• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
05 Қараша, 2016

Студенттерге арналған сеанс

356 рет
көрсетілді

Отандық кино күні және «Almaty youth  awards»  жобалары аясында Ө.Жолдасбеков атындағы студенттер сарайында «Аманат»  көркем фильмінің студент жастарға арналған тегін көрсетілімі өтті.  Фильмнің көтерген жүгі жеңіл емес, өткен та­рих­тың толқындарын бүгінгі ұрпақтың мекен ет­­кен жағалауына жеткі­зу барысындағы шығар­машылық ұжымның еңбегі ерен. Осыдан да болар, бабалар аманатын арқалаған қазақтың біртуар ұлы Ермұқан Бекмахановтың ғұ­мырын арқау еткен отан­дық киноның мұхит асып «Оскар» сыйлығына ұсы­нылып жатқан жайы бар. «Аманат» фильмінің бітім-болмысы, талғам-тынысы жайында фильмнің режиссёрі Сатыбалды На­рым­бет былай деді: – Киноның атауына тү­сіндірме берер бол­сақ, «Аманат», айтып тұр­ғанымыздай, «ұрпаққа қалдырылған мұра және баға жетпес қазына». Киноның көздегені – келер ұрпақ, бү­гінгі жастар санасына шынайы тарихтың болмысын боямасыз жеткізу. «Аманатты» түсіру туралы ой маған «Мұстафа Шоқай» фильмінен соң келді. Актёр­лер құрамын қашаннан көзіне қарап таңдайтын әдетім бар. Себебі, көз – адам жанының айнасы! Әсіресе, хан Кененің образын олқы етпей орынды ойнап шығар актёр таңдауда біраз әбігерлендім. Сөйтіп, жүргенде көзінде терең-тұңғиық мұңы, оның арғы жағында қайсарлық қайнап жатқан бір жанды ақыры таптым. «Аманаттың» бас­ты кейіпкерлерін сом­дау танымал актёр Берік Айт­жанов (Ермұхан Бек­ма­ханов) пен актриса Қарлығаш Мұхамеджановаға (Бекма­хановтың жары Халима рөлінде) бұйырған. Ал фильм­нің ажарын ашып, жандана түсуіне түрткі бол­ған С.Нарымбетовтің жанарына қарап жаңылмай таң­даған – Кенесары Қа­сымовы, батырдың бейнесін бо­йынан өткізіп, баптап жет­кізіп берген – талантты актёр Санжар Мәдиев болатын. Кино шеберлерімен өнер туындысын қызу талқылаған жас көрермендер басқосудан көңілдері толып қайтты. Қымбат-Ай ТОЙЛЫБАЙ АЛМАТЫ