• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
27 Шілде, 2016

ДҮБІР

374 рет
көрсетілді

Олимпиаданың басталуына 9 күн қалды Рио-де-Жанейродағы Олимпиялық ойындардың сөреден шығатынына санаулы ғана күндер қалды. Содан кейін 16 күнге созылатын аламан жарыс басталып кетеді. Бұл спорт тойынан біздің де үмітіміз бар. Бұған дейінгі Олимпиялық ойындарда жеткен жетістіктеріміз едәуір болса, бұл жолы да спортшыларымыз өздерінен үлкен үміт күтіп отырған жұртын қуандыра алатын шығар деген үміттеміз. Сондықтан «қазан аузын жоғары» санап отырған жайымыз бар. Ал бүгінгі бет аясында Бразилия жерінде атой салатын бір топ саңлақтарымыз туралы сөз қозғалады. Ардагерлер олимпиадашыларға қолдау көрсетті Өскеменде Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай рес­публика ардагерлер спортшылары арасында ІV спартакиада болып өтті. Оған еліміздің барлық облыстарынан 1660 адам қатысып, спорттың 13 түрі бойынша күш сынасты. Жарыс бір жағы еліміздің Рио Олимпиадасына қатысушы спортшыларына қолдау көрсету мақсатында өткізілді. Аға буын өкілдері арасындағы айтулы жарысқа әлемнің, Азия ойындарының чемпиондары, Олимпиадаларда еліміздің намысын қорғаған атақты саңлақтар қатысты. Олардың арасында КСРО спорт шебері, гір көтеруден ардагерлер арасындағы әлем чемпио­натының 12 дүркін чемпионы, халықаралық дәрежедегі төреші Серік Абдахан, қол күресі мен гір көтеруден әлемнің бірнеше дүркін чемпионы Мұқан Ағзамов, Олимпиадаға екі рет қатысқан Әлем кубогының екі дүркін иегері Руслан Сейілханов, үш рет Олимпиялық ойындарға қатысқан халықаралық дәрежедегі жеңіл атлет Иоланта Ульева болды. Спартакиаданы Мәдениет және спорт министрлігі спорт және денешынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары, спартакиаданың бас төрешісі Әбіл Дөңбаев ашты. Комитеттің бұқаралық спорт басқармасының басшысы Бек­болат Байжанов бұл күндері Қазақстан халқының 25 пайы­зы спортпен шұғылданатынын, оларға жан-жақты қолдау көр­сетіліп келе жатқанын айтты. Ал Шығыс Қазақстан облысы дене­шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Олег Чугунков облыс әкімдігінің ардагерлер спартакиадасына жан-жақты дайындық жүргізгенін, спорттың 13 түрінің спорт кешендерінде өтіп жатқанын тілге тиек етті. – Өскемендегі «Жекпе-жек» сарайында қазақ күресінің 100-ден астам майталмандары спартакиада чемпионы атану үшін күресті. Олардың арасында әлем чемпионы маңғыстаулық Қанат Жұмабаев, екі рет әлем чемпионы атанған Нұрлан Жарасиев, жастар арасында әлем чемпионы атанған Кентауов, өскемендік Руслан Сейілханов, тағы басқалар бар. Спартакиаданың ардагерлер арасында өтуі жастарға үлгі-өнеге, оның үстіне бұрындары боз кілемде белдескен саңлақтар бірін-бірі көріп, мәз болуда, ескерткіш суретке түсуде. Кенді Алтайдың спорт басшысы Елдос Чикенов жарысты өте тамаша ұйымдастырған, белдесулер екі кілемде өтіп жатыр, балуандарға барлық  жағдай  жасалған, – деді күрестің бас төрешісі Марат Жақыт. Финалға Шығыс өңірінің 6 бірдей балуаны шықты. Ең бірінші болып кеден қызметкері, жастар арасында екі дүркін әлем чемпионы атанған Ержан Омарбаев қарсыласын бір минутта алып ұрып, чемпион атанды. Ал Асхат Қыдырбаев қостанайлық қарсыласын жеңіп, жеңіс тұғырына көтерілді. Соны­мен бірге, Мұрат Бисембаев, Оралбек Жайлауов та абыройды асқақтатты. Алайда, жерлесіміз Руслан Сейілханов соңғы минутта қарсыласына бір ұпай беріп, күмісті місе тұтты. Спорттың шахмат, тоғыз­құмалақ, дойбы секілді ойындарын қызықтаушылар қатары көп болды. Біз Павлодар облы­сының Баянауылынан келген 75 жасар Бақыт Бадамшинамен тілдескенімізде, ол спорттың үш түрімен мектепте ұстаз болып жүргенде шұғылданғанын,  Ертіс өңірінен спартакиадаға 60 адамның қатысқанын айтты. Бақыт апай жарыста жүлделі орынды иеленді. Сонымен, төрт күнге созылған айтулы жарыс мәресіне жетті. Оның қорытындысында Шығыс Қазақстан облысының командасы 282 ұпаймен бірінші орынды иеленді. Алматы облысының ардагерлері 222 ұпаймен екінші, ал 209 ұпайдан жинаған Павлодар  және Оңтүстік Қазақстан облы­сының жасақтары үшінші-төртінші орынды бөлісті. Одан кейінгі орындарда Атырау, Ақтөбе облыстары, Астана қаласы командалары орналасты. Соңғы орындарда Алматы қаласы мен Жамбыл облысының құрамалары қалып қойды. Оңдасын ЕЛУБАЙ, журналист Шығыс Қазақстан облысы Бір мектептен – 8 жолдама 1960 жылдары Қазақстанда жоғары спорт шеберлерін дайындаумен айналысатын үш қана мектеп болған. Оның бірі – Алматыда, екіншісі Қарағандыда болса, ал үшіншісі Шымкентте орналасқан. 1975 жылы «Жоғары спорт шеберлігі мектебі» атанған мек­тептің даңқты спортшылары туралы айтар болсақ, спорттық гимнастикадан екі дүркін олимпиада ойындарының жеңімпазы Нелли Ким алдымен ауызға оралады. Оған 16 жасында-ақ Еуропаның үздік боксшысы атанған Нұржан Сманов пен Қанатбек Шағатаевты, Олимпиялық ойындар мен әлем чемпионатында финалдық айқасына дейін қарсылас шыдатпаған Мұх­тархан Ділдәбековті, қазақ көр­кем гимнастикасының примасы Әлия Юсупованы қосыңыз. Әлемге әйгілі осындай саңлақ­тарға алтын ұя болған облыстық кешенді жоғары спорт шеберлігі мектебін бүгінде Қазақстанға ең­бегі сіңген жаттықтырушы, педагогика ғылымдарының кандидаты Балғабай Елшиев басқарады. Жуырда ол Рио-де-Жанейроға баратын саңлақтардың басын қосып, ақ тілеу тілеген. Бұл мектептің ерекшелігі сол, Риоға 8 спортшы аттандырып отыр. Олар туралы айтсақ, мылтық атудан Юрий Юрков, Рашид Юнус­метов, садақ атудан Луиза Саи­дова, бокстан Біржан Жақыпов, Қайрат Ерәлиев және Жайна Ше­кер­бекова, батутта секіруден Пер­маммад Әлиев, стенд атудан Мария Дмитриенко бар. – Бұрын ел арасында «Олим­пиада ойындарында жеңу мақсат емес, бастысы қатысу» деген сөз айтылатын, – дейді Балғабай Елшиев. –Біз осы спортшылар олимпиада жол­дамасын алу үшін арнайы жұ­мыс кестесін құрып, бар жағ­­­дай­­ла­рын жасадық. Қажет же­рін­де ақыл-кеңестен бөлек, еште­ңе­ден тарық­тырмадық. Сондай жағ­дай­да қатысқандарыңа қанағат деп отыруға болмайды. Үлкен до­да­ға жолдама алдың екен, еліңнің ме­рейін көтер, мемлекетіңнің беде­лін таныт, ақырына дейін жеңіс үшін күрес. Рио-де-Жанейроға жол­­дама алған спортшыларымызға ұжым аты­нан осындай ақ тілек айт­тым. – Бәке «тоғыз ұлым бір төбе, Ертөстігім бір төбе» дегендей, бәрі бірдей олимпиада жүлдегері болмайтынын білесіз. Қазақшалап айтсақ, ат мінгізетіндей нағашыларының ауылына қыдырыстап бара жатқан жоқ. Ойша жіп таққандарыңыз бар ма? – дедік біз сосын. – Мынау алтын жүлде алады деп бөлектеп айту қиын. Өзің айтқандай, нағашыларының ауылы емес, олимпиадаға бара жатыр. Бірақ, бір бокстың өзі жүрек жылытады. Біржан Жақыпов – әлем чемпионы. Қайрат Ерәлиев пен Жайна Шекербекова да талантты боксшылар. Талай мықтыларды жолынан ысырған мергендер Юрий Юрков пен Рашид Юнусметов алтын медальға күреседі десе мен таң­данбаймын, – деді ол осыған орай. – Спорттық құмарлық деген болады. Ондайда спортшының көңілі толып, бойына алапат күш бітеді. Олимпиада жеңімпаздарының өзін шаң қаптырып кетеді. Осындай сәттілікті барша спорт­шыларымызға тілеймін. Бұған қоса айтарымыз, респуб­ликамыздың кейбір облыстары төрт жылда бір келетін олимпиада ойындарына қатысатын спортшы бере алмай отыр. Ал Оңтүстіктің бір мектебі ғана екі-үш облыстың жинай алмаған спортшыларын бүкіл дүниежүзілік аламанға жі­берді. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан» Оңтүстік Қазақстан облысы Үміт оты үзілмейді Осы күндері велоспорттан «Астана» командасы Францияда өтіп жатқан «Тур де Франс» жарысына қатысып жатыр. Бұл сында Олимпиадаға лицензия алған велоспорттан ұлттық құрама команданың мүшесі Алексей Луценко да бар. Кеше ол бізбен әңгімеде Олим­пия ойындарына дайындалып жатқанын және команда капитаны Фабио Арудың жеңіс тұғырына көтерілуге әлі де мүмкіндігі бар екендігін айтты. – Жарыстың 17-ші кезеңінде «Астана» велокомандасының капитаны, итальян шабандозы Фабио Ару жалпы есепте екі са­тыға көтеріліп, сегізінші орын­ға жайғасты. «Тур де Франс»  –  өте ауыр жарыс жә­не же­­ңімпаз жейдесіне иелік ету велошабандоздардың манса­бындағы ең үлкен жеңістердің бірі. Сондықтан Францияға жи­нал­ған командалардың барлы­ғы көпкүндікке тыңғылықты дайын­дық жүргізеді. Мен Фабио үшін қуаныштымын. Оның әлі де биік сатыдан көрінуге мүмкіндігі бар, – деді Алексей Луценко. Расында да «Тур де Франс» жарысында сайдың тасындай ірік­телген шабандоздардың шебер­лігінде мін болмайды. Жыл­дамдық өте жоғары. Алғашқы жарыс күндері Францияның солтүстігінде өтті. Велошабандоздар желі күшті аймақтарда бақ сынасты. Сол себепті пельетон арасында көп адам­дар құлап жатты. Құдайға шүкір, біздің команда бұл сыннан мүдірмей өтті. Осы сында қазақ­стандық велошабандоз да жеңіске таласып көрді. Алайда, ол алға қойған мақсатына жете алмады. Бұл туралы Луценконың өзі былай деді: – Сөреден сәл ұзаған кезден алдыңғы топқа қосылып, пельетоннан ұзап кеткісі келгендер көп болды. Алғашқы бір жарым сағатта шабандоздар арасында тартысты жарыс өтті. Таудың ете­гіне келгенде, әріптесім Танел Кангерт екеуміздің жолымыз болды. Бірақ алға ұзаған топ көп ұзамай екіге бөлініп кетті. Сондықтан мен Direct Energie мен ВМС командасының екі өкілімен қосылып жылдамдығымызды үдетуге шешім қабылдадым. Нәти­жесінде 30-40 шақырымдай алға шықтық. Пельетоннан ұзап кету үшін мен көп күш жұмсадым, ал кезең аяғына қарай Танел Кангертке көмектескенім дұрыс деп шештім. Себебі, ол тауға көтерілудің шебері, өзін жақсы сезінді. Бұған мәреге жақын қалғанда, пельетондағы жағдай да өзгерді. Сондықтан артқа шегініп, команда капитаны Фабио Аруға көмектесуім керек болды. Фабио келе жатқан негізгі топта сары жейде иесі Крис Фруммен қоса жеке есепте жеңіске таласып жатқан шабандоздар болды. А.Луценконың айтуынша, қазір «Астана» намысқа басса, команданың әлі де үздік үштіктен көрінуге мүмкіндігі бар. «Фабио Ару «Тур де Франс» көпкүндігіне алғаш рет қатысып жатыр. Сондықтан бәрі де мүмкін. Алда таулы жерлермен өтетін жеке есеп жарысы болады. Егер бәрі ойдағыдай болса, Арудың негізгі қарсыластарымен арадағы уақыт айырмашылығын екі минутқа қысқартуға мүмкіндігі бар», – деді ол. Сонымен бірге, ол «Тур де Франс» көпкүндігі өткен соң ко­ман­даның тағы басқа да жарыс-тарға қатысатынын, өзі Испа­ния­да өтетін «Сан-Себастьян» велобәйгесінде күш сынасатынын атап өтті. – «Тур де Франстан» кейін біршама уақыт демаламын. Содан соң «Сан-Себастьян» жарысына қатысамын. Кеше команданың бас менеджері Александр Вино­куровпен және дәрігерлермен сөйлестім. Дәрігерлер жарыс күнінің ауыр болғанына қара­мастан, ағзам тез қалыпқа келіп жатыр деді. Бұл, әрине, қуантады. «Тур де Франстағы» жарыстар таулы жерде болғанымен өзімді тың сезінемін. Мен өзіме сенім­дімін. Жарыстың 17-ші кезеңінде алдыңғы топта менің орныма басқа шабандоз қатысатын болған. Бірақ өзім сұрандым. Кезеңде жеңіске жетуге талпынып көрдім. Турдан кейін бірнеше күн тынығып аламын. Олимпиада қарсаңында өз бабымда болатыныма сенімдімін. Ал Рио-де-Жанейроға 31 шілде күні ұшамын, – деді ол. Дина ЫСҚАҚОВА, журналист – арнайы «Егемен Қазақстан» газеті үшін Франциядан хабарлайды Боксшылар сайысқа сақадай сай Енді бір аптаға жетер-жетпес уақытта бокстан Қазақстанның ұлттық құрамасы Рио-де-Жанейро қаласына аттанады. Қазір команда Астанада оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Спортшылардың жаттығуларына Колумбия, Доминикан Республикасы, Мексика мен АҚШ-тан шақырылған 9 боксшы көмектесуде. Олардың арасында Құрама Штаттарда The Kazakh деген лақап атымен танылып үлгерген Қанат Ислам да бар. Ол Данияр Елеусіновті Олимпиадаға дайындауда. Екеуі бірнеше рет рингке шығып, спарринг те өткізді. – Боксшылардың дайындығы жақсы. Олар Олимпиадада жақсы өнер көрсетуге дайын. Енді ең бастысы, жақсы дайындық тиісті нәтижесін берсе деп тілеймін. Олимпиадаға қатысатын 10 бокс­шының бәрі де жүлде үшін таласа алады. Біз боксшыларға қолдау көрсетіп қана көмектесе аламыз, – дейді Қанат Ислам. Боксшылардың жақсы дайындалулары үшін Қанат Исламның өзі 7 былғары қолғап шеберін шақыртқан екен. Оның айтуынша, еліміздің бокс федерациясы бұл үшін қолда бар мүмкіндіктің бәрін жасаған. Оқу-жаттығу жиынында бай­қағанымыз, шетелден кел­ген боксшылардың еліміз ұлт­тық құра­масынан ешқандай артық­шылығы жоқ. Олардың қазақ бокс­шыларынан бір айыр­машылығы, кәсіпқой бокспен айналысады.  Ал техникасы мен шеберлігі жағынан екі жақтың дең­гейі бірдей. Қанаттың айтуынша, спаррингтің басты мақ­саты –  біздің былғары қолғап ие­леріне Америка елдерінің бокс­тасу стилін көрсету. Сол арқылы спорт­шылардың шеберлігін шың­дап, тәжірибесін арттыру. – Бұл боксшылардың бар­лығы титулдық белдікке ие. Барлығының да шаршы алаңда өзіндік орны бар. Біз қазақ жігіт­терінен деңгейі төмен спорт­шыларды шақырмаймыз. Егер шақыратын болсақ, иық теңестіріп бокстасып, біздің жігіттермен тәжірибе бөлісе алатын боксшыларды шақырамыз. Сол үшін мен барлық жеке шаруаларымды ысырып қойып, ұлттық құрамаға көмектесуге келдім, – дейді Қанат. Қанат Ислам 2008 жылы Бейжіңде өткен Олимпиялық ойындарға Қытай атынан қаты­сып, қола жүлдегер атанған. Осы жарыстан кейін елге оралып, Бүкіләлемдік бокс сериясының жарыстарына қатысып, «Астана арланс» клубында өнер көрсетті. Одан кейін АҚШ-қа барып, кәсіпқой бокспен айналыса бас­тады. Қазіргі кезде ол Құрама Штаттардың Майами қаласында жаттығады. Бұл жерде бұған дейін қазақтың тағы бір жұлдызы жанған былғары қолғап шебері Марат Мәзімбаев та жаттыққан болатын. Кезінде оның жатты­ғуына кәсіпкер Бауыржан Оспа­нов көмектескен. Ал қазір ол Қанат­тың жаттығуына да көмек­тесіп жүр. Қанат ұлттық құраманың оқу-жаттығуы кезінде тағы мына нәрсені айтты. – Боксшылар ел намысы үшін жаттығудан бас алмай, ақ тер, көк терге түсіп жаттығуда. Олардың тер төгіп жатқанын күнде көріп жүрміз. Ұлттық құра­маның бас жаттықтырушысы Мырзағали Айтжанов пен басқа да жаттықтырушылар боксшыларға тиісті тапсырмаларын беріп, соларды орындатып жатыр. Енді біз жігіттерге тек сәттілік жолдас болып, құрмет тұғырының ең биік сатысынан көрінсін дейміз, – дейді ол. Боксшылардың соңғы оқу-жаттығу жиыны 25-27 шіл­де күндері өтеді. Ұлттық құра­ма ко­манда 28 шілде күні Рио-де-Жанейро қаласына жол жүреді. Дастан КЕНЖАЛИН, «Егемен Қазақстан»