• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
26 Ақпан, 2011

Сот тәуелсіздігі қандай деңгейде?

4101 рет
көрсетілді

Сот тәуелсіздігі туралы мәселе көптен бері айтылып келеді. Әлем­нің кез келген құқықтық, демократиялық елі үшін оның мәні мен ма­ңызы өте зор. Өйткені, судьяның тәуелсіздігі сот төрелігін заңға сәй­кес бейтарап жүзеге асыру үшін қажет. Барлық билік органдары, мекемелер мен ұйымдар, мейлі олар қандай халықаралық деңгейде болса да, осы тәуелсіздікті құрметтеуге, сақтауға және қорғауға тиіс. Бірақ судья­лардың тәуелсіздігі Конституциямызда жазылғандай т­а­лап­қа сай қа­матамасыз етіліп келе ме? Міне, кеше Жоғарғы Сотта осы мәсе­ле­лерді өзек еткен «Сот билігінің тәуелсіздігі: халықаралық тә­жірибе» ат­ты халықаралық конференция болып өтті. Оны елі­міз­дің Жоғарғы Соты Астана қаласындағы ЕҚЫҰ-ның орталығы, Еуразия одағының Қазақ­стандағы құқықтық және сот реформасын қолдау жобасы, ха­лық­аралық ынтымақтастық жөніндегі Германия қоғам­дастығы жә­не құ­қық­тық саясатты жүзеге асыру орталығымен бірлесе ұйым­дастырды. Конференцияны ашып және ал­ғашқы баяндама жасаған Жо­ғар­ғы Сот төрағасы Мұсабек Әлім­беков елімізде әлемдік өр­ке­ниетті талаптарға сай келетін сот жүйесі қалыптасып, құрыл­ған­дығын және оның алғы­шарт­тары судьялардың тәуелсіздігі болып табылатындығын айтып өтті. Одан әрі төраға сот билігі – демократияның негізі деп, бұған мысал ретінде Елбасының Судьялар одағының Y съезінде айтқан сөзін бағдарға алды. Онда Президент тәуелсіз Қазақ­стан­ның бірден-бір жетістігі ол – соттар мен судьялар тәуел­сіз­ді­гіне заң жүзінде ғана емес, нақ­ты түрде қол жеткізілуінде жатыр деді. Бұған талас жоқ. Өйт­кені, бүгінгі таңда судья­лар­дың құқықтық-әлеуметтік қор­ғалуы күшейтілді. Олар елімізде ең жоғары ақы төленетін мемлекеттік қызметкерлердің бірі бо­лып табылады. Соған сай соттар – демократиялық мемлекеттің құқықтық институтының негізін құрайды. Оларға әлеуметтік-эко­но­микалық және саяси реф­орма­лар­дың табысты болуы көп жағ­дайда тікелей байланысты. Сон­дық­тан сот жүйесінде туындаған өзекті мәселелер әрқашан мемле­кеттің және бүкіл қоғамның на­зарында болуға тиіс. Соттар мен судьялардың тәуел­сіздігі – уақыттың өзі тексеруден өткізген демократиялық жетістік болып табылады. Соған орай, мемлекет тарапынан сот ше­шімдері мен оның тәуел­сіз­ді­гін толық қам­­та­ма­сыз етудің және құ­қықтық мәр­тебесі мен ой мүд­десі тәуел­сіз­дігінің барлық шара­лары қа­был­данды. Өйткені, сот жүйе­сін жетілдіру барысында бар­­лық шаралар адам құқығын ны­ғай­туға, сот құзыреті тәуелсіз және ала­лаусыз жүруге бағыт­талуы тиіс екендігі құпталды. Судялардың ха­л­ықаралық қауым­дастығының жалпыға бірдей жар­ғысында судьялар әр адамның әділ сот тал­қы­лауына түсу құқы­ғын қамтама­сыз етуге тиіс делінген. Соған орай әрбір судья істі бейтарап және тәуелсіз соттың белгілеген мерзім ішінде әділдік пен жа­риялылық қағидатын сақ­тап жүр­гізуде, адамға тағыл­ған айып­ты қарау кезінде бар құ­қық­ты беруде және теңдікті сақ­тауда тек заңға ғана мойын­ұсынуы тиіс. Олай болмаған жағдайда тәуел­сіздіктің ауылы алыстай түсе­тінін конферен­цияға қатысушы­лар айтып өтті. Конференцияда айтылған­дай, елімізде сот құрылымы мен сот өндірісін жетілдіре беру басты талап ретінде қала береді. Об­лыстық соттарда салалық қа­ғи­дат­тар бойынша қылмыс­тық, аза­маттық және әкімшілік істер жөніндегі сот алқалары құры­луы мүмкін. Соған орай сот­тар­ды мамандандыру мәселесі ма­ңыз­ды бо­лып қала бермек. Әсі­ресе, жас­өспірімдер сотын, Астана қа­ла­сында қаржылық-са­лық сотын құру қажет. Бұдан әрі конференцияда қазақстандық сот жүйесін дамытудың маңыз­ды мәселелері, Елбасының «Еу­ро­­паға жол» мем­лекеттік бағ­дар­ламасы ая­сын­да белгіленген тап­­сырманы халықаралық стан­дарт­­тарға сай қабылдау тал­қы­ланды. Сондай-ақ, Шығыс Еуропа, Оң­түстік Кав­каз және Орта­лық Азия елдеріндегі сот билі­гі­нің тәуел­­сі­з­дігі жөніндегі ЕҚЫҰ-ға қаты­су­шы 19 мемлекеттің 40 тәуелсіз сарапшысы және Еуропа ке­ңе­сі мен Венециялық комиссия дайындаған Киев кон­­ферен­ция­сы­ның ұсыныс­тары қа­­рал­ды. Сөйтіп, конфе­рен­ция­ға қатысу­шы­лар «Қазақ­стан Рес­­публи­ка­сының сот жү­йесі мен судья­лары­ның мәрте­бесі ту­­ралы» Кон­­с­титуциялық за­ңын жетілдіру жөнінде, еліміздегі сот құры­лымы мен сот өн­дірісін одан әрі оңтай­лан­дыру және халық­аралық сот тә­жірибесі туралы ай­тып, бір­қатар ұсыныстарды ортаға салды. Александр ТАСБОЛАТОВ.