Оның анасы ақын еді. Оған қоса жастайынан халықтың қымбат қазынасы – ауыз әдебиетімен ауызданғандықтан, ертегі мен аңыз әңгімелерді көп білетін. Сол білгенін бауыр еті балапанының құлағына құя берді. Тұлымшағы желбіреген кіп-кішкентай балапаны да ертегі тыңдауға құмар-ақ. Өзі құймақұлақ. Не айтса да қалт жібермей қағып алып, анасынан естігенін өзімен тете ойын балаларына сол қалпында айнытпай айтып беретін.
Иә, анасы Зияда Жарболқызы айтқан сол аңызды көкірегіне тоқып алған, бүгін ортамызда жарқырап жүрген жаны жомарт жайсаң жан, әйгілі академик Күләш Құнантаева еді.
Республикаға белгілі институттың үлкен ұжымы оны құшақ жая қарсы алды. Жаңа ортаның жатсынбай, ыстық ықыласпен қабылдауы қобалжыған көңілін көкке көтерді, жігерін жанып, қанаттандырып жіберді. Сол көтеріңкі көңіл күймен жұмысқа құлшына кіріскен оны біршама жолға қойылған оқу процесімен бірге институттың өте жұтаң материалдық базасы қатты алаңдатты. Ұзақ ой-толғаныстан соң аса ауқымды жоспар жасады. Ақ қағазға арман болып құйылған қиялы ғажап! Ал, оны іске асыру өте қиын. Көз алдында сап түзеген еңселі әсем ғимараттар өмірге келу үшін қаншама қажыр-қайрат, ең бастысы – аса мол қаржы керек. Мұндай күрмеуі күрделі проблема республиканың бірінші басшысы Қонаевтың қолдауынсыз шешілмесі анық. Ендеше, сол кісіден көмек сұрау керек. Осы ойға бекінсе де жүрексініп біраз жүрді. Есімі мен еңбегін әлем таныған, талай жақсы мен жайсаң табынған үлкен кісімен сөйлесу оңай ма?! Ауыл шаруашылығы саласында басшы қызметтерде болған әкесі Құнантай, тарихшы ғалым ағасы Мұздыбай, Мәскеуде білім алған әпкесі Күлпаш мұны батылдыққа баулымап па еді? Енді бір сәт оның ойына осы жұмысқа барарда ағалық ақылын айтқан Қонаевтың: «Менің көмегім қажет болса, қысылмай келе беріңіз» деген сөзі оралып, өзіне жылы қабақ танытқан мейірімді жүзі келе қалды. Сол сәт өзінде өзгеше бір батылдық пайда болған ол Қонаевтың қабылдауына келді.
– Димаш Ахметұлы! Сіздің көмегіңіз қажет, – деді толқи сөйлеген ол. – Уақытыңызды алғаным үшін ғафу өтінемін.
– Уақыттың аз екені рас, – деді Қонаев бұған жылыұшырай қарап. – Әйтсе де, республикадағы ғана емес, бүкіл одақтағы бірегей оқу орны – Қыздар педагогикалық институтының білдей бір ректорымен сөйлеспегенде, кіммен сөйлесеміз? Қысылмай айта беріңіз.
– Өзіңіздің қамқорлығызбен өсіп, өркендеп келе жатқан одақта баламасы жоқ бірегей институттың материалдық базасын нығайту ауадай қажет.
– Оған не кедергі?
– Қомақты қаржы керек. Соған көмектесуіңізді өтінемін. Міне, мынау жаңа құрылыс жоспары.
– Пәлі, – деді Күләш ұсынған қағазға көз жүгіртіп өткен Қонаев бұған сүйсіне қарап, – өзің ғалым-ректор ғана емес, жобалаушы-құрылысшы да екенсің ғой.
– Қазақтың қаракөз қыздары үшін құрылысшы болуға да дайынмын!
– Жөн, дұрыс айтасыз. «Біліп айтқан сөзге құн жетпейді, тауып айтқан сөзге шын жетпейді» депті Төле би. Тағы бір тапқыр сөз ойға оралып отыр. «Сөздің өзі бала: тербетсе – оянады, тербетпесе – оянбайды». Бұл Байдалы шешеннен қалған нақыл. Сіз Күләш Құнантайқызы, сөзді тербетіп қана емес, қазағымыздың келешегін сіз бен біз ойламасақ, кім ойлайды деген ұлағатты ойды да оятып отырсыз. Мемлекеттен институтқа арнайы үлкен қаражат бөлінеді. Иығыңызға аса үлкен жүк артып отырсыз. Ісіңізге сәттілік тілеймін.
Осы әңгімеден соң Қыздар институтының бас ғимараты орналасқан жер алып құрылыс алаңына айналды. Арада екі жарым жыл өткенде Гоголь – Сейфуллин – Байтұрсынов көшелерінің қиылысында студенттерге арналған төрт бірдей жатақхана бой көтерді. Әрқайсысы үш жүз, төрт жүз орындық жатақханаға ұзын саны бір мың алты жүз студент орналасты. Олар жатақханаларға жай жайғасып қана қойған жоқ, қолдарына қызыл белдеулі ресми қағаз – ордер алып, қалаға тіркелді. Сонымен бірге бір мезгілде бір мыңнан аса адамды тамақтандыратын мүмкіндігі бар асхана мен спорт комплексі салынып, Масанчи мен Сейфуллин көшесінің қиылысынан төрт қабатты жаңа ғимарат – оқу корпусы бой көтерді. Солармен жарыса салынған сексен пәтерлік тұрғын-жай үйсіз жүрген ұстаздарға берілді. Материалдық базаның жақсаруы жаңадан он екі лаборатория ашуға, тәжірибелі педагогтарды жұмысқа қабылдауға мүмкіндік берді. Осының бәрі институттың оқу және ғылыми жұмыстарын жаңа биікке көтерді.
Бір мың тоғыз жүз алпыс сегізінші жылдың күзінде Д.Қонаевтың қабылдауында болған кезде айтқан: «Сізді ұятқа қалдырмауға тырысамын» деген серттей берік сөзінде тұрды ректор Күләш Құнантаева. Бірінен бірі көркем, сырты нұрлы, іші сырлы көп қабатты еңселі ғимараттарды бүгінде ел «Күләш Құнантаева қалашығы» деп атайды. Сол «қалашық» салынып біткенше Күләштың бір тыным таппай, жанкешті еңбек еткені көптің көз алдында. Ал, қанша түнді ұйқысыз, қаншама күнді күлкісіз өткізгені оның өзіне ғана аян.
Қыздар институтындағы «Күләш Құнантаева қалашығы» қайтпас, қайсар, қайраткер қазақ қызының отызда бұзған ордасы. Оның қырқында алған қамалы тағы бар.
Олай дейтініміз, он жыл бойы республика комсомол ұйымында хатшы, бірер жыл министрдің орынбасары, екі мәрте Қазақстан Жоғарғы кеңесінің депутаты болған, жиырма үш ғылым кандидаты мен докторларын даярлаған ғұлама ғалым, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қыздар институтында он алты жыл ректор болған оның талай тамаша өнегелі істерімен көпке үлгі болуымен бірге «Айгүл» атты ән-би ансамблін ұйымдастырып, сол ансамбльден Мәдина Ералиева сынды сан бұлбұлды ұшырғанын, бұл күнде «Күләш Құнантаева мектебі» аталған ұлағатты ұядан жүздеген шәкірті қанат қаққанын айтып отырмыз.
Хакім Абайдың: «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың; адамдық қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың» деген сөзін жастайынан жаттап өсіп, айналасына Ай мен Күндей жарық сәуле шашып жүрген Күләш Құнантайқызы күні бүгінге дейін ел-жұртқа қайырымдылық жасаудан жаңылған емес. Бұл оның сом алтындай асыл қасиеттерінің бірі.
Өмірдің сан сырында сүрінбеген Күләш Құнантайқызы Жүсіп Баласағұн айтқандай ісі – қайырымды, сөзі – мейірімді, жаны жомарт жайсаң жан. Оны қартайтпайтын, шаршатпайтын көп құпияның бірі, бәлкім, бірегейі осы болса керек.
Сәбит ДОСАНОВ, азушы, М.Шолохов және В.Пикуль атындағы халықаралық сыйлықтардың лауреаты.