• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
05 Қараша, 2016

Екі елдің жәрдемақысын қатар алып отырыпты

263 рет
көрсетілді

Адамнан қулық артылған ба, сірә... Әсіресе, жеңіл жолмен ақша табу, жалған құжат жасау арқылы мемлекет мүмкіндік беріп отырған жеңілдіктерді өз мүддесіне пайдалануға келгенде кейбіреулердің «тапқырлығы» тіптен, таң қалдырады. Жақында Жамбыл облыс прокуратурасының алқа мәжілісінде «Көші-қон процестерінің қауіпсіздігі» жобасын іске асыру барысында кейбір тұлғалардың көршілес Қырғызстаннан «қос азаматтық» алғандығы туралы мәліметтер айтылды. – Нақтырақ айтар болсақ, Меркі ауданында Қырғыз Респуб­ликасының 2 азаматы Қазақ­станның ықтиярхатын алып, зей­нетақы мен жәрдемақы алып отырған, – дейді бұл жөнінде Жам­был облысының прокуроры Ернат Сыбанқұлов. – Алайда, олар Қазақстан Республикасының аумағында тұрғылықты тұрмаған және мұндай деректер жалғыз емес. Сондай-ақ, Қазақстан жағынан ықтиярхаты болған азаматша З.Ха­рова биылғы жылдың басында қайтыс болып кетсе де оған бүгінгі күнге дейін зейнетақы төленіп келген. Заңсыз төленген зейнетақының мөлшері 349 443 теңгені құрайды. Жалпы алғанда, прокуратура қызметкерлерінің тексерісінен кейін 3 мемлекеттің (Қазақстан, Ресей және Қырғызстан) азамат­тығы бар 3 тұлға және Қазақ­станның азаматтығын алып Қыр­ғызстан азаматтығының паспор­тын қолданып жүрген 25 шетелдік тұлға анықталыпты. Негізі қос азаматтыққа Қазақстанның заң­на­маларының талаптарына сәйкес жол берілмейді және азамат­тықты алу туралы өтінішті қана­ғаттандыру жөніндегі шешімнің күшін жоюға жатады. Қазір облыс прокуратурасының араласуы­мен қос азаматтығы бар 75-тен астам тұлғаның азаматтығын жою мәселесі қаралуда. Бүгінде Аймақтық кәсіпкерлер палатасының жанынан отандық тауар өндіруші кәсіпкерлерді қолдау орталығы құрылып, олармен өңірдегі тауар өндірушілердің тізімі қалыптастырылып, тауар сұранысының нарығы зерделенуде. Осының нәтижесінде мемлекеттік кіріс органдарының 7 отандық ірі тауар өндірушілеріне 300 млн теңгеден астам сомаға заңсыз тапсырылған хабарламалары бұзылып, 500 жұмыс орнымен қамтамасыз ететін өндірістерінің қайта жаңғыртылуына септігі тиді. Прокурорлық ықпал ету нәти­жесімен аграрлық секторда 320 шаруашылыққа мемлекеттен субсидия бөліп беру мәселесі оң шешімін тапты. Сондай-ақ, 6 кәсіпорын тір­келіп, 520-дан астам жұмыс орны ашылып, аяқ-киім мен киім тігу, темір бұйымдарды өңдеу бағы­тында өз істерін бастап та кетті. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан» Жамбыл облысы