• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
05 Қараша, 2016

Кенен есімі берілсе екен

514 рет
көрсетілді

Кең даланың бозторғайы атанған Кенен Әзірбаевты жұрт ән мен жырдың кені деп бекер айтпаған ғой. Небәрі он бір жасында әйгілі «Бозторғай» әнін шығарып, бойындағы табиғи дарынын, әншілік, композиторлық, ақындық қуатының әуел бастан-ақ зор болғанын айғақтаған Кенекеңнің ән-жырларын ел әлі күнге құмартып тыңдайды. Алатаудай асқақ ақын, керемет композитор Кенен атаның әндері сахна төрінен жиі шырқалып, әлі күнге базары тарқаған емес. Жақында ғана «Егемен Қазақстан» газетінің бетінде жарияланған жазушы Болат Бодаубайдың мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековпен жасаған «Екі Кенен тумайды, Алатауға ексең де» атты сыр-сұхбатында осынау абыздың Алатаудың шыңындай ойы да, бойы да биік, әсем үнді, ділмәр тілді, мінезге бай, көпшіл, қонақжай, ерекше жан болғаны өте жақсы айтылыпты. Қазақ даласында аты аңызға айналған Кенен Әзірбаевтың ақын, әнші, композитор, жыршы болумен бірге күйші де болғаны кеңінен жазылған. «Кененнің де Жамбыл сияқты күйші екендігін, оның өзі шығарған оннан астам күйлері бар екенін жалпы жұрт біле бермейді. Кенен көбіне аңыз-күйлер шығарған. Бұл күйлерді белгілі композитор Борис Ерзакович пен оның көмекшісі Асқан Серікбаева екеуі жазып алып, өнеріміздің қымбат қазынасына айналдырды», деп әңгімелейді Мырзатай Жолдасбеков. Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, аса көрнекті халық композиторы, халық ақыны Кенен Әзірбаевтың кейінгі ұрпаққа қалдырған өлмес мұра­сы мен өшпес өнегесін насихаттау мақ­сатында «Шырқа, даусым!» атты рес­пуб­ликалық әншілер конкурсы Тараз тө­рін­де дәстүрлі түрде екі жылда бір рет өткізіліп келеді. Бұл, әрине, қазақ хал­қына бұлбұл болған, аталы жасқа жеткен, даңқы асқан, аты аңызға айналған Кенекеңе деген елдің ыстық ықыласы, құрметі екені сөзсіз. Талай жылдан бері Әулиеата жерін ән-жырға бөлеп келе жатқан бұл конкурс талай таланттың тұсауын кесіп, өнер әлемінде кең қанат жаюына зор мүмкіндіктер жасады. Ендігі бір мәселе – қазақ елінің мақ­танышына айналған Кенен Әзірбаевтың есімін Жамбыл облыстық филармониясына беру туралы бастама бұған дейін де көтерілген болатын. Бірақ бұл іс аяғына дейін жетпеді. Әрине, «Кенекеңнің есімі филармонияға неге берілмеді, әлдебір кілтипан болды ма?» деген сұрақтың көкейде болғаны рас. Бір білгеніміз, Жамбыл өңірінің өнер адамдары, жалпы өнерсүйер қауым бұл ұсынысты қызу қолдаған. алайда, бұл бастаманың соңы сиырқұймышақтанып, «ертең, арғы күнмен» созылып, бірте-бірте басылып қалған сияқты. Ендеше, халқымыздың ақындық, жыр­шылық өнерін жаңғыртып, Сүйін­­бай­ мен Жамбылдың орнын басқан Кенен Әзірбаевтың есімі облыстық филар­мо­нияға беріліп, өнерсүйер қауымның ті­ле­гі орындалып жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан» Жамбыл облысы