Қарусыздану саласындағы көшбасшы ел
Роб ван РИТ,
Британия Парламенті депутаттары тобының ядролық қаруды таратпау және қарусыздану жөніндегі ұлттық үйлестірушісі, Ядролық қаруды жою форумының директоры
Қазақстан – ядролық қарусыз әлем құру ісіне бағасыз үлес қосқан мемлекеттердің бірі. Семей ядролық сынақ полигонын жабу тарихи оқиғаға айналды. Ешбір мемлекет ешқашан мұндай әрекет жасаған емес. Біз Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Қазақстанның ядролық арсеналы жағынан әлемдегі 4-ші орынды иеленгенін ұмытпауымыз қажет. Мұндай қарудан бас тартып, Қазақстан барша халықаралық қоғамдастыққа үлкен үлгі көрсетті.
Бүгінгі күні Қазақстан ядролық қаруды таратпау және ядролық қарусыздану режімін нығайтуда көшбасшы рөл атқаруда. Бұл мемлекет Иран мен Батыс арасында Иранның ядролық бағдарламасы бойынша жүргізілген келіссөздерде де жетекші қырынан көрінді.
Қазақстан өз аумағында МАГАТЭ-нің Төмен байытылған уран банкін орналастырды. Бұл оның ядролық қарусыз әлем құруға нақты үлес қосқанының тағы бір дәлелі. Осы орайда, Қазақстанның бұл саладағы күш-жігерін ерекше атап өткен жөн.
* * *
Кевин МИЛЕТИЧ,
Лондон университетінің Шығыс және Африка елдері бойынша зерттеулер мектебінің халықаралық қатынастар және дипломатия орталығы директорының орынбасары
Қазақстан – ядролық қарусыз әлем құруда нақты іс-қимыл жасап отырған аз мемлекеттің бірі. Бұл оны барша халықаралық қоғамдастыққа үлгі ретінде көрсетеді. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жаһандық ядролық қауіпсіздікті нығайтуға жеке атсалысып отыр. Қазақстан өзінің халықаралық беделін басқа мемлекеттерді біріктіріп, жаһандық ядролық қарусыздану мәселесі бойынша конструктивті сұхбат құру мақсатында пайдалана алады. Президент Н.Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифесі бұл үдеріске негіз болады.