Әңгімені созбай, қоғам тіршілігінде көрініс берген нақты деректерге негізделген мысалдармен бастайық.
...Ауылдық жерде ғұмыр кешкен 76 жастағы қария өмір бойы жиған мал-мүлкін сатып, 7 жаннан құралған үлкен отбасын бастап Екібастұзға көшіп келеді. Бірақ үйді сатушылар алаяқ, ал құжаттар жалған екен. Сөйтіп, сот бұл отбасын пәтерден шығарып жібереді. «Ақшаны қолма-қол санап бердім. Оны нотариус растап, ХҚО құжатты тіркеді. Сонда қалай, заңымыз қу мен сұмның адал адамды алдауына жағдай жасап қойғаны ма?» деп күйінген қария, қартайғанда далада қалған қорлыққа шыдамай көз жұмған. Сол сияқты, Алматыда бір әйел күйеуінің түрмеде отырғанын пайдаланып, жалған сенімхатпен пәтерін сатып жіберген. Кейін ол бірнеше рет сатылған. Алтыншы алушыға жеткенде күйеуі түрмеден шығып, «сатуға келісім берген жоқпын» деп сотқа жүгінген. Дау оның пайдасына шешіледі. Соңғы сатып алушы үйден де, ақшадан да айырылған.
Халықты қатты қинайтын тағы бір мәселе – банк қарыздары мен жер даулары. Алматы облысының Талғар қаласында бір отбасының 7 сотық жерін әкімдік 100 мың теңгеге бағалап, мемлекет пайдасына алып қояды. Ал оның нарықтық бағасы 3,5 млн теңге. Өйткені, қолданыстағы заң бойынша жер телімін қаншаға сатып алсаңыз, мемлекет сонша өтемақы беруі тиіс. Мысалы, жерді 1990 жылы сатып алдыңыз. Ол кездегі ақша – рубль. Айырбас құны: 500 рубль – 1 теңге. Осындай есеппен Астана әкімдігі вокзал маңындағы бір телімді 2 теңге 80 тиынға бағалаған. Кейбіреулерге 5, 10 теңге ұсынған. Бұл енді тіптен ақылға қонымсыз, күлкілі жағдай. Егер қисын тұрғысынан қарасақ, бұл жағдайда ең дұрысы, жер телімі орнына ақша емес, соған тепе-тең жер немесе үй берілуі керек. Алайда, заң бойынша бәрі дұрыс. Ал шындығына келсек, бұл – адами этикаға жат нәрсе. Мәселен, көрші елдерде Бейжің мен Сочи олимпиадаларына қажетті жерлерді мемлекет алып, бірақ оның орнына арнайы үйлер салып берді емес пе?!.
Қалай болғанда да, біздің қоғамда заң шеңберінде осындай әділетсіз шешімдер қабылданатындығының айқын көрінісі – осы. Заңгерлердің айтуынша, бұл жазылмаған заңдылық. Ол үшін сотқа кінә артудың да қажеті жоқ. Себебі, заңдық нормаларымыз осындай үкім кесуге үндейді. Мәселен, өткен жылы соттар 400 мыңға жуық азаматтық дауды қараған болса, бұл жерде жеңілгендердің, барлығы дерлік, сот дегенде өкпесі қара қазандай. Ол аздай, «қарсы уәж келтірмедің» деп прокурорларға да наразы. Бірақ көп жағдайда, бұл олардың кемшілігі немесе қателігі емес екендігін біреу түсінсе, біреу түсінбес.
Жуырда осы мәселе аясында Жоғарғы Сот ғимаратында дөңгелек үстел өтіп, онда баяндама жасаған Бар прокурор Жақып Асанов жоғарыдағыдай дәйектерді мәлімдеді. Еуропалық Одақтың «Қылмыстық сот төрелігін жетілдіру» жобасының қолдауымен Жоғарғы Сот пен Бас прокуратура бірлесіп ұйымдастырған жиынға Президент Әкімшілігінің өкілдері мен депутаттар, судьялар, прокуратура қызметкерлері мен бірқатар облыстық соттардың төрағалары және халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Онда сөз алған Жоғарғы Сот Төрағасы Қ.Мәми әділеттілік пен сот төрелігі – егіз ұғымдар екендігін айтып, сот шешімдерінің әділеттілігі – қоғамның сот төрелігінің сапасын бағалайтын өлшемі, ал сотқа деген құрмет, бірінші кезекте, мемлекеттік билікке деген құрмет ретінде қабылданатындығын ескертті. Сонымен қатар, Бас прокурор Жақып Асанов та заңды болса да, логикаға сыйымсыз және әділетсіз шешімдер қабылдауға мәжбүрлейтін нормаларды анықтап, жою керектігіне тоқталды. «Бұл ретте прокуратура мен сот органының нақты жоспары бар. Жоба командасында судьялар, адвокаттар, нотариустар, прокурорлар жұмыс жасауда. Сол сияқты заңнамалық сипаттағы шаралар да аз емес. Демек, бізге Әділет министрлігінің қолдауы қажет деген сөз. Ендігі жерде біз барлық істердің жартысын құрап отырған даулардың үш санатын талдайтын боламыз», – деді Ж.Асанов.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»