• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
30 Шілде, 2016

Борыштық жүктеме өспейді

325 рет
көрсетілді

Ұлттық Банк жұмыс істемейтін кредиттер жөніндегі заң шеңберінде қарыз алушылардың құқықтарын қорғауды күшейту үшін бірқатар түзетулер әзірледі. Олар банктердің төлем жасауға қабілетсіз қарыз алушылармен өзара іс-әрекеттерінің проблемаларын кешенді шешу, банктік қызметтердің ашықтығын, тұтастай алғанда елдің қаржы секторының орнықтылығын қамтамасыз ету мақсатында әзір­ленген. Түзетулер 2015 жылғы қара­шада қабылданды және 2016 жылғы қаң­тардан бастап күшіне енді. Жекелеген нормалар осы жазда қолданыла бас­тады. Мәселен, қаржылық қызмет­терді тұтынушылардан алынатын комиссиялар мен өзге төлемдер тізбесі айтарлықтай – 4 есе дерлік қыс­қарды. Сонымен қатар, банктер қарыз шартының талаптарын біржақты тәртіппен өзгерте алмайды. Заңнаманың жаңа нормалары шартты түрде екі блокқа бөлінген. Біріншісі – борыштық жүктемені төмендету шаралары, екіншісі – банктік қызметтердің ашықтығын көтеру шаралары. Атап айтқанда, 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда жеке тұлға өтініш жа­саған күннің алдында қатарынан алты ай бойы шетел валютасында кірісі жоқ жеке тұлғаға ипотекалық қарыз беруге тыйым қолданылады. Норма қарыз алушыларда валюталық тәуекелді болдырмау мақсатында енгізілген. Шілденің басынан бастап қарыз алушының міндеттемелерін орындау үшін жеткіліксіз төлемді бөлудің ерекше кезектілігі белгіленді. Мә­селен, егер мерзімі өте бастаса, бірін­ші кезекте мерзімі өткен негізгі борыш пен сыйақы, содан соң тұ­рақсыздық айыбы және ағымдағы кезеңдегі төлемдер, ең соңында банктің шығасылары өтеледі. Бере­шекті төлеу мерзімі 180 күннен асып кетсе, алдымен мерзімі өткен және ағымдағы кезеңдегі негізгі борыш пен сыйақы бойынша берешек өтеледі, содан кейін – ағымдағы кезеңдегі төлемдер, тұрақсыздық айыбы (айыппұл, өсімпұл) және кре­дитордың орындауды алу жөніндегі шығасылары өтеледі. Ағымдағы жылғы 1 шілдеден бастап өтеу мерзімі 90 күнге дейінгі тұрақсыздық айыбының мөлшеріне шектеу – күніне мерзімі өткен төлем сомасының 0,5%-ы мөлшерінде шектеу енгізілді. Өтеу мерзімі 90 күннен кейін – күніне мерзімі өткен төлем сомасының 0,03%-ынан аспайтын мөлшерде шектеу енгізілді. Бұл ретте тұтастай алғанда тұрақсыздық айыбы әрбір мерзімі өткен жыл үшін берілген қарыз сомасының 10%-на аспауға тиіс. 2016 жылғы 1 қаңтардан бас­тап банктің қарыз бойынша өтеу мер­зімі қатарынан 180 күннен кейін есеп­телген, ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша сыйақыны және тұрақсыздық айыбын төлеуді талап етуіне тыйым енгізілді. Ұсынылып отырған шаралар субъективті немесе объективті себептермен алынған қарыздары бойынша міндеттемелерін уақтылы орындауда уақытша қиындықты бастан кешіріп отырған Қазақстан азаматтары үшін қажетті қорғаныш деңгейін қамтамасыз етіп қана қой­май, еліміздің қаржы секторын неғұрлым әлеуметтік тұрғыдан жауапты етеді. Заңнамалық бастамалардың екінші блогына алдын алу (ескерту) сипатындағы нормалар енгізілген. Қазақстандық қарыз алушылар кре­диттеудің қолайлы мынадай тәсілдері мен берешекті өтеу кестелерін көптен бері өздері таң­дайды – тең үлестермен немесе кредиттеу мерзімі ішінде азаятын аннуитеттік төлемдермен. Ағым­дағы жылғы 1 шілдеден бастап банк­тік қарыз шарттарының талап­тарын біржақты тәртіппен өз­гертуге тыйы­м енгізілді. Ерекше жағ­дайлар – заңда және шартта көзделген, қарыз алушыға хабарлай отырып ол үшін шартты жақсарту жағдайлары. Талаптарды жақсарту деп азайту жағына қарай өзгерту немесе қарызға қызмет көрсетумен байла­нысты көрсетілген қызметтер үшін комиссиялардың немесе өзге төлем­дердің күшін толық жою, сон­дай-ақ тұрақсыздық айыбын (айыппұл, өсімпұлды) азайту немесе толық күшін жою, банктік қарыз шарты бойынша сыйақы мөлшерлемесін төмендету немесе банктік қарыз шарты бойынша төлемдерді кейінге қалдыру (мерзімін ұзарту) түсініледі. Бұл ретте қарыз алушыға банк ұсынған жақсарту талаптарынан 14 күн ішінде бас тарту құқығы бекі­тілген. Бұл жаңалықтар қарыз алушының кредиттеу талаптарын бағалауына және берілген толық әрі түсінікті ақпарат негізінде дұрыс шешім қабылдауына мүмкіндік жасайды, бұл өз кезегінде болашақта қарыз бойынша міндеттемелерді орындамау тәуекелін төмендетуге мүмкіндік береді. Ұлттық Банк жұмыс істемейтін кредиттер жөніндегі заң шеңберінде банк қарызын, микрокредитті беру және қызмет көрсету кезіндегі комиссиялар мен өзге төлемдердің толық қамтылған тізбесін бекітті. Бұл шара жеке тұлғаларға банк қарыздарын (микрокредиттерді) беру және қызмет көрсету кезінде ЕДБ мен МҚҰ қызметтерінің құны жөнінде қарыз алушылардың хабардар болу деңгейін арттыруға да бағытталған. Комиссиялар мен төлемдер тізбесін банктер мен МҚҰ ағым­дағы жылғы 1 шілдеден бастап ескерулері және ол кредит құнында көрсетілуі тиіс. Басқаша айтқанда, жеке тұлғаларға берілген қарыздар мен микрокредиттер құны жалпы саны 11-ден аспайтын, Ұлттық Банк белгілеген комиссиялар мен төлемдер тізбесімен шектелуге тиіс. Айта кететін жайт, бұған дейін, реттеушінің деректерінше, банктер 40-тан аса комиссиялар мен өзге төлемдер алатын болған. Александр ТЕРЕНТЬЕВ, Ұлттық Банктің Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сыртқы коммуникациялар басқармасының басшысы