Егін жиналды. Жаз бойы тыным таппаған шаруа кетпені дамылдады. Қамба астыққа толды. Биыл олжалы жыл болды. Сыр диқандары гектарынан 54,9 центнерден өнім алып, рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Шүкір дейміз. Берекелі жылдың мерекесін арттырып, мерейін тасытатын «Алтын дән» мейрамы да даңқты диқан, дала академигі Ыбырай Жақаевтың 125 жылдығына орайластырылып өтті.
«Дала академигі – Ыбырай»
Алғашқы шара Асқар Тоқмағамбетов атындағы Мәдениет үйінде «Дала академигі – Ыбырай» атты республикалық ғылыми-танымдық конференциямен басталды. Оған Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты хатшысы Ермек Көшербаев, қоғам қайраткері Әбдіжәлел Бәкір, жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Қуандық Түменбай және белгілі ғалымдар, облыстың зиялы қауым өкілдері қатысты. Конференцияны аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев алғы сөзімен ашты.
– Сыр елінде болашақ үшін еселі еңбек еткен дара да дана тұлғалар аз емес. Сондай жандардың бірі әрі бірегейі – бүгінгі 125 жылдық мерейтойын атап өткелі отырған атақты жерлесіміз, даңғайыр диқан, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаев. Осындай жандарды ұлықтау біздің парызымыз, – деді өңір басшысы. Облыс әкімі Сыр диқандары ақ күріштің атасы атанған Жақаевтың мерейтойына лайықты тартумен келіп отырғандығын жеткізді. Облыс егіншілері әр гектардан 54,9 центнерден рекордтық өнім алды. Бұл жетістік Тәуелсіздіктің 25 жылдығына, сондай-ақ Ы.Жақаевтың 125 жылдығына арналатынын хабарлады. Сондай-ақ, Қырымбек Елеуұлы қазір Қызылорда күрішінің 25 пайызы экспортқа шығарылып отырғанын мәлім етті. Иран күрішінің сұрыптарын өсіру бағытында жұмыстар да жүргізіліп жатыр. Қазір облыста күріш өңдейтін бірнеше ірі кәсіпорын бар. Тәуелсіздік жылдарындағы рекордтық өнімдерге төртінші жыл қатарынан қол жеткізіліп отыр. Аймақ басшысы биыл Ы.Жақаев атындағы төсбелгі шығарылып, енді жыл сайын күріштен мол өнім жинағандар марапатталатынын жеткізді. Ал оның алғашқы иегерлері Ыбекеңнің көзін көрген ізбасарлары Шырынкүл Қазанбаева, Сәлима Жұмабекова, Аманкелді Ахметов болады.
Мұнан кейін сөз алған Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты хатшысы Ермек Көшербаев Алаштың анасы атанған Сыр елінен талай ұлт мақтанышы шыққанын, олардың қатарында бар өмірін туған жерін түлетуге арнаған Жақаевтың орны бөлек екенін жеткізді. Оны ақ күріштің атасы деп атау асыра сілтегендік емес. Өйткені, ғылым мен агротехника дамыған заман орнағанмен де, ол кісінің қол жеткізген көрсеткіштерін қайталай алмай келеміз. «Сонымен бірге, ол жастарды еңбекке тарта білді, соның арқасында еңбек даңқын асырған талай тұлғалар шықты. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы тойланатын жылы ауыл шаруашылығы еңбеккерлері лайықты тартумен келіп, рекордтық көлемде астық жиналды. Бұл Жақаев ізбасарларының ерен еңбегінің жемісі» деген министрлік өкілі Сыр бойы диқандарын табысымен құттықтап, ізгі тілектерін арнады.
Конференцияда «Аймақтағы күріш өндірісінің әлеуметтік-экономикалық маңызы» тақырыбында даңқты диқанның қазіргі ізбасарларының бірі, Қазақстанның Еңбек Ері, Парламент Мәжілісінің депутаты, Күріш өсірушілер және өңдеушілер қауымдастығының төрағасы Абзал Ералиев баяндама жасады. «Егінші мәрт, жер жомарт» дегенмен, оған тиісті жұмыстар атқармай, жетістіктерге жетуге болмайды. Сондықтан жаңа технологиялар жаңа инновациялық тәсілдерді пайдаланып, соңғы бес жылда еңбек өнімділігін бірнеше есе арттырдық. 400-ден аса адамды жұмыспен қамтыдық, олар 606 миллион теңге жалақы тапса, мемлекетке 248 миллион теңге салық төленді, деді Еңбек Ері.
Мұнан соң «Күріш жүйесі – сенімді мал азығы қорының негізі» тақырыбында «Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-нің бөлім меңгерушісі Ғалиолла Мейірман, «Күріш егістіктерінің топырақ жағдайы – рекордтық көрсеткіштер кепілі» туралы «Ө.Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ҒЗИ» ЖШС бас директоры, Ауыл шарушылығы ғылымдары академиясының академигі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Абдулла Сапаров, «Дала академигі Ы.Жақаев – күріш кластерінің негізін қалаушы» тақырыбында «Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС бас директоры Серікбай Өмірзақов баяндама жасады. Қоғам қайраткері Әбдіжәлел Бәкір Жақаев туралы естеліктер айтты. Ал жазушы Қуандық Түменбай Ыбырай атамыздың жұрт біле бермейтін қырларына тоқталды. Ол Жақаевтың феодализм заманында дүниеге келіп, социалистік заманда еңбек етіп, капитализмге, яғни нарық заманына бет бұрғанда аңызға айналғанын әңгімеледі. Осылайша, даңқты диқанның құрметіне арналған конференция өз мәресіне жетті.
Озаттар оза шапқан күн
Сол күні Нартай Бекежанов атындағы облыстық драма театрында мерекелік «Алтын дән-2016» салтанатты шарасы да өтті. Қос тойы қабат келген сырбойылықтар мерейтой аясында ақ күріштің атасы, дала академигі Ыбырай Жақаевтың 125 жылдығына орай даңғайыр диқан ескерткіш-бюстіне тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды. Мерекелік шаралардың басы-қасында облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың өзі жүрді.
«Алтын дән-2016» егін жинау қорытындысына арналған мерейтойлық кеш шымылдығы театрландырылған қойылыммен ашылды. Қойылымда Ыбырай Жақаевтың өнегелі өмірі дәріптеліп, ақ маржандай тербетілген бишілер өнері көпшілік назарына ұсынылды. Сонан соң, Қырымбек Елеуұлы еңселі еңбек төріндегі сырбойылықтар жетістігімен құттықтады.
– Халқымыз «Жер жомарт, жерге сенген ел жомарт, еңбек еткен ер жомарт» деген. Мәуелі күз, міне, осы қанатты қағиданың биыл берекесін танытты. «Егінді өсіре білу – алғашқы асу ғана. Ысырапсыз жинап алу – мәре», деген Ыбырай Жақаевтың дана сөзі, даңқты диқанның өз мерейтойы мен Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен қатар келуі елжанды еңбеккерлердің мерейін өсіріп отыр. Сыр диқандары үлкен сенімнен шықты. Бұрын-соңды болмаған рекорд орнады. Күміс дәнін күнге сүйдіріп, ырзығын ысырапсыз жинап алған бейнеткер қауым Тәуелсіздік тойына зор тарту жасады. Ал мұның бәрі облыс жұртшылығының ынтымақ, бірлігінің жемісі. Аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы жаңа белеске шығып отыр. Қайсыбір салада болсын ілгері басуға бағытталған бастамаларымыз елдің тұрмыс-әлеуетін көтеруге, Сыр елінің болашақ мүмкіндіктерін көрсетуге үлкен дем берді. Еңбектің даңқын асырған егінші жұрт бүгінгі заман талабына сай, мықты әрі тиімді шаруаны жүргізіп, жоғары белестерді мойындатудың үлгісін көрсетіп, өңірдің дара дақылы – күріштің әр гектарынан 54,9 центнерден өнім алды. 440 мың тоннаға жуық дән ел қамбасына құйылды. Табыс құтты болсын, диқандар! – деді аймақ басшысы.
Сүйіншілейтін жаңалық – Сыр диқандары Елбасынан алғыс алды. Аймақ басшысы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына тамаша тарту жасаған Сыр диқандарына Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев арнайы жеделхат жолдағанын жеткізіп, оның мәтінін оқып берді. Сонымен бірге, егіншілеріміздің биылғы жетістікке жету жолындағы еңбектеріне айрықша тоқталып, аймағымыздағы ауыл шаруашылығы саласының қарқынды дамып келе жатқандығын айтты. Төртінші жыл қатарынан рекорд төрінен көрініп отырған сырбойылықтардың әрдайым мемлекет қазынасын молайтуда аянбай тер төге беретіндігіне сенім білдірді. Аймақ басшысы, сондай-ақ, облыс диқандары өндірген күріштің экспортқа шығу көкжиегі кеңейіп жатқандығын, бұл орайда шет мемлекеттермен байланыс артқандығын айрықша атап өтті.
Салтанатты шарада Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты хатшысы Ермек Көшербаев республика Премьер-Министрінің орынбасары Асқар Мырзахметовтің құттықтау хатын оқып берді. Одан әрі, облыс әкімі биылғы жиын-терім қорытындысы бойынша еңбек озаттарын марапаттап, бағалы сыйлықтар табыс етті. Айталық, «Озат шаруашылық» аталымының І дәрежелі дипломы Жалағаш ауданындағы «Таң ЛТД» ЖШС-не бұйырды. Сондай-ақ, мерекелік кеште биіктен көрінген аудан әкімдеріне құрмет көрсетілді. Мәселен, биыл егін шаруашылығы бойынша Шиелі ауданы көш бастады. Содан соң, бір топ қызметкерлер Ауыл шаруашылығы министрлігінің марапатына ие болды.
Мерекелік іс-шарада, сондай-ақ, Ауыл шаруашылығы қызметкерлері салалық кәсіподақтары қоғамдық бірлестігінің төрағасы А.Сүлейменов пен Қазақстанның Еңбек Ері, Күріш өсірушілер және өңдеушілер қауымдастығының төрағасы Абзал Ералиев жұртшылықты мерейтойымен құттықтап, үздіктерге мерекелік марапаттар табыстады.
Мерекелік кеш одан әрі концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.
Шиелідегі шырайлы шаралар
Мұнан соң Ыбекеңнің тойы туған жері Шиелі ауданында жалғасты. Аудан орталығындағы мерейтойлық шаралар облыс әкімі Қырымбек Көшербаев бастаған ел азаматтары, еңбек ардагерлері және де еліміздің түкпір-түкпірінен келген мәртебелі меймандардың диқанның ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды.
«Еңбек ерлікке жеткізер, ерлік елдікке жеткізер» демекші, кетпенімен еңбек гимнін жазған, күріш дақылынан дүние жүзінде әлемдік рекорд жасаған диқан өз алқабын тек сумен емес, маңдай терімен суарып, зор мәртебеге ие болды. Даңғайыр диқанның құрыштан соғылған сом тұлғасы кейінгі ұрпақтарын ерінбей еңбек ету мен ерлікке шақырып тұр. Отанымыздың әр азаматы адал пейілімен халық үшін еңбек етсе, әрдайым құрмет төрінде болады. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Мәңгілік Ел» идеясы әр адамның өз орнында жауапкершілікпен қызмет етуі және жалпы халықтың ауызбірлігіне қосқан үлесі арқылы жүзеге асады. Замандастарымыз, кейінгі жас ұрпақ еңбек ету арқылы қасиетті Отанымыздың даму қарқынына үлес қосуы тиіс. Бұл өз кезегінде заман тудырған түрлі кедергілерге тойтарыс беру шарасы да болып табылады, деді аймақ басшысы.
Салтанатты рәсімде мәртебелі қонақтар арасында Парламент Сенатының депутаттары Бекмырза Еламанов, Мұрат Бақтиярұлы, Мәжіліс депутаттары Абзал Ералиев пен Наталья Жұмаділдаева, академиктер Досмұхамед Кішібеков, Асқар Жұмаділдаев, Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары жөніндегі комитетінің төрағасы Ислам Әбішев, даңқты балуан Дәулет Тұрлыханов, басқа да есімдері елге белгілі көптеген азаматтар болды.
«Жақсыдан – шарапат» демекші, ел Тәуелсіздігінің ширек ғасырлық тойы мен диқан атаның қабат келген мерейлі мерекесінің игі әсері Ыбырай Жақаев атындағы ауыл келбетінің көркейе түсуіне оң ықпал етті. Ауыл көшелері асфальтталып, жөнделсе, бірнеше көше жарықтандырылды. Сондай-ақ, осындағы мәдениет үйі де күрделі жөндеуден өткізілді. Аталған елді мекенде Ы.Жақаев атындағы күріш өсіру тарихы мұражайының жаңа ғимараты салтанатты түрде ашылды. Еске сала кетерлігі, аймақтағы еңбек үдерісі мен еңбек ерлерінің өмір жолын тарқата баяндайтын және күріш өсірудің қалыптасқан тәжірибесі мен жаңа ғылыми негіздерді насихаттайтын музей ғимараты ауыл жұртшылығының өтінішімен аудан орталығынан қайта көшірілді. Құрылысты жүргізу үшін облыстық бюджеттен 56 миллион теңге бөлініп, жұмысты «Айдана» ЖШС өз мерзімінде ойдағыдай аяқтап шықты. Мұнда 3 зал және 3 жұмыс бөлмесі орын тепкен. Ішіне 10 306 экспонат орналастырылған. Жаңа музейдің ашылуында облыс басшысы еңбек мерекесінің мәртебесі арқылы әр адамның мерейі артатындығын жеткізді. Жақаевтың ізбасарларының бірі, Социалистік Еңбек Ері Шырынкүл Қазанбаева бастаған ардагерлер естеліктер айтты.
Шиелі ауданы – қай салада да алға басып, Елбасы ұсынған бағдарламаларды лайықты жүзеге асырып келе жатқан өңір. Аудан басшылығының бұрынғы әдемі үрдісті жалғастырып, қоғам үшін тер төге қызмет жасаған азаматтарды құрмет тұтуы, олармен кейінгі ұрпақты сабақтастыруы жұрт көңілінен шықты. Соның бір дәлелі – жаңадан ашылған «Құрметті азаматтар» аллеясы. Мұнда ауданның дамуы мен елдің ынтымағына еңбек сіңірген азаматтардың есімдері алтын әріптермен жазылып, әспеттелген. Шиелі ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Сұлтанбек Оразымбетов құттықтау сөз сөйледі. Жақсылардың есімін атап, оларды ардақтау, әрине, еңбек тойындағы елдіктің белгісі болса керек.
Аудан орталығындағы Иманжүсіп атындағы орталық стадионда «Алтын дән-2016» мерекесіне орай театрландырылған көрініс, сала үздіктерін марапаттау, мерекелік ән шашу өткізілді. Шараның ашылу салтанатында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев биылғы жылы аймақ диқандары рекордтық көрсеткішке қол жеткізгендігін баяндады. Бұл қатарда, әрине, 11 150 гектар күріштігінің әр гектарынан орташа 59,2 центнерден өнім алған Шиелі ауданы диқандарының үлесі мол екендігін баса айтты. Су ресурстары жөніндегі комитет төрағасы Ислам Әбішев ауыл шаруашылығы саласы бойынша топ бастаған Шиелі ауданы жұртшылығының қуанышына ортақтасты. Мәртебелі мейман су үнемдеу мен оны ысырапсыз пайдалану жолындағы диқандардың тиянақты істеріне лайықты баға берді. Ал аты әлемге кең тараған атақты балуан Дәулет Тұрлыхановтың соңғы жылдары өнеркәсіп саласына да араласып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына атсалысып жүргендігі белгілі. Ол осы сапарында ауданға мол инвестиция тартып, цемент зауытының іргетасын қалауға келгендігін айтып қуантты. Мерекелік шарада Ақтөбе облысы атынан келген делегация жетекшісі Келдібай Есмағанбет және Жамбыл облысы Мойынқұм ауданы әкімінің орынбасары Бақытжан Есеев құттықтау сөз сөйлеп, көрші облыс жұртшылығының сәлемдемесін жеткізді. Осыдан соң аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев үздік шарушылықтар мен үздік диқандарды марапаттап, бағалы сыйлықтар тапсырды. Олардың арасында Дәулет Жұмбековтің басқаруындағы 1 100 гектар күріштігінен орташа 68 центнерден өнім алған «Ақмая» шаруа қожалығы, жоғары еңбек көрсеткішіне қол жеткізген «Алтын дән» шаруа қожалығының төрағасы Асқан Бердібаев, «Шиелі МТС» төрағасы Бақытжан Тасболатов және басқа да көптеген еңбек озаттары бар.
Түстен кейін облыс әкімі жаңа цемент зауытының іргетасын қалау рәсіміне қатысты. Зауыт толық қуатымен іске кіріскенде мұнда 259 адам жұмыспен қамтылмақ. «DANAKE» корпорациясы жүзеге асыратын аталған зауыттың жобалық құны 29 миллиард теңгеден астам. Жиын барысында Д. Тұрлыханов және қытайлық компания басшысы Ли Минг сөз сөйледі.
Осыдан кейін мерекелік шаралар «Диқан рухы мәңгілік» атты ақындар айтысына ұласты. Бұл аламанға еліміздегі таңдаулы 14 ақын қатысып, айтыстың бас жүлдесі – жеңіл автокөлікті сарапқа салды. Түс ауа басталып, түнге қарай аяқталған айтыста бас жүлдені Оңтүстік Қазақстан облысынан келген ақын Еркебұлан Қайназаров иемденсе, бірінші орынға шиелілік Мейірбек Сұлтанхан тұрақтады. Екінші орынға Айдос Рахметов көтерілсе, Аспанбек Шұғатаев, Ержан Әмір, Рауан Қайдаров үшінші орынды бөлісті. Олардың барлығына да қомақты қаржылай сыйлықтар тапсырылды. Мерекенің үшінші күні ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өткізіліп, аудан орталығының тұрғындары арзан өнімдерді саудалап, мәре-сәре болысты. Жақаев ауылында «Әлемнің әміршісі – еңбек» атты патриоттық әндер байқауы өткізіліп, ондағы озаттарға да сый-сияпаттар жасалды. Сондай-ақ, республика және шетелдерден келген апайтөс балуандар қазақ күресінен күш сынасты. Жеңімпаздарға заттай бағалы сыйлықтар тапсырылды. Ал аудандық мәдениет үйінде Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданының өнерпаздары қойған мерекелік концерт жоғары дәрежеде өткізілді. Жамбылдықтардың тойға шашу ретінде ұсынған өнері екі мәрте Социалистік Еңбек Ерлері атанған Ыбырай Жақаев пен Жазылбек Қуанышбаевтың ұлы достығының сабақтастығы болды.
«Бақторының» бағы жанды
«Алтын дән» мерекесі мен Ыбырай Жақаевтың 125 жылдығының соңғы шарасы ретінде ат бәйгесі өтті. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген жүздеген шабандоз бәйгенің 3 түрінен сынға түсті. Облыстың ірі шаруашылықтары мен кәсіпорындары – «ҚазГерМұнай» БК, «Мәді Қажы» ЖШС, «Жан-Арай» ЖШС, «Байқоңыр» ӘКК демеушілік жасаған ат бәйгесі қанды қыздырып, жанды жадыратты. Даңқты диқанды ұлықтау шарасы шеңберінде өткен салтанатта облыс әкімі Қырымбек Көшербаев жиналған жұртшылықты егін жинау науқанының аяқталуымен және дала академигінің мерейтойымен құттықтап, шабандоздарға сәттілік тіледі.
– Соңғы жылдары ұлттық спорт түрлері аймақта бұқаралық сипат алып келе жатқаны қуантады. Облыста 14 мыңнан астам адам этноспорттың 7 түрімен шұғылданады. Жыл сайын өткізілетін «Алтын белбеу» турнирі республикадағы ең танымал әрі беделді бәсекенің біріне айналды. Сондай-ақ, биылғы жылы көкпардан Жаңақорған ауданында өткен V Қазақстан чемпионатында облыс құрамасы тұңғыш рет қатысып, екінші орынды жеңіп алды. Көкпардан жасөспірімдер құрама командасы екі мәрте күміс жүлде иеленді. Ұлттық спортты дамыту мақсатында өткен жылы пайдалануға берілген ипподром халықаралық жарыстарды өткізуге және өңірде ат спортының өркендеуіне мүмкіндік береді, – деді аймақ басшысы.
Ат бәйгесімен қатар көкпар, теңге ілу сынды ұлттық спорт түрлері де қамтылған шарада көкпар ойындары бойынша Жаңақорған ауданының командасы жеңіске жетіп, 2 миллион теңге жүлдені иеленді. Ал екінші орын жеңімпазы шиеліліктер 1,5 миллион теңгенің сертификатын алды. Келесі жүлделі орынды қанжығасына байлаған Қызылорда қаласының шабандоздары 500 мың теңгемен және төртінші орынды жеңіп алған аралдықтар 250 мың теңгемен марапатталды.
Теңге ілу сайысында бірінші орынды жаңақорғандық Алтай Қоңқаев иеленді. Екінші орынды жалағаштық Досбол Нұрхан жеңіп алса, үшінші орын қызылордалық Жанболат Әліқожаевқа табысталды.
Құнан бәйгеде Алматы облысынан келген Жанқойлықовтар әулетінің «Қаратөбелі» алдымен жетті. Шабандозы Өтеген Айтбек 1 миллион теңге ақшалай сыйлыққа ие болды. Екінші орын мен 500 мың теңгені қызылордалық Данель Игенбаевтың «Елік» атты тұлпары жеңіп алды. Шабандозы – атсейістің ұлы Эмиль Игенбаев. Ал үшінші орынға лайық деп танылған «Алатау» сәйгүлігінің иесі алматылық Айбек Бақытбекке 300 мың теңге берілді. Шабандозы – Елшат Баймұханов.
Тоқ бәйгеде бірінші «Патша» атты сәйгүлік қара үзіп келіп, оны бәйгеге қосқан шиелілік Майлыбаевтар әулетіне 1,5 миллион теңге берілді. Екінші орын мен 1 миллион теңгені астаналық Нұрдәулет Мирастың «Шәйкүреңі» алды. Үшінші орынды иеленген Жанқойлықовтар отбасының «Алтын қозысына» 500 мың теңге ақшалай сыйлық табысталды.
Бәйгенің басты қызығы – аламанда аттар 25 шақырымға айдалды. Алматы облысынан келген Жеңіс Смайыловтың аламанның алдын бермей жүрген «Бақторысы» мәреге бірінші жетіп, бәйгеге тігілген жол талғамайтын автокөлікке ие болды. Ал екінші орын тараздық Мелебек Нұрдәулетке бұйырды. Жүлдесі – 1,5 миллион теңге. Жеңіп алған «Батыр» атты тұлпар иесі – Асқар Олжабаев. Үшінші орын мен 1 миллион теңге ақшалай сыйлық шығысқазақстандық Ерлан Сүлейменовтің «Мирад» тұлпары тізгінін ұстаған Нұрлан Жақсылыққа бұйырса, төртінші келген алматылық Серік Бақиевтың «Нұрторысы» 500 мың теңгені иеленді.
Осылайша даңқты диқан тойы мен «Алтын дән» мерекесінің сән-салтанаты ұлттық ойынның ерекше тартуымен елдің рухын көтерді.
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан»
Қызылорда облысы
Суреттерді түсірген Бағдат ЕСЖАНОВ