• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
05 Қараша, 2016

Шығармашыл жастар фестивалі ашылды

529 рет
көрсетілді

Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында XIX «Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фестивалінің ашылуы өтті. Шараға Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев қатысты. – «Шабыт» фестивалі елордамызбен, елімізбен бірге дамып, өсіп келеді. Бұл шараға еліміз­дің түкпір-түкпірінен көп­теген жас дарындар жиналады. «Шабыт» ұлы өнер әлеміне жол ашады. Қаламызда ерекше шығармашылық атмосфера орнайды, Мемлекет басшысының зор қолдауының арқасында фес­тиваль аясында өнерпаздарымыз елордамыздың ең үздік сахналарында өнер көрсетеді, – деп атап өтті Е.Аманшаев фестивальдің салтанатты ашылуында. Концерттің шымылдығын «Шабыт-2015-тің» жеңімпазы, Қазақ­стан Республикасы Прези­денті кубогының иегері, «Классикалық музыка, скрипка» Гран-приінің иегері Мақсат Жүсіпов, сондай-ақ «Шабыт-2010-ның» жеңімпазы Айбек Аширматов ашты. Сонымен қатар, қазақстандық эстрада өнер­паздары Гүлнұр Оразымбетова, Әли Оқапов, Қайрат Баекенов және «Формат» тобы өнер көрсетті. Бұл өнерпаздар да өнердегі жолдарын «Шабыт» фестивалінен бастаған болатын. Фестивальдің алдыңғы қатысушыларының жетіс­тіктері биылғы байқауға қатысуға ниет білдірген жастарды жігерлендіреді. Биылғы байқауда қазылар алқасы 644 жас дарынның өнерін сарапқа салуда. «Шабыт» фестивалі алты аталым бойынша өтеді: «Бей­нелеу өнері», «Хореография», «Ха­лық музыкасы», «Үздік әдеби шы­ғарма», «Классикалық музыка» және «Эстрадалық вокал». Үміт­керлердің көбі «Бейнелеу өне­рінде» бағын сынамақ, бұл аталымға  192 өтініш түсіпті. Ал «Хореография» аталымына  –  154, «Халық музыкасы» – 134, «Үздік әдеби шығарма» аталымына –  45, «Классикалық музыка»  аталымына – 77, «Эстрадалық вокал»  42 өтініш қабылданған. Қазылар алқасының құрамына әлемнің 15 мемлекетінен, соның ішінде АҚШ, Италия, Израиль, Маке­дония, Мексика, Армения, Қытай, Түркия, Татарстан, Қыр­ғыз­стан, Украина, Грузия, Моңғо­лия елдерінен беделді сын­шы-өнертанушылар енді. XIX «Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фестивалі 8 қарашаға дейін жалғасады. Осы ретте Астанадағы Қазақ ұлт­тық өнер университетінде «Клас­сикалық музыка» және «Ха­лық музыкасы» аталымдарында тыңдаулар өтеді, «Эстрадалық вокал» аталымындағы конкурсанттар Конгресс-холда өнер көрсетеді, сондай-ақ, «Хореография» аталымы бойынша би ұжымдары «Жастар» театрында, «Бейнелеу өнері» аталымы бойынша жұ­мыстар көрмесі «Жастар» сарайында көрсетіледі. Ал кеше кешкісін «Үздік әдеби шығарма» аталымы бойынша жас ақындардың есімі анықталды. Со­нымен, Бас жүлдені астаналық ақын Ербол Алшынбай иеленді. 1-орын маңғыстаулық Асылбек Жаңбырбайға, 2-орын астаналық Айдана Сегізбаеваға, 3-орын се­мейлік Медет Божанға бұйырды. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан»