• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
28 Шілде, 2016

Елдің бірлігінен Жердің бүтіндігіне дейін...

380 рет
көрсетілді

Қазақ қазақ болғалы меніңше үздіксіз талқыланып келе жатқан ең басты екі үлкен мәселе бар. Оның біріншісі – Ел бірлігі болса, екіншісі одан бөліп қарауға болмайтын Жер бүтіндігі мәселесі. Тіпті, алдымен Жер бүтіндігі, содан соң Ел бірлігі десек те қателеспейтініміз анық. Өйткені, бұл екеуі – адамның жаны мен тәні сияқты, бір-бірінен ешқашан бөліп қарауға болмайтын дүниелер. Бүгінгі күні қоғамда қызу талқы­ланып жатқан мәселе – Жерді жалға беру, сату-сатпау, ал түптеп келгенде, оны ел игілігі үшін дұрыс, нәтижелі пайдалану, ұрпақтан-ұр­паққа күтімді, құнарлы күйінде жеткізіп отыру. Әбден пісіп-жетілген толғақты мәселеге деген назарды Жер кодексіне енгізілген соңғы өзгерістер мен толықтырулар тіпті күшейтіп, қоғам дүрлігіп кетті. Әрқашан Ел бірлігін бірінші орынға қойып, мұны күніне мың рет қайталайтын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұған ерекше назар аударып, Жер кодексіне енгізілген төрт бапқа жыл соңына дейін мораторий жариялап қана қоймай, осы дүрлігуге себеп болған жаңа баптарды енгізуге жауапты министрлерді қызметінен босатты. Бірінші вице-премьер Бақытжан Сағынтаевтың, кейінірек Асқар Мырзахметовтің бас­­шылығында қоғамдық комиссия құрып, мәселені жан-жақты талқылап, айтылған барлық пікірлер толық ес­керілген ұсыныс дайындау жөнінде тапсырма берді. Қазірге дейін өткен Жер реформасы жөніндегі комиссияның бірнеше отырысында пайымды пікірлер көп айтылды. Олардың ішінен мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед, Мәжіліс депутаты Владислав Косарев, «Родина» агрофирмасы ЖШС директоры Иван Сауэр, қоғам қайраткері Мереке Құл­кенов айтқан батыл пікірлерді атап айтуға болады. Мырзатай Жолдасбеков пен Мұх­тар Абрарұлы қазақ тарихында жердің жекеменшікте болғаны жөнінде нақты деректер келтіріп, оның қандай рөл атқарғанын дәлелдеп берді. Қарт коммунист Вла­дислав Косарев егістік жердің 1 гектары үшін төленетін салықтың 70-ақ (!) теңге екенін жалпақ елге жайып сал­ды. Аграршы Иван Сауэр ауыл шаруашылығына бөлініп жатқан мил­лиард­таған қаржының хан-талапай болып жатқанын, халыққа мәліметті толық жеткізіп, оның сөзіне құлақ түру қажеттігін айтты. Оның ойынша, сонда қалың бұқара тиісті қорытынды шығарады. Бұл Елбасының ойымен дөп келеді. Енді әрі қарай сараптайық, Жер кодексіне соңғы өзгертулер мен то­лықтырулар не үшін енгізілді? Әрине, жерді ел игілігі үшін тиімді пайдаланып, ауыл шаруашылығын дамыту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, мемлекетіміздің экономикалық әлеуетін нығайту мақсатында. Ал ол неге әліге дейін тиімсіз пайдаланылып, тіпті тозып бара жатыр?! Бұған жауапты депутат Косаревтің сөзінен табуға болады. Егер шамамен жылына 20 миллион тонна астық өндірілетін солтүстік аймақтағы егістік жердің гектарына тек 70-ақ теңге салық белгіленген болса, 80 мың гектар жердің салығын Сергей Витальевич сияқты алпауыттар, оған тұқым салмаған күннің өзінде, қалтасынан-ақ төлей салады. Өйткені, оның бір жылдық салығы бар-жоғы 5,6 миллион теңге болады, тек жерді иемденіп отырса болғаны. Ал тұқым салса, одан орташа 12-13 центнерден астық алып, тоннасын 100 доллардан сатқанның өзінде 2,5-3 миллиард теңге табыс табады! Онда тіпті керемет, қазынаға болмашы ғана салық төлеп, өзі мол пайдаға кенеледі. Бұл тек бір ғана мысал, ал солтүстікте ғана емес, шырайлы шығыс, жәннат мекен Жетісу, боз топырақты батыс, жалпы ел көлемінде осындай бірнеше ондаған мың, тіпті жүздеген мың гектар жерді пайдаланып отырған жеке тұлғалар қанша?! Өте орынды, сауатты әрі батыл қо­йылған бұл сұрақтардан көп нәрсені аңғаруға болады. Әсіресе қарапайым халықтың жерсіз, елі тәуелсіз болған­мен олардың бай-манаптарға, соның ішінде өз ауылы­нан шыққан емес, өзге өңірлерден, тіпті, көзге көрінбейтін өзге елдерден шыққан алпауыттарға тәуелді бо­­лып қалғанын байқау қиын емес. Ал ол жерлер тиімді пайдаланылып жатыр ма, тиісті салық төленіп жатыр ма – бұл да өте маңызды. Тағы бір байқалатыны, жерді тек алпауыттар иемденіп, ауылдағы қарапайым халықтың көпшілігі кәсіпкерлікпен айналысудан мақрұм қалғаны. Мүм­кін, кәсіпкерліктің дамымай, ауыл шаруашылығының өрге баспай отыр­ғандығының басты себебі де осында шығар! Егер халық жаппай кәсіпкерлікпен айналысатын болса, би­лікте отырған алпауыттар мен қал­талы азаматтардың кәсібі пайдасыз болып қалады ғой. Сондықтан бізде әлі биліктегілердің өзі кәсіпкерліктің дамуына кедергі болып тұрғандай. Ал Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Еңбек етуші халықтың 60 пайызы шағын және орта бизнесте жұмыс істеген кезде Қазақстан тұрақтылыққа қол жеткізетін болады» демеп пе еді. Сонда шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өнімдегі үлесі де анағұрлым артар еді... Бұл – бүгінгі ахуал. Егер келешекте де Сауэр, Жолдыбаев, Искаков, Емельянов, Ахметов, Фаст, Терещенко, Кулагин сияқты бірнеше жүз адам шығып, әрқайсысы 100-500 мың гек­тарлап құнарлы жерлерді жеке меншігіне сатып ала берсе және олар бір-бірімен тұтасып жатса, одан миллиардтаған теңге пайда тауып, қазынаға болмашы ғана салық төлейтін болса жағдай қандай болмақ?! Елдің бірлігіне, Жердің бүтіндігіне, Ұлттық қауіпсіздігімізге сызат түспей ме?! Осыдан соң да Тәуелсіз Еліміздің тізгінін қолына алған Тұңғыш Пре­зиден­ті­міздің мемлекет орталығын Алматыдан Астанаға көшіргендегі көрегендігін, ішкі-сыртқы көші-қон үдерісінің бағытын да солтүстікке қарай бұрғанын түсінбей көріңіз!.. Ата Заңның 6-бап, 3-тармағында «Жер және оның қойнауы, су көздерi, өсiмдiктер мен жануарлар дүниесi, басқа да табиғи ресурстар мемлекет меншiгiнде болады. Жер, сондай-ақ заңда белгiленген негiздерде, шарттар мен шектерде жеке меншiкте де болуы мүмкiн» деп тайға таңба басқандай жазылған. Бұдан Жердің мемлекет меншігінде болатынын және ол шекті деңгейде ғана жеке меншікке берілуі мүмкін екенін ұғамыз. Ал «мүмкін» деген тұжырым жерді сатуға міндеттемейді. Жер сатылған жағдайда да шекті мөлшерде ғана сатылуы мүмкін. Онда да басшылыққа алатын бір негіз, ұстаным болуы керек-ақ. Меніңше, ол былай болуы тиіс. Егер еліміздегі бүкіл жер – мем­лекеттің, демек Қазақстан хал­қы­­­ның ортақ меншігі десек, онда конс­титуциялық теңқұқықтылық негізінде әр тұрғынның үлесіне тиетін жер мөлшері де тең болады. Қазіргі жағдайда әңгіме негізінен ауылшаруашылық мақсаттағы жер жөнінде болғандықтан, 100 миллион гектар жерді 18 миллион тұрғынға бөлсек, әрқайсысына шамамен 5,5 гектардан тура келеді. Демек, жер сатылатын жағдайда осы шектен асуға болмайды. Оның үстіне халық саны бір деңгейде тұрмайды ғой, Елбасы жақын жылдарда тұрғындар санын 20 миллионға жеткізу межесін қойды. Мәңгілік Ел болуға ұмтылудамыз! Сондықтан мұны жеті ғана емес, жетпіс рет өлшеп, асықпай, аптықпай, дүрлікпей, даурықпай Ата Заң негі­зінде, біздің басты ұстанымымыз – Ел бірлігі, Жер бүтіндігі, бүгінгі ұлттық идеямыз – Мәңгілік Ел болу тұрғысынан, қазақтың меншігінде мәңгілікке қалатын, мәңгілікке сол Елдің игілігіне жарап, тәуелсіздіктің негізі – оның экономикалық, ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғы­сынан шешуіміз керек. Жерді жеке­меншікке сатсақ, тек зауыт, фабрика, өңдеу кәсіпорындарын, қызмет көр­сету нысандарын, әлеуметтік ны­сандар саламын дейтін Қазақстан Республикасының азаматтарына ғана 5 гектардан аспайтын мөлшерде са­­туға болады деп ойлаймын. Ал, жа­йы­лым, шабындық жерлерді, су қоймалары орналасқан аумақтарды, қазба байлық кеніштерін сатуға мүлде тыйым салу керек. Инвестиция саламын деушілер болса, онда да тек Қазақстан Республикасының азаматтарына, жерді емес, тек белгілі бір мерзімге оның белгілі бір көлемін пайдалану құқығын ғана сатуға болады деп есептеймін. Сондай-ақ, жерді сатып алған жеке адамдар немесе жалға алған ұжымдар осы ұстаным негізінде Ата Заңның 6-бап, 2-тармағында айтылған: «Меншiк мiндет жүктейдi, оны пайдалану сонымен қатар қоғам игiлiгіне де қызмет етуге тиiс» деген конституциялық талап негізінде белгілі мөлшердегі адамды жұмыспен, сол арқылы табыспен қамтамасыз етуі тиіс. Айталық, әр адамға 5 гектардан келеді, әр отбасында – орташа 5 адам, оның асыраушысы 1 адам десек, 5-ті 5-ке көбейтсек 25-ке тең болады. Демек, жер иеленуші әр 25 гектар жер үшін кем дегенде 1 адамды жұмыспен қамтуға мін­детті болуы тиіс. Сонда ауылдағы, тіпті қаладағы жұмыссыздық та өз-өзінен жоғалады. Естеріңізде болса, Елбасының «Әлі адамдар жұмыс іздеп қаладан ауылға барады» деген сөзі бар. Бұл өз кезегінде тұрғындардың тұрмыс жағдайының жақсарып, қоғамда әлеуметтік тұрақ­тылықтың жақсаруына әкеледі. Ал, азып-тозып бара жатқан жері­­мізді тиімді пайдалану, ауыл шаруа­шылығын дамыту мәселесін ме­ніңше жерді сатпай-ақ шешуге болады. 1.Мемлекет-жекеменшік әріп­тестігі негізінде жерді жалға беру арқылы ұсақ жеке және шаруа қо­жалықтарын ірілендіріп, ауыл­шаруашылық өнді­ріс­тік кооперативтерін ұйымдас­тыру, ауыл­дық жерлерде өңдеу өнер­кәсібін дамыту, соның ішінде экспортқа ба­ғыт­­тал­ған өнім өндіруді қолға алу ар­қылы жұмыс орындарын еселеп көбейту; 2.Ауыл шаруашылығына жеңіл­дікпен бөлініп жатқан миллиард­таған қаржының диқан-шаруаларға толық жетуін қатаң қамтамасыз етіп, тиімді игерілуін (ал бізде жетпе­ге­ні­мен тұрмай, триллиондаған тең­генің игерілмей жатқаны кеше ғана Парламенттің бірлескен отырысын­да айтылды), жаңадан құрылып жат­қан кооперативтердің жедел аяққа тұруына мемлекеттік ықпал ету, ауыл шаруашылығында өндірілетін азық-түлік өнімдерін тиімді бағада, делдалдарсыз тұрақты өткізу жүйесін құру; 3.Ауылшаруашылық мақсаттағы жерлердің кадастрлық құнын бірнеше есе, ал суармалы және басқа да егістік жерлерден алынатын салық көлемін кемінде он есе көтеріп, қазынаға түсе­тін кірісті күрт көбейту; 4.Ауыл тұрғындарын, басқа да азаматтарды егін салу, көкөніс өсі­ру, мал шаруашылығымен, өң­деу өнер­­кәсібімен айналысып, агро­кәсіп­керлікке құлшын­дыратын пәр­менді ақпараттық насихат жүргізу, 5-6 пайыздан аспайтын жеңіл несие, тиімді демеуқаржымен қамтамасыз ету; 5.Ауыл шаруашылығына қажетті мамандарды колледждерде тегін оқы­тып, жоғары оқу орындарына бө­лі­нетін гранттарды көбейту, жоғары сынып оқушылары мен студенттердің еңбек отрядтарын ұйымдастыру ар­қылы өскелең ұрпақты еңбекке баулу, ауылдық жерлерде еңбек етуге, бә­­­­­секеге қабілетті, экологиялық таза аз­ық-түлік өнімдерін өндіруге ынталандыру. Бұлардың барлығы Елбасы алға қойған кешенді міндеттерді – Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын құру, орта және шағын кәсіпкерлікті дамыту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ең дамыған 30 елдің қатарынан орын алу, жұмыссыздықты жою, қоғамдағы тұрақтылықты, азаматтардың билікке деген сенімін нығайту, түптеп келгенде тәуелсіздікті тұғырлы етіп, Мәң­гілік Ел болуды көздеген ең ұлы мұратымызға жетудің берік негіздерін қалайтыны сөзсіз!  Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ, мәдениет қайраткері