• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
28 Шілде, 2016

Жағымсыз иіс, қолайсыз ауа

583 рет
көрсетілді

Одан қалай арылуға болады? Ақтөбе өңірінің ауасы табиғи тұнық тап-таза деп ешкім де айта алмасы анық. Мұнайдан бө­лінетін түрлі зиянды заттардың бар екені рас. Ал облыс орта­лығындағы ауа райының күр­делілігі жайлы жыл сайын дабыл қағылып жүр. Оның үстіне өнеркәсіп кәсіпорындарының қала маңына жақын салынуы, ескі кәсіпорындардан шы­ға­тын қалдықтардың залал­сыз­дан­дырылуының кемшіндігі бұл мәселені бұдан гөрі де ушықтырып барады. Ауаның ластығына қала­лықтардан ең көп арыз-шағым түсуі де сондықтан. Осыны ес­кер­ген облыс әкімі Бердібек Са­пар­баев Ақтөбе қаласының экологиялық ахуалымен танысып шықты. Ол атмосфералық ауа қабатына зиянды қалдықтар шығаруы мүмкін нысандарды аралады, кемшіліктерді көзбен көріп, көңіл жабырқататындай жайттарға куә болды. Өңір басшысы өнеркәсіптік ауданды, Рысқұлов көшесіндегі жабдықталмаған ағын стансасы, тұрмыстық қатты қалдықтар полигонын, Ақтөбе қаласының кәріз тазарту қондырғылары мен спирт өндірісі қалдықтары төгілетін бұрынғы ет комбинатының булану алаңын көрді. Сонымен қатар, облыс әкі­мі экологиялық жағдайы сын көтермейтін Шанхай ауда­нын­да болды. Тұрғындар ауаға және таза­лыққа қатысты өзекті мәселелерді өңір басшысына тікелей жеткізді, оларды көбіне жағымсыз иіс алаңдатады. Ақтөбеліктер облыс басшысына өзекті мәселелерге бейжай қарамайтыны үшін ал­ғыс­тарын жаудырып, өздерін алаң­датқан мәселелердің таяу уақытта оңтайлы шешілетініне сенім білдіреді. Экологиясы нашар аудандарды аралаған өңір басшысы Ақтөбе қаласындағы атмосфералық ауа жағдайы мәселелері бойынша өт­кізілген көшпелі кеңеске қатысты. Кеңесті ашқан облыс әкімі ауа ластануының ақтөбеліктер мен жергілікті билік үшін өзекті екенін алға тарта отырып, жағдайды жақ­­сарту мақсатында ұтымды шара­ларды қолға алу керектігін жеткізді. Кездесіп отырған қиын­дық­­­тарға қарамастан, өңірде экологиялық ахуалды жақсарту үшін жүйелі жұмыстар жүр­гізілуде. 2015-2017 жылдарды қамтитын шаралар жоспары әзірленген. Бұл мақсаттарға биыл 1,1 млрд. теңге қарастырылып отыр. Көгал­дандыру, кәріз жүйе­лерін қайта салу және жөндеу, өнеркәсіптік қалдықтарды тазартатын локалды жүйелер орнату жұмыстары көзделуде, сонымен бірге, аудан орталықтарында тұрмыстық қатты қалдықтар полигондары құрылысы жоспарланды. Көлік ағындарын басқарудың автоматтандырылған жүйесін жетілдіру және автокөліктерді сұ­йытылған газға ауыстыру бо­йынша шаралар қолға алынды. Айта кетейік, бүгінде бюджеттік мекемелердің 850 көліктен тұра­тын автопаркі толығымен газбен жүреді. Өңірдегі ірі елді мекендердегі ағын суларды тазарту үшін жаңа қондырғыларды қайта салу мәселелері шешімін табады. 2016 жылы Ақтөбеде 3 ағын су стансасы құрылысы басталады деп күтілуде. Оның екеуі жыл соңына дейін қолданысқа беріледі, сондай-ақ, орталықтандырылған кәріз жүйесін кеңейту мүмкіндігі қарастырылады. Сонымен бірге, кешенді тазарту қондырғыларына түсетін ауыртпалықты азайту үшін өнер­кәсіптік кәсіпорындарда локалды тазарту қондырғыларымен жабдықтау бойынша шаралар қолға алынып жатыр. Қыркүйек айында Тұрғындар қалашығы ауданында құны 679,5 млн. теңге болатын кәріз коллекторын қайта салу жұмыстары басталады. Спирт өндірісінің қалдықтарын жою бойынша техникалық-экономикалық негіздеме әзірленуде. Жалпы, жоспардың 16 бөлі­мінің 13-і ауаны тазартуға ба­ғыт­талған. Осы мақсаттарда Ақ­төбе қаласының айналасында «Жасыл белдеу» қалыптастыру бойынша жұмыстар қолға алынады. Ауқымды жоба бойынша, 2 209,61 гектар алқапта Ба­тыс Қазақстанның климаттық ерекшеліктеріне төзімді 12 ағаш пен бұтақ түрі өсіріледі деп жос­парлаған. 1278 гектар жерге тал егу үшін топырақ дайындалды. 3 сатыдан тұратын жұмыс 9 жыл көлемінде жүзеге асырылады. Жобаны жүзеге асыру үшін бюджеттен шамамен 2 млрд. теңге жұмсалады. Өңір басшысы экология сала­сындағы мәселелер бір жылда емес, ұзақ жылдар бойы жиналғанын, онымен бір сәтте күресудің мүмкін еместігін жеткізді. Алайда алға қойылған мақсаттарды сауатты, жүйелі әрі жауапкершілікпен қолға алса, барлығы шешілетінін атап өтті. Экологиялық мәселелердің шешіміне аз қаражат кетпейтіні әрі ірі қаржы институттары тарапынан инвестиция тартудың орынды екені айтылды. – Қазірде Ақтөбе қаласының экологиясы мен атмосфералық ауа қабатының жағдайын жақсарту үшін барлық мүмкіндік бар. Эко­логия мәселелерін шешуге аз қаражат бөлінбейді. Ең бастысы, тапсырмаларды уақтылы және сапалы орындау керек, жоспарлы және жауаптылықпен қолға алса, барлық мәселе шешімін табады, – деді Б.Сапарбаев. Кеңес барысында облыс әкімі кәсіпорын жетекшілеріне, оның ішінде ауаны ластап жатқан спирт зауыттарының, «Ақбұлақ» АҚ, «Ақтөбе Таза Қала» ЖШС басшыларына бірқатар ескертулер жасап, өндірістегі экологиялық жауапкершілік деңгейін арттыруды тапсырды. Әсіресе, спирт зауытының қалдығынан буланып шығатын сасық иіске қалалықтар көміліп отыр деуге болады. Жел сол жақтан соқса сол маңдағы шағын аудандардың тұрғын үйлері есік-терезелерін бітеп, сыртқа шығудан қалады. Шаһардағы атмосфераға шы­ғарылатын зиянды заттардың 70 пайызы «АЗХС» АҚ, «Ақтөбе­ферроқорытпазауыты» АҚ «Жы­­лу-электр орталығы» АҚ кәсіпорындарының үлесіне тиесілі екен. Тиісті орындарға шектеулі рұқсат етілген нормадан артық зиян­ды заттар шығарса айыппұлды көбейту қажеттігі ескертілді. Кеңес қорытындысы бойынша экология заңнамаларын бұзғандарға қатысты қатал шаралар қолдану керектігі айтылып, қоршаған ортаны жақсартуға бағытталған нақты тапсырмалар берілді. Мәселен, бір айдың ішінде тұрмыстық қатты қалдықтар полигонын жөнге келтіру тапсырылды, өйткені, полигонның қазіргі жағдайы инвестор тартуға мүмкіндік бермейді. Бір ай уақыт ішінде қалалық кәріз жүйесіне жеке ассенизаторлық көліктермен лас қалдықтарды заңсыз төгу деректері бойынша тексеру жұмыстарын қолға алу жүктелді.  Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан» Ақтөбе облысы