• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
14 Қыркүйек, 2016

Кәсібі бардың нәсібі бар

584 рет
көрсетілді

Мақтаарал ауданында туып-өскенмін, халқы кішігірім облыс халқының санымен пара-пар, үлкен аудан. Тұрғындары шағын ғана суармалы аумақта мақта мен көкөніс, бау-бақша егіп, жерді еміп өскен еңбекқор адамдар. Ауданның өзіндік өзекті проблемалары да көп. Сырдария өзенінің сол жағалауында, көр­­шілес Өзбекстаннан ағып шығар тұсында орналасқандықтан, су тапшылығы ел тынысын тарылтып, құлашын кең жаюына аса мұрша  бермейді. Ерте көктемде су тапшы. Өндірілген өнімді тасымалдаудың кедергілері, қымбатқа түсетіні, жолда саумалау, т.с.с. өз алдына. Бұл қиындықтан басқа Мақтаарал ауданының облыс орталығынан шалғай жатқандығы тағы бар. Құрылысқа қажет заттар 250 шақырым жердегі облыс орталығынан тасымалданады. Ау­дан көлемінде тіпті тас пен құм да жоқ. Халық жиі қоныстанғандықтан, әлеуметтік қорғаудың қиын­дықтары да бар. Дегенмен, шыдағанға шығар­ған дейтіндей еңбекқор халық жерді ұқыпты пайдаланып қиналса да қынжылмай ата-бабасынан ми­рас болып қалған атақонысында еңбек етіп жатыр. Сарыағаш ауданы халқының жағдайы да осы шамалас. Олар да осылай тырбыңдап еңбектеніп келеді. Бұдан шығатын қорытынды – еңбек етем дегенге жұмыс та, бастапқы қаржы да табуға болады. Тек қана жігер мен ұмтылыс керек. Ана жұмыс анадай, мына жұмыс мынадай демей, отбасын ашықтырмайтын, тарықтырмайтын әрекет керек. Шынымен еңбек еткісі келетіндерге мемлекеттен де қолдау көрсететін бағдарламалар көп. Кезінде аудан көлемінде жұртшылықпен мыңға жуық кездесу өткізгенмін. Соның бірінде бір әйел кісі: «Біз неге кедейміз?» деп сұрады. Осы сұрақ осы күнге дейін жадымда жаңғырығып, есімнен кетпей қойды. Жауабын іздеймін. Сол кездегі айтқан жауабым бүгінге дейін өзгерген жоқ. Қазақ бүгін: «Қашанғы кедей қалпында жүрмекпін» деп алдына мақсат қойып, барын қарыштап, күнделікті және ұзақ мерзімді шығындардың тамақ пен киімнен басқасын қоя тұрып, құдалық пен тойлардағы бәсекеге ермей, балаларының білімге құштарлығын оятып, тапқан-таянғанын кемелді білім алуына мүмкіндік жасасын. Оқуға шынымен құнты жоқ баласын көпке еріп, жалған намыстың жетегінде кетпей, босқа қаржы жұмсамай, бір кәсіпке үйретсін. Өзі үйрете алмаса, ісін ұсталықпен атқаратын адамға шәкірт етсін. Сонда ғана кәсіптің бір-бір тұтқасын өзгелерге ұстатып қойып қарап отырмаймыз, әр істің төл маманы өзіміз бола аламыз. Бұл деген сөз біздің жайбарақаттығымызды, уайымсыздығымызды, жетілуге ұмтылмайтынымызды пайдаланып майлы жіліктің басын ұстап отырғандарға ұлттық бәсекелестік әрекетіміз болар еді. Керісінше болса бүгінгідей біз ақшамызды шығарып, солардың қызметін тұтынуға немесе олардан ештеңе үйренбей-ақ, күнім өтсе болдыға салып, жәрдемші қызмет етуге ғана жарап қала бермекпіз. Бұлай деуімізге негіз бар. Шымкенттегі халыққа қызмет көрсету ісінде түрлі қызметтерді иемденіп, меңгеріп алған монополистік жағдайларды көріп жүрміз. Көлік жөндеу, ас-тамақ тірліктерінің басында бір ұлт, ұялы телефон мен компьютер қондарғыларын сату мен жөндеуде тағы бір ұлттың адамдары жүр. Қызғанбаймыз. Мамандану қабілеттеріне риза боламыз. Биязы. Иіліп тұрады. Атқарған істері сапалы, шағым жасай алмайсыз. Жасаған тамақтары дәмді. Біз қайдамыз? Жер біздікі, ел біздікі дейміз, ашынамыз, күңкілдейміз, бірақ шындық көзге ұрып тұр. Себебі, бізде табандылық, жігер, мамандану, ақшаны үнемді жұмсау мәдениеті жетіспейді. Той мен құдалықты қарызға өткізіп, ипотекаға үй алып, қымбат көлікті несиеге алып, ол ақшадан құтыламын деп пәленбай жыл қарызға батып жүреміз. Еселеп екі-үш есе құн төлеп, жем болып жүрген өзіміз. Менің өмірде алғаш алған экономикалық сабағым 17 жасымда, Ташкент қаласында, институттың бірінші курсында пәтер жалдап тұрған үйде, алғашқы күндері басталды. Үй иесі әйел ауласында доп ойнап жүрген ұлына: «Құр босқа селтеңдеме. Пұл табуды үйрен одан да», деді. Бала ертеңіне аялдамада айранға су қосып, ішіне мұз кесектерін тастап мұздаған шалап-сусынды стакандап сатып тұрды. 41 жылдық еңбек өтілімнің бәрін түгел мемлекеттік қызметке арнадым. Қатардағы мем­лекеттік қызметкерге бұл қызметтің жақсы жағы аз болса да ұдайы келіп тұратын жалақы бар. Анда-санда айлығың да, мүмкін, қызметің де өсіп тұрады. Үмітпен өмір сүресің. Теріс жағы да бар – өмірі жарымайсың. Айлық алғанға дейінгі қарызыңды қайтарумен өмірің өтеді. Бір жақсысы – құл емессің. Жұмысыңды дұрыс атқарсаң болғаны. «Шыдағанға шығарған» деген бұл жұмысқа құмар болып, соны армандай бергенше, кәсіппен айналысқан тиімді. «Мен қашанғы кедей болуға тиіспін. Менің маңдайыма жазылған осы ғана болуына қашанғы төземін?» деп өзімізге сұрақ қоялық. Соның жауабын ізделік. Соның бір жолы – әуелі саудамен, кейін қаржы жинап алып, кәсіппен айналысу. Елбасының: «Мен әрбір азаматтың қасында үш кілттың болуын: пәтердің, автокөліктің, жеке офисінің кілті болуын қалаймын», дегені әмбебап формула. Бұл сөз біздің ой-дәптерміздің маңдайшасында жазылып тұруы тиіс. Мырзагелді КЕМЕЛ, экономика ғылым­дары­ның докторы