• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
04 Наурыз, 2011

Мәдениеті мәнді, тұрмысы сәнді ауыл

606 рет
көрсетілді

Қоғамдық өміріміздің ажы­ра­мас бір бөлігі – мәдениет са­ла­сы. Сондықтан да кейде осы са­ланың жәй-күйіне үңіліп, мәде­ниет қыз­меткерлерінің алдында тұрған міндеттерді ой тара­зы­сына салып отырғанның еш ар­тықшылығы жоқ. Кешегі бір күні журналистік іссапарымыз осындай тақырып жүгін арқа­ла­ды. Бұған қозғау салған Батыс Қазақстан облыс­тық мәдениет басқармасының бастығы, «Құр­мет» орденінің иегері Айдар Батырханов болатын. Сөйтіп, Ресейдің Саратов гу­берниясымен шектесетін, Батыс Қазақстанның батысындағы Тас­қала ауданына бағыт алдық. Осы аумаққа қарасты Мерей ауы­лы­ның тұсынан бізді Тасқала ауда­нының әкімі Өтеміс Мыр­заға­ли­ев қарсы алды. Бұдан әрі ауыл­дар­ды аралай жүріп, ондағы мә­де­ниет мекемелерінің қызме­ті­мен, кітапханалар мен клуб­тар­дың жұмыстарымен таныс­тық. Биылғы қыстың соңғы айлары, осы кездегі ақырған аяз бен үскірік жел, ұйтқи соққан борандар батысқазақ­стандық­тар­ды біраз қысып жіберді. Ос­ындай сы­ни шақта аудандағы мәдениет мекемелері «кәрі құда – қысты» жақ­­сы әзірліктермен қарсы ал­ған­да­рына куә болдық. Бұл ғи­ма­рат­тардың іші қыз-қыз қайнап тұр. Ауылдардағы мәдениет үйле­рі мен кітапханаларға күрделі жөндеулер жүргізіліпті. Соған сәйкес жаңа музыкалық аспаптар мен құралдар алынған. Тек Мерей ауылындағы Мәдениет үйіне ғана күрделі жөндеу жүр­гізу қажеттілігіне көз жеткіздік. Бұл мәселе биылғы жылдың еншісінде тұрған көрінеді. Оның жобалау-сметалық құжаттары жасалыпты. Соған қарамастан, Мәдениет үйінде жүргізіліп жат­қан мазмұнды жұмыстар көңі­лімізге қонды. Мұнда алдағы Елбасы сайлауына байланысты көрнекі материалдар да жүйелі көрініс тауыпты. Ең бастысы, ауылдардағы мәдениет қызмет­кер­лерінің бойынан өз істеріне деген жауапкершілік пен құл­шы­нысты байқадық. Тағы бір көзімізге жылы ұшы­раған көрініс – Ақтау ауы­лын­дағы Мәдениет үйінің ал­дын­да ілінген – киноафиша. Жер­гілікті тұрғындардың ауыл клубтарына келіп кинофильмдер көру үрдісі кешегі кеңестік ке­зеңмен бірге келмеске кеткен шығар деп ойлайтынбыз. Қате­лес­кен екенбіз, олай емес екен. Мұның мән-жәйіне келсек, об­лыстағы бұрынғы кинопрокат жүйесі құрып кетпепті. Аудан­дық мәдениет бөлімдері осы құрылымға бүгінгі уақыт рухына сай келетін кинофильмдерге сұ­раныс беріп отыратын көрінеді. Несі бар, бұл әбден құптауға тұрарлық іс болса керек. Журналистік іссапар бары­сын­да көзбен көріп, көңілге түй­ген тағы бір жәйт – аудандық кітапханалар жүйесінің толыққан­дылығы. Мұндағы кітапхана­шы­лардың ауылдағы ағайындардың кітап оқуға деген сұраныстарын өтеуге ұмтылыстары қуандырған. Тәуелсіздіктің алғашқы жыл­дарында оңтайландыру желеуімен республика ауылдарындағы кітапханалар жүйесі мен өзге де мәдениет орындары құрып кете жаздағаны белгілі. Осы тұрғыда Орал оңтайландырудың оқшан­тайына ілікпей қалған елдегі санаулы өңірлердің бірі десек, шындықтан алшақ кетпейміз. Де­рек көздеріне қарағанда, бү­гінде облыстағы 407 кітапха­на­ның әрқайсысы 1200 адамға қыз­мет жасайды. Ал тұрғындар тығыз қоныстанған Оңтүстік Қа­зақстан облысында бүгінде 438 кітапхана болса, бұл көрсеткіш мұнда­ғы әр кітапханаға шақ­қан­да 5813 оқырманнан келеді екен. Сондай-ақ Батыс Қазақстанда әр 2100 ­ауыл тұрғынына бір клубтан келсе, Оңтүстік Қазақстанда бұл көрсеткіш 5500 төңірегінде. Облыстық кітапханалар жү­йе­сіндегі осындай кеңөрістілік көріністері өзіміз аралаған Тас­қала ауданының мысалынан да айқын байқалады. Сол күні түс ауа Тасқала ауданының орта­лы­ғында мәдениет қызметкерле­рінің жиы­ны өткізілді. Онда сөз сөйлеген Батыс Қазақстан об­лыстық мәдениет басқарма­сы­ның­ бастығы Айдар Батырханов өз ойын былайша түйіндеді: – Бүгінгі біздің қазақстандық қоғамда мәдениет қызметкер­ле­ріне жүктелер жауапкершілік жо­ғары. Олар руханият әлемін­дегі барлық жақсылықтық жар­шысы. Станиславский айтқан­дай: театр – киімілгіштен басталса, әр мә­дениет қызметкері мәдениеттілік өнегелерін алды­мен өзінен бас­тауы керек. Тек сонда ғана олар өзгелердің бо­йына мәдениет ұшқындарын дарыта алады. Біз кейде қызмет – қолдың кірі деген сыңаржақ түсінікті естіп қаламыз. Солай ма, өзі. Сірә, бұл белгілі бір орта мен ұжымға сүйкімсіз болған, сол сүй­кім­сіздігінің салдарынан қызметі­нен айырылған әлдебіреулердің айтқан сандырағы болса керек. Жоқ, қызмет қолдың кірі емес. Ол сенің қоғамдағы орның. Тәу­елсіз, егемен елінің өсіп-өр­кен­деуіне қосар үлесің. Қала берді өз ортаң мен ұжымыңның, дос- жолдастарың мен ағайын-ту­маң­ның, отбасыңның алдындағы абы­ройың, беделің мен салма­ғың. Біз мәдениет қызметкері делінетін биік мағынасындағы қо­ғам­дық тіркеске де осындай пай­ым тұрғысынан қарауға тиіспіз. Міне, осылай деп әдемі түйін жасаған облыстағы мәдениет са­ласының басшысы бұдан соң Тасқала ауданына құр қол келмегенін көрсетіп, кіші стандарттар өлшемі бойынша аудандағы бар­лық мәдениет үйлері мен клуб­тарға компьютерлі музыкалық аспаптар кешенін сыйға тартты. Ұзын сөздің қысқасы, шек­ара­лық өңір – Тасқала ауданын­да мәдениет саласына арналған күн мазмұнға толы болды. Сон­дай-ақ бұл күн мәдениет қыз­мет­керлерінің жақсы істерін үлгі етіп, олардың жүректеріне рухани сілкініс отын жағуымен де өз жарасымын тапқаны талассыз. Темір ҚҰСАЙЫН. Батыс Қазақстан облысы, Тасқала ауданы.