• RUB:
    5.05
  • USD:
    484.37
  • EUR:
    531.06
Басты сайтқа өту
14 Қыркүйек, 2016

Сөздің астары – ойдың асқары

7757 рет
көрсетілді

Ұлттық рухымыздың өзегі, елдігіміздің бет-бейнесі – қазақ тілінің байлығына көз жеткізген сайын тамсана түсесің. Тоқсан ауыз сөзді тобықтай түйінге сыйғызған хал­қымыздың қолданысындағы бір ғана нақыл мен мақал-мәтелдерінің ауқымы ұшан-теңіз. Алуан ой, терең мазмұнға мұрындық болған сөз тіркестерінің кейбіріне бірден бойлай алмай жататынымыз бар. Өйткені, біздің қазақ айтар ойды тұспалдап, көңілге ауыр тимейтіндей етіп жеткізу жағынан да кенде емес. Ойнаса да ойлап сөйлеуге  шеберлік – тіл мәдениетінің нақты мысалы іспетті. Бұл бағытта тү­бегейлі зерттеумен шұғылданбасақ та, өз тәжірибемізден бірнеше мысал келтірмекпін. Нысанаға алынған сөйлем тіркестерінің негізгі маз­­мұны жасырын тұрғанын көпшілік аңғармай жүргенінің куәсі де болып жүрміз. Бір қызығы, мысалға алынып отырған бұл сөйлемдердің түпкі мағынасына қарапайым адамдарды қойып тіл төңірегіндегі кейбір мамандар да ден қоймай келе жатқан секілді. Сол себепті, осы төңіректегі бірер мы­салды көптің назарына ұсынып көрмекпін. «Алтын сырға» –  ауызбастырық Әсілі, айтылу бір бөлек те, мағынасы басқа болып келетін сөздерді өз орнымен қолданғанға не жетсін. Біз мысалға алып отырған тіркес түйінінің тасаланып тұрғаны соншалық, көбінесе айтылуы бойынша қа­был­данып келе жатқандай.  Мәселен, «Бәленнің құлағына алтын сырға» дегенді кейбір телеарна тілшілері шенеуніктерге құлаққағыс ретінде пайдаланып жүр. Негізі, бұл сөз сын бағытында емес, өтініш ретінде айтылатынын аңғар­ған абзал. Нақтырақ айтқанда, «мен сенің құлағыңа алтын сырға тағам, сен бұл жағдайды естімеген немесе көрмеген бол» – деген мазмұн да білдіріп тұр. Яғни, екі адам арасындағы әңгімені үшінші біреу тыңдап отырған, естіп қалған, байқап қойған  жағдайда, сол адамды көзжұмбайлыққа шақыруға құрылған тәсіл. Куәгерді өз дегендеріне әзілмен икемдеу болып табылады. Тіпті, ауызбастырықтың бір түрі десек те орынсыз емес. Жалпы, «жеңгеміздің құлағына алтын сыр­ға» деп жүрген бұл сөздің шығу тарихын мазмұнына қарай мөлшерлеуге болар. Ертеде қалыңдығына ұрын келетін күйеудің қыз жеңгесінің сеніміне енудің, базынасын өткізудің, бойжеткендермен байланысу төңірегінде туындайтын мәселеде жол табуға көбірек ұқсайды. Сондықтан,  өз орнымен қолданбағандықтан астарлы сөздің мазмұны айдалада қалып, өзіндік құнын жоғалтып алатынын ескере білейік дегім келеді. Сұмырайдың суға қатысы жоқ «Сұмырай келсе су құриды» дегенді бәріміз білеміз әрі реті келіп жатса бірден қолданып жатамыз. Алайда, әлгі бір сұмы­райдың су мәселесіне еш қатысы жоқ көрі­неді. Айтушы мен естушінің арасында өзгеріске ұшыраған бұл сөздің дұрыс мәтіні «Сұмырай келгенде» емес, «Суыр айы келгенде су құриды» екен. Айтулы тіркестің шығу тегі арғы бабалар заманымен сабақтас. Ертеректе жыл мезгілдері мен ай аттары басқаша аталуымен қатар, мизам, зауза секілді амал (10-15 күндік мер­зім) атау­лары да болған. Сол секілді, қазіргі шілденің шіліңгір ыстығының бір сәті бұрынырақта Суыр айы деп аталыпты. Жаз маусымының бел ортасындағы аптап ыстықта  дала төскейіндегі шағын бұлақтар мен сай-саладағы жылғалардың суы құрғап қалатыны бар. Қыр жайлаған елдің аңқасы кеуіп, тілі аузына сыймай шөлдей беретін кезі де осы сәт. Нағыз «су семіз» уақыт. «Су­ыр айы келгенде су құридының» астары, міне, осында жатыр. Даланың сыры мен табиғаттың тылсымын танып өскен байырғы қазақ өміріне үңілген адам бұл мерзімнің Суыр айы деп аталғанына күмән келтірмесе керек. Жайлаудың сан алуан құбылысына қанып өскен жандар дәл осы шілденің ыстығында суырлардың тас үстінде жағалай қыздырынып жатқанын көрген болар. Сол се­бептен де, ол «Суыр айы» деп есептелген сыңайлы. Олай болса, ортамызға Суыр айын кері қайтарып, сұмырайды су мәселесінен бо­са­тайық. Судың толысуы мен тартылуын сұмырайларға қаратып қойғанымыз жарамас. «Жандаралға» айналған жанды алар Айтылу мен естілуі қабыса бермейтін сөйлемдер де аз емес-ау. Ел ішінде «Жаңа бастық – жандарал» деп мақалға айналып кеткен тіркес бар. Осы сөздің дұрыс айтылуы «Жаңа бастық жанды алар» болуы керек еді. Сөз мазмұны соңғы нұсқаны бекіте түседі. Жанды алар сөзі ауызша қолданыста бірігіп естілетіндіктен жымдасып, жұрт арасында «жандарал» болып тарап кеткен. Жалпы, ел ішінде «жандарал» деген сөз де жоқ емес. Ертеректе қазақ ортасында генерал шенін жандарал деп айтушылар да аз болмағаны белгілі. Бірақ, жандаралдың жанды аларға еш қатысы жоқ. Олай дейтініміз, «Жаңа бастық жанды алар» деген сөз қолына қызмет тисе қызынып шыға келетін, орынсыз та­лап қойғыш «шолақ белсенділерге» бағытталған кекесін. Қазанның құпиясы бар ма? «Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан» деген нақыл да жиі қолданылады. Міне, осы сөйлемдегі «қазан» сөзі нені білдіреді, осы төңіректе де ой өрбітіп көрсек. Қазақтың бүкіл даласы уәлі сөзге жүгініп тұрған кез­ден айтылып келе жатқан нақылдарда басы артық сөз болмайтынын ескерсек, қазан сөзінің босқа қолданылмағаны анық. Бұл жерде біз осы сауал арқылы қазан сөзі кәдімгі ас пісіретін қазан ба, әлде басқадай мағынаны меңзейтін дүние ме, екеуін айыру мақсатында біраз ортаға сауал жолдаған едік. Қызығушылық білдіргендер қатары да аз болған жоқ. Түрлі болжамдар айтылды. Соның ішінде көкейге қонымдысына кезек бермекпіз. Біздің тіл қорымызға өзге тілден сіңісіп кеткен сөздер баршылық. Қолданысымызда араб тілінен енген кісі есімдері мен түрлі атау­лар да жоқ емес. Келтірілген деректерге қарағанда қазан сөзінің арабша  мағынасы жүз жылдықтың атауын білдіреді екен. Яғни, «қазан – жүз жылда бір ғасыр болады» дегенге саяды. Ал, елу жылда екі ұрпақ ауысып үл­гере­тіндіктен елдің көзқарасы, ұғымы, ұстанымы мүлдем жаңаратындығы табиғи шындық. Байыптап қарасақ, кез келген буынның өмірі әке заманына жақын болғанымен, ата заманынан әлдеқайда ал­шақ жатады. Осыншама ойды біздің бұрынғы сөз шеберлеріміз «Елу жылда – ел жаңа» деп екі-ақ сөзбен екшей салғанына қалай қайран қалмайсыз? «Бір жоқты, бір жоқ табады» дегендей, арабтың ғасыр (казән) сөзін анықтай жүріп, сол елдің мусафир деген сөзін де еншілеп алғанымызға көз жеткіздік. Мусафир – олар­дың тілінде жолаушы дегенді білдіреді екен.  Демек, осы арада «Адам үйінен қырық қадам ұзаған соң – мүсәпір» деп жүрген мақалымыздың да мазмұны мүсәпір емес, жолаушы екені нақтылана түсіп тұр. Қу бастың жөні басқа... «Той дегенде қу бас домалайды» дегенді екінің бірі еш мүдірместен айтып жатады. Осы сөзді той-томалаққа, мерекелік кештерге баруға немесе келуге «жеңілдік» ретінде қолданатындар да жеткілікті. «Иә, той дегенде қу бас домалайды деген соң келіп қалдық» деп масаттанғандарды да талай байқадық. Ра­сында солай ма, байыптап көрелік. «Ой­лай да білген халыққа, тойлай да білген лайық» деп Қадыр ақын айтпақшы, қазақ жұрты да жиын-тойды жақсы көргенмен, оның жауапкершілігін сезіне білген ел. Сол себепті де, «келгенше қонақ, келген соң үй ие­сі ұялады» деп таразының басын тең ұстаған. Мысалға алып отырған «Той дегенде қу бас домалайдыға» келсек, бұл жерде «қу бас» дегеннің алдында «тек» сөзінің жасырынып тұрғанына мән берілмей жүр. Мән бергенді қойып, кейінгі кездері «та» жалғауын қосып «Той дегенде қу бас та домалайды» деп сауыққұмарлар «сылтауын» одан сайын үстемелетіп барамыз. Тіпті, осылай болғанның өзінде бұл тіркес не мағына білдіріп, қандай ойға қызмет етуі мүмкін. Осы бір тіркестің өзінен-ақ бұрын­ғылардың сөз саптау шеберлігін тануға болады. «Той дегенде тек қана қу бас домалайды» деген ойды әдемі әспеттеп, жел­өкпелікті жүгендей білген. «Қу бас» сөзі шартты түрде айтылып тұр. Ол – «салт басты, сабау қамшылы» бойдақтарға, алды-артын екшей бермейтін жеңілтектерге, дүбір естісе дүрлігіп кететін әулекілерге қаратылып айтылған сөз. Ал, «қу бас та» деп айтсақ, ол қурап қалған бас болып шыға келетіндей... О заманда да, бұ заманда да тойға барып-қайту дегеніңіз жұмысы, мал басы, шаруашылығы бар адамға әжептәуір мәселе. Бармасаң той иесі өкпелейді, барсаң жұмыс-жайыңды реттеп, дүние-мүлікті тапсырып кететін сенімді қол іздеуің керек. Лайықты тарту-таралғы  керек екені және бар. Осындай жауапкершілік тұрған кезде той дегенде қандай бастың домалай жөнелетінін аңғару қиынға соқпас. Яғни, ештеңені байыптамайтын қаңбақ бастар қаңғалақтай жөнелетін шығар. Сондықтан, «Той дегенде қу бас домалайды» деген сөздің қолданыстағы салмағын жеңілдетуден аулақ болайық.  Қайрат САБЫРБАЕВ, журналист  СЕМЕЙ