• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
29 Шілде, 2016

Ауыл ахуалы қайтсе жақсарады?

349 рет
көрсетілді

  Халқымыздың рухани бесігі атанған ауылдың негізгі ұйтқы-тірегі, тіршілік көзі атакәсіп – төрт түлік мал өсіру екенін бүгінде екінің бірі біледі деп айтуға болады. Елімізде бұрынғы мемлекеттік ауылшаруашылық құрылымдары жекешелендіріліп, ауылда нарықтық экономика бел алған кезде отбасы деңгейінде мал өнімдерін өндірудің маңыз­дылығының да еселеп артқандығы жасырын емес. Бұған дәлел, бүгінде жеке қосалқы, отбасы шаруашылықтары өміршеңдігі, тұрақтылығымен ерекшеленіп отыр. Атап айтқанда, бұл шағын шаруашылық құрылымдары ауыл реформасы өтпелі кезеңінде, ауылдық елді мекендерде жұ­мыс­­сыздық, кедейшілік келең­сіздіктерінің бел алуына да бел­гілі бір дәрежеде тежеуші күш бола алды, сондай-ақ, кейінгі әлемдік экономикалық дағдарыс зардаптарын да ауыл тұрғындары, басқаларға қарағанда, жеке ша­руа­шылықтарының арқасында бәлендей сезіне қойған жоқ деуге болады. Мемлекеттік статистикалық деректер бойынша, бүгінде елімізде ауылдық жерлерде 1,3 млн. жеке қосалқы, отба­сы шаруашылықтары, бар­­лық пайдаланыстағы ауыл­шаруашылық жерлерінің бес­тен бір бөлігін иеленіп, ауыл­шаруашылық өнімдерінің үштен екісін өндіреді екен. Осыдан да болар, таяуда та­ғайындалған Ауыл ша­руа­шылы­ғы министрі А.Мырзахметов ауыл­­дық өңірлерді аралағанда жеке қосалқы, отбасы шаруа­шы­лықтарына жаңа тыныс беретін іс-шараларды атқарудың қажеттілігін қадап айтқандай болды. Осыған орай бүгінде министрлік тарапынан бұл ба­ғытта біршама іс-шаралардың атқарылып жатқандығы да қуа­нарлық жағдай. Дегенмен де, осы орайда, ауыл шаруашылығы саласының білікті бір маманның ертеректе айтқаны есіме түсіп отыр. «Бұрында қаншама өңірлік азық-түлік бағдарламаларын, есеп-қисап жұмыстарын жасап, текке әуре болыппыз, нарыққа өткелі бұл проблема тез арада шешілді емес пе, яғни бүгінде қай базарға барсаң да толып тұрған ет-сүт» деген еді ол. Демек, жоғарыда айтылған маңызды мәсе­лені шешуге бағытталған іс-шара­лар, әдет­­тегідей қағазбастылық­пен, негізсіз бағдарламалар жасаумен шектелмей, қоғамдық пікір­лермен, ғалым-мамандардың ұсы­ныс­тарымен санаса атқарылса екен деймін. Сондықтан да болар, Қазақ аграрлық-өнеркәсіптік кешенінің экономикасы және ауылдық аймақтарды дамыту институты, Шығыс бөлімшесінің 2015 жылдан үш жылдық ғылыми-тәжірибелік бағдарлама аясында еліміздің бір-бірінен табиғи-ауа райы жағдайларымен ерек­ше­ленетін ауылдық аймақтарында жеке қосалқы, отбасы шаруа­шы­лықтары әлеуетін арттыру, олар­ды шағын, орта бизнес құрылымдары санатына трансформация­лау мүм­кін­діктерін анықтау бағытында атқарылған жұмыстар негізінде ой-пікірімді айтуды жөн көрдім. Кеңес Одағы кезінде же­ке қосалқы, отбасы ша­руашы­лық­тары мемлекеттік шаруа­шылықтар еңбеккерлерінің қосымша табыс көзі болып, шаруашылықтардың да өнімдер өндіру жоспарына елеулі үлес қо­сып, олардың тарапынан айтарлықтай қолдаулар мен көмектерді иеле­ніп отырды. Ал бүгінде бұл саладағы жағ­дай мүлдем басқаша, яғни жеке қосалқы, отбасы шаруа­шылықтары өзімен өзі жеке-дара қалып отыр деуге болады. Осыған орай, жеке қосалқы, отбасы шаруашылықтары келе­шегі туралы қоғамда қарама-қайшы пікірлердің де қалыптасып отырғаны рас. Атап айтқанда, біршама ғалым-мамандар ша­ғын, қосалқы, отбасы шаруашы­лық құрылымдарының ауыл ша­руа­­шылығы өндірісінде маңыз­дылығы біртіндеп төмендей бере­ді десе, басқалары, керісінше, олардың құрылымдық жүйелерін, шаруашылық жүргізу формаларын жетілдіру, еліміздің аг­рарлық секторында шағын, ор­та кәсіпкерліктің өркендеуіне бірден-бір жол ашатын мүмкіндік деп есептейді. Бүгінде «жеке қосалқы», «отбасы» шаруашылықтары атаулары төңірегінде бірегей түсініктің қалыптаспай отырғандығы да кездейсоқтық болмаса керек. Менің ойымша, жеке қосалқы, отбасы шаруашылықтарын атау­ларына сай келетін мақ­саттардағы кәсіптерімен айна­лысу тұрғысында анықтап, бағалау қажет. Осы екі шағын шаруашылық құрылымының бірегей кәсіптік саласын «жұрт­шылық шаруашылығы» деп атау да орынды деп ойлаймын. Атап айтқанда, түрлі шағын ауылшаруашылық құрылымдары тауарлы өнімдер өндірумен де айналысатын болса, олар «жеке қосалқы шаруашылық», ал өндіретін өнімдері тек ішкі азық-түлік сұраныстары көлемінде шектелсе «отбасы шаруашылығы» санаттарына жатады. Әрине, іс жүзінде бұл екі құрылымның аражігін ажырату өте күрделі, көптеген қосымша шығындарды қажет етеді. Мы­салы, өркениетті елдердің өзін­де жеке қосалқы, отбасы ша­руа­­шылықтары сияқты шағын ауыл­­шаруашылық құрылым­дарына олардың жалпы өндіретін өнімдері көлемінің шектеулілігіне байланысты мемлекет тарапынан бәлендей бақылау мен қолдау іс-шараларын атқару қарастырылмаған. Сонымен қа­тар, біздің елде жеке қосалқы, от­басы ауылшаруашылық құры­лымдарының шаруашылық жүр­гізу формаларының шетел­дердегідей экономикалық категориялармен емес, құқықтық негізде анықтау да, түрлі шағын ауылшаруашылық құрылымдары араларындағы жіктеу тетік­те­рінің нақты еместігін көрсетіп отыр. Бұл орайда, айқын ажырату критерийлері шаруа­­шылықтың негізгі мақсаты, қызмет түрлері, жер, тауарлы өнім көлемдері, тех­никалық жарақ­тану, жұмыспен қамтылу, табыстылық деңгейлері болуы керек деп есептеймін. Қалай болғанда да, нарық­тық көпсатылы экономика жү­йе­сінде шағын қосалқы, отбасы шаруашылықтары ауыл­ша­руашылық өндірісінде өз орнын тауып, тұрақты, икем­ді шаруашылық жүргізу фор­ма­ларының біріне айна­латын­дығына күмән болмаса керек. Себебі, бүгінде елімізде ауылшаруашылық өндірісінің 70%-ға жуығын иеленіп отыр­ған жеке қосалқы, отбасы ша­руа­­шылықтарының келешекте де түрлі құрылымдық жетіл­діру іс-шаралары негізінде ауыл­шаруашылық өндірісіндегі үлес салмағының басым болатын­дығына сенім мол. Ауылдық аймақтарда жүр­гізілген анкеталық сауалдамалар ауылдық елді мекендерде мал ұстамайтын (тауықтан басқа) отбасылар санының соңғы жылдарда өсіп келе жатқандығын байқатады, сауалнамамен қам­тылған алты аудан ауылдық елді мекендері бойынша мал ұстамайтын отбасылар деңгейі орта есеппен 15%-ы құрады. Мысалы, дамыған елдерде, атап айтқанда, АҚШ елінде 4-5% ауыл халқы елді азық-түлікпен толықтай қамтамасыз етеді екен. Бірақ біздің еліміздің бұндай ауылшаруашылық өндірісінің инфрақұрылымы деңгейіне жету үшін әлі де ондаған жылдар керек, ең бастысы, біздің ауылдық аймақтардың табиғи, жер жағ­дайын, халқымыз әдеп-ғұрып, дәстүр менталитетін шетел­дермен салыстыруға болмайды. Сондықтан да, ауылда негізгі тіршілік көзі мал өсірумен айналыспайтын отбасылар санының өсу үрдісі жалғаса беретін болса, келешекте ауылшаруашылық өндірісі көлемінің күрт төмен­деуі мен ауылдық елді мекендерде күрделі әлеуметтік қиын­дықтардың орын алуы әбден мүмкін.   Демек, шағын қосалқы, отбасы шаруашылықтары өндіріс өнімділіктері мен тиімділіктерін арттыру үшін не істеу керек деген сұрақ туындайды. Біздің ойы­­мызша, бұл мәселеде ауыл тұрғындарының өнім өндіруге деген белсенділігін арттыру үшін, олардың сұраныстарына сай, құнарлы мал азығымен, тиісті жайы­лымдық жерлермен, өндір­ген өнімдерін тиімді бағаға өткізе­тін мүмкіндіктермен қамтамасыз етуде мемлекет тарапынан жанды қолдау жасалса жеткілікті деп айтар едік. Тәубе, бүгінде ауыл тұрғындары қанша бас мал ұстау тиімді болатынын, мал бастарын азықтандырып, күтіп-бағу ерекшеліктерін біршама игеріп қалды. Өкінішке қарай, бүгінде ауыл тұрғындары мал өнімдері­нің 30%-ын ғана саудаға шығара алады, елімізде жаңа технологиямен салынған көптеген мал бордақылау, мал өнімдерін өңдеу кәсіпорындарының қуаттылығына сай мал өнімдерімен қамтамасыз етілмей отырғандығы еш сын көтермейтін жағдай. Ал, шағын шаруашылықтары жалпы сүт өнімдерінің 15-20%-ын ғана өңдеу кәсіпорындарына өткізе алып отыр. Елімізде сауын сиырдың жылдық сүттілігі орта есеп­пен 2200 кило. Бүгінде жеке қосалқы, отбасы шаруашылықтары ор­та­­­лықтандырылған сүт қа­былдау орындарына әрбір ауыл­­­дық елді мекендер бойын­ша орта есеппен 30-дан 300 ки­лоға дейін өнім өткізеді екен. Демек, егер жеке қосалқы, отбасы шаруашылықтарынан сүт өнімін сатып алу ісін өз мәнінде ұйымдастырса, қазіргі жағдайдан екі есеге жуық көп сүт өнімдері ішкі азық-түлік нарығына шыға­ды екен. Сонымен, біздің атқарған ғылыми-тәжірибелік зерттеу жұ­мыстарымыздың бастапқы нәтижелері жоғарыда аталған іс-шараларды тәжірибеде балама екі жолмен игеруге бо­ла­тын­­дығын көрсетті. Бірін­шісі – ауылдық елі мекендер ау­­­­мағында, таяуда қабылданған заң аясында ауылшаруашылық кооперативтерін құру, екін­шісі жеке қосалқы, отбасы шаруа­шы­­лықтарын тауарлы өнімдер өндіруге ынталандыру шара­ла­ры арқылы ерікті түрде шағын кә­сіпкерлік құрылымдар қатарына трансформациялау болып табылады. Сонымен қатар, негізінен жеке қосалқы, отбасы шаруа­шы­лық­тары есебінен жасақ­тала­тын ауылшаруашылық коопера­тивтерін құруды жекелеген өңір­лер бойынша қанатқақты жоба ретінде атқарудың да маңызы зор. Сондай-ақ, шағын қосалқы, отбасы шаруашылықтарын түрлі формалардағы шаруашылық құрылымдарымен (агрокомбинаттар, агрохолдингтер, клас­терлік агрокешен) интеграция­лау тәсілінің де тиімділігі зор. Мұндай жүйе бірінші кезек­те олардың материалдық-тех­никалық жабдықталуында, өн­дірген өнімдерін өткізуінде қа­лыптасып отырған күрделі проблемаларды оңтайлы шешеді деп айтуға болады. Ауылдағы қосалқы, отбасы ша­руашылықтарының тиім­­­­діліктерін арттыруда жергілікті атқарушы биліктің де ынталылығын ескеру керек. Сондықтан да, жергілікті жер­лерде жеке қосалқы, отбасы шаруашылықтары жағдайын тұрақты бақылауда ұстау, қажет жағдайларда жанды көмектер көрсету үшін, әсіресе, олардың өн­дірген және өткізген өнімдері көрсеткіштері міндетті түрде мемлекеттік статистикалық есеп жүйесіне енгізу, ауылдық, ау­дан­дық атқарушы органдар дең­гейінде жеке қосалқы, отбасы шаруашылықтары бойынша негізгі деректер базасын қалыптастыру шараларының да берері аз болмас еді. Басқасын айтпағанда, бұл жағдай өз кезегінде аталған шағын ауылшаруашылық құрылым­дарына мемлекеттік қолдау мен несиелеудің тиімді жүйелерін қа­­лыптастыруға оң әсер ететін болады. Сонымен қатар, жоғарыда баян­­­далған маңызды шаралардың атқарылуы мен тиімділігі көптен талқыланып, жолы болмай келе жатқан «Жергілікті өзін-өзі бас­қару» және «Жеке қосалқы, отбасы шаруашылықтары» туралы заңдардың қабылдануына да байланысты болмақ. Атап айтқанда, бұл заңдар аясында жергілікті атқарушы биліктің құзыреттілігі, жеке қосалқы, отбасы шаруа­шы­лық құрылымдарының да жекелеген ерекшеліктері нақтыланып жоғарыда аталған іс-шараларды дәйекті, нәтижелі атқаруға жол ашар еді.  Кәкімжан САРХАНОВ, Қазақ аграрлық-өнеркәсіптік кешенінің экономикасы және ауылдық аймақтарды дамыту ғылыми- зерттеу институты Астана филиалы директоры