Бас жоспарға енгізілген түзетуге сәйкес 2032 жылы Павлодар қаласының аумағы 2032 жылы 10 мың гектарға дейін кеңейеді. Бұл туралы облыстық мәслихаттың VIII сессиясында белгілі болды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Депутаттармен мақұлданған облыс орталығының бас жоспарында қаланың 2032 жылға дейінгі дамуы қарастырылған. Бұл құжатта даму кезеңінің негізгі өлшемдері, халық саны, тұрғын үйі құрылысының көлемі, көлік кешені мен инженерлік инфрақұрылым дамуының негізгі бағыттары, көріктендіру мен көгалдандыру белгіленген.
Қазіргі таңда қалада 356,2 мың адам тұрады. 2020 жылдың соңында халық саны 384 мыңға, ал, 2032 жылы 412 мыңға жетеді деп күтілуде. Қаланың тұрғын үй қоры 9,6 млн шаршы метрге дейін жетіп, жеке тұрғын үй құрылысының үлесі жаңа құрылыс көлемінің 45 пайызын құрамақ.
"Жеке тұрғын үй құрылысын сүру есебінен қалыпқа келтіру жұмыстарын жүргізу көпқабатты тұрғын үй құрылысын дамытудың негізгі жолы болып саналады. Жаңа құрылыс көлемі 2032 жылға дейін шамамен екі млн шаршы метрді құрайды. Қаланың Павлодарское, Мойылды, Жетекші, Байдалы, Кенжекөл ауылдық аймақтары мен Темір жол және Ленин кенттерінде жеке құрылыс жүргізу жоспарланған", - деді архитектура және қала құрылысы басқармасы басшысының м. а. Шыңғыс Нұрамағанбетов.
Павлодардың 10-15 жылға дайындалған бас жоспарын депутаттар мақұлдап, бұл құжат Ұлттық экономика министрлігіне кешенді сараптама жасауға тапсырылады. Қазіргі бас жоспар 2005 жылы әзірленген және қаланың дамуы 2015 жылға дейін қарастырылған.