• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
04 Наурыз, 2011

Тұнық су ішкен ауылдар

934 рет
көрсетілді

Қазығұрт ауданында Ақжар елді мекеніне қарасты Шанақ деген ауыл бар. Шалғайда жатқан осы ауыл ауыз судың азабын бір кісідей тартқан. Су жоқ емес, бар, бірақ ащы. Ауылдың тұрғыны Тұр­лыбек Елемес осы ауылда тұратын үш мың халықтың сексен пайызы бүйрек, асқазан ауру­ларымен ауыратын еді. Былтыр­ғы жылы облыс басшысы Асқар Мырзахметов ауылға келгенде осы мәселені айттық. Ауыр жағ­дайымызды білген облыс әкімі тапсырма берді. Қаржы бөлінді. Енді міне, тәтті су ішіп отырмыз. Бұрын ауылға келетін қонақтарға алдын-ала дұғай сәлем айтып, тұщы су алдыратын едік. Енді олар «суларың қандай тәтті» деп, қайтарларында бізден әкете­тін болды. Биыл еліміздің Тәуелсіз­дік алғанына жиырма жыл болып отыр. Оған үлесімізді қосу үшін әр отбасы жиырмажылдыққа жиырма түп көшет отырғызуды қолға алып жатырмыз. Бұл – ауы­лымыздың қолы жеткен тұщы суының арқасында  болып отыр дейді. Таза ауыз су бағдарламасы бойынша облыста қандай шаруалар атқарылды? Су құбырының құрылысы, қай­та құру, ағымдағы жөндеу және жобалық-сметалық құжаттарға 7,7 млрд. теңге қаралды. 75 мың­нан астам халқы бар 30 елді мекенде ауыз су жүйелері пайдала­нуға берілді. Нәтижесінде, құбыр суымен қамтамасыз етілген елді мекендер саны 512-ге жетті. Тасымалдап су ішетін 13 елді мекен проблемасы шешілді. Су есептегіш құралдармен қамту 41 пайыздан 95 пайызға жетті. 2011 жылы 100 пайыз орында­лады. Түркістан қаласы кәріз жүйе­сінің 700 млн. теңге құры­лы­сы жүргізілуде. 37,4 млн. тең­ге ұзақ жылдан бері қайта қал­пына келтіруді қажет ететін 5 қаланың (Сарыағаш, Ленгір, Арыс, Шардара және Жетісай) кәріз жүйе­леріне жобалық-сметалық құжат­тар әзірленді. Халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында жүр­гізілген шаралар бойынша облыс республика бойынша кеуде қа­тарда келеді. Бір жылда 82 денсаулық ны­сандары салынды. Сенсеңіз де, сенбесеңіз де шындығы осы. Әуел­­де жоспар бойынша 42 ны­сан салынуы керек екен. Қаржы­сы бөлінген. Жоғарыдан мақұл­дан­ған. Жобасы келісіп тұр. Об­лыстық денсаулық сақтау басқар­ма­сының бастығы Жұмағали Исмаилов «тарта жесе тай қалады­ны» біліп өскен көшелі жігіт. Ауылдық медициналық пунктке бөлінген қаржының артықтау екенін байқайды. Ойын облыс басшысына білдіреді. Облыс әкі­мі білікті құрылыс мамандары­ның есеп-шотына салып жіберсе, расында жобалаушылар мердігер жонып жейтіндей үлкен үлес қалдырыпты. Облыс басшысы тиіс­ті нұсқау береді. Нәтижесін­де үлкен қаржы үнемделіп, тағы да қырық нысанды көтеруге қа­ражат табылады. 82 медицина­лық нысанның 90 пайыз үлесі шө­міштен қағылып жүретін ауыл­ға тиеді. 36 амбулатория және 35 медициналық пункт. Амбулато­рияға қосымша ауылға келген жас маманға екі бөлмелі пәтер қо­са салынады. Әрине, салған ны­саннан аздау пайда түсірген мер­дігерлер қоңқылдап қалды. Бірақ, пайданы көріп жатқан өзін тү­лет­кен алтын бесік ауылы ғой. Жолдауда бес жыл ішінде 350 медициналық нысан салу мәсе­лесі көтерілді. Оңтүс­тік­тің бірді екі ете алатын жігіттері өздеріне тиесілі жұмысты қазірдің өзінде жартылай орын­дап тастады. Біздің білетіміз, әзірге бірде-бір облыс мұндай межені бағындыра алған жоқ. Осыған орайлас ой. Денсаулық сақтау саласында қандай жағымды жаңалықтар бар? Қатерлі ісікке шалдыққан­дардың өмір сүруін ұзарту 6 пайызға өсті. Республикада бірінші бо­лып асқазан-ішек жүйесінің қа­тер­лі ісіктерін ерте анықтау бойын­ша скрининг-тексерулер жүргізілуде. Ашық жүрекке 308 операция, 444 коронарлық арте­рияға стент қою операциялары жасалды. Қан айналымы жүйесі ауруларынан болған өлім көрсет­кіші – 18, нәрестелер өлімі – 6,7, аналар өлімі 28,8 пайызға тө­мендеді. Шымкент шаһары Қазақ­стан­дағы үшінші қала болады деген  сөз бар. Күннің көзі көбірек тү­се­тін, халқы көп өңірдің таби­ғаты осы қисынға келгенімен, Шымкенттей шаһарыңызда, бас­қа­сын айтпа­ған­да, неке сарайы жоқ болатын. Дүниеге сәби әке­луден Қазақстан бойынша ал­дың­ғы орында тұрса да. Сәулетті ғимараттарымен де мақтана ал­майтын. Облыс бас­шысы сәулет­шілердің бәрінің ба­сын қосып, түрлі салалар бойын­ша конкурс жариялаған. Кәсіп­керлермен келелі кеңес өткізген­де осы жоба­ларды алдарына тарт­ты. Халық өздеріңіздікі. Қа­ла өздеріңіздікі. Елде болса ерінге тиеді деген. Бизнестің әлеу­меттік жауапкершілігі аясында қандай үлесте­ріңізді қосасыздар деген. Кәсіп­керлер тосылып қал­ды. Қа­пелімде қалтаңдағы ақ­шаға қол сұғу қиын екен. Облыс­тық депутаттар корпусындағы жалғыз ханым, «Береке А» кор­по­рациясының президенті Раш­күл Оспанәлиева орнынан тұрып кетті. – Жігіттер, неге тосылып қалдыңдар? Қаржыны маңдай терімізбен тапсақ та еліміздің, Отанымыздың арқасы. Қала көркейіп жатса, бәріміздің мерейіміз ғой. Осылай деген ол бағанадан бері көз қиығымен бағып отыр­ған сәулетті құрылыстың жоба­сы­на қолын созды. Бұл – бүгінгі күнде Шымкент шаһарының шырайын ашып тұрған неке сарайы еді. Қымбаттау тисе де қазақтың қайсар қызы осындай тәуекелге барған. Жігіттер де қарап қалмады. Бір-бір жобаны меншіктеген. Қазір Шымкент атты кісі түсіп қарайтындай әсем қалаға айналды. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында қандай нысан­дар салынды? «Даңқ» мемориа­лы, «Шәмші әлемі» кешені, Ш.Қал­даяқов ескерткіші, дарынды композиторлар мен әншілердің «Жұл­дыздар» аллеясы, Жастар орталығы, Неке сарайы, Даңқты спортшылар және Жас жұбайлар аллеясы, орталық субұрқақ ашыл­ды. Дендросаябақ аумағында жаңа демалыс орны іске қосыл­ды. Қазығұрт, Түлкібас аудандарын­да спорттық-мәдени сауықтыру кешені, Түркістан қаласында Жеңіс саябағы, Отырар ауданын­да «Батыр аналар» гүлзары, «Менің Қазақстаным» аллеясы халық игілігіне берілді. Оңтүстікте тәуелсіздіктің жиыр­ма жылдығы қарсаңында осындай оңды істер атқарылып жатыр. Бақтияр ТАЙЖАН. Оңтүстік Қазақстан облысы.