• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
28 Қазан, 2016

Шұбат зиян дегендердің көздегені не?

378 рет
көрсетілді

Шұбаттан шыққан шу   Қыркүйек айының соңына таман маңғыстаулықтарды тосын хабар тосылтып тастады. Көзін тырнап ашқалы шұбатпен сусындап, түйе малының өнімдерін пайдаланып келе жатқан жұрт қапелімде түсінбей қалғанымен, қазір тиісті орындардан мәселенің мән-жайын анықтауды, тексеруді сұрауда. 70-ші жылдары Маңғыстаудың тұрғындары сол кездегі Гурьев қаласына барып емделеді екен. Өмірі шаруашылықпен тікелей байланысқан, ет жеп, шұбат ішіп шалқыған әрі тілінің шақпасы бар бір азамат асқазаны ауырып аталмыш қаланың ауруханасына барып емделеді. Ауылына қайтарда дәрігер «аға, асқазаныңыз ауырады, енді ет жемеңіз, ет жесеңіз өлесіз» десе керек, сол кезде әлгі ағамыз «шырағым, біз етті жемесек өлеміз», депті. Айтқандай, ауылға келгесін шұбатын шайқап ішіп, етті баптап жеп, одан кейін де 20-30 жылдай ғұмыр кешіп, қария болып өмірден өткен екен. Сол секілді Маңғыстау жұртшылығын елең еткізген және жаппай халықтың, кәсібінен нәсібін айырған кәсіпкерлердің наразылығын тудырған мәселе осы – төл тағамымыз, ұлттық сусынымыз шұбатқа қатысты болып тұр. Түйе сүті зиянды-мыс... Чех республикасының «Арника» экологиялық ұйымы, Қарағанды облыстық экологиялық музейі және «Эко Маңғыстау» үкіметтік емес ұйымы Маңғыстауда «Экологиялық таза техно­логияны өндіру» бағдарламасы бойынша бірлесе зерттеу жүргізеді. «Эко Маңғыстау» ҮЕҰ жетекшісі Кирилл Осиннің айтуынша, аталмыш бағдарламаның бір бағыты экологияның Маңғыстау өңіріндегі тағам өндірісіне, оның ішінде ет пен сүтке әсерін зерттеу­ге арналған. Зерттеушілер «2015-2016 жылдар аралығында Маңғыстаудың Шетпе, Таушық, Жармыш, Басқұдық, Ақтау, Қызылтөбе, Құрық, Ақшұқыр ауылдарынан 200-ге тарта түйеден сынама алып, Чех республикасына, қосымша Нидерландтағы зертханаларға жібергендігін» айтады. Және ең маңыздысы, екі зертханада да «түйе сүті мен шұбатта мырыш құрамының артық екені, бауыр мен репродуктивті жүйенің зақымдануына соқтыратын уытты элементтердің жоғары концентрациясы бар екендігі» анықталады. Зерттеушілер «мырышпен қатар, полихлорланған дифенилдер табылды. Бұл элементтер ағзаға әсер етіп, қан аздық ауруына шалдықтырады және олар көп жиналатын болса, қатерлі ісік ауруына шалдықтырады», деп қорытады. Осылайша, шетелдік ғалымдардың жергілікті тәуелсіз экологтармен бірлесе шұбатқа жасаған зерттеулері нәтижесі халқымыздың ғасырлар бойғы құндылығына үрке қарауға мәжбүр етті, ұрпақтан-ұрпаққа теңдесі жоқ әрі шипалы сусын, әрі құнарлы тағам болып келген шұбатқа «қатерлі ісік шақырады» деген «айдар тақты». Қазір шұбат ішпесе ашығып әрі шөліркеп жүретін маңғыстаулық тұрғындар әрі-сәрі күйде. Әсіресе, жүздеген түйе өсіріп, олардың өнімін дүкен сөрелеріне қойып, бір­­қатар өндірістік кен орындарына келісіммен жеткізіп отыратын кәсіпкерлер алаңдаулы. Олар «Нұр Отан» партиясының ғимаратында осы мәселе бойынша жиылып, шулы мәселені ортаға салып, өз пікірлерін айтты. Зерттеуге қатысушылар тарапынан «Эко Маңғыстау» ҮЕҰ жетекшісі К.Осинді шақыртып, сұрақтың астына алды. «Сынама бір малға екі рет жүргізілуі керек. Мысалы, бір адамның қанын алып, оған сараптама жасау арқылы бүкіл Маңғыстау халқының қаны осындай деуге болмайды ғой. Сол сияқты, Маңғыстаудың экологиялық аумағында жайылған малды бір бөлек, былай малды бір бөлек алып қарап, екеуінің сараптамасын салыстырмалы түрде көрсетсе, әңгіме басқа. Оның үстіне мәліметте айтылған Ақшұқыр ауылында немесе Басқұдық ауылында 200 түйе дегендері де шындыққа мүлдем жанаспайды. Үшіншіден, 2-3 жасар түйенің сүті деген не? Түйе малы екі жасында тайлақ болмай ма? Әлі енесінің емшегінің ізі ернінен кетпеген, ретін тапса басын енесінің бауырына салып қалып, түртіншектеп сүт іздеп жүретін бала жастағы түйедегі, яғни тайлақтағы неғылған сүт?» деген кәсіпкерлер мен мамандар, ғалымдар ғылыми және кәсіби тұрғыдан бір емес, бірнеше сұрақты да­йындап отырғандықтарын алға тартты. Экологияны сылтауратып, ұлттық тағамға тас ату емес пе? «Мен зерттеу қорытындысында Маңғыстаудағы экологиялық жағдайды айтпақ болғанмын. Мысалы, түйелердің мұнай өндірісі ошақтарында, мұнай қалдықтары, уран өндірісі болған жерлерде, Қошқар ата көлі маңында жайылып жүргендігін көруге болады. Біз осы жағдайды кәсіпкерлерге және мемлекеттік органдарға жеткізгіміз келді. Ал шұбаттан қатерлі ісік болады деу журналистердің бұр­ма­лауы», – деді К.Осин өз сөзінде. Рас, Маңғыстаудың экологиялық жағдайы дабыл қағатын жағдайда. Ақтау қаласының іргесіндегі Қошқар ата улы көлі әлі халықпен бірге жасап келеді. 77 мың шаршы метр жерді алып жатқан атышулы улы көл күні бүгінге дейін қоршаусыз. Мамандар осы мәселеге орай аталмыш көлдің мәселесіне қатысты жобалық сметалық құжаттың мемлекеттік сараптама қарауында жатқандығын, ол дайын болған соң республикалық бюджетке ұсыныс кететіндігін, жобаның құны шамамен 18,5 млрд теңгені құрайтындығын айтқан. Маңғыстау халқының «бас ауруы­на» айналған Қошқар ата мәселесі енді шұбатты да шылауына ала кетіп тұр. Бірақ, экологияны шұбатпен бай­­л­аныс­тырмай-ақ, өз алдына ашық айту аздық ете ме немесе тасадан қазақтың ұлттық тағамына көз алартқан пиғылдар бар ма? Әрбір қалалалардағы мыңдаған ірілі-ұсақты дүкен сөрелерінен жыл­тырақ қаптағы не екені белгісіз тағамдар мен қызылды-жасылды сусындар сияқты денсаулыққа зиянды тағам түрлері неге зерт­теушілерді қызықтырмайды? Сансыз зиянды тағамдардың арасынан аса пайдалы шұбатқа ауыз салудың астары бар ма? Маңғыстаулықтарды зерттеудің нәтижесі емес, зерттеуге қатысты осы сұрақтар мазалауда. «Ешқандай да басқа пиғыл жоқ, тапсырыс та емес» дейді К.Осин. Дау тудырған мәселе Маңғыстау облысының ауыл шаруашылығы басқармасында да «Маңғыстау облысы аумағында түйе сүтінің (шұбаттың) құрамынан табылған ластаушы улы заттар» туралы талқылау кеңесінде қаралды. Кеңеске ветаринария, ауыл шаруашылығы саласының бірнеше өкілдерімен бірге, зерттеушілер де қатысты. «Арника» ҚБ-ның менеджері М.Скальский біз зерттеген түйе өнім­дерінің құрамында мырыш, ауыр металл және органикалық ластаушы заттар табылды. Олар көбіне органикалық ластау­шы заттардан тұрады және адамның ағзасына жиналады. Жалпы, оларды өндіруге ты­йым салынған. Бірақ та олар әлі де ескі ұйымдарда бар. Осыдан сұрақ туындайды. Олар жануарлар ағзасында қайдан пайда болады? Мүмкін бір жерлерде ескі конденцерлер төгілген шығар. Менің қолымда хаттамам бар. Сондай-ақ, біз көңіл бөлетін көптеген проблемалық орындарды тауып отырмыз. Оның ішінде ескі істен шыққан зауыт қалдықтары, немесе, мүмкін олар далалық жерлерде, қырларда төгілген шығар. Біз жергілікті тұрғын емеспіз, бұл сүттің құрамындағы органикалық ластаушы заттардың нормаға сәйкес қанша болатынын білмейміз. Бірақ қазір ауыр металдар біз білетін барлық ластанушы заттардың маңызды проб­лемасы болып отыр, деген ол ластаушы заттарды өздері зерттеген 6 ауданнан түгелге дерлік таптық деп отыр. «Бірақ олардың әрқайсысының сүт құрамы әртүрлі. Сосын сүт құрамын анықтайтын құралда (датчикте) олардың құрамындағы ластау­шы заттар нормадан артық. Біз бұл нормаларды Еуроодақ нормаларымен салыстырдық. Себебі, Қазақстанда бұл ластаушы заттардың шектік есептік нормалары жоқ екен» деп түсіндірді тағы да. Ауыл шаруашылығы министрлігі Ве­тери­нариялық бақылау және қадағалау ко­митеті Маңғыстау облыс­тық аумақтық инспек­циясының био­логиялық қауіпсіздік бөлімінің басшысы Н.Дүйсебек: «кез келген зерттеу алдымен сол зерттелетін өнімнен сынама алудан басталады. Түйе сүтін (шұбатын) зерттеуші бұл адамдарға мен біраз сұрақтар қойып отырмын, әсіресе, сүттің (шұбаттың) сынамаларын қалай алғандығы туралы. Өкінішке қарай, жауаптары мені қанағаттандырмай отыр. Бізде қазір ауылшаруашылық жануарлары өнімдерінен сынама алу туралы «Ветеринария туралы» заңға сәйкес дайындалған арнайы «Орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілердің және биологиялық материалдың сынамаларын алу туралы» Ауыл шаруашылығы министрі бе­кіт­кен №7-1/393 (30.04.2015 ж.) қағида бар және оған қоса «Ветеринариялық бақылауға (қадағалауға) жататын та­уарлардан (өнімдерден) сынама алу туралы» Еуразиялық экономикалық комиссиясы Кеңесінің № 94 (09.10.2014 ж.) шешімімен бекітілген Ереже бар. Міне, осы құжаттарда көрсетілген тәртіппен түйе сүтінен (шұбаттан) сынамалар алын­уы тиіс. Ал зерттеуші мына кісілердің бұдан хабары жоқ, сынама алынған кезде бірнеше құжаттар (актілер, т.б.) толтырылуы тиіс, оған мал иесі, сынама алған адамдар, ветеринария мамандары, т.б. адамдар қол қоюлары керек, ал бұл шаруалар жасалмаған. Яғни, қазіргі таңда сүттің (шұбаттың) кімнің түйесінен, қандай нөмірлі түйеден алынғаны белгісіз, ондай құжаттар жоқ. Сынама алуға ветеринария мамандары тартылмаған, тіпті оларға бұл туралы өтініштер де жасалмаған. Қысқасы, бұл кісілер ветеринарлық бақылауға (қадағалауға) жататын өнім – түйе сүтінен (шұбаттан) сынама алудан хабары жоқ бола тұра, өз беттерімен, су құятын құтыға (бір мәрте ғана қолданылатын) құйып алған да, оны одан әрі зерттеуге алып кеткен. Тіпті, қазіргі бір мәртелік құтылар жоғары температурада немесе мұздатылғанда ішіне «құйған өнімге улы заттар бөледі. Маған осы жері ұнамай отыр, мұны сынама деп атауға келмейді, оның үстіне, шетелдік, беделді зертханаларға тапсыру үшін сынама бұлай, жабайы түрде алынбау керек», дейді. «Бізде жалпы экологиялық мәсе­ле­нің бар екені рас, ол жағына, зерттеулерге қарсылығым жоқ. Бірақ сол зерттеулер өз тәртібімен, ережесімен жүруі тиіс. Мысалы, егер бұл кісілер біздерден ветеринария мамандарын сұраса, біз беретін едік және сол мамандар бұл кісілер зерттеу жүргізген жергілікті жерлердің бәрінде бар. Егер сол мамандар бұл шараға қатысқанда сынамалар да дұрыс алынатын еді», – дейді АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті Маңғыстау облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Қ.Мырзатов. Ал зерттеушілер болса барлық жұмысты дұрыс жүргізгендерін, түйе сүтінен қауіпті элементтердің табыл­ғандығын айтып, бірақ оның қатерлі ісік шақыратындығы туралы хабарды журналистердің бұрмалауы деп түсіндірді. Сонымен, Маңғыстауда шұбатқа қатысты туындаған даудың ақ-қарасын анықтау үшін еліміздің жоғары зерттеу институттары, Тағамтану академиясы араласып, Маңғыстау табиғатына жайылған түйелердің сүт-шұбат өнімдерінде расында денсаулыққа қауіпті элементтер бар ма, жоқ па, анықтауы керек. Егер бар болса, қай өңірде жайылған түйелерде екені де нақты көрсетілуі тиіс. Және, ең бас­тысы, «даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» демекші, Маңғыстаудың экологиялық ахуалына назар аударылуы тиіс деп есептейміз. Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» Маңғыстау облысы