• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
03 Қыркүйек, 2016

Cөз сойыл № 31

496 рет
көрсетілді

Қош бол, кітап...

Суретші көзімен

Әзіл-оспақ, сын-сықақ

...деген екен «ГУМАНИТАРНЫЙ ПОМОЩЬ» КЕЛЕДІ Астанада тұратын бір азамат кешке қарай бір ағайындарының үйіне келіпті.Үй иелері жоқ, бала-шағалары ғана отырса керек. Күн кешкіріп бара жатса да, бала­лардың  кешкі тамақ әзірлеуге асығар түрлері жоғын көріп ол:  – Кешкі тамақ­тарың қайда? – десе, олар: – Қазір «гуманитарный помощь» келеді, – депті. Сөйтсе, әке-шешелері қонаққа кеткен екен. Астанада қонаққа шақырған үйдің кетерде келгендерге дастарқанда қалған азық-түлікті қылдай ғып бөліп, пакетке салып беретін дәстүрі барын білетін балалар тамақ істеп әуре болмай, «гуманитарный помощь» күтіп отырған түрлері болса керек. МЕНІ КӨРГЕН ЖОҚПЫН ДЕ... Көптен көріспеген ағалы-інілі екі жігіт жолығысып, екеуара әңгімелесіп отырса керек. Інісі тіршіліктің қиындықтарын, соңғы кезде ауырғыштап жүргенін айтып, түсіме әкеміз кіріп жүр, екеуімізді де шақырып жатыр дейді мұңайып. Сонда ағасы тұрып: – Енді сұраса, мені көрген жоқпын де, – деген екен. ҚЫРҚЫНА ДА, ЖЫЛЫНА ДА БАРАМ... Келіні курортқа барып келген соң енесіне айтады: – Бір жақсы адамдардың үйінде тұрдым. Жақында сол  үйдегі  апа қайтыс болған екен, жетісіне барып келмесем ұят болады ғой деймін, – депті. Енесі: – Ондай болса мен де барам, – депті. Бұл жайды келін курорттағы «жақсы адамдарына» ескертіп қойыпты. Енесі әлі сыны да, жыны да кете қоймаған әйел болса керек. Курорттағылар оның да жайын ойластырып қойыпты. Сонымен, келгендер асықпай-саспай келген шаруаларын бітіріп қайтқан екен. Үйге келген соң енесі келінге былай деген екен: – Сен не қылсаң о қыл, мен өзім апаның қырқына да, жылына да барам, – депті. ДИЕТАҢ ҚАШАН ІШЕТІН ДӘРІ? Бір кемпір дәрігерге қаралып, «Асқа­за­ным ауырады, ас батпайды» – деп ден­сау­лығына байланысты мұңын шаққан екен. Дәрігер: – Сізге қалай болса солай, кез келген тағамды іше беруге болмайды. Диетамен ішіп, соның тәртібін сақтау керек, – десе, кемпір сұрап жатыр дейді: – Әлгі диетаңды етке дейін ішем бе, еттен кейін ішем бе? – депті. «ТЕЛЕФОНЫҢДЫ» ОСЫНДА АЛЫП КЕЛШІ Бір тойда той иесінің бір досы өңшең арақ-шарап ішпейтін қонақтар отырған үстелге отырып қап, ол үстелге ештеңе қойылмапты. Алайда, анда-санда той иесі досын: – Сізді телефонға шақырып жатыр, – деп алып кетіп, ешкім жоқ жерде досына қалауынша ұрттатып отырса керек. Біраздан соң, қы­зыңқырап қалған досы те­ле­фонға кезекті шақыру келіп қалғанда: – Әй, дос! Болар іс болды ғой, сол теле­фо­ныңды осында алып келші, – деген екен. Қайырды  НАЗЫРБАЕВ АСТАНА МІНБЕДЕ – МЕШІН ЖЫЛЫ Мен – мешінмін! Армысың, сенген Елім! Құшақ жайып «Тезірек кел!» деп едің. Келе салып базынам сол – Несібем бар алатын сенде менің.   «Әрбір жылдың өзіндік несібесі Бар» дейтұғын әділдік кесімі осы! Бауырға алып, баршаны бақытты етер Зарықтырмас заманның осы көші.   Әй, бірақ, қой жылында қоймай жедің, Қанша жесең, сонда да тоймай жедің! «Жегіш!» деген бүркеншік ат жапсырып, Әшкере боп артынан «Ойбай!» дедің.   Ішіп-жеуге сен мүлдем құныққансың, Тойдым, қойдым дегенді ұмытқансың. Тез қуырып, оны да асап қойдың Қой үстінен бозторғай жұмыртқасын!   Қоймай жедің, қоғаммен ұйымдасып, Қулық, арам пиғылмен қиюласып. Қой жылында тапсырған құрылысың, Қирап жатыр, кетті ме миың да ашып?   Қойдың жуас болғаны – осы қылық, Миллиондар көкке ұшты опырылып. Ақ армандар адасып үркіп кетті, Кеуделерден біржола шошып ұлып!   Мен – мешінмін, былайша, маймыл атым. Мен емеспін жылпостан қаймығатын! Ұйымдасқан ұрылар, жемқор, қорқау Кезің келді тісіңнен айырылатын!   Қой жылынан кезек ап келдім, міне, Аямаймын сұғанақ мен кімді де! Жегіштерді шәңгекке асып қоям, Көтерерім қашан да елдің жүгі!   Еңбек сүйгіш мешінмін, атым маймыл, Ешқашан ептілерге шатылмаймын. Жемқорлықтың өңешін жұлып алып, Өз жылымда түйір дән татырмаймын!   Пәлекет кетсін солай өткен жылмен, Нұрлы күн келсін бізге көктен күлген! Тапсырып таршылықты мұрағатқа, Табысайық тап-таза, мөп-мөлдірмен!   Осылай жақсылыққа ой бұрайын, Ортаңды құт-береке той қылайын! Жайыңдар Мешін жылдың дастарқанын, Бананға, ананасқа тойдырайын! Кемелбек ШАМАТАЙ  АЛМАТЫ Заман зары Сиқым ит қуған ешкідей ентіге келіп: – «Сорқұдықтың басына сорға бола қонды атам», – дегендей, нем бар еді екі өкпемді қолға алып соның жолында жүгіріп. Осы мені сабайтын адам жоқ, – деп алқынып отыра кетті. Әншейінде әңгімені емеурінінен аңдайтын Бөлекбай не демекші болғанын дөп баса алмай: – Немене, ит қуды ма!? Соншама ентігіп, – деп суыртпақтап сыр тартып жатыр. – Сол айдаһардың құйрығын басып не түртті мені, не жетпеді маған?! – Улы жылан шағып алған жоқ па өзі?! – Жерде тегін жатқан олжадай несіне алдым екен?! – Тұзаққа түстің бе?! Кәзір шарик-маликтер жыландай арбайды. Жерде жатқан алтынды да көтеруге болмайды, басың бәлеге қалады. – Арбаған алдамшы жарнамасына неменеге жапалақтай жалп ете қалдым екен?! – Әй, өзің байқашы, өкінішің өзегіңе түсіп кетіп жүрер. Жабысқақ жарнаманы, тіпті, оқымақ түгілі көз тоқтатып қарауға да қауіпті. Магниттей өзіне тартып, табанда ой-санаңды өзгертіп жібереді. – «Қарақыпшақ Қобыландыда нең бар еді, құлыным» – деп бидің әкесі айтқандай, мен де әке-шешемнің: – Қысылып бара жатсаң да оған жолама, балам, жолама. Онсыз да өмір сүруге болады ғой, – дегендеріне құлақ аспап едім мен, саңылаусыз. – Әрине, «өзім білем» деген орға жығылады, – деп Бөлекбай да жығылғанға жұдырықты жең ішінен түйіп жатыр. – Көлденең жатқан кетпеннің басын басып кеткенмен бірдей-ау. Нем бар еді, сол пәлеге ұрынып. Ақымақ бас екі аяққа маза бер­мей­тіні шын екен. Шекемнен ақ моншақ тер шып-шып ағып қаншама соның соңында жүгірдім десеңші. – Тордағы зырылдауықты ай­налдырған ақтиіндей босқа өкпеңді өшіргенсің ғой. – Дұрыс айтасың! «Дұшпан күлдіріп, дос жылатып айтады». «Өзі болған келін төркінін танымайтынындай», танауым делдиіп, мен жанашырларымды тыңдадым ба?! Баяғы қисық мойын сыңаржақтыққа салып «өзім білемге» бастым. – Өзім білем дегендегі жеткенің осы уайым ғой. «Уайым түбі – құрт, құрт­тың түбі – жұт» деген. Байқа, жүрегіңе тұнба тұнып қал­ма­сын. Ол аты өшкірің , не өзі?! – деп түрі дауыл тұрғандай бұзы­лып Бө­лекбайдың жүйкесінен ши шықты. – Әлгі жұрттың бәрі алып жатқан ше?! – Ой, жетесіз! Пара алып өле алмай жүрмісің. «Балық басынан шіриді» демекші, сонау ауқаты бар әкімдер де сол парадан қақалып жатқан жоқ па?! – Жоға, тәйірі! Пара дегенің бомба екенін білем ғой. – Енді қайсысына жолап жүрсің?! – Әлгі күліп барып жылап қайтатын ше. – Қарыз ба? – Жоқ. Қарыз деген пайызсыз «айналайын» ғой. «Ер мойнында қыл арқан шірімейді» деп күттіріп, ол арқанды сүйретіп жүре тұруға болады емес пе. Тіпті, ол қарыз берген жан менің амандығымды тілейтін тілекшім болады ғой. – Ой, тәйірі, кредит пе?! – Иә, сол «креді иттің» атын атауға да қорқам. Алғанда жақсы еді, бергенде қиын екен. Сол итің қалтаңа қоқиып кіреді де, қайтарда екі есе есейіп қомпиып шығады екен. Қиналып қалдым, ішпей-же­мей­ кепілдікке қойған үй кеткелі тұр. – «Шығасыға иесі – басшы». Кірерде шығар есікті де ойлау керек қой. – Осы жұрттың бәрі тегін дү­ниедей банкке үймелеп барып алып жатқан соң... – Бәленше суға секірді деп суға секіру керек пе екен сонда, қызықсың-әй, сен, – деді Бөлекбай таңданысты, сұраулы кейіппен. – Осы менің жолым болмай-ақ қойды. Сол жұрт лотереядан, спринттен, билеттен, лотодан, картадан, әйтеуір бірдеңеден бірдеңе ұтып жатады. Аспаннан киіз жауса да мендей тайқы таңдай пақырға ұлтарақ та бұйырмаған, – деп сиқы қашқан Сиқым желкесін қасып жатыр. – Иә, қазір байлар да жылайды. Кредитсіз өмір сүріп жатырмын дер жанды көрсем көзім шықсын... Бәріміз де сол банк үшін еңбек етіп, банк үшін өмір сүріп жатырмыз. Соны біліп банк қожасы пайызын шет елдегідей азайтайыншы деуге қомағай көмейі жібермейтініне қынжылам да қоям. – Әлгі пайызсыз беретін мұ­сылман банкін неге көбейтпейді екен осы ел қамын ойлағандар. – «Кедей – бай болам, бай – құдай болам» деп алды-артыңа қаратпай жанталастырған заманым-ай, – деп Бөлекбай да мұңайып мұңға шомды. Сапар ӘБІЛКӘКІМТЕГІ ҚОСТАНАЙ МҰНДАЙ ДА БОЛАДЫ .... Бір анық: – Оқушы балаларымыз – Музыка пәнінде ән салып, Ана тілінде тақпақ айтып, Дене тәрбиесінде доп ойнап, Еңбек сабағында мектеп ауласын сыпырып жүріп білім жетілдіруде. *** Емханадағы бас дәрігердің қабылдауына кіреберістегі жазу: «Әр науқас өзімен бірге екі науқас ерте келсе, ем алу ақысына арнайы жеңілдіктер қарастырылады». *** Көрші жігіттер кездесіп қалады: – Өткенде бастығымыз қыз­меткерлер арасында шахматтан жарыс өткізді. Финалда бастықтың өзімен ойнадым. – Кім жеңді? – Мен. – Сыйлыққа не берді? – Жұмыстан шығарып жіберді... *** Кеңес заманының  60-ыншы жылдары болса керек. Америкалық бір турист осы елде жүріп газдалған су іше қояйын деп автоматқа үш тиын­ын сала қояды... Автомат әрі қыжылдап,  бері қыжылдап не су жоқ, не тиын жоқ тұрып алады. Анау тағы үш тиын салады... Баяғы сол қалпы. Тағы салады, баяғы үнсіздік... Турист бұл көрініске аң-таң болып біраз тұрып... бас шайқап, өзінше «міне, идея!» деп еліне қайтады... Сөйтіп, ойын автоматы дүниеге келген екен... ҚАЛПАҚ Виктор СУМИН Мен білгелі ол қолынан қал­пағын бір сәтке де тастаған емес. Қашан көрсең қолында қалпағы... Басына киiп алатын кездерi де болады, бірақ көбiне шляпасын үнемі қолына ұстап жүредi. Мен ол деп Петр Иваныч Мор­зиков туралы айтып отырмын. Бұл кiсi – ғалым, ғылым докторы, профессор. Бұл кiсi қалпақсыз еш­қайда бармайды да. Тiптi моншаға да қалпағымен баратын көрiнедi. Өз басым Петр Иванычтың қал­пағымен сөйлесiп... е, иә, кәдiмгiдей адамша сөйлесiп тұрғанын да талай көрдiм. Бірде жұмыстың аяғында Петр Иваныч бұрыштағы киiм iлгiште тұрған қалпағына тақап келiп: – Үйге қайтамыз ба? Үйге қайтатын уақыт әлдеқашан болған, – дейдi ақырын жымиып. Қалпағы – әрине, үндемейдi. – Үндемеу – келiсудiң белгiсi, – дейдi де, Петр Иваныч аялай қалпағын алып, басына киiп алады. Ал ендi автобуста Петр Ива­нычтың қалпағын қалай аялағанын көрсеңiз ғой... Екi тiзесiнiң үстiне салып, тап бiр әйелiнiң бұрымын сипағандай қалпағының етегiн ақырын әрi айналдыра аялай сипалайды. Жансыз зат болса да, қалпақ та аялағанды сезедi-ау деймiн... тойған мысықтай томпыйып,  бір сәтте-ақ жылтырап шыға келедi... Не керек, қоғам ауысып, заман да, заң да өзгерiп шыға келген кезеңде Петр Иванычтан 10-12 жыл көз жазып қалғаным бар еді, бiр күнi көшеде кездестiрiп қал­ғаным... Қолында – баяғы қалпағы. – Петр Иваныч, жағдайыңыз қалай? – дедiм профессорға екi қолымды бiрдей ұсынып. – Бiр қалыпты, – дедi профессор. Сөйттi де, қасынан өтiп бара жатқандарға қалпағын созып еді, олар қалпаққа ұсақ тиындарын тастап жатты. Жүргiншiлер толастаған бiр сәтте Петр Иваныч: – Қазiргi рынок – жабайы... Ал жабайы рыноктың кезiнде қалпақ – инвестиция әкелудiң ең бiр сенiмдi көзi, – дедi де, қасы­мыз­дан баяу басып өте берген егде кiсiге қалпағын соза қойды. Әлгi кiсi қалтасынан күмәжнігiн алып, қалпаққа 10 рубль тастады. 10 рубль! Осы кезде менiң санама Петр Иванычтың қалпағын неге баласындай аялайтыны сап ете түстi. Пәлекеттің қуын-ай, ақылдысын-ай! Қанша айтқанмен, ғалым адам емес пе, заманның ауысып, қоғамның өзгерiп шыға келетiнiн бұл сол кездiң өзiнде-ақ бiлген екен-ау! Әрине, қайырды қол созып сұрауға да болады. Бiрақ қалпақты ұсынып жiберiп қайыр сұрау – әлдеқайда мәдениеттi, әлдеқайда өркениеттi емес пе?! Оның үстiне, ең бастысы, қалпақпен қайыр сұрау әншейiнгі қайыр сұраудан гөрi әлдеқайда табысты.  Аударған Заманбек МҰХАМЕТЖАНОВ САЯСАТТАҒЫ СОЛАҚАЙ СӨЗ Депутатпен кездесуге келгендер азая-азая, залда бір ғана адам қалғанда, сөзін аяқтаған депутат оған мейірлене қарап: – Сізге көп-көп рахмет. Менің сөзімді аяғына дейін тыңдағаныңызға өте ризамын, – дегенде, ана кісі: – Маған рахмет айтудың қажеті жоқ, менің сізден кейін сөйлеуге алған тапсырмам бар еді, – депті. *   *   * Бір мемлекеттің басшысын сайлау күні кешке қарай басшыға көмекшісі кіріп: – Басеке, сіз үшін екі жаңалық бар: біреуі өте жақсы, екіншісі ыңғайсыздау жаңалық болып тұрғаны, – дейді. – Жақсысынан баста, – дейді бастығы. – Жақсысы – сіз бірауыздан қайтадан сайландыңыз. Ал, ың­ғайсыздауы – сайлауға ха­лықтың 80 пайызы келген жоқ. *   *   * Социализм заманында бір топ студенттер Сібірдегі ну орман ішіндегі комсомолдық ек­пінді жұмыстан қайтып келе жа­тады. Дүрілдеп отырып, бірге келе жатқан, кезіндегі Лениннің замандасын әңгімеге тартады. – Ақсақал, сонда сіз көсемді, Ленинді көрдіңіз бе? – Е… иә, көрдім… – Қалай кездесіп жүрсіз? – Бір сенбі күні Қызыл алаң­да келе жатыр едім, бір тапал, жалтыр бас біреу: «Мына бө­ре­ненің бір жағын ұста, көтеріп анда апарамыз!», деді әй-шай жоқ. Мен: «Тапқан екенсің ақымақты, өзің көтер» деп едім: «Көтермесең, онда ұзақ жыл осындай бөренелер кесесің…», деді. Пәле екен, айтқанындай, міне, сол бөрене кесуден келе жатқан бетім… *   *   * Сталин қиялдап отыр дей­ді: «Егер Пушкин ХІХ ға­сыр­да емес, ХХ ғасырда өмір сүр­ген­де… Ә, бәрібір, 37-жылы өліп кетеді екен ғой»… Мүйісті жүргізетін Берік САДЫР