• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
02 Наурыз, 2011

Пай-пай, «Жиырма бес!»

2079 рет
көрсетілді

Әр кезең, әр заман, әр толқын кезінде өз «Жиырма бесін» тудырған. Оның кейбірі уақыт тезіне шыдас бермей ұмытылды. Ал мезгіл сынынан өтіп, әр ұрпақтың өз қалауымен қанша құбылып, «жал-құйрығы» күзеліп, о бас­тағы ажар-көркінен ажыраса да бағ­­зы бір әндердің түп негізі ән­ші­лер­дің арқасында бізге жетіп отыр. Бұған қарама-қарсы күллі алты алашқа аян ән сұңқары Біржан салдардың шырқап жүрген шағында Зілғараның «Жиырма бесі» деп Мұхтар Әуезов «Абай жолы» эпопеясында толғана жазған клас­си­ка­лық бітім-болмысы ерекше ән өзінен бұ­рынғы, не өзінен кейінгі көп «Жи­ыр­ма бестерден» мән-мағынасы терең, сүйегі ірі, кесек жаратылған дүние боп қызықтырады, ойландырады, толқыта­ды. Осы бір өрелі нұсқа басқа-басқа «Жиырма бестерге» өзгеше бір шырай таратады. Соның бәр-бәрі адам көңілін бейжай қалдырмайды. Тәңірге жал­ба­рынсаң да қайта оралмас сол бал дәу­ренді емінте, еміренте, үздіктіре еске салады. Сондай ыстық тебіреніс Шортанбай ақынның да басынан өтіпті… Мен 1993 жылдың ақпан айында қа­зақ музыкасын зерттеп жүріп, Үрім­ші қаласында партия хатшысы Жән­әбілдің резиденциясындағы келелі бір отырыста әнші Хамит Ысқақұлымен жүздестім. Қазақ әнін әлемге жайып, біздің елде де талай рет болып, концерт берген аса құштар сезімді, сұлу үнді тенор мені дәйім қызықтырушы еді. Кездесу сәтті болды. Небір бей­мәлім әндерді мөлдіреткен Хамит осы шалқу үстінде: Сауғанмен жалғыз сиыр іркіт болмас, Өнерді бойға біткен іркіп болмас. Мысалы, әр нәрсенің бәрі сондай, Қаңқылдап қара қарға бүркіт болмас. Ит қызыл болғанменен түлкі болмас, Ойнақтап, сиыр үркіп жылқы болмас. Мысалы, әр нәрсенің бәрі сондай, Ағашқа саясы жоқ бұлбұл қонбас. Ахау, өтті-ау заман, Қош бол, аман, жиырма бес, Қайта айналып келмес маған! – деп өмірлік мысалды фәлсафа етіп, ай­татын әр сөзін екі шумаққа сыйғызып, Зілғараның «Жиырма бесіндегі» қа­йыр­ма үлгісімен түйіндеп, ойлан­ды­рып тастады. Менің дәптеріме бұл толғаулы ән­нің сегіз шумағы жазылды. Оның әр шумағы дербес өмір сүретін кәдімгі қа­ра өлең. Ол көне фольклорлық нұс­қадан гөрі бір ойшыл ақын, не сал-се­рінің көкірегінен шыққан тәрізді. Ән­дегі ой тізбегі әр шумақта парасат тұ­жырымына тіреліп тоқтайды. Айтам де­генін айтып тынады. Соның бәр-бә­рін жиырма бестей тәтті, қимас, ар­манды дәуреннің мезгілімен өлшеп, со­ның қуатымен ой таразысына салып, көп жайдың парқын сездіріп, тәубеңе келтіреді. Міне, бұл баяғы патша за­манында, одан Кеңес өкіметі кезінде жапа шегіп, бағы байланған «зар заман ақыны» Шортанбайдың әуезі еді. Қы­тай­дағы қазақтар бұл есті әннің әр сөзін бойтұмардай қастерлейді. Оны Хамит бірден кең көсілтіп, ұзата сілтеп, қиырдан қайырғанда Шор­тан­байдың жүректі діріл қақтырған асыл сөзіне елітіп, оған қоғадай жапы­рыл­ған жандардың тебіреністі сәтін көру­дің өзі бір ғажап құбылыс. Дәуір жүгін көтеріп келе жатқан бір ақылды «Жи­ыр­ма бес» осы! Мен бұл нұсқаны талай әншіге үйреттім. Әсіресе, Жоламан Құжимановтың орындауында ол бүкіл қазақ даласына жайылып барады. Шортанбайдың салқын тартып, суынбайтын осы іңкәрлігі Исатай мен Махамбеттің заманында Еділ мен Жа­йық, Ор мен Елек, Жем мен Сағыз бо­йын шерлі де отты жырларымен сілтідей тындырған өр кеуде Шернияз ақын­­ның құштар жүрегінен де лап ете қалыпты. Батыс өлкенің көсемсөзге зерек әншілері Ақкете Шернияздың алтынның сынығындай сақталған «Ба­ян­сыз фәни дүние» деген термесінде: Тостағанды қолға алып, Айқай салған жиырма бес! Шанышатын найзадай Қылтылдаған жиырма бес! Шабатұғын қылыштай Жалтылдаған жиырма бес! Жиырма бестен өткен соң, Орда бұзар отыз бес! – деп жи­ырма бес жастың жалынды лебімен отыз, қырық, елу… одан да әрідегі ас­қар асу­лы кезеңдерге арындата құлаш сермейді. Бұл бірде елеусіз қалып, бірде білікті әншілерге кезігіп, қоламтадай қайта «жанып», тыңдаған жанды елең­детумен келе жатқан бір жарқын терме. Оны көбіне атыраулықтар өбектеп, мәпелеумен келеді. Атыраулықтар демекші, мен 1987 жылдың жазынан бастап ауық-ауық бұл жердің әндерін «шырақ алып» іздестірумен жүрмін. Сырттай алаңдатып, қызықтыратын ән хикаяларының мол ортасындамын. Аты­­­рауда бұл төңіректің арғы-бергі әндерін көкірегіне көп жиған бір алымды әнші Қуанғали Жұмалиев еді. Сол 1987 жылдың жаз айында осы әншіден Қазақстанның өзге өңірі білмейтін, өте ескі болса да ажар-көркі түспеген белгісіз «Жиырма бестің» тағы бір түрін жазып алдым: Ол: «Базардан алып келген ақ меруерт, Тарыдай сүтке салған қайнамай бөрт» – деп басталады. Әр сөзі қызулы леппен лыпылдаған ән жиырма бестің қадірін әспеттеп, есер шақтың ештемені ойлатпаған беймаза жүрісіне таң-тамаша қалдырады. Қуанғали бұл әнге бар жанын салып, отты сезіммен қыздырмалата қуалап, Ғарифолла Құрманғалиевше шыған­да­тып әкетеді. Өрісі кең ән болғандықтан ба, ол Атырау, Орал, Маңғыстау өңірінен әрі асып, сонау отызыншы жылдардың зобалаңында Иран жеріне барып бас сау­ғалаған Адайлардың жүрегінен де өш­пепті. Бұған 1995 жылдың қаңтар ай­ында Иранда тұратын он бір-он екі мың қазақтарды зерттеуге барған (ғылы­ми экспедиция жетекшісі профессор Тұр­сынбек Кәкішев) фольклорлық экс­педиция кезінде көз жеткіздім. Сол әнді есімі ұмытылған бір әнші-жырау қыр­қыншы жылдардың ішінде Теһран ра­диосына жаздырыпты. Ол әнді сол сапарда ала алмадым, бір көнекөздерден кейбір жолдарын ғана еміс-еміс естідім. Арада жылдар өткенде, 2000 жылы Ал­матыда оны маған Ислам Жеменей есімді сол елден келген азамат әкеліп берді. Батыс Қазақстан топырағында туған бір «Жиырма бестің» хикаясы осы! Кешегі Кеңес өкіметінің қиянатын көп көріп, өз елі, өз жерінде жазықсыз банды атанып, 1928 жылы дүрілдеген дер шағында ГПУ-дың оғынан мерт бол­ған есіл әнші Аманғали да сол бір запыран құсып жүрген қатерлі күндерде Нарын құмының ықтасынды бұйрат­тарын паналап, өзімен ниеттес жан­дардың дәм-тұзын татып, көңілі кө­теріліп, сол қас-қағым сәттік тыныш­тықта өзінің жиырма бес жастағы кезін былайша еске алатыны бар: Мен өзім кішкентайдан қара атандым, Қарібін тани алмай шала атандым. Келгенде жиырма беске паң көтеріп, Себектен Аманғали банды атандым. Атыраудың бір киелі жері – Жылой. Жылой топырағында ежелден келе жат­қан «Жылой» әнінің бірнеше нұсқасы бар. ( Ән зерттеуге қа­тысы жоқ біреулер осы әнді Сегіз Серіге жапсырып жүр. Бұл қате!) «Жылой» әні осы Атырау топырағында туған «Ақ­бөбек», «Бос­мо­йын», «Гүлжансары», «Әмір­хан» секілді батыстың ән-мек­те­бінің өзіндік ерекшелігімен шыққан ескі әндер. Жылойда Адай руының ішінде Ше­ген деген (То­быш бұтағынан та­рай­ды) атада Бақтыбай есімді әр сөзі ал­тын­дай жалтылдаған бір алғыр ойлы, ақиық әнші болған. Осы Бақтыбай кезінде өзімен замандас ешбір әншіге дес бермеген. Жас шамасы Мұ­хитпен шамалас деседі. Оның Ойыл жағасындағы Көк­жар жәрмеңкесінде, Орынбор, Астрахан ба­зарларындағы ду­манды жиындарда шыр­қаған сәттері ел арасында сел-сел жыр. Бақтыбайдың осы «Жылойын» сол­қыл­дата созып, кербез қайырып, жа­ныңды рахатқа батыратын бір әнші – Маң­ғыстау елінің бүгінгі серісі Күріш Тасболатов. Бұл әншіні сонау жетпісінші жылдардың ортасынан ауа Алматыда кезіктіріп, Маңғыстаудың әйгілі жеті қай­қысының серілік әндерін тыңдап, оны Қазақ радиосының «алтын қорына» жазып, Досат сияқты ұмытылған кербез әншілердің бағын ашып едік. 1996 жылдың мамыр айында Күріш екеуміз Атырауда біраз күн дәмдес боп, сейіл құрдық. Сол жолы тағы бір ескерусіз қалған әндерді қайта тірілттік. Соның бірі – Бақтыбайдың осы «Жылойы» еді. Осындай сәулелі әннің бірін 1995 жыл­дың қаңтар айының жиырмасыншы жұлдызында көкшетаулық қарт әнші Жаналы Қалиевтан жаздым. Ол – Үкілі Ыбырайдың «Ит жастық» деп аталатын әні. Бұл ән жөнінде Жаналы ақсақал: «Менің Баялы деген інімнің қызын Ленинград ауданының орталығында тұра­тын құдам Нығыметжан Кәрібаевтің ба­ласы алып отыр. Құдамыз. Ол да қария. Кезінде мұғалім боп істеген. Ескілікті әңгімеге зерек адам. Үкілі Ыбырайдың «Ит жастық», «Өмір» атты ұмытылған, жо­ғалған әндерін біледі. Осы екі әнді сол кісіден 1994 жылдың қаңтар айының 29 жұлдызында өз үйінде бір әңгіме үс­тінде үйрендім» деді. Үкілі Ыбырай жиырмасыншы жыл­дардың аяқ кезінде тағдыры тәлкекке түсіп, Кеңес өкіметінің ең сенімсіз ада­мы боп, «халық жауы» атанып, әуелі өлім жазасына кесіліп, кейін ол он жыл түрмеге отыруға өзгертіліп, айдалып бара жатады. Жолшыбай сол төңіректегі Қарауылдың бір ауылына қонып отырып, кешегі бір таңды таңға ұрып, жас сұ­лудың бал сілекейін жұтып, гәккулеткен өмірінің жарқын сәттерін көз алдынан жайната бір өткізеді: Шіркін-ай, жігіттігім-жел секілді, Кәрілік-түн, жігіттігім- күн секілді. Қонақтап бір түн қонып өте шығар, Бәрі де көрген бейнет-сел секілді. Жас жігіт жайнап тұрған күнменен тең, Күн де бір білмегенге түнменен тең. Он бес пен жиырма бестің арасында, Болмай ма, жігіт адам жынменен тең! Үкілі Ыбырай осылайша жер-көкке сыймай бұлғақтаған жиырма бестегі кезін өң мен түстей көріп, оның қадіріне ештеңені теңгермейді. Жас әншілер бұл әнді біле бермейді. Ескілікті әншілер де азайып барады. Солардың ішінде есінде сақтады дегендерінің өзі оны кез келген жерде айтса кәне. Зейінді біреулері «О, шіркін, өзін-өзі тасыған суға тастап жіберетін ессіз, көзсіз жиырма бес емес пе?! Оны кешегі Ыбекемше желпінтіп, жел­пілдетпесек сәні келе ме, тәйірі?!» деп домбыраны бебеулете қағып әлекке түсетіні бар. Үкілі Ыбырайдың жа­сын­дай жарқылдаған от мінезі осы бір шал­қуын­да да суына қоймапты. Қызуы қо­ламтадай маздаған бір «Жиырма бес» осы. Үкілі Ыбырайдың екінші бір «Жи­ыр­ма бесі» Біржан сал мен Жетіру Шама Нұрұлы, Жарылғапберді…олардың қуат­ты лебін алып қалған Қали Байжановша шалқытатын Қайрат Бай­босыновтың орын­дауында желпіністі терме, ол «Па, шіркін!» дегізіп, есің­ді алады. Үкілі Ыбырайдың «Жиырма бесін» Көкшенің көне көздері «Ыбекемнің өзі­мен бірге кетті ғой» десіп, күрсінетін-ді. Ал, бұл терме де өлмепті. Мен 2000 жылы «Рахат» телеканалында «Сал-се­рілер» атты бағдарламаны жүргізе бас­та­дым. Сол жұмыстың кезекті бір сәтінде Үкілі Ыбырайдың әндерін үш бөлімге топтап эфирден бердік. Сол әңгімелердің бірінде Қайрат Байбосынов ойда-жоқта Үкілі Ыбырайдың «Жиырма бесін» жарқ еткізгені. Менің қуанышымда шек бол­мады. Эфирдегі әңгіме үстінде Қайрат: «Сонау бір жылдары «Гүлдер» ансам­блі­нің алғашқы гастрөлімен Көкшетау қа­ласында концерт бердік. Жас ансамбль­дің сол бір қызықты концертінің үзілісі кезінде маған Мұса Асайынов есімді ақын әрі әнші кісі жолығып: «Қайрат, қалқам, Үкілі Ыбырай атаңның әндерінің ба­ғына сендей тамаша әншіні берген екен, бұл тәңір. Сол айтып жүрген «Шал­қыма», «Алтыбасар», «Гәккулеріңнің» қа­тарына Ыбекемнің «Жиырма бес» атты термесін қос, енді. Қағаз-қаламыңды ал да, жаз. Әні былай…» деп, бас-аяғы төрт-бес минуттың ішінде осы термені ай­тып бергені. Ән бірден көкейіме қон­ды. Мұса ақсақалдың өзіне қосылып, екі рет қайталап айтып ем, ол кісінің тол­қығаны сондай, көзі жасаурап, үнсіз ғана мақұлдап, бас изеді. Көкшетаудан қайт­қанша мен осы «Жиырма бесті» іштей айтумен болдым. Ал арада біраз уақыт өткенде Көкшетауға тағы да концерттік сапармен келгенімде Мұса ақсақалдың дүние салғанын естідім», деді. Иә, сол жолы Қайрат Байбосынов Мұса Асайы­новпен жүздеспесе, Үкілі Ыбырайдың бұл әні де көкшелік қариялар айтқандай, «Ыбекемнің өзімен бірге кеткен» әні боп, оны ешкім іздемес те еді. Өмірлі әндер осылай жасай береді екен. Жетісу елінде аңсаулы сағынышпен «Әттең, дүние!» дегізетін бір «Жиырма бес»: Ой, тоба, шапаным бар, шапаным бар, Етегі елу бір кез, кеудесі тар. Бұрынғы өтіп кеткен жиырма бес, Сол жасқа өтіп кеткен боламыз зар. Ар жағы Алматының мойыл талды, Жиылып қыз-келіншек ойын салды. Ойласақ жиырма бес естен кетпес, Қайырылып қаршығадай мойын тал­ды, – деп қанша үздіксең де қайтып келмес сол бір қимас шақты тәтті лиризммен еске салады. Саба түбінде қалған сарқыттай алуан сырлы осындай «Жиырма бестердің» бә­рінен бітімі, жаратылысы бөлек үш түрлі «Жиырма бес» Арқа әндерінің ең шы­райлы інжу-маржаны дерлік бір құді­ретті дүние. Осы үшеуіне күллі «Жиыр­ма бес» тең келе алмайды. Қазақ әнінің бар қадір- қасиетін өзге композиторлардан әлдеқайда биік өреде терең тол­ғай­тын Евгений Брусиловский «Қыз Жібек» операсын жазарда ән корифейлерінің бәр-бәрін мұқият тыңдап, әр кейіпкердің та­биғатына сай келетін әндерді аса біліктілікпен байқап-байқап таңдап алған. Талай әншілерден естіген «Жиырма бес­тер­дің» бір жалыны лаулаған жарқын түрін кімнен жазғандығын өзінің «Дүйім дүл­дүлдер» атты мемуарлық кітабында: «Жан­дарбеков (Құрманбекті айтып отыр) Бекежан рөліне арналған әндерінің бәрін негізінен алғанда іріктеп қойдым, деп бірден сендірді. Біз репетиция класына келдік. Құрманбек маған «Жиырма бес», «Сарымойын»… әндерін берді» деп келтіреді. Міне, «Жиырма бестің» операға кірген түрі Бекежанның өте әсерлі әні боп бірінші актіден-ақ спектакльді бірден жайнатып жібереді. Сіз дала рыцары Бекежанға Шекспирдің Петруччиосына таңғалғандай қызыға қарайсыз. Бекежан да Төлеген сияқты махаб­баттың еркебұланы. Даланың серісі. Жібек үшін көңілінде еш алаңы жоқ аңғал батыр Бекежан операның сол бірінші актісінде Жібек пен оның жеңгесі Батсайы, құрбысы Дүрия отырған Сырлыбайдың ақ ордасына баса-көктеп кіріп келеді де: Ер арманы – Жібек, Тұғырыңда түлеп, Түлеуменен жүдеп, Отырмысың, тотым?! – деп апай­төс көкірегі зорға иіліп, зор­дың кү­шімен өзін-өзі сындырып, бия­зы тілек білдіреді. Бекежанның көкейінде не бар екенін алыстан аңдайтын қазымыр ойлы Бат­сайы онымен шартпа-шұрт сөз қағыс­ты­рып, онысын сыйқырлы күлкіге жең­ді­ріп, наз қылықпен ұстаса кетеді. Бекежан өзінің паңдығына басып, кекіректеп, уәж­ге тоқтамайды. Өрлеп, өкіреңдей тү­седі. Батсайы мен Бекежанның осы шар­пысуынан от шығып кете ме деп сескенген Жібек көзінен шуақ таратып, Беке­жанды зілсіз әзілге шақырады. «Бекежан, көкірек барын естуші ек, күш көрсет­ке­ніңе жөн болсын?» дейді. Бекежанның рөлін тұңғыш рет операда ойнаған Құрманбек Жандарбеков «Жи­ырма бестің» отты әуезін қалай-қа­лай жарқылдатты десеңізші! Бұл Үкілі Ыбырай арқылы Құдайберген мен Иса көкірегіне қонып, одан Әміреге, Манарбекке ауысқан ән. Келе-келе бұл «Жи­ырма бес» «Қыз Жібек» операсына жұ­тылған күйі жеке дербес үнін шығармай зым-зия жоғалды. Оның өз сөзі қандай еді, ол да ешкімнің қаперіне келген емес. Ешкім іздемеді де. Төркіні жоқ, қалың­сыз ұзатылған қыздай боп операға тә­уелді қалпында көңілден таса қала берді. Оның кереметтігін жоғарыда аты аталған әншілер ғана білді. «Ә, шіркін, осы бір «Жиырма бес-ай!» деген сөзді о дүниеге өздерімен бірге олар да ала кетті. Ал, оның есесіне Затаевичше айт­қанда, өзіне-өзі ие бола алмай ша­шы­лып-төгіліп, аласұра бұрқылдап шырқай­тын Қали Байжанов бұл «Жиырма беспен» түбі бір, төркіндес боп құбылатын өзгеше мінезді «Жиырма беспен» есіңді алады. Қалидың «Жиырма бесі» қазақ­тың әншілік табиғатындағы теңдесі жоқ бір ғажап құбылыс. Оның құпиясын екі­нің бірі зерделеп біле бермейді. Ол жұм­бақтың сыры – Қалидың бойындағы ән­шілік қабілетке қоса композиторлық да­рынның барлығы. Сол себепті ол кез келген әнге жанынан алып жан береді. Қа­нынан алып қан құяды. Оттай ыстық құш­тарлық, құмарлық сезімі лапылдап, жалындап жатады. Соның бір мысалы – Ерейменде Қанжығалы елінің ішінде өмір сүрген Жетіру Шама Нұрұлы деген кісі. (Сонау жаугершілік заманда Бөген­бай батырдың екі қарындасы Ақтөбе жерін жайлаған Жетіру елінің екі жігітіне тұрмысқа шыққан. Бір күндері қал­мақ­тар­мен соғыста әлгі екі жігіт мерт бол­ған. Кейін Бөгенбай батыр жесір қалған екі қарындасын бала-шағасымен шұбыр­тып, Ерейменге алып келген. Олар на­ғашы жұртының ортасында ешкімнен қаққы көрмей емін-еркін өсіп-жетіліп, өздерінің Жетіру екенін ұмытпаған. Ел осы тұқымнан шыққан атақты композитор Шаманы «Жетіру Шама» деп атап кеткен). Әншінің: Күн батар кешке жақын таудан асып, Шапақтап қызыл арай нұрын шашып. Ақшам мен намаздыгер арасында, Аһ ұрып қосылады екі ғашық, – деп лақылдата шырқағанда оны айтам деу­шілердің бәрі бұл әнге жоламайтындай боп қатты сескенген. Ол рас. Кезінде Шаманың асқақ үнді шәкірті Жарылғапберді «Шамаң келсе «Шамаға» бас деп кез келген әншінің ыр­қына көне бермейтін осы бір қиын әннен дәйім сақтандырып отырған. Өз мүм­кін­дігін білген сыпа әншілер бұл ән­ге тиіспеген де. Ал, өз шамасына қа­ра­май тыраштанған кей әнші осы бір күр­делі әннің сынын бұзып, берекесін кетірген. Біздің заманға жеткен небір дүлдүл әншілердің ішінде «Шаманың әнін» Қа­ли Байжановтай ешқайсысы айта алған жоқ. Әр әнге тап осылай ешкімге ұқ­самай­тын өз өрнегін салған Қали Зіл­ғараның «Жиырма бесін» мүлде басқа «ән» қып шығарған. Биікке сілтесе қол жет­пейтін шырқау. Кербез керілтіп, ұзата салса бітпейтін шексіздік. Буырқана тол­ғанса тереңге тартқан түпсіз тұңғиық! Қали Байжанов сирек бітімді жара­ты­лыс сыйы. Ол өз үнінің адам қиялы жетпейтін қиямет құпиясымен «Жи­ырма бес­тің» өзіне ғана тән жаңаша бір нұс­қасын жасады. Мен Қалидың осы «Жи­ыр­ма бесін» әнші Қайрат Бай­босыновқа беріп, оны біраз ыж­да­ғат­пен қадағалап, шыдаммен тыңдап жүр­дім. Басқа бірде-бір әнші қаперіме келген жоқ, көзіме де көрінбеді. Ақыры бұл әннің ендігі иесі Қайрат Бай­бо­сынов екеніне нық сеніп тоқтадым. Ол бұл әнді күндей күркіреген жойқын дауысымен жеріне жеткізе кең толғады. Қалидың аһылаған нәзік иірімдерін дәл басып, шертісін де шашау шы­ғармай, сол уытты қалпында ұзата қайы­рып, әр сөзді күңірентіп, түптен қоз­ғай­ды. Тыңдаған жанды терең ойға ба­тырады. Біз сөз еткен «Жиырма бестің» соңғы екі түрінің («Қыз Жібек» операсындағы Бекежан айтатын «Жиырма бес» пен Қали Байжановтың «Жиырма бесі») қайнар көзі – барлық «Жи­ырма бестер­дің» төресі, сұлтаны дерлік нұсқа – атақты әнші Жүсіпбек Елебеков ша­рық­тата керілтетін «Жи­ырма бесте»! Осы нұсқаға бұлбұл әуезді Бибігүл Төле­ге­нова да ерекше берілді. Мен бұған таңғалып, онша ке­лі­сің­кіремей, Бибі­гүл­ден: «Бұл жігіттер ай­татын ән емес пе, Биеке?» деп сұра­ғанымда, небір клас­си­калық ән­дердің жұлдызын биіктеткен ән шебері: «Ой, бұл өте сұлу ән ғой. Сұ­лулыққа адам ғашық болмай ма?!» деп өзін-өзі қор­ғаштап, оны радиоға сыршыл сезіммен мөлдірете жаздырып еді. Бірде мен бүгінгі қазақ тенорлары­ның ұлы ұстазы, өзі де биік үнді тамаша тенор, профессор Бекен Жылысбаевпен сырласып отырып: «осы «Жиырма бес­тің» диапазон аясын италиян опера­ла­рын­дағы, атап айтқанда Верди мен Пуччинидің ең асқақ шырқалатын ария­ларымен салыстырып көріңізші» дедім. Сол сәтте ойлана қалған Бекен Жылыс­баев: «Бұл сауалға жауап ретінде, мы­салы, Вердидің Герцогының ариясы мен Пуччинидің Каварадосси арияларын алсақ та жеткілікті. Өйткені, әлемдік классикалық опера­лардың ішінде осыларға тең келетін еш­қандай мол пішілген ария жоқ. Бір ға­жабы, диапазоны жағынан бұлар Жүсіп­бек Елебеков орындайтын «Жиырма бестен» төмен жатыр. «Жиырма бестің» диа­пазоны өте кең, қайырмасының өзі тенордың теноры зорға жететін сол арияны мүлде маңайлатпайды да. Қали Байжановтың нұсқасы өзінше бір алапат «Жиырма бес» емес пе? Ол әлгі Ша­маның әні мен Біржан салдың «Жан­ботасын» айтқанда сұрапыл леппен ша­шыла төгілетіні сияқты, өз «Жиырма бе­сінің» етек-жеңін жиып алуы қандай қиямет. Евгений Брусиловский қазақтың кең тынысты әндерінің он, он екі шақы­рымнан естілетінін (…Әміре Қашау­баевтің әні айнала төңіректегі он ша­қырымдай жерге жетіп жатушы еді. Е.Г. Брусиловский. «Дүйім дүлдүлдер», Ал­маты, «Ана тілі», 1995 жыл) таңғала айтқанда, осы «Жиырма бес» секілді жер мен көктің арасында қалқитын әндердің жаратылысына тәнті болып айтты ғой» деді де, сол толқи сөйлеген күйі «Жиырма бестің» осы түрін өзінің биік дауысымен құлшына шалқытты. Күллі «Жиырма бестің» тәңірісі – бұл «Жиырма бестің» иесі – Зілғара Бай­тоқаұлы (1761-1856 ) (кей деректе ол – Қаратоқин) екенін ұлан-байтақ Сары­арқа, оның ішінде Омбы, Қызылжар мен Көкшетау, Ақмола елі жақсы біледі. Бұл ән Біржан салдардың дуылдаған жастық шағында әбден шыңдалып, дәуірлеген ән. Сондықтан, қазақтың бай фоль­кло­рын мол қамтып, жете меңгеріп, оның тұңғиық сырларынан қат-қат тарих жи­ған Мұхтар Әуезов осы әнді Зілғараның «Жиырма бесі» деуі тегін емес екенін тағы да еске салайын. Ғұлама жазушы бұл әнді тұрмыс-салт жырындағы жоқ­тауға да апарып қосады. Сондай-ақ, Затаевич те жаза баспай «Жиырма бестің» авторы Зілғара екендігін: Жүйрікте болмайд көрік сыналмаған, Бақ тайса ерге дәулет құралмаған. Меңзеген асқар тауға есіл көңіл, Дүнияда еш нәрседен тына алмаған. Аха- ха-хау, ай, ай, жалған, Жиырма бес қайта айналып, Келмес саған-ай!, деп айтып келіп, түсінік сөзінде бұл керемет әнді: «Автором этой песни, имеющий много вариантов, является акын (поэт) и певец Зильгара Каратокин, живший в середине Х1Х века. Это широкая и печальная песня, очень любимая и популярная не в одной только Семипалатинской губернии, по со­держанию своему может быть определена как сокрушение о том, что «не вернется к тебе твой 25-летний возрост!» (А.В. Затаевич. «Қазақ хал­қы­ның мың әні») деп, оны шалқыта бейнелеп, анық көрсетеді. Қазақ әнінен мол хабардар басқа білімпаздар бұл әнді еш бұлтақсыз Зілғараға телиді. Көкшетауда Зілға­раның «Жиырма бесін» қарт әнші Байсейіт Байбосынов пен әнші-журналист Кәрім Ильясовтың ау­зынан мына қал­пында қағазға түсірдім: Үш жүзге атым шыққан Зілғара едім, Өлең сөзге жасымнан ділмар едім. Баяғы «Жиырма бесім» қайта келсе, Дүниенің төрт бұрышын былғар едім. Қарағай түтіні ащы жақтым арша, Үстіме дүрия бешпент кидім парша. Үш жүзге атым шыққан Зілғара едім, Отырмын от басында балаларша. Зілғара би атандым жүйрігімнен, Кәрілік келіп қалды-ау бүйірімнен. Ішінде Атығайдың Зілғара едім, Құнан қуып шығарды-ау үйірімнен. Қызылжар мен Көкшетауда, Бурабай мен Сырымбетте, Талшықта Зіл­ғараның осы сөзі кең тараған. Кей жерде өлеңнің бірінші шумағы: Үш жүзге атым шыққан Зілғара едім, Алмаған ата тілін бір бала едім, –деп те басталады екен. Зілғара – аты аңызға айналған ірі тұлға! Ол Атығай руының Құдайберлі бұтағы Андағұлға жатады. Зілғараның әкесі – Байтоқа. Байтоқаның інісі – Қаратоқа. Байтоқадан – Зілғара, Шопан есімді екі ұл туған. Зілғараның бірінші әйелінен – Мұса, Шүкей, Уса, Аю, осы төрт ұл. Соңғы екеуінен ұрпақ жоқ. Екінші әйелінен – Тұрлыбек, Әлібек. Әлі­бек әкесі секілді жұлдызды, беделді, батыр атанған екен. Байлығы мен дәулеті өзімен дәрежелес дөйлермен мәртебе салыстырып, иық теңестіріп, басынан сөз асырмаған. Әлібектің осы ірілігін білген Ақан сері Жылқышы деген аруақты кісінің асында алғаш рет Құлагерін жарысқа қосарда, оған құр­метпен бас иіп келіп, сол бәйгеге өкіл әке ретінде бастап баруды өтініп, ба­тасын алған. Сол аста Құлагер бәй­геден келіп, атағы үш жүздің баласына жа­йылып аты шыққан. Осыған масат­танған Әлібек Ақан серіні өз ауылында бірнеше күн қонақ етіп, әндерін әуе­лете шырқатып, дәйім өзі мініп жүре­тін Қарабедеуін, Қараторғай дейтін бүр­кітін, қара мылтығын сыйлайды. Әлі­бек мінез-құлқы жағынан әкесі Зіл­ғараға айнымай тартқан. Зілғара өз өлеңінде: «Алмаған ата тілін бір бала едім» дейді. Әлібекте де сондай дө­ң­айбат, қырсық мінез болған көрінеді. Айтқанынан қайтпайтын Әлібекке тарынған Зілғара: Құдай-ау, о, Зілғара, «орыс па» деп менің тегім, Жаман туған балада, әй, кетті-ау кегім. Соңырада «здрасти» деп айттым десең, Шыңғыстың естисің бе, мақтау сөзін? – депті. Зілғара – шешен, ақын, әнші, серілігі де бар, бақ-дәулеті бір басына жетерлік адам. 1826 жылы дуанбасы болған мансап иесі. Кезінде ылғи ірілермен жа­ғысқан жан-жақты кісі. Соның бірі – ел тұтқасы Есеней оның Ғайнижамал дейтін апасына үйленген. Ол дүниеден қайтқан соң оның сіңлісі Қаныкейге қосылған. Зілғараның бір сүйенген ада­мы – Бағыс Атығайдың шонжары – Тоқ­тамыс нағашысы. Осы кісінің қол­да­уымен шамалы уақыт дуанбасылық қызметті атқарған. Ал, Зілғараның Мұ­са деген ұлы ірі шығып, Шыңғыс тө­реден соң аға сұлтан боп сайланған. Зіл­ғара Атығай ішінде өзімен аталас Құ­рымшы биді арқа тұтқан. Керейде – Ырсай,Тәбей, Тілен, Есенейге тоқтаған. Әсіресе, жоқ жерден жөн тауып, өзін дәйім қолдап отыратын Тіленді «кілтім» деп дәтке қуат еткен. Қарауылда –Кемел, Бөгенбай би, Уақпай, Еленбайлар қолдаған. Зілғараның зәузаты күні бү­гінге дейін сол баяғы ата даңқын мақ­таныш етеді. Ол орыс тілінде де жор­ғалап, еркін сөйлеген деседі. Әл­бет­те, ел басқарып, билікке араласқан адамның жан-жақты қабілеті болуы заңды да. Ол Зілғарадай кемеңгерге жа­расымды да. Негізінде бар болған соң, бар-жоққа қарамай дүниені қалауынша шайқап баққан сол Зілғара өзінің кім екендігін: Өзім бай, өзім батыр Зілғара едім, Алмаған ата тілін бір бала едім. Халқымның қанын жауға сорғызбаған, Айтқанын ақсүйектің болғызбаған. Арғында менен өткен кім бар едің? Үш жүзге атым мәлім Зілғара едім, Жасымнан сөзге шебер ділмар едім. Жиырма бесім кешегі қайта оралса, Арғынның аш-арығын жинар едім, – деп айтып кеткен-ді. Бұл шумақтар Қазақстан Ғылым академиясының орталық ғылыми кі­тап­ханасындағы сирек қорда сақтал­ған. (573-бума, 1-ші, 3-ші дәптерлер.) Шіркін, жастық шақтың гауһардай жарқылдаған «Жиырма бесі»! Оны жыр­­лаған қайран Зілғара! Кешегі бір кеңестік идеологияның теріс сая­са­тының кә­ріне ұшырап, ел аузынан жи­налған өлең-жырлары архивте шіри жаздап, қын түбінде жат­қан алмас қы­лыштай жал­тыл­дап, соңғы жыл­­дарда ға­на «Жұлдыз» журна­лы­ның бе­тінде жа­рық көре бас­таған Зіл­ға­раның жыр­­лары… бір ғана «Жиырма бесі» қа­зақтың ән­ші­лік бол­­мы­сы­ның ру­хын кө­­те­ретін клас­сикалық мұра! Илья ЖАҚАНОВ.