Биылғы Жолдауда қазақстандықтардың денсаулығын жақсартуға қажетті шаралардың бәрі жасалатыны, ол үшін елімізде қолайлы жағдайлар туғызылғаны атап көрсетілгені мәлім. Сала біртұтас ұлттық денсаулық сақтау жүйесіне көшіп, жаңа әлеуметтік жобалар жүзеге асырылды. Дәрі-дәрмекпен жабдықтау, денсаулық сақтау нысандарын салу, заманауи құрал-жабдықтар орнату бағытында да өзгерістер көп. Ендігі міндет аурудың алдын алуға шындап кірісу, бастапқы медициналық-санитарлық жәрдемнің сапасын арттыру, профилактикалық жұмыстарды сауатты ұйымдастыру болып табылады. Жамбыл ауданында «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында 90 адамды қабылдайтын емханасы бар 100 науқасқа арналған ауданаралық туберкулез диспансерінің пайдалануға берілуі шалғайдағы ауыл тұрғындары үшін дәрігерлік көмектің қолжетімділігін арттыра түсері анық.
Қызылжар өңірінде туберкулез қатерлі аурулар тізімінде тұр. Соңғы кездері онымен сырқаттанғандар және қайтыс болғандар санының кемігені байқалады. Фтизиатр дәрігерлер мұндай оң құбылысты адам денсаулығына үлкен қауіп төндіретін аурулардың жолын кесуде мемлекеттік тұрғыдан үлкен мән беріліп, емдеу шараларының кешенді жүргізілуімен байланыстырады. Күрделі ахуал осылайша біртіндеп еңсеріліп келеді. Аудан орталығы Преснов кентінде тұрғызылған екі қабатты медициналық ғимараттың құрылыс жұмыстарымен «Лира» ЖШС айналысты. 8700 шаршы метр аумақты алып жатқан мекемеге республикалық қазынадан 1,5 миллиард теңге құйылып, 83 миллионы медициналық қондырғылар, 48 миллионы жұмсақ жиһаздар алуға жұмсалды.
Оның ашылу салтанатына облыс әкімі Серік Біләлов қатысып, құттықтау сөзінде Жолдаудың негізгі қағидаттарын жиналғандардың есіне салды. Былтыр облыстың денсаулық сақтау саласына 11,8 миллиард теңге бөлінді. Нысандарды қайта қалпына келтіруге 2,2 миллиард теңге қарастырылды. Жолдамамен келген 68 жас маманға тұрғын үйлер мен көтерме ақылар берілді. Негізгі денсаулық сақтау көрсеткіштері жақсара түсуде, деді аймақ басшысы. Сосын ұжымға «Жедел жәрдем» көлігінің кілтін табыс етті. Диспансердің ішін аралап көріп, жоғары талаптарға жауап беретініне көз жеткізді. Екінші қабатта сырқаттың ауыр түріне шалдыққан науқастар үшін бір, екі орынды палаталар орналасқан. Олардың жабдықталуы да көңіл сүйсінтеді. Душ, дәретхана – бәрі ішінде.
– Диспансер 4 ауданның тұрғындарына қызмет көрсетеді. Бұдан тысқары науқастарға қосымша медициналық көмектер беріледі. Соған орай УДЗ, тіс дәрігері, тағы басқа штаттар қарастырылған. 100-ден аса адам жұмысқа орналасты. Жоғары және арнайы орта білімді медицина қызметкерлері – 36. Зертханамыз, физиотерапия, өкпе, жүрек дімкәстігін тез арада анықтайтын шетелдік қондырғы-аппараттар бар, – деді әңгімелескенімізде бас дәрігер Гүлнар Қожанова.
Оның айтуынша, тубдиспансердің қарамағына кіретін аудандар бойынша 2009 жылы өкпе ауруын жұқтырушылар 153 болса, 2010 жылы 83 адам тіркеліпті. Демек, жаңа нысанның бой көтеруі – тың бағдарларды іске қосуға одан әрі мүмкіндік береді деген сөз. Кей мамандар сырттан алдырылыпты. Олар жайлы баспаналармен қамтамасыз етілетін болады. Солардың бірі Александра Омутова облыс орталығындағы жылы орнын осында ауыстырыпты. Бас мейірбикенің келгеніне еш өкінбейтіні күлім қаққан жүзінен айқын аңғарылады. Гүлнар Қаратайқызы да шақыртумен келген.
Не керек, ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында ауданаралық туберкулез диспансерінің қоныс тебуі алыс елді мекен тұрғындары үшін үлкен тарту болды.
Өмір ЕСҚАЛИ.
Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданы.