• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
16 Қыркүйек, 2016

Садақ ату салтымызда жоқ па еді?!.

1171 рет
көрсетілді

Бір кездері шеберлігін күллі Еуразия халқы мойындап, түрлі жазбаларда тамсана жазып қалдырған ата-бабамыздың садақ ату өнерінің қазіргі жағдайы кісі қызығарлықтай емес. Тіпті, өгей баланың күйін кешіп, тек санда ғана бар, санатта жоқ спорт түріне айналғандай көрінеді. Оған Олимпиада, әлем чемпионаттарын айтпағанда, күні кеше Қырғызстанда өткен Көшпелілердің бүкіләлемдік ІІ ойындары кезінде де садақшыларымыз жүлдегерлер маңынан табыла алмауы айқын дәлел бола алады. Ең көне өнер түрі саналатын садақ атуға біздің қазақтың да таласы барына ешкім күмәнданбайды. Ежелгі ата-баба қоныстарындағы таңбалы тастар­дағы суреттер – бұған бұлтартпас айғақ. Тіпті, өзге ұлт пен ұлыс өкілдері ағаштан жасалған қарапайым садақ­ты қанағат еткенде, біздің бабаларымыздың оның жетілдірілген күрделі құрама түрін ойлап тап­қаны талайды өзіне тәнті еткені де тарихи деректер­де бар. Алайда, сақ пен ғұнның бірден-бір мұра­гері саналатын ата-бабаларымыздың садақ атуда­ғы шеберлігін бүгінгі ұрпақтың тек кітаптан оқып, аңыз-әңгімеге айналдырып, таңырқап жүргені өкінішті жайт. Көшпенді өмір салтын ХХ ғасырға дейін, ұрпақтан-ұрпаққа мирас етіп сақтап келген біздің қазақтың садақ жасау технологиясы мен оған қатысты төлтума атаулары мен ұлттық ойындары да әзірге ғылыми-зерттеу нысанына толық айнала қойған жоқ. Ердің бес қаруының бірі саналатын садақты қазіргі ұрпақ тек музейден ғана көруде. Сондықтан да Олимпиялық ойындардың бағдарламасындағы бұл спорт түрінен елімізде есімін бүкіл ел білетін бірде-бір спортшы жоқ. Ал бұл дүбірлі додада 1988 жылдан бері ұлттық құрама қоржынына алтын медаль салудан алдына қара салмай келе жатқан корейлердің жетістігі біз үшін әзірге тек арман болып тұр. Насихаты мен қолдауы жоқ болғандықтан, садақ атудан ел тарихында Олимпиадаға қатысқан бірде-бір қазақтың болмауы ешкімді алаңдатпайтын секілді. Қару ретіндегі қызметін тарих қойнауына тап­сырған садақ ату өткен ғасырдан бастап спорт­тың мергендікті сынайтын бір түріне айналды.  Спорт тарихына көз жүгіртетін болсақ, садақ атудың халықаралық федерациясы 1931 жылы құрылған екен. Қазақстанда бұл спорт түрін дамыту шаралары Кеңес Одағы кезінде, 1963 жылдан бастап қолға алынғанымен, өз деңгейіне көтеріле алмады. Оған ең алдымен садақ атудың мектеп бағдарламасында назардан тыс қалып қоюы өз ықпалын тигізді. Арнайы спорттық базалар мен спортшылардың жат­тығуына қажетті құрал-жабдықтардың жеткілік­сіз­дігі әлі күнге дейін өз шешімін таппай келеді. Спорт саласына басшылыққа келген шенеуніктерден еш қайыр болмай тұр. Олардың басты назарды кеңестік дәуірде негізі қаланып, біршама табысты болып қалған спорт түрлеріне ғана аударып, көрсеткіш қуумен шектеліп жүргені ешкімге жасырын емес. Осындайда моңғол ағайындардың садақ атуды мемлекеттік деңгейде қолға алып, жас-кәрі демей, бүкіл халық арасында жарыс ұйымдастырып, бүкіл мерекелерін бұл спорт түрінсіз өткізбейтіні еріксіз қызықтырады. Кейде бұл туралы сөз болған кезде бірқатар азаматтардың «садақ атуды жаңғырту үшін оған Президентті қызықтыру керек, Елбасы жанындағыларға өзі үлгі етіп көрсетіп, арнайы нұсқау бермесе бізде ешкім ешнәрсе жасамайды» дейтіні бар. Шынында да Мемлекет басшысының жазғы уақытта теннис, гольф ойнап, қыста шаңғы тебуінен кейін бұл спорт түрлері айтарлықтай жандана бастағанын бүгінде барлық жұрт жақсы біледі. Ендеше, садақ атуды мемлекеттік деңгейде қолға алу үшін бізге не керек? Меніңше, ең алдымен ата-бабаларымыздың садақ атуға қатысты бай мұрасын жинастырып, оған талдау жасау үшін арнайы зерттеу жұмыстарын қолға алу керек. Егер бүгін жасалатын істі тағы да ертеңге қалдыра беретін болсақ, барымыздан айырылып қалуымыз мүмкін. Бұл үшін тілдік қорымыздағы көнерген атауларды және аңыз-ертегілер мен жыр-толғаулардағы бейнелі сөздерді жинастырып, кітап етіп басып шығаруды қолға алу керек. Екінші – мектеп бағдарламасындағы дене шынықтыру пәнін оқыту кезінде садақ атуды тәжірибеге енгізіп, оларды қажетті құрал-жабдықтармен жарақтандыру қажет. Үшінші – Наурыз сияқты ұлттық мерекелерді атап өту кезінде садақ атуды спорттық шаралар бағдарламасына енгізіп, оның дамуына жол ашуға тиіспіз. Бұл спорттық мектептердің жанданып, федерация жұмысының нәтижелі болуына серпін берері күмәнсіз. Бұған сіз не дейсіз, ағайын?  Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, журналист  АЛМАТЫ