• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
04 Наурыз, 2011

Дүбірге толы дүние

362 рет
көрсетілді

ФРГ: БИЛІК ЖОЛЫНДАҒЫ КҮРЕСТІҢ ШЕШУШІ КЕЗЕҢІ Еуропаның ең әлеуетті елі Германияда билік тізгінін ұстау қиын. Оған бір елдің ғана емес, кәрі құрлықтың да жауапкершілігі жүктелетіндей. Осы ретте алда бұл елді кім басқарады деген әңгіменің көбірек айтылуы да заңды. Қазіргі канцлер Ан­гела Меркельдің ел тарихында ай­т­у­лы қайраткерлердің бірі ретінде аты қа­латыны даусыз. Бұл күнде оған Еуропа­дағы ең айбынды әй­ел қайраткер деген анықтама берілуі де лайықты. Осы сипаттама елінің қуатты­лы­ғынан ғана емес, оның жеке іскерлік қа­бі­летін де бейнелейді. Бүкіл дүние жү­зін әлемдік экономикалық дағ­дарыс теңселткен шақта Германия секілді алып елдің тізгіні қо­лында болған А.Меркель еуропа­лық тұрақтылыққа тұтқа болған мемлекет басшысының бірі санал­ды. Бірақ биліктің де өлшемі бар. Әсіресе, Еуропа сияқты өркениет­ті аймақта ол демократиялық жолмен айқындалады, таразыға бедел тү­сіп, сарапталады. Қай­рат­керлердің абыройы өздері мүше болған пар­тиялардың беделімен ұштасады. Сол партиялар сайлауда көп дауыс алса, оның көсеміне билік тізгіні тиеді. Ангела Меркель – елдің еж­ел­­гі консервативтік партиясы Хрис­­тиан-демокра­тия­лық одақ (ХДО) кө­семі. Жеке өзі оза шаппа­ға­ны­мен, басқа партиялармен одақтас­қан ХДО соңғы жылдары билік басында. Сол одақтастарына үкіметтегі же­текші орындарды ұсынып, өз­де­рінің коалициялық бағдарла­ма­л­а­рын жүзеге асырып келеді. Коалиция дегенде, үкіметтегі тұтқалы қыз­меттер: қорғаныс министрлігі Христиан-социалистік одақтың мү­­шесі Карл-Теодор цу Гуттенбергке, ал сыртқы істер министрлігі Ли­берал-демократиялық пар­тияның сер­кесі Гидо Вестервеллеге берілген. Сол үшін парламентте көп­ші­лік орынды алған­мен, кейде таяқ та жеді, сөзге де қалды. Қазіргі кезде бұл елде билік үш­ін күрестің шешуші кезеңі өтіп жатыр. Жергілікті парламент (лан­даг) сайлаулары партиялар­дың қо­ғам­дағы орнын айқын­дай­ды. Сон­да­ғы дауыстар билікке же­тудің тағ­дырын шешеді. Одақ­та­сатын партиялар осы кезеңде бірігіп қи­мыл­дап, кө­бірек дауыс жинауға тырысады. Ортақ тіл тауып, сайлау­шы­лар­­дың кө­ңілінен шы­ғатын бағ­дар­ла­ма ұсы­на ал­ма­ған партия өзімен бірге одақ­тасының да ете­гінен тартады. ХДО консервативтік ба­ғы­тын біршама жұмсартып, центристік ба­ғыт­қа ойысқан еді. Он­да­ғы ой – кез келген партиямен одақ­тасуға мүмкіндік алу. Бұл ба­ғыт канц­лер­дің партиясына әзір­гі ұпай әкеле қойған жоқ. ХДО біраз жерде керісінше көп ұпай жо­ғалтты. Әсіресе, ең үлкен портты қала Гам­бургте ойсырай жеңілді. Олар бар жоғы 21-22 пайыз ғана дауыс алыпты, ал өткен 2008 жылғы сай­лауда 42,1 пайыз алған екен. Осы жеңілістен кейін жұрт Ангела Мер­кельдің қайта билік тізгінін ұс­тайты­нына күмән келтіре бастады. Ол ке­те қалған күнде оның орнын кім басады деген әңгіме де көбейді. Жұрт аузында қазір бұл ретте қорғаныс министрі Карл-Теодор цу Гуттенбергтің аты жүр. Жақ­сы жа­ғынан да, жаман жағынан да. Жаман дегенде, жақында оның док­тор­лық диссертациясында бас­­қа­дан көшіріп алған жерлер бар деген сөз шығып, ол расқа айнал­ған­дай. Өйткені, оны Гутенберг жоққа шығарған жоқ. Жақсы жағы дегенде, халық әлі де жасы қырыққа толмаған осы­нау қайраткерге айрықша құрмет­пен қарайды. Оны болашақ канцлер ретінде қабылдайды. Жүр­гізілген са­уалдамаға қарағанда, екі немістің бірі оны қолдайтын көрінеді. Бұ­рын үш немістің екеуі қолдаған ек­ен. Осы жерде канц­лердің күні кеше К.-Т. цу Гуттенбергті орнынан алып, қорғаныс министрі етіп, Т. де Мезьерді та­ғайындағаны біраз адамға таң көрінген. Әйтеуір, бұл билік жо­лындағы күрестің бір көрінісі екені анық. Немістердің билік үшін күрес кеңістігінде қызу айқас. Биліктегі консерваторлардың ықпалы бір сәт бәсеңдеген сәтте солшыл пар­тия­лар­дың белсенділігі артқаны аңға­ры­­ла­ды. Алда тартыс қыза­тын сыңайлы. АШЫҚҚАН ХАЛЫҚ АШЫНСА ЖАМАН Солтүстік Кореядан тағы бір жайсыз хабар жетті: бұл елде жаппай аштық қаупі туған көрінеді. Мұндай хабарды үкіметтің өзі таратып отыр. КХДР басқа елдерден азық-түлік жөнінде көмек сұраған. Бұл ел басшы­ла­рының «діні қатты» екені белгілі. Олар бас­қаның алдында тө­­мендегісі келмейді. Әдетте өздерінің мүш­кіл халін мой­ын­да­май, жағда­йы­мыз жақ­сы дейді. Со­лай деп кердеңдеуінің салдары­нан бұдан бұрын, әсіресе 90-шы жылдардың басында біраз халқын аштықтан қыр­ған. Ашқұрсақ өмір әсіресе ба­ла­ға, сол баланы емізген анаға қиын. Соны ескеріп, әлем жұртшы­лы­ғы, халықаралық ұйымдар әркез КХДР халқына көмек қолын ұсы­нып жатады. Мұндай көмекті Пхень­янның «қас жауы» санала­тын елдер де беріп жатады. Ай­талық, осыдан екі жыл бұрын АҚШ бұл елге 170 мың тонна азық-түлік берсе, іргесіндегі Оң­түс­тік Корея жыл сайын 500 мың тонна беруді дәстүрге айнал­дыр­ған еді. Осы жерде тағы бір жайды айт­қан жөн. Көмек қолын ұсын­ған­дар өзі берген азық-түліктің сол аш­ық­қан халыққа жеткенін қалай­ды жә­не оны қадағалағысы келеді. Өкі­ніш­ке қарай, бұл елдегі билік ор­ын­дары берген көмекті өзінше пай­далануды көздейді. Бі­разын жырып алып қалатыны өз алдына, жұрт­тың көзінше халыққа таратқан бо­лып, бақылаушылар кеткен соң, қай­та­дан жинап алған жай да кездесіпті. Қайырымдылық жасаушылар мұн­­дай жағдайды аңғарысымен бұл елге өз көмектерін ұсынуды шектеді, жергілікті билікке талаптар айтылды. Осылайша үнемі билік орындары мен көмек берушілер арасында кикілжің туып жатады. КХДР-дың ядролық бағдарла­ма­сына байланысты, сондай-ақ қайы­рымдылық көмектің дұрыс пайда­ланылмауына орай, біраз елдер Сол­түстік Кореяға соңғы кезде сырт қарай бастаған. Бұл мұндағы жағ­дай­ды мүлдем қи­ын­датып жіберді. Со­ған орай ел бас­шы­лығы басқа­лар­дан көмек сұрауға мәжбүр бол­са, БҰҰ-ның Дү­ние­жү­зі­лік азық-тү­лік бағ­дар­ламасы ұйы­мы да аса қиын жағдайдың қа­лып­тас­қанын мә­лім­деп отыр. Мұндай көрі­ніс­тің қалыптасуы елдегі жүйенің «жемісі» екені даусыз. Жері де, халқы да бірдей Оңтүстік Корея әлемдегі ең да­мыған, бақуатты елдің бірі. Бұ­ған дейін жыл сайын көмегін де бе­ріп келді, тек соңғы кездегі жағ­дай­ға байланысты оны шектегені бар. Жалпы, корей халқы еңбекқор. «Форбс» журналының зерттеуінше, Оңтүстік Корея тұрғындары әлем­дегі ең еңбекқор халық екен. Олар жылына 2367 сағат жұмыс істейтін көрінеді. Ал олардың сол­­түстіктегі туыстары, әскери тәр­тіпті еске алғанда, бұлардан аз ең­бек етпейтін шығар-ау. Бірақ олар­­дың еңбегі көбіне халықтың әл-ауқатын жақ­сар­туға емес, со­ғыс­тың қажетіне бағытталып жа­тады. Биыл оған табиғаттың да тар­шы­лығы қосылып отыр. Былтыр су тас­қыны қинаса, қазір соңғы алпыс жыл­­да болмаған суық титықтатты. Бұл аз болғандай, мал жұқпалы ау­ру­ға ұшырап, көп қырылды. Соның бәрі жығылғанға жұдырық болып отыр. Әдетте халық ашықса да, бұл елдің үкіметі әскерді ашықтыр­май­тын. Тұрғындары 24 мил­ли­он­ды құ­рап отырған елдің әскері мил­ли­он­нан асады. Соның та­ма­ғы ха­лық­тың мойнында. Қазір олар да ашыға бастапты. Елдің билеуші Еңбек партиясы әскерге тамақтан көмектесейік деп үндеу тастаған. Аш әскер көтерілсе, сол жаман, қиыны да сол. Мамадияр ЖАҚЫП.