтқанда, барлық жағдайлар жасалған. Жуырда Елбасы күшінің арқасында, оның тікелей қатысуымен стансадағы №3 жаңа энергоблок құрылысы басталды. Мен, өзімнің әріптестерім энергетиктер сияқты, энергоблок құрылысына қатысып, оған өзімнің үлесімді қосатыныма мақтанамын.
Жазып алған Фарида БЫҚАЙ, Павлодар облысы.
«Егемен Қазақстанның» тілшілер тобы.