• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
15 Қыркүйек, 2016

Ауыл мектептерінің ахуалы алаңдатады

854 рет
көрсетілді

Облыстық білім басқармасы «бізде үш ауысымда білім беретін мектептер, апатты жағдайда тұр­ған­­дары да жоқ..» деп еліміздің Білім және ғылым министрлігіне, жалпы, ақпарат құралдарына жар салғанша бір сәт ойланулары керек еді. Біріншіден, солтүстік өңірдің ауылдарындағы өте төмен деңгейлі демографиялық ахуал оңтүстік өңірдегіден мүлде бөлек. Әрине, бір үйден жеті-сегіз бала мектепке баратын оңтүстіктің ауылдарындағы мектептер толы, үш ауысымда білім беріп келді. Бірақ, осы мәліметті іліп алып, ауыл мектептерінде бір ауысымда оқытуға да баласы толмайтын Павлодар өңірінде үш ауысымды мектептер бізде жоқ деп ақпарат таратқанша, ауылдардан ел кетті, сыныптар бос қалды деп керісінше облыстық білім басқармасы «жылаулары» керек еді. Сол кездегі бұл – тамаша, жақсы көрсеткіш ретінде республика көлемінде аталып өткені ойлантады. Өңірімізде мектеп жетпейді емес, жетеді, жетпейтіні – оқушылар, яғни, мектептерде оқитын бала саны азайды. Біз ауылдарға іс сапарларға барғанда сыныптарда 7-8-ден, 2-3-тен, тіпті, 1 ғана бала қалған жайларды көріп жүрміз. Көзіміз көргендей мұндай мәліметтер, жалпы облыстың барлық аудандарындағы бар жағдай. Мысалы, Баянауылдың ауылдарын алып қарайықшы. Ауданның бұрынғы әкімі Нұрлан Күлжанның қаулысымен аудандағы Мұрынтал, Ақмектеп, Көкдомбақ, Ақши, Медет ауылдарындағы бастауыш мектептер жабылды. Бұл 5 мектептің бәрін қосқанда бар-жоғы 16-ақ оқушы бар екен. Мысалы, Жаңатілек ауылдық аумағына қарас­ты Мұрынтал бөлімшесіндегі 50 орындық мектеп, 2005 жылы «100 мектеп, 100 аурухана» мем­лекеттік бағдарламасы аясында бой көтерген-ді. Содан былтырлары Мұрынталдағы бұл мектепте 5 оқу­шы, 1 мұғалім ғана қалды. Қай жерге мектеп салуды жете ойластыр­маған басшылардың қателігінен бағдар­ламаның тиім­сіз орындалғанының нәтижесі енді байқалды. Сондай тиімсіз мек­тептің бірі былтыр шалғайда жат­қан Ертіс ауданы, Қызылағаш бөлімшесінде де салынды. Сілеті, Бұланбай, Қызылағаш осы үш ауыл­ды қосқанның өзінде 136 үй бар. Үш ауыл­да үш мектеп. Оқу­шы­ларының саны – 125. Яғни, жер­­гі­лікті басшылар шалғайдағы ауылдарға жаңа мек­теп салудың тиімсіздігін біле тұра, тиім­ді жасау жолдарын іске асыра алмады. Оқу­шы аз, бар-жоғы – 50, әр сыныпта – 4-5-тен ғана. Жер­гілікті басшылар сыныптар бос тұр­масын, парталар әкеліп толтыру керек дейтін көрі­неді. Өзімізді өзіміз алдаймыз. Сондықтан Баянауыл­дың  бұрынғы әкімі Нұрлан Күлжанның шағын мек­теп­терді жабу туралы шығарған шешімін кім де болса дұрыс деп қабылдары сөзсіз. Басқа амал жоқ. Қайта ол бәленбай жылдан бері түйі­ні мен түйткілі шешілмей тұрған осы бір мәсе­леге нүкте қойды деуге болады. Енді басқа аудан әкімдері де ойланып, Нұрлан Күлжан жаса­ған­дай шешім шығарып, шағын мектептер құру, интернат ашуды қолға алар деп күтеміз. Айт­пақ­шы, еліміздегі аудан орталықтарында интер­наттарды қайта ашу тақырыбын «Егеменде» әріптесіміз Серік Пірназар да жазып, Үкімет назарына ұсын­ды. Біздің тарапымыздан айтарымыз бұл өте қажет, керекті мәселе. Өйткені, біз­дің өңірдегі бала саны аз бөлімшелердегі шағын мектептер тиімсіз. Екінші­ден, әр сыныпта оқитын айналдыр­ған 5-6 баланы жинап алып, бір ғана мұғалім сабақ береді. Бұдан оқушылар қандай білім алады, өмір болса, алға озып барады. Аудан әкімінің шешіміне орай шағын бөлімшелерде тұратын бұл оқушылар енді Баянауылдағы Шәкен Айманов атындағы 600 орындық мектеп-интернатта оқитын болады. Бұл өте дұрыс шешім. Жағдай бар, тамақ, жатын жері тегін. Ауыл баласына енді басқа не керек – оқы, білім ал, адам бол. Сол сияқты Лебяжі ауданының ауылдарында да бала саны азай­ған. Шағын мектептерде жоғары сыныпта оқитын 11 оқушы қалыпты. Бастауыш мектептерінде де бала саны 2-3-тен ғана. Білім басқармасы бір оқушыны оқыту үшін жылына бюджеттен 2 миллион теңге бөлінеді деп отыр. Олай болса, аудан орталығындағы мектептің қасынан интернат салу қажет. Облыс әкімдігі аудан басшылығына интернаттың құрылысына қанша қаражат қажет екенін анықтап, алдағы бес жылға мектеп оқушыларының өсімі бола ма, жоқ па деген мониторинг жүр­гізуді тапсырды. Қазір Лебяжі ауданындағы 23 мектепте 1 650 оқушы ғана бар. Әр мектепке қанша баладан келетінін есептей беріңіз. Оларға 464 мұғалім сабақ береді. Сонда аудандағы 23 мектепте об­лыс орталығындағы бір ғана мектептің оқу­шы­сы оқиды екен. Осы аудандағы Шәмші ауылы­ның 8-9 баласының мал тұратын қорамен қатар­лас үйде оқып жатқанын жаздық. Ал, Ақтоғай ауданындағы бір­қатар ауылдарда бала санының азаюына орай мектептер мүлде жабылған-ды. Биыл қыркүйек айынан бастап, мысалы, Жаңабет бөлімшесінің оқушылары енді Мүткенов атындағы ауылға арнайы көлікпен барып оқиды. Бұл ауылдағы 350 орын­дық мектепте де бала саны азайып кет­кен. Жартылай бос тұрған мектепті көрші бөлім­шенің балалары келіп толтыратын болды. Аудан орталығындағы М. Қайырбаев атындағы 960 оқушыға арналған мектепте қазір 240 оқу­шы ғана қалыпты. Бұл аудан орталы­ғынан да  мектеп-интернат ашу қажеттігі айтылды. Облыста мектебі жоқ 100-ге жуық шағын ауыл бар көрінеді. Сол ауылдарда тұратын 1126 оқушының 168-і мектеп жанындағы 5-6 оқушыға арналған интернаттарда тұрады. Ал 958 ауыл баласы көлікпен қатынап білім алады. Облыстағы 90-ға жуық ауыл мектебі күрделі жөндеуді қажет етеді екен. Қашыр, Тегістік ауылы, Екібастұздың Ақкөл ауылындағы шалғайдағы мектептерге об­лыс­тық білім басқармасының өкілдері барып көрсе ұялар ма екен? Жаза берсек, облыстағы бала саны, халқы азай­ған ауылдардың жағдайын әр аудан мысалы­нан көре аламыз. Сондықтан облыстық білім бас­қармасына ауылдардағы мектептерге нақты көңіл бөліп жұ­мыс жасау керек. Тағы бір мысал, биыл Шарбақты ауданы, Шалдай ауылындағы сана­торий саналатын мектеп-интернат та жабыл­ды. Жыл сайын бұл интернатқа 170 мил­лион теңге қаражат бөлініп тұрыпты. Бұл аудан орта­лықтарына бір-бірден интернат салып-ақ тастайтын қаржы ғой. 220 балаға ар­нал­ған интернатта 80-дей бала ғана болған. Об­лыс­­тық білім басқармасы өңірдегі ауыл мек­теп­тері үшін арнайы жергілікті бағдарлама қабыл­­дап, ол мектептерді оңтайландыру жүйе­­сімен қайта қалыптастырып шықпай, мәсе­ле оңалмайды. Қайталап айтамыз, бізге, сол­түстік өңірдің ауыл мектептеріне оңтүстік өңір мектептерімен бір­дей дәрежеде қарауға болмайды. Сондықтан ауылдағы, бөлімшедегі деп бөлінген мектептерде жүйесіздік, ретсіздік, шашыраңқылық байқалады. Екіншіден, бір мұғалім, екі-үштен оқушысы бар шағын ауыл­дардағы­ мектептер – бұл облыс бюджетіне де үлкен салмақ. Әр бөлімшеде бір мектеп салу арқылы мәселені шеше алмайтын секілдіміз. Ауыл балаларының қалай, қандай жағдайда білім алып жүргендері облыстық білім басқармасымен қоса, бәрімізді де толғантуы, ойлантуы керек. Былтыр Баянауыл ауданында – 376, Лебяжі ауданында – 155, Май ауданында – 153, Ақтоғай ауданында – 183 қазақ баласы 1-ші сыныпқа барыпты. Яғни, аудан ауылдарындағы мектептерге 8-9-дан ғана бала барады деген сөз. – Бала саны аз деп мектептерді жаба ал­май­мыз ғой. Мектеп жабылса, ауыл тұр­ғын­дары басқа жерге көшуге мәжбүр. 2007 жыл­ғы 27 шілдедегі «Білім туралы» Заңы­ның 8-бабы 7-тармағына сәйкес «Мем­ле­кет тұр­ғындар саны аз ауылдарда тұратын бала­лар­дың бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім алу құқықтарын қамтамасыз ету үшін шағын жинақы мектептер мен интернат ұйым­дарының жұмыс істеуіне кепілдік бере­ді» делінген, – дейді облыстық білім басқар­масының қызметкерлері. Онда Заң тармақтарына сәйкес шағын жинақ­ты мектептер мен интернат үйлерін ұйымдастырайық. Ата-аналармен нақты да дұрыс түсі­нік жұ­мыстары жүргізілсе, интернаттарда бала­лары­ның оқып-білім алуына ешкім де қарсы бола қоймас. Әрине, ата-аналар ұл-қыз­дарының өз үйлерінде тұрып оқығанын қалай­ды. Интернатта оқы­туға алаңдап, қазіргі уақыт­та бір жағдайға ұры­нып қала ма деп қорқа­тын­дары да рас. «Ба­ла­л­а­ры­мызға бас-көз бола ма, жоқ па?» – де­ген сенімсіздік те бар. Ал біздің қазіргі күн­гі бүкіл елге белгілі қоғам қайраткерлері, ақын­дар,жазушылар, ға­лым­дар болса, кезінде интер­нат­тың қара на­нын жеп өскендер екенін тағы еске салғымыз келеді. Қазір ұялы телефон бар, күніне қанша сөйлессе де ата-анасы интернатта оқып жүрген баласының бір хабарын біліп отырады. Былай қарасаңыз, мектептерді жаппай жатып-ақ, көптеген тұрғындар ауылдарын тастап қалаларға кетіп қалды. Бұл үдере көшу үрдісі, әсіресе, біздің облыста қатты білінді. Бәріміз де ауылдан ел кетпесін дедік. Әрине, ауыл мектебі – ұлттық білім беру жүйесінің негі­зі, түп қазығы. Ұлттық тәлім-тәрбие бәрі де ауыл­дан басталады. Ауыл мектептерінде бала санының аза­йып бара жатқанының бір себебі, ол бәрімізге бел­гілі ауылдардан елдің көшуінде жатыр. Іргесі бұзылмай қазақтығын, ауылын сақтап отыр­ғандар да бар. Бұрындары ауыл балалары облыс орталығындағы Ыбырай Алтын­­сарин атындағы қазақ мек­теп-гимназиясы интернатына келіп оқитын еді. Қазір бұл ин­тер­наттың өзінде бала саны азайған – бар-жоғы 200-дей шәкірт қалыпты. Егер де бұрын­ғы­дай қалыптасқан жүйе бойынша шалғай­ ауылдағы мектептерде 2-3-тен қалған ауыл балаларын жинап, осы интернатта оқыт­са, әлдеқайда ұтымды болар еді. Елімізде қабыл­данған «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары аясында дамыған мемлекеттер стандарттарының негізінде адам капиталының сапасын көтеру, 12 жылдық білім беруді кезең-кезеңімен енгізу бағытында тиісті жұмыстар атқару керектігі айтылды. Ауыл мектептері үшін қазіргі уақытта 3-4 сыныптағы 5-6 баланы қосып, бір мұғалім сабақ беретін білімнен ешқандай нәтиже болмасы анық. Еліміз дамыған елдердің қатары­на ену үшін білімді ұрпақ қажет. Елге көшіп келетін оралмандар­ды да солтүстіктің ауылдарына орна­ластырудың үкіметтік жүйесі құрылмай, бала саны, жалпы халық­тың саны азайған ауыл, аудан халқы­ның демографиялық жағдайын жақсарту енді мүмкін емес. Біз мақаламен бірге газетке беріп отыр­ған мына суретті қара­ңыз­шы: мектептің сынып­тарын толтырған ауыл балалары, Екібас­тұз­дың іргесіндегі  Бәйет ауылына қоныстанған оралман ағайын­дары­мыздың ұл-қыздары. Егер бос қалған ауылдарға осылай ел көшіріп әкелсек, дәл суреттегідей сыныптарға бала сыймай, ақар-шақар болып қалар едік.  Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан» Павлодар облысы Суретте: Бәйет ауылындағы мектеп оқушылары