• RUB:
    5.05
  • USD:
    489.06
  • EUR:
    536.21
Басты сайтқа өту
05 Қараша, 2016

Жаңа экономикалық парадигма

510 рет
көрсетілді

Джереми Рифкин – жаһанданған заманның ғұлама ойшылдарының бірегейі. Шығармаларының басым көпшілігі заман­ауи инновациялар мен жаңа технологияларға бағытталғандықтан болар, ғалымның қаламынан шыққан 20 туынды әлемнің 35 тіліне аударылып басылды. Бүгінгі таңда Джереми Рифкин – АҚШ-тың Пенсильвания университетінің профессоры ғана емес, сонымен қатар, Еуропалық одақтың да, бірнеше мемлекет басшыларының да ресми кеңесшісі. Инновациялар мен озық технологияларды оқырмандарға қарапайым тілмен жеткізуге жаны құмар ғалымның осы мақалаға арқау болып отырған «The zero marginal cost society» («Шығыны жоққа жуық қоғам») атты монографиясы 2015 жылы Нью-Йорк қаласында жарық көрді және оның басты нысанасы өскелең интернет заманында еңбек өнімділігін еселеп арттырып, көлік, коммуникация және логистика шығындарын барынша төмендету арқылы өндірілетін өнімдердің өзіндік құнын азайтып, тіпті, оларды су тегін жасаудың әдіс-тәсілдерін дәлелді де дәйекті сипаттайды. Бір сөзбен айтқанда, аталған туындының авторы экономиканың бұрын болып көрмеген, мүлде жаңа парадигмасын ұсынады. Туынды авторының пікірінше, шығыны жоққа жуық қоғам бүгіннің өзінде-ақ қалыптасып отыр. Шындап келгенде, бұл – Үшінші индустриялық революцияның нақты көрінісі. Одан да дәлірек айтқанда, бүгінгі қоғамның өкілдері, цифрлық революцияның арқасында, бір-бірімен идеяларымен де, музыкалық туындыларымен де, электрондық кітаптарымен де, аудио-видео өнімдерімен де, фотографияларымен де, толып жатқан өзге дүниелерімен де емін-еркін әрі көк тиын шығармай-ақ алмаса алады. «Ақынның құлағы өзінен қырық жыл бұрын туады» демекші, Джереми Рифкин ақын болмағанымен, өз заманынан бұрын туған данышпан екені дау туғызбайды. Бұлай түйіндеуге толық негіз бар. Өйткені, 2011 жылы жарық көрген «Үшінші индустриялық революция» атты еңбегінде Джереми Рифкин ХХІ ғасырдың бірінші жартысындағы әлем экономикасының іргетасы болған әрі бүгінгі таңда үлкен жылдамдықпен қанат жайып келе жатқан интернет пен балама қуат көздерін шегіне жеткізе сипаттап берсе, енді міне, осы мақалаға арқау болып отырған жаңа шығармасында әлемдік қоғамдастықты бұрынғыша, тек нарықтағы даяр өнімдердің тұтынушысы ғана болып тұсалып қалмай, әлгі өнімдерді енді өзі өндіріп, өзі тұтынатын және өзгелермен бөлісетін жаңа қоғамға, немесе кезінде Махатма Ганди көксеген азаматтары тең құқылы, әділетті қоғамға қарай ұмтылуға жол сілтейді. 1790-жылдары, әсіресе, тоқыма өндірісіне серпін берген будың қуатымен бірге Бірінші индустриялық революция басталып, капиталистік экономикаға жол ашылады. Бұл кезеңді Джереми Рифкин феодалдық экономика мен капиталистік нарық экономикасының жолайырығы деп есептейді. Бұл – шындық. Сонымен қатар, автор коммуникация саласындағы технологиялық революция қатар дамып, үлкен сүйеу болмағанда, Бірінші индустриялық революция да қарқынды өрістемеген болар еді деп түйіндейді. Автордың пайымдауынша, Екінші индустриялық революция шарықтау шегіне жеткен ХІХ ғасырдың соңғы жиырма жылында Америка мен Еуропада Екінші индустриялық революция шешек ата бастаған болатын. Бұл дәуір мұнай ашылып, сондай-ақ, автомобиль, телефон және телеграф немесе коммуникация желілері мен электр қуатын өндіретін стансалар дәуірі басталған кезеңге дөп келеді. Үшінші индустриялық революция ХХІ ғасырдың қос технологиясының, атап айтқанда, дамыған Интернет пен балама энергия көздерінің бүгінгі әлем экономикасының іргетасына айналған заманын айшықтайды. Енді, міне, адамзат өркениеті Төртінші индустриялық революцияның жалынан ұстап тұр. Бұл кезең – заманауи технологиялардың, атап айтқанда, нано, цифр және биотехнологиялардың патшалық ететін дәуірі. Демек, Джереми Рифкин ұсынып отырған жаңа экономикалық парадигманың қозғаушы күші де, негізгі кілті де, іргетасы да жоғарыда аталған технологияларды меңгеріп алған қатардағы қарапайым халық пен әлемдік қоғамдастықтың әрбір азаматы екені, тайға таңба басқандай, көрініп тұр. Ғұлама тілге тиек етіп отырған жаңа экономикалық парадигманың болмысына тереңірек үңілсек, бұл парадигманың қағидалары да капиталистік экономиканың басты қағидаларымен өзектес әрі сол экономиканың табиғи жалғасы іспеттес. Солай бола тұрғанмен, соңғы экономикалық парадигманың алдыңғылардан артықшылығы басым. Себебі, мұндағы өндіріс пен қызмет түрлерінің басым көпшілігі тек қана интернет және нано немесе биотехнологиялардың күшімен атқарылады, сондықтан да мұндағы еңбек өнімділігі өте жоғары, өндірілетін өнімнің көлемі ұшан-теңіз, шығыны да жоқтың қасы, өзіндік құны да өте төмен, бағасы да су тегін болады. Ендеше, Джереми Рифкиннің «Шығыны жоққа жуық қоғамының» сыры да осында жатыр. Әділ АХМЕТОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері