Елдің шетіндегі, желдің өтіндегі өңір... Осы бейнелі де астарлы сөз көршілес Ресей Федерациясының Омбы, Түмен және Қорған облыстарымен шектесіп жатқан, жерін Ресей теміржолы көктей кесіп өтетін, әрі Сібірден соғатын салқын желдің өтінде тұрған Солтүстік Қазақстан облысы жайлы еліміздің Тәуелсіздігі жылдары айтылғандығы анық. Кім айтса да, керемет айтқан!..
Жаратушы иеге емес, жеке басқа табынып, өзі де адасып, халықты да адастырып-алжастыра жаздаған кешегі кеңес өкіметі тұсында Қызылжар өңірі социалистік реализм әдебиетінің көрнекті өкілдерін дүниеге әкелген «Ұлылар елі» атанғанымен, сол ұлылардың ішінде тұтас түркі әлемінің жарық жұлдызы саналатын ақиық ақын Мағжан Жұмабаев есімі мүлдем ауызға алынбаушы еді. «Алашым!» деп аһ ұрып өткен арысымыздың аруағына одан асқан қиянат болар ма?! Өйткені, қазақ-кеңес әдебиетінің ең көрнекті өкілі, Лениндік сыйлықтың лауреаты Мұхтар Әуезовтің өзі: «...бүгінгі күннің бар жазушысының ішінен келешекке бой ұрып, артқы күнге анық қалуға жарайтын сөз – Мағжанның сөзі. Одан басқамыздың бәріміздікі күмәнді, өте сенімсіз деп білемін» – деп жазып кеткен еді ғой. Ғұлама жазушының осы сөзінің астарында қандай тұңғиық ой жатыр десеңізші?! Ал Мағжан бабамыз «Сағындым» атты өлеңінде:
«Қалың елім, қалың қара ағашым,
Қайраты мол, айбынды ер алашым.
Өзі-ақ құлар, сырың берме, сабыр қыл,
Ақымақтар байқамаған шамасын», –
деп қылышынан қан тамған кеңестік империяның да күні таусылып, өзі-ақ құлап тынатынын сәуегейлікпен айтып кеткен екен. Ақыры, ұлы ақын көрегендікпен болжаған Азаттық таңы атып, әділдік жеңді, өшкен жанды, өлген тірілді. Ежелден Семей өңірін Абай елі деп атап келсек, енді Қызылжарды Мағжан елі дейтін болдық.
Пайымдап қарасақ, Тәуелсіздік жылдары Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кемеңгерлік саясатының, кемел басшылығының, қауіп-қатерге толы, сын кезеңде тағдырын сеніп тапсырған, арқасүйер азаматының соңынан ілесе еріп, сілтеген бағытынан жаңылмай алға басып, бір жағадан – бас, бір жеңнен қол шығара білген дана халқымыздың ынтымақ-бірлігінің арқасында Мағжан елі – Қызылжар өңірінде де өтпелі кезеңнің барлық қиындықтары еңсеріліп, тұрмыс түзеліп, ұмыт бола жаздаған ұлттық құндылықтарымыз қайтадан өркен жайып, ұлы ақын рухы жылдан-жылға асқақтай түскендей.
Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының ортасында Кеңес Одағында жарияланған жариялылық саясатын пайдаланып, саналуан сандырақ ой-пікірлер айтып, саяси ұпай жинауға тырысқан ресейлік кейбір «пайғамбарлар» мен сайқымазақ саясаткерсымақтар Қазақстанның солтүстік өңірлеріне көз алартып, сырттан шоқ тастап тұрған шақта Қызылжар өңірінде айтаққа еріп, ұлт пен ұлыс арасына ши жүгіртіп, қоғамдық-саяси ахуалды ушықтыру пиғылын танытқан арандатушылардың бой көрсеткендігі мәлім. Әйткенмен, сол бір сындарлы кезде республикамыздағы билік тізгінін қолына алған Нұрсұлтан Назарбаевтың халық алдындағы зор беделі, Мәскеу мен Алматыдағы биік мінберлерден және бұқаралық ақпарат құралдары арқылы елді ынтымақ-бірлікке шақырған парасатты сөздері, «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай», тұйықтан шығар жолды тура тапқан дана шешімдері және Тұңғыш Президентіне қолдау білдірген қызылжарлық зиялы қауымның сабырлы да салиқалы іс-әрекеті облыстағы қоғамдық тұрақтылықты сақтауға мүмкіндік берді.
Жеке облыс болып құрылғаннан бергі елу бес жыл ішінде бірде-бір қазақ бірінші басшы болып көрмеген, әрі қатары селдір қандас ағайындарымыздың көпшілігі «коммунизмнің сара жолына» көзжұмбайлықпен түсіп кеткендіктен, ата салт-дәстүріміз мен ана тіліміз адыра қалуға айналған өңірдің өтпелі кезеңдегі ерекшелігін ескерген болуы керек, Елбасы жергілікті басқару жүйесіне әкімдік институтын енгізген соң Солтүстік Қазақстан облысының алғашқы әкімі етіп ұлты неміс азамат – Владимир Гартманды тағайындаған болатын. Ол «горбачевтік қайта құру» әкелген пікір алуандығының жөні осы екен деп, ауызға келгеннің бәрін айтып, әсіре ұлтшылдық танытып, кеуделерін қағып шыға келген кейбір қызбамінез қандастарымыздың еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін тіпті мықтымсып, ойланбай айтып салатын ұшқары сөздерінен шошынып, ертеңгі күндеріне алаңдаған орыстілді қауым мен жергілікті қазақтардың қарым-қатынасында араағайындық рөл атқарып, талай өзекті мәселенің түйінін ың-шыңсыз шешуге ұйытқы бола біліпті. Мәселен, 1992 жылы Петропавл қаласындағы Коммунист және 2-ші Коммунист көшелері біріктіріліп ұзартылып, атауы Мағжан Жұмабаев атындағы көше деп өзгертілген. Келесі жылы ұлы ақынның ғасырлық мерейтойы Қызылжар өңірінде республикалық деңгейде тамаша аталып өтіп, облыс орталығында оған ескерткіш орнатылған және есімі жергілікті педагогикалық училищеге берілген. Облыс орталығында алғашқы қазақ мектептері мен балабақша да ешқандай у-шусыз ашылған.
Ал 1997 жылғы көктемде Президент Жарлығымен көршілес Солтүстік Қазақстан облысына Көкшетау облысының кейбір солтүстік және солтүстік-шығыс аудандары қосылып, ірілендірілген өңірдің орталығы болып Петропавл қаласы белгіленді. Бұл бізге, сол кездегі көкшетаулықтарға оңай соқпағанымен, қилы заманда ел тізгінін ұстаған Елбасымыздың шешімінің дұрыстығына еш күмән келтірген жоқпыз. Оны бұғанасы қатып, буыны бекімеген жас мемлекетіміздің іргесін нығайта түсуге бағытталған қадамдардың бірі ретінде қабылдадық. Көкшетауда билік басында жүрген қазақ азаматтарының басым көпшілігі Қызылжардағы өңірлік басқару органдарына бірінші-екінші басшылар болып ауыстырылып, облыстық және Петропавл қалалық әкімдіктеріндегі, басқармалар мен әртүрлі ведомстволардағы ұлттық кадрлар қатары қалыңдап шыға келді. Ал облыс тұрғындарының құрамындағы қазақтардың үлесі 26 пайыздан 30 пайызға дейін өсті. Сөйтіп, еншісін Қызылжардан 1944 жылы бөліп алып, жеке отау – жаңа облыс болып құрылған Көкшетаудың кейбір аудандары араға 53 жыл салып, ата шаңыраққа қайтып оралып, ондағы ұлттық рухты көтере түсті.
Сол 1997 жылдың аяғында Елбасы облысқа тұңғыш рет қазақ азаматын – Даниал Ахметовті бірінші басшы етіп тағайындап, оны өңір активіне өзі әкеліп таныстырды. Ол қазақтар да облыс басқара алатындығын ісімен дәлелдеп, барша солтүстікқазақстандықтардың құрметіне бөленді. Одан кейін тұрғындарының ұлттық құрамындағы қазақтардың үлесі ең аз облысты белгілі дипломаттар және онда қалыптасқан қоғамдық-саяси жағдайдың қыр-сырын жақсы білетін жергілікті азаматтар басқарып келе жатқандығы да Елбасының елдің шетіндегі, желдің өтіндегі өңірге ерекше көңіл бөліп отырғандығын аңғартқандай. Түсіне білгенге солтүстік те – нәзік шаруа...
Аллаға шүкір, Тәуелсіздік жылдарында еліміздің «солтүстік қақпасы» болып саналатын өңірде ана тілімізді, ұлттық мәдениетіміз бен өнерімізді, асыл дінімізді қайтадан өркендету бағытында атқарылған игі істер көңіл көншітерліктей. Мәселен, 1990 жылы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының қызылжарлық белсенділері Петропавл қаласында алғашқы қазақ сыныбын ашу мақсатымен үй жағалап, үгіт жүргізіп, сол жылы күзде мектеп табалдырығынан алғаш рет аттайтын 15 қазақ баласының ата-аналарын ұл-қыздарын ана тілінде оқытуға әрең көндірген екен. Арада бірнеше жыл өткенде облыс орталығында жаңадан бес қазақ мектебі ашылып қана қоймай, қазақша оқуға ынта білдірген оқушылар санының көптігіне байланысты оларды екі ауысымда оқытуға көшіруге тура келді. Бұған қоса, кейін Петропавлдағы 35 орыс мектебінің 15-інің жанынан қазақ сыныптары ашылып, олар аралас мектептерге айналдырылды.
Ал 1991 жылы Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның орталығы – Новоишим ауылы мен Тайынша қаласында таратылған компартияның босап қалған аудандық комитеттерінің шағын ғимараттарында ашылған 110 орындық қазақ орта мектептеріндегі шәкірттер саны уақыт өте келе, 400-ден асып жығылғандықтан, олар үш ауысымда оқытуға көшірілген. Сөйтіп, новоишимкалық және тайыншалық қазақ балалары спорт залы мүлдем жоқ мектепте, ауа жетпейтін тар бөлмелердегі тақтаға тым жақын қойылған парталарда көздерін ауыртып, сығылыса отырып оқуға мәжбүр болған. Бұл проблеманы бесінші шақырылымдағы облыстық мәслихаттың «Нұр Отан» партиясынан сайланған депутаттары бірнеше мәрте көтергендіктен, облыс басшылығы Новоишимдегі жаңа 400 орындық қазақ мектеп-интернаты мен Тайыншада 300 орындық қазақ орта мектебін салуға қажетті жобалау-сметалық құжаттарын дайындатып, оларды қаржыландыру мәселесін республикалық билік органдарының алдына қойған болатын. Сәтін салғанда, бұл проблема былтыр Мемлекет басшысының «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында оңынан шешіліп, аталған елді мекендерде заманауи білім мекемелерінің сәулетті ғимараттары бой көтеріп, үстіміздегі оқу жылы қарсаңында пайдалануға берілді. Сөйтіп, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздің білім саласына ерекше қамқорлығының арқасында Қызылжар өңірінде үш ауысымды мектептер проблемасы ойдағыдай шешіліп қана қоймай, ана тіліміздің өрісі де кеңейе түсті.
Тағы бір айта кететін жайт – Елбасының «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша шетелдерден атажұртқа оралған отандастарымыз үшін облыс орталығының іргесіндегі Қызылжар ауданының аумағында жаңадан салынған Бәйтерек ауылының 300-ден астам баласы үстіміздегі оқу жылына дейін солтүстіктің қытымыр қысының қақаған аязды күндерінде де көршілес Бескөл ауылындағы мектептерге өздеріне арнайы бөлінген автобустармен қатынап оқыған-ды. Сол себепті күн мен желге тигізбей, мәпелеп өсіріп отырған ұл-қыздарының денсаулығын ойлаған ағайындар Бәйтеректе мектеп салу мәселесін бірнеше жылдан бері көтеріп жүрген. Атамекенді алыстан аңсап келген қандас бауырлар өтінішін қалайда шешуге уәде берген облыс әкімі Ерік Сұлтанов облыстық бюджеттен былтырдан бері 827 миллион теңге қаржы бөлгізіп, қазақ және орыс тілдерінде оқитын 300 оқушыға арналған заманауи білім ордасын бір жылдың ішінде салғызып берді.
Көршілес Өзбекстан мен Ресей Федерациясынан, сондай-ақ Моңғолиядан атажұртқа оралған қандас бауырларымыз тұратын ауылдағы бұл мектеп келешекте таза қазақ мектебіне айналуы ғажап емес. Өйткені, Кеңес өкіметі тұсында болашақта бір-ақ ұлт пен бір-ақ тілді қалдыруды көздеген коммунизмді Қызылжар өңірінде тезірек құрып тастауға білек сыбана атсалысқан кейбір басшы ағаларымыз да өз балаларын орысша оқытып қана қоймай, 94 қазақ ауылындағы ана тіліміздегі мектептерді орыс тілінде оқытуға көшіруге де мұрындық болған көрінеді. Абырой болғанда, олар өз саналарына Тәуелсіздік таңының сәулесі түскен сәтте бұрынғы райларынан қайтып, жіберген қателіктерін түсініп, кезінде өз қолдарымен жабысқан қазақ мектептерінің бәрінің қайтадан ашылуына тағы да білек сыбана атсалысқан. Араларында тіпті Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының нағыз от ауызды, орақ тілді белсенділері болып шыға келгендері де бар...
Қызылжар өңірінде ұлттық рухымыздың көтерілуіне Елбасы Петропавл қаласында 2000 жылы өз қолымен ашқан қастерлі өнер ордасы – Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театры елеулі үлес қосып келеді. Дулат Исабековтің «Өйтпесе, Мағжан бола ма?!» атты драмасын және Баянғали Әлімжановтың Мағжанның «Батыр Баян» поэмасының желісі бойынша жазған пьесасын да сахналап, ұлы ақын рухын айрықша асқақтатқан жергілікті әртістер облыста өткізілетін көптеген мәдени шаралардың да сәнін кіргізіп, мән-мағынасын күшейтіп жүр.
Елбасымыздың Қызылжардың қақ ортасында көк күмбезі көк тіреген жаңа мешітті салдыруға тікелей жәрдем жасағанын, «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша Абылай ханның ақ үйін қалпына келтіртіп, оны өз қолымен ашқанын қызылжарлықтар әрдайым аса ризашылықпен еске алып, айтып отырады.
Тәуелсіздік жылдарында Қызылжар өңірінің экономикасы да өсіп-өркендеу жолына түсті. Жаппай қарулану жарысында қуаты сарқылып, ақыры құлап тынған Кеңес одағының бірқатар қорғаныс кәспорындары орналасқан Петропавл қаласындағы ірі зауыттардың көпшілігі өтпелі кезеңдегі қиындықтарды Мемлекет басшысының жан-жақты жәрдемімен еңсеріп, бейбіт өнімдер шығаруға көшті. Орта және шағын бизнес те мемлекеттік қолдауға сүйене, кеңінен өрістетіліп, өзін ғана емес, өзгелерді де тұрақты жұмыспен қамтамасыз еткен кәсіпкерлер қатары көбейді. «Жау жағадан алғанда бөрі етектен алады» демекші, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы экономикалық дағдарыс кезінде өз құлқындарының қамын ғана ойлап, кеңшарлардың мал-мүлкін талан-таражға салған көптеген «қызыл директорлардың» қырсығы қоса тиген ауыл шаруашылығы да мемлекеттің қолдауымен қайтадан көтеріліп, бұрынғысынша өңір экономикасының жетекші саласына айналды. Бір кезде жусан басып кеткен егін алқаптарының бәріне қайтадан ырыс дәні егіліп, облыс еліміздің астықты ең көп өндіретін өңірлерінің бірі атанып отыр. Төрт түлік мал басы да жылдан-жылға көбейіп келеді. Кейінгі жылдары көптен жөндеу көрмей, тоз-тозы шыққан жергілікті маңыздағы жолдарды қалпына келтіру ісі де қарқын ала түсті.
Бүгінде облыс басшылығы өңірдегі демографиялық ахуалды жақсартуға барынша мүдделілік танытып, әсіресе, Елбасының тапсырмасына сәйкес үстіміздегі жылы еліміздің жұмыс күші артық өңірлерінің тұрғындарын жұмыс күші жетіспейтін өңірлерге қоныстандыру басталғандығына үлкен сенім артып отыр. Үкімет бекіткен квота бойынша биыл оңтүстік аймақтағы ағайындардың 100 отбасы Қызылжар өңіріне көшіп келді. Олардың «түскен жерлеріне тастай батып, судай сіңіп», тез бейімделіп кетуі үшін қолдан келген көмектің барлығы көрсетілуде. Бұған қоса, «Серпін-2050» әлеуметтік жобасы бойынша жұмыс күші артық облыстардан келіп, Петропавлдағы М.Қозыбаев атындағы мемлекеттік университет пен бірнеше колледжде тегін білім алып жүрген 1 мыңнан астам студент жастардың да бір бөлігі оқу бітірген соң осында жұмысқа орналасып, отбасын құрып, тұрақтап қалады деген үміт бар. Байырғы тұрғындары – қазақтарының саны да онша өспей, облыс тұрғындарының небәрі 34 пайызын құрап отырған өңір үшін жұмыс күші артық оңтүстік облыстардың тұрғындарын көшіріп әкеліп, жұмысқа орналастырып, баспанамен қамтамасыз етіп, тұрақтандырудың маңызы зор екендігі даусыз. Осыған орай қазірдің өзінде «Қызылорда – Көкшетау» пойызының бағытын Петропавл қаласының теміржол стансасына дейін ұзарту қажеттілігі де туындап отыр. Мұның оңтүстік пен солтүстік өңірлер тұрғындары арасындағы қарым-қатынасты күшейте түсуге септігі тиері сөзсіз. «Орнында бар оңалар» демекші, өзге ірілі-ұсақты мәселе атаулының бәрі қазіргі алмағайып заман түзеле келе, біртіндеп оңынан шешіле жатары кәміл.
...Қазір облыс орталығындағы зәулім де көрікті ескерткіштерде теміржол вокзалының алдында шеттен келген қонақтарды жалынды жырымен қарсы алып тұрған Мағжанның, қаланың басты көшесімен әрілі-берілі ағылған жұртқа қарап, білек біріктіре, иық тірестіре бірге тұрған Қарасай және Ағынтай батырлардың, қалалық мәдениет және демалыс саябағынан қатарласа шығып келе жатқан Абай Құнанбаев пен Александр Пушкиннің және әйгілі Ақ үйінің жанында арғымағына мініп, қала шетінде орналасқан Әскери институттың курсанттарының жауынгерлік дайындықтарын алыстан көзбен шолып, қолына ұстаған аса таяғымен жөн сілтеп тұрғандай әсер қалдыратын Абылай ханның бейнелері елдің шетіндегі, желдің өтіндегі өңірдегі көп жайдан хабар беріп, үнсіз ұқтырып тұрғандай...
Кәрібай МҰСЫРМАН,
Парламент Мәжілісінің депутаты