ӨР АЛТАЙДЫҢ ТӨРІНДЕ
Төр Алтайдың бүге-шігесін, бар болмысы мен қыр-сырын, аспанмен таласқан биік таулардан құлап аққан Бұқтырманың сылдырын алыста жатса да естіп, ел десе елеңдеп тұратын бір азамат бар. Оның суреттеп жеткізе алмайтын басқа да қасиеттері толып жатыр. Замандастары Шаймардан Сүлейменұлы Оразаев төңірегінде әңгіме бола қалса, бір тамсанып алып «аң мен құсты, өзендер мен көлдердің балығы мен бақасын, мың жылдық самырсын мен қарағай, балқарағай, жер атаулары мен тарихын терең білетіні рас», деп еріксіз мойындайды. Жақында Шәкеңмен жолыққанда көз алдыма осыдан ширек ғасырдай бұрын болған кездесу еріксіз келді.
1990 жыл. Іссапармен Катонқарағай ауданына бардық. Ол кезде «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетіне меншікті тілші болғаныма жарты жыл да өтпеген. Аталмыш ауданның агроөнеркәсіп саласында елді елең еткізетін құнды жаңалық дүниеге келіп, аудандағы 7 кеңшар, басқа да бірнеше ауыл шаруашылығы құрылымдары «Ақмарал» деген атауға ие болған агрокомбинат құрамына енген. Оның бас директорлығына бұған дейін комсомол ұйымының, кәсіподақ пен партия комитетінің төрағасы және хатшысы, аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметінде ысылған, тіпті өзінің кәсіби мамандығы орман саласында да ұзақ жылдар қызмет еткен білімді де білікті Шаймардан Оразаев тағайындалды.
Бас директорға ауданның қай саладағы болсын жай-күйі жақсы таныс болатын. Сол жылдары ауданда 10 мың марал, 3,5 мың теңбіл бұғы, 147 мың қой-ешкі, 12 мың ірі қара, осыншама жылқы бар болатын. Қайта құрудың дүмпілі естіліп жатса да ауданның экономикасы ол кезде ыдырап, күйзеліске түсе қоймаған. Бас директор бізді жылы қарсы алды. «Ақмарал» агрокомбинатының болашағы зор екеніне тоқтала кеткен Шәкең алдағы іс-жоспары жайлы хабардар етті. Жақын арада мұхиттың ар жағына барып, пантыны ол жаққа өткізу жоспары ойда бар деген еді Шәкең. Іссапарда болған кезде ауданның бірнеше кеңшарын араладық, атқарып жатқан істерімен таныстық. Қай жерде болсақ та, пысық азаматтың айшықты іздері жатыр.
Арада екі-үш жыл өте шықты. «Ақмаралдың» атақ-даңқы елге тарай бастады. 1991 жылы Шәкең АҚШ-тың Сан-Франциско штатына сапарға шығып, бес тонна пантыны өткізіп, 2,5 миллион шетел валютасын алып келді. Ол кезде бұл қыруар қаржы. Марал басын көбейтті, оның тұқымын асылдандыруға да көңіл бөліне бастады. Аудан басшылары тәжірибе жинақтап, келіссөздер жүргізу үшін Шәкеңді Америкаға, Англия мен Қытайға, Ресейге бірнеше рет іссапарға шығарып алды. Ондағы мақсат – аудан экономикасын көтеру, озық тәжірибені қолдану. Ақыры іс нәтижесін беріп, орталықтан қаржыландыру көптеген ірі ғимараттар, жолдар мен көпірлердің салынуына ықпал етті. Әрбір шаруашылықтың экономикасын көтеру нәтижесінде көптеген әлеуметтік мәселелер де шешімін тауып жатты. Осы жылдар ішінде Катонқарағай ауданында 150 шақырым жолдың іргесі көтеріліп, жүз шақырымға асфальт төселді. Аршаты мен Ақсу ауылдарына жету мұң. Биік құз жартастарды жарып салған жол толассыз жауған жаңбырдан соң көктайғаққа айналады. Не істеу керек? Тас төсеп, Бұқтырмаға қарай сырғып кетпес үшін өзеннің жағасына тіреу орнату қажет. Міне, осы істің басы-қасында шаршамайтын Шәкең жүрді.
– Сол кездегі аудан басшыларымен бірге тізе қосып аудан экономикасын көтеру үшін резервтер көзін іздестіре бердік. Катонқарағай ауданының бейнеті көп болса да, табиғат-ана сыйлаған байлық шаш-етектен. Тек ретін тауып, орманнан да, бесінші түлік марал мен теңбіл бұғыдан да қаржы таба біл. Ал бейнеті мол дегенге келсек, биік таулар мен құз-жартастарды бұзып жол салу қиынның қияметі. Ақсу, жоғарғы Катон ауылдарын алайық. Жамбыл мен Фадиха арасы да оңып тұрған жоқ. Қаржы көздерін тауып, алғашқы 45, ал соңғысына 40 шақырым жолды салуға тура келді. Арлы берлі жүріп жатқан жолаушылардың алғысын естіген кезде еңбегіңнің еш кетпегеніне қуанамыз. Жоғарғы Катон кеңшары өз қаржысына 504 орындық мектепті салып алды. Катонқарағай кеңшары мен Жамбыл ауылдарында 300 орындық мәдениет үйін пайдалануға бердік. Тұрғын үй құрылысы да ерекше қарқынмен алға басты. Бұл істің басы-қасында жүргенімізді мақтан тұтамын. 1996 жылға дейінгі жеті жылда ауданда тұрғын үй қоры 19 пайыз өскен екен. Демек, әрбір бесінші үй жаңа салынды деген сөз. Агрокомбинат құрамына енетін шаруашылықтардың барлығы рентабельді жұмыс істей бастады, – деп Шәкең сол кездерді еске алады.
1993 жылы барлық жерлердегідей ауданда да жекешелендіру науқаны басталып кеткен соң Ш.Оразаев агрокомбинаттың бас директорлығы қызметін доғарды. «Ақмарал» жабылған соң оны аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы қызметіне тағайындады. Бұл қызметті де іскер азамат шебер ұйымдастыра білді. 1997 жылы Үлкен Нарын мен Катонқарағай бірігіп, іріленген соң ол аудан әкімінің орынбасары – Катонқарағай ауылдық округінің әкімі қызметін атқара бастады. Шынын айту керек, шекаралас, шалғай ауданның күйі кетіп, барлық мәселелер тығырыққа тірелді. Қаржы азайған соң шаруа оңсын ба? Алайда, іскер басшы тағы да тұйықтан шыға білді. Арлы-берлі шапқылап жүріп, проблемаларды шешуге белсене араласты. Жекешелендіру кезінде пайларынан айырылып қалған азаматтар да кездесті. Олардың барлығы әділет үшін Шәкеңе келіп, мәселені оң шешуді өтінетін. Өзінен гөрі өзгелердің қамын күйттейтін азамат жерлестері үшін барлық жағдайды шешуге тырысатын. Алғыс арқалаған азамат жеті жыл аталмыш қызметте болып, абыройға бөленді. 2004 жылы Шығыс Қазақстан облысының табиғи ресурстары және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы мемлекеттік мекемесіне бас маман болып қызметке орналасады. Бір кездері Лениногордағы орман техникумын тәмамдап, орманшы мамандығын ұнатқан Шәкең Катонқарағай механикаландырылған орман шаруашылығында инженер, прораб, өндірістік саланы басқарып, мол тәжірибе жинақтады. Енді, міне, кәсіби мамандығы қажетке жарап, өзі ұнататын қызметке қайта оралудың сәті түсті.
ТАБИҒАТТЫҢ ТАМЫРШЫСЫ
Еліміздегі орман қорының 70 пайызға жуығы Кенді Алтайда екенін екінің бірі біледі десе қателесе қоймаймыз. Табиғат-ана сыйлаған өлшеусіз байлықты қадірлеп жүрміз бе, міне, осы сауал Шаймардан Сүлейменұлын қатты толғандырады. Өкінішке қарай, орман байлығын аяусыз отайтын жат пиғылды адамдардың азаймаса, көбейіп бара жатқаны шындық. Тіпті, орманға әдейі өрт қойып, күйіп кеткен бағалы ағашты отынға немесе су тегінге саудалайтын екі аяқты пенделердің кездесетіні жанға бататыны да рас. Табиғат байлығын қорғауда да іскер маман аянбай еңбек етті. Мемлекеттің байлығына қол сұққан талай жандарды жауапқа тартты. Бұл қызметте алты жыл еңбек етіп, өткен жылдың соңында Өскемен орман шаруашылығы мемлекеттік мекемесіне директор қызметіне тағайындалды.
Аталмыш мекемеге Серебрянка, Бобровка, Комсомол, Тарханка және таулы Үлбі орманшылықтары қарайды. Бұл мекемеде 240 адам еңбек етеді. Олардың мақсаты мен мүддесі – орманды қорғау, жаңа ағаш көшеттерін отырғызып, ел байлығын еселей түсу. Мекемеге қарасты бес орманшылықтың табиғи байлығы 246 мың 530 гектар жерді алып жатыр. Олар Зырян, Глубокое, Шемонаиха, Ұлан аудандарының аумағына орналасқан.
Орманның ең бірінші жауы – өрт. Ал өрттің алдын алудың сан-қилы жолдары бар. Өткен жылдың көктемінде Шәкеңнің тікелей ұйымдастыруымен орманды авиациямен қорғау, төтенше жағдайлар жөніндегі басқарма және ауылдық округтер әкімдерімен бірлесе отырып таулы Үлбі орманшылығы аумағында орман өртін жою, оны болдырмауға арналған оқу-жаттығу өтті. Оған тікұшақ, үш өрт сөндіру көлігі, шаруа қожалықтарындағы жер жыртатын соқалары бар бірнеше трактор, жүзден астам адам қатысты. Міне, осындай оқу-жаттығулардың көп пайдасы бар екеніне Шәкеңнің көзі жеткен. Мәселен, өткен жылы болған шағын өрттер дер кезінде сөндіріліп, апаттың алдын ала білген.
Тек таулы Үлбі, Серебрянка және Комсомол орманшылықтарында өрттің алдын алу және қысылтаяң кезде пайдалы шешім қабылдау нәтижесінде небәрі 0,004 және 0,002 гектар жердің ағашы бүлінді. Егер дер кезінде шара қолданылмағанда оның зардаптары орасан болар еді. Жаңа жылдың қарсаңында орман алқаптарында үш бақылау-тексеру қосыны, екі ұтқыр топ құрылды. Орманды қорғаушылар да шырша ұрлаушылардың жат әрекеттеріне тыйым салу мақсатында күндіз-түні қырағы күзетте тұрды. Ол ол ма, Шәкеңнің ұйымдастыруымен орманды өрттен қорғау, браконьерлерге тыйым салу үшін 245 рейд пен 217 тексерулерді жүргізді. Нәтижелері жаман емес, осындай профилактикалық шаралар жүргізу өз жемісін берді. 51 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, келтірілген зиянды өтеу үшін 606,7 мың теңге төледі.
Орман байлығы – ел қазынасы. Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында ел байлығын көздің қарашығындай сақтап қана қоймай, оны еселей түсу міндеті қойылғаны белгілі. Сондықтан да ормандағы қылқан жапырақты ағаштарды қалпына келтіру үшін көп жұмыстар атқаруға тура келеді. Біздің екі орманшылықта тұқым-бақ бар, өткен жылы Бобровкадағы орманшылықта жылыжайды кеңейтіп, көрші Комсомолда жылыжай салуды қолға алдық. Бұл бақтар мен жылыжайларда қайың, шырша, емен, шәңгіш егеміз. Өткен жылдың көктемінде таулы Үлбі орманшылығының мектеп бөлімінде қазақстандық қысқа шыбық және бәйтерек өсіре бастадық. Оның саны 20 мыңнан асады. Алдағы екі жылға жұмыс жоспарын бекіттік. Яғни, 155 гектар алаңда ағаштарды қалпына келтіру, қосымша 15 гектарға көшеттерді отырғызу қарастырылған. Сонымен қатар, Қызыл кітапқа енген бағалы аң-құстарды қызғыштай қорғау мақсатында да бағдарлы жұмыстар жүріп жатыр. Бұлан мен марал орманшылықта көбейіп келеді, құндыз және тырна, басқа да құстарды қорғап қана қоймай, оларға табиғи минералды заттарды тауып береміз, деп табиғат тамырын дөп басатын Шаймардан Оразаев біраз мағлұматтар бере кетті.
Шаймардан Сүлейменұлы жетекшілік ететін ірі кәсіпорында проблемалар да аз емес. Мекемеде білімді де білікті кадрлар тапшылығы сезіле бастаған. Өткен жылы Риддердегі аграрлық-техникалық колледждің орман шаруашылығы мамандығы бөліміне 15 адамды өндірістен үзбей оқуға жіберген. Тағы 15 адамның білімдерін жетілдіріпті. Кадрлар тапшылығының тағы бір себебі, аталмыш салада еңбек ететіндердің жалақысы мардымсыз. Мәселен, жоғары білімді қызметін енді бастаған инженер бар-жоғы 27 мың теңге алады. Егер он жыл еңбек етсе, жалақысы 30 мың теңгеге әрең жетпек. Ал орман шеберінің алатыны тіпті аянышты, 25 мың теңге ғана. Комсомол орманшылығында өткен жылы 17 адам жұмысқа қабылданса, босатылғаны 12 адам. Ал Серебрянкадағы жағдай тіпті көңіл көншітпейді, еңбек ететін 48 адамның 25-і жалақының аздығынан жұмыстарын тастап кеткен. Кәсіпорын басшысы бұл проблемалардың шешімін табуға болатынын айтады. Рас, Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы комитетінің басшылары қолдан келген көмегін аямайды, алдағы уақытта бұл мәселе шешімін табатын шығар. Еліміздегі қаржы дағдарысы қашанғы созыла берер дейсіз.
ДОСТАРЫМДЫ САҒЫНДЫМ...
Міне, өзінен гөрі өзгелердің қамын көбірек күйттейтін, ел байлығын еселей түсуге елеулі үлес қосып жүрген Алтайдың ажарлы азаматы осылай деп сыр шертеді. Шәкеңнің дос-жарандары көп. Алматылық Байназар Нұралыұлы былай деп сыр шертеді. «Өр Алтай жерінің қыр-сырын, мінез-құлқын, өзен-суының тура аққаны мен теріс аққаны, аң-құсын, жер атауларының түп мағынасы мен тарихын Шәкеңдей білетін азаматты кездестірмеппін. Көрші халықта мұндай тұлғалы азаматтарды натуралист деп атайды. Міне, солар жайлы көбірек айтсақ, ұтылмайтынымыз анық», десе Астанада тұратын, ұзақ жылдар Катонқарағай ауданын, министрліктің Өскемендегі аумақтық агроөнеркәсіп саласын басқарған үзеңгілес досы Жанымхан Құндызбаев «Шаймардан Сүлейменұлы қарапайым, іскер, техникумды да, Алматы Жоғары партия мектебін де қызыл дипломға бітірген өте білімді азамат, ол өзінің Катонқарағай ауданының экономикасын дамытуға ерекше үлес қосты, жерлестерінің арасында беделі зор», деп толғанады. Екі азамат та Шәкеңнің 60 жылдық мерейтойы қарсаңында өздерінің жүрекжарды лебіздерін ақ қағазға түсірген екен.
Ел мақтаған, жерлестері жақтаған Шәкеңнің өмірлік қосағы Мәрия Зиятбекқызы қазір Үлбі металлургия зауытында жұмыс істейді. Шәкең мен Мәрия екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді, жоғары білім берді. Үлкені Құрмет – Тимирязев атындағы ауыл шаруашылығы академиясын бітірген, «Қазпоштаның» Шығыс Қазақстан облыстық филиалын басқарған, қазір Алматыдағы Еуразия сауда биржасын басқарады. Құрмет пен келіні Жаннадан Азамат, Әсем және Айзере деген немерелері бар. Қыздары Назгүл облыстық статистика басқармасы бастығының орынбасары. Күйеу баласы Бауыржан екеуі Еркежан, Елнара деген сүйкімді балаларын өсіріп жатыр. Ал кенже ұлдары Қайрат та жоғары білімді, қазір Зайсанда іздестіріліп жатқан мұнай саласында еңбек етуде, мамандығы экономист. Міне, Кенді Алтайға сыйлы Шәкеңдей азаматты мәуелі бәйтерекке теңесек, оның ұл-қыздары, немерелері өздерінің оқулары мен еңбектерімен жемісін беріп жатыр...
Оңдасын ЕЛУБАЙ.
Өскемен.