Елімізде соңғы жылдары құрылыс саласына мемлекет тарапынан бұрын-соңды болып көрмеген қолдау көрсетілді. Әсіресе мемлекеттің тікелей қолдауымен алданып қалған үлескерлердің мүддесін қорғау мақсатында ешбір мемлекеттің тарихында болып көрмеген қаржылық көмек берілді. Әлемдік қаржы-экономикалық дағдарысына қарамастан еліміздегі тұрғын үй құрылысы саласын дамытуда тоқырау болған жоқ. Алдағы уақытта да бұл мәселеге айрықша мән берілмек. Міне, осы көкейкесті мәселелердің қаржылық жағынан қамтамасыз етілуі және тұрғын үй құрылысының жаңа бағдарламасының қарапайым халыққа беретін мүмкіндіктері мен мемлекет тарапынан қандай қаржылық қолдау көрсетілетіндігі жөніндегі мәселелер туралы Қаржы министрі Болат ЖӘМІШЕВТІ әңгімеге тартқан едік.
– Болат Бидахметұлы, әлемдік дағдарыстың экономиканың барлық саласына, оның ішінде, тұрғын үй құрылысына тигізген кері әсерлері белгілі. Бұл ретте Үкімет ықпалды шаралар белгілеп, әсіресе үлескерлер мүддесін қорғауға қаржылық қолдау көрсету нәтижесінде еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын тоқыраудан сақтап қалды. Осыған байланысты дағдарысқа қарсы іс-қимыл бағдарламасы шеңберінде тұрғын үй құрылысы саласына қандай қаржылық қолдау көрсетілгені және оның тиімділігі туралы қысқаша айтып өтсеңіз.
– Иә, әлемдік қаржылық дағдарыс құрылыс саласын, оның ішінде, тұрғын үй құрылысын тұралатып кеткені шындық. Мемлекет ерекше назар бөліп, Үкімет қабылдаған шұғыл шаралардың арқасында еліміз экономикасының бұл саласы қаржы дағдарысы қиындықтарынан қиналмай шықты. Бәріңізге белгілі, 2007 жылы елімізде күрт дамып келе жатқан құрылыс индустриясы тығырыққа тіреліп қалды. Сондықтан мемлекет бұл маңызды саланы қаржы тығырығынан шығару мақсатында бұрын-соңды ешбір мемлекеттің тәжірибесінде болмаған кешенді шараларды қолға алды.
Мәселен, 2007 жылдан бері үлескерлердің қатысуымен салынып жатқан тұрғын үй құрылысы кешендерін қаржыландыруға мемлекет тарапынан 400 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалды. Оның ішінде 263,5 миллиард теңге республикалық бюджеттен және Үкімет қорынан берілсе, 170 миллиард теңге Ұлттық қордан бөлінді. Міне, осындай мемлекеттік көмектің нәтижесінде өткен мерзімде 54 мың үлескердің мүддесі ескерілген 397 тұрғын үй кешені пайдалануға берілді. 2011 жылдың 1 ақпанына дейінгі дерек бойынша елімізде 13 мың үлескердің қатысуымен салынып жатқан 57 тұрғын үй кешені ғана қалды. Оның ішінде 6 мың үлескердің қатысуындағы 25 нысан Астана қаласына, 3 мыңнан астам үлескердің қатысуындағы 18 нысан Алматы қаласына тиесілі. Бүгінде бұл нысандардың барлығы қаржылық жағынан қамтамасыз етілген. Биылғы жылы бұл проблема толық шешімін таппақ. Аталған тұрғын үй кешендерінің құрылысын аяқтау міндеті жергілікті атқарушы органдарға, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, «Самұрық-Қазына» Жылжымайтын мүлік қоры» АҚ, «Стрессті активтер қоры» АҚ сияқты ұйымдарға жүктелген.
– Құрылыс саласындағы бақылаудың әлсіздігіне байланысты үлескерлердің қатысуымен тұрғын үй құрылысын салатын компаниялардың жүгенсіз кеткендігі рас. 2009 жылы республикамызда үлескерлердің қатысуымен құрылыс нысандарын салатын компанияларға бақылау мен талапты күшейтетін заң қабылданды. Осыған байланысты енді үлескерлердің қатысуымен салынатын нысандарға иек артып келген компаниялар тұрғын үй құрылысының көлемін тым азайтып жібермей ме?
– Дұрыс айтасыз, бүгінде жеке меншік инвесторлардың тұрғын үй құрылысы саласына қатысуы азайып кетті. Оған қаржы дағдарысына байланысты тұрғын үйге деген сұраныстың, банктердің белсенділігінің төмендеуі, үлескерлердің қатысуымен салынатын құрылыс нысандарының азаюы, 2008-2010 жылдарға арналған тұрғын үй құрылысы бағдарламасының аяқталуы және басқа маңызды шаралар себеп болып отыр. Алайда, Үкімет тарапынан дер кезінде қабылданған дағдарысқа қарсы іс-қимыл шаралары тұрғын үй құрылысы көлемінің төмендеуіне жол берген жоқ. 2010 жылы бұл салада 2009 жылы қол жеткізген меже сақталынып қалды. Мәселен, өткен жылы елімізде 6,4 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Қазір Үкімет тұрғын үй құрылысы рыногын жандандыру, бұл салаға банк инвестицияларын көп тарту мақсатында жаңа тұрғын үй құрылысы бағдарламасын қабылдады.
Қолға алынған осындай кешенді шаралардың арқасында 2011 жылы қаржыландырудың барлық көздері бойынша елімізде пайдалануға берілетін тұрғын үй көлемі 6 миллион шаршы метр көлемінде сақталып қалмақ. Оның ішінде 500 мың шаршы метр тұрғын үй республикалық бюджеттің есебінен, 2,3 миллион шаршы метр үлескерлердің қатысуымен бітпей қалған нысандарды мемлекет тарапынан қолдау есебінен, 400 мың шаршы метр коммерциялық тұрғын үй, 2,8 миллион шаршы метр жеке меншік тұрғын үй құрылыс нысандары болмақ.
– Қарапайым халық үшін баспана мәселесі қашанда өзекті болып келеді. Мемлекет тарапынан тұрғындар үшін қолжетімді пәтерлер салуды көбейту мақсатында қандай шаралар жүзеге асырылмақ? Қолжетімді пәтерлер салудың және оларды халыққа берудің қандай тиімді тетіктері ойластырылған?
– «Нұр Отан» ХДП ХІІІ съезінде бұл мәселеге айрықша мән беріліп, Үкімет алдына нақты міндеттер қойылғанын білесіз. Осыған байланысты бүгінде тиісті органдар еліміздің 2011-2014 жылдарға арналған тұрғын үй құрылысының жаңа бағдарламасын жасауда. Қазіргі таңда осы бағдарлама бойынша тұрғын үй құрылысы саласына мемлекеттік қолдау көрсетудің үш негізгі бағыты анықталды.
Біріншіден, тұрғын үй құрылысы қорлары жүйесінің қатысуымен жергілікті атқарушы органдар арзан бағамен несиелік пәтерлер берілетін тұрғын үй нысандарын салады. Бұл мақсатқа 2011-2013 жылдар аралығында мемлекет есебінен 40,8 миллиард теңге қаржы бөлінбек. Оның ішінде қанатқақты жобаларды жүзеге асыру үшін 2011 жылы 20,8 миллиард теңге қаржы жұмсалмақ. Бұл жүйені жүзеге асыру үшін Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі пәтер сатып алушы әрбір банк салымшысына арнайы пул ашады. Соған байланысты жергілікті атқарушы органдарға тұрғын үй нысандарын салуға тапсырыс береді. Ал жергілікті атқарушы органдар осы тапсырысқа байланысты тұрғын үй нысандарын салып, пайдалануға бергеннен кейін банк салымшыларымен тиісті пәтерлерді сату және сатып алу жөнінде келісім-шарт жасайды. Өз кезегінде Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі банк салымшысы пәтерді қабылдап алғаннан кейін жергілікті атқарушы органдарға салынған нысанның қаржысын аударады. Жергілікті атқарушы орган несиені республикалық бюджет есебінен жабады. Ал пәтер сатып алушы банк салымшысы алған пәтерін Тұрғынүйқұрылысжинақбанкіне келісім-шарт бойынша алған қарызын жапқанша кепілдікке қояды. Бұл жүйенің қанатқақты жобалары биылғы жылы еліміздің барлық өңірлерінде жүзеге асырыла бастайды.
Екінші – екінші деңгейлі банктерді құрылыс нысандарын салу үшін қаржылық қорландыру жүйесі. Бұл жүйе бұрын тәжірибеден өткен тұрғын үй құрылысы рыногын қаржыландырудың әртүрлі іс-қимылдары бойынша жүзеге асырылды. Бұл жерде негізінен құрылысты қаржыландыру мәселесін айтып отырмын. Атап айтқанда, 2011 жылы екінші деңгейлі банктер құрылыс жобаларының 50 пайызын қаржыландыру үшін оларды қорландыруға мемлекет тарапынан 57 миллиард теңге қаржы қарастырылмақ. Ал құрылыс нысандарының қалған 50 пайыз құнын банктердің өздері қаржыландыратын болады. Бұл ретте несие алатын құрылыс салушылардың банкке төлейтін өсім ставкасы жылына 12 пайыздан аспауға тиіс. Банкке салынатын қаржы екінші деңгейлі банктер мен Қазақстан қаржыгерлер ассоциациясының арасында жасалған келісімдер негізінде жүзеге асырылады. Осы қаржы есебінен салынатын тұрғын үй кешендеріндегі пәтерлер негізінен жайлылығы үшінші дәрежедегі жалпы тұрғындарға қолжетімді пәтерлер болмақ.
Үшіншіден, мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектің бастысы, инженерлік-коммуникациялық желілер құрылысын салу болып табылады. Инженерлік жүйелер негізінен тұрғын үй кешендері салынатын, оның ішінде жеке меншік тұрғын үйлер салынатын аймақтарда жүргізілетін болады. 2011-2012 жылдарда осы мақсат үшін мемлекет тарапынан 40 миллиард теңге қаржы бөлінбек. Оның ішінде 10 миллиард теңге қаржы биылдың өзінде іске жаратылмақ. Осы шаралар жыл сайын 1,2 миллион шаршы метр жеке меншік тұрғын үй салуға және мемлекеттік және коммерциялық тұрғын үй кешендерін дер кезінде пайдалануға беруге мүмкіндік бермек. Сөйтіп 2011-2012 жылдар аралығында бюджет қаржысы есебінен бұл мақсаттарға бөлінетін қаржы 150 миллиард теңге көлемінде болмақ. Жалпы алғанда, жоғарыда айтылған шаралар іс жүзіне асатын болса, жыл сайын елімізде 6 миллион шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру қамтамасыз етілмек.
– Екінші деңгейлі банктерді қорландыру арқылы салынатын тұрғын үй құрылысы және оны қаржыландырудың жаңа жүйелері туралы айтып өтсеңіз.
– Тағы да қайталап айтамын, мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау құрылыс нысандарын қосымша қаржыландыру арқылы ғана жүргізіледі. Тұрғын үй құрылысын одан әрі қаржыландыру, пәтер сатып алушылардың пул жүйесін қалыптастыру тетіктерін банктер өз бетінше жүзеге асырады. Оның жолдары көп. Мәселен, банк салымшылардың пул жүйесін қалыптастыруда сатып алуды кейінге қалдыру жүйесі негізінде депозиттік-толықтыру бойынша, ипотеканы сату жүйесі негізінде депозиттік-толықтыру бойынша немесе Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі жүйесі бойынша жүзеге асыруы мүмкін. Пәтерлер тікелей сатылуы да мүмкін. Бұл жүйелердің бәрін салымшы және банк өзара келісім арқылы жүзеге асыратын болады.
– Бұдан басқа пәтерлерді жалға алу тетіктері қалай жүзеге асырылады?
– Пәтерлерді жалға алу жүйесі елімізде заңдық негізде 2009 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Осыған орай «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ құрамында «Самұрық-Қазына» Жылжымайтын мүлік қоры» АҚ құрылған. Бұл Жылжымайтын мүлік қорының басты міндеті Қазақстан тұрғындарын қолжетімді пәтерлермен қамтамасыз ету болып табылады. Осыған байланысты қор мемлекет тарапынан қаржыландырылды. Қордың ең басты міндеттерінің бірі, құрылысы аяқталмаған тұрғын үй кешендерінің жұмысын аяқтап, пайдалануға беру. Алайда, Жылжымайтын мүлік қорының бағдарламасы негізінен өтем төлеуге қабілеті бар тұрғындарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған.
Қор бағдарламасы бойынша, пәтерлер негізінен үш тетік бойынша жүзеге асырылады: біріншіден, классикалық жалға алу үлгісі, екінші, жалға алу құнын біртіндеп төлей отырып болашақта пәтерді жеке меншікке алу, үшіншіден, жалға берілген пәтерді бірден сатып алу. Осы айтылған үш тәсілдің ішіндегі қазақстандықтар үшін ең жаңа түрі жалға берілген пәтерді жалға алған құнын ай сайын төлеп отыру арқылы болашақта жеке меншікке айналдыру болып табылады. Яғни, жалға алушы ай сайын пәтердің жалға алған сомасын төлей отырып жалға алған мерзімі (келісім-шарт жасалған кезеңнен бастап 13 жыл) біткеннен кейін пәтерді өзінің жеке меншігіне алады.
Жалға берілген пәтерді меншікке алу тетігі негізінен жергілікті әкімдіктер арқылы жүзеге асырылады. Мұндай пәтерлерді жалға алуға басымдық балалары бар жас отбасыларына, мемлекеттік қызметкерлерге, мемлекеттік мекемелер мен мемлекеттік кәсіпорындардың қызметкерлеріне беріледі. Пәтерлері жалға берілетін мемлекеттік тұрғын үй кешендерін салуға республикалық бюджеттен жергілікті атқару органдарына 2011-2013 жылдар аралығына 30 миллиард теңге бөлініп отыр.
Әңгімелескен Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.