• RUB:
    5.05
  • USD:
    489.06
  • EUR:
    536.21
Басты сайтқа өту
05 Қараша, 2016

Өзен бойлағанның өрісі бір

387 рет
көрсетілді

Қазан айының соңында Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Рогун су бөгетінің құрылысын бастауға пәрмен берді. Душанбенің пайымынша, ол әлемдегі ең биік су электр стансасы болуға тиіс. Жоба жарияланған сәттен әлемдегі көптеген сарапшылардың талқылауына түсіп кетті. Ал бұған дейін аталмыш бөгеттің салынуына бірнеше рет наразылық білдіріп келген Өзбекстан ресми билігі бірден қарсылық мәлімдемесін жасап үлгерді. Мұнда өзбек тарапы биік тау басындағы су қоймасының сейсмикалық қауіпті аймақта орын тебуі Әмудің ағысы бойында тұратын жұрттың өмірін үлкен қатерге байлайтынымен қоса, төменге түсетін судың айтарлықтай азайып кететінін алға тартып отыр. Бұл оқиға жаһан саясаткерлері көптен бері айтып келе жатқан Орталық Азия елдері энергетикалық коллапсының шарықтау шегіне келіп қалғанын аңғартатындай. Аймақтағы суға қатысты жағдайдың ушыға түскені сондай, ол қазіргі таңда әлеуметтік шиеленіс қарсаңында тұр. Әлем сарапшылары бұған ең алдымен су мен қуат алмасудағы бұрыннан қалыптасқан  кеңестік жүйенің күйреуі себеп болды деген пікірде. Қазір Қырғызстан мен Тәжікстанға жылу үшін керекті энергетика қуаты, ал Қазақ­с­тан мен Өзбекстанға суармалы егін­шілік үшін қажет ағын су жетіспейді. «Сондықтан бұл аймақтағы әлеуметтік қиын­дықтар – әзір­ге өзінің уақытын күтіп қана тұрған үл­кен проблемалық мәселе», – деп атап өте­ді осыған байланысты Британия теле­арна­сының сарапшылары. Аймақтағы ең ірі екі өзен – Сырдария мен Әмудария өздерінің бастауларын Қырғызстан мен Тәжікстан тауларынан ала­ды. Бұған қоса, бұл елдерде сулары мол мұздықтар да жеткілікті. Ал осы елдерден келетін суға Қазақстанның, Өзбекстан мен Түрік­менстанның диқандары зәру. Бұлардың соң­ғыларының арасын Әмудариядан бө­лек, көптеген қолдан қазылған арықтар жал­ғастырады. Республикалар арасында осы кез­ге дейінгі келіспеушіліктерге негізінен Тәжікстан мен Қырғызстанның ала жаздай су қоймаларына толтырып су жинап алып, оларды су электр стансаларының жылуға керекті электр қуа­тын алуы үшін қысқа қарай төменге көп­теп жіберетіндері себеп болып отырғаны да жасырын емес. Ал қалған үш елге мұның тіпті де керегі жоқ. Себебі, олар бұл кезде мол суды өздерінің су қоймаларына сыйғыза алмай әбігерге түсіп жатады. Ал нағыз керек кездері - көктем мен жаз айларында керісінше тапшылыққа тап келеді. Кеңес кезеніңде мұның бәрін Мәскеу бір орталықтан реттеп, тепе-теңдікті ұстады. Су жыл бойы бір мөлшерде жіберіліп тұрды. Ал Тәжікстан мен Қырғызстанның отын мен электр қуатына деген тапшылығы қалған үш республиканың есебінен толтырылды. 1991 жылы КСРО ыдырағаннан кейін бұрыннан қалыптасқан осы жүйе күйреді. Жаңадан пайда болған тәуелсіз мемлекеттер өздерінің энергиялық ресурстарын өз мүдделері үшін пайдалана бастады. Бұл тұста Қазақстан, Түрікменстан және Өзбекстан үшін көміртегілерін Ауғанстан мен Қытайға сатқан әлдеқайда пайдалы бо­лып шықты. Ал 2009 жылы Өзбекстан энер­гетика коллапсының тетігін бірінші болып басып қалды. Осылайша аймақта электр қуатын ең көп мөлшерде өндіріп кел­ген ел өзара алмасушылық жүйесінен шы­ғып, көршілерін өздерінің электр қуа­ты желісінен ажыратып тастады. Бұл бәрі­нен бұрын Тәжікстан мен Қырғызстан үшін қатты соққы болып тиді. Олардағы су қоймаларына енді көптеп құйылып жат­қан су да тығырықтан шығып кетуге мүм­кіндік бере қоймады. Ал Қазақстан мен Өзбекстанның егіншілері үшін судың жетіс­пеушілігі үрдіске айналды. Содан бергі аралықта Қазақстан мен Қырғызстан жыл сайын қай уақытта қанша су бері­луі керектігі жөнінде жаңа келісімшартқа оты­рып жатады. Бірақ екі жақ мүдделерінің қай­шылығы салдарынан бұл уағдаластық ұдайы бұзыла береді. Қырғыздар жағы мұны кө­біне өзендегі судың мөлшері алдын ала ойлағандай болмай қалуымен түсіндіріп бағады. Қысқасы, екі ұлы өзенді бойлаған әр ел өз көр­песіне қарай көсілетін сияқты. Аймақтағы су тапшылығынан туындайтын проблемалар көршілес ел басшыларының салиқалы да сындарлы саясатымен ғана толық шешімін табады. Еркін ҚЫДЫР, «Егемен Қазақстан»