2016 жылдың соңына дейін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» транзиттік дәлізінде тұтастай жол ашылады (төрт жолақ бойынша 2787 км). Бұдан өзге, Шымкент – Ташкент учаскесінде (100 км, 4 жолақ), Алматы – Қапшағай (104 км,
6 жолақты қозғалыс) және Қапшағай – Талдықорған (141 км), Астана – Теміртау (171 км), Ақтау – Бейнеу (470 км, 4 жолақты қозғалыс) автожолдарында жол ашылады, деп хабарлады Премьер-Министрдің ресми сайты.
Қозғалыс 6, 4 және 2 жолақ бойынша жүзеге асырылатын Астана – Көкшетау – Петропавл (489 км) дәлізі толық ашылды.
Еске салсақ, Үкімет Үйінде Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Асқар Маминнің төрағалығымен республикалық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының желісін, сондай-ақ, жол бойындағы сервис нысандарын дамыту мәселелері бойынша селекторлық кеңес өткен болатын.
Кеңес барысында Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің, Инвестициялар және даму вице-министрі Берік Қамалиевтың, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ермек Қизатовтың, облыс басшыларының есептері тыңдалды. Есептерге сәйкес, автомобиль жолдарын жөндеу бойынша барлық жоспарлар ағымдағы жылы орындалды. 2016 жылдың қорытындысы бойынша республикалық маңызы бар 924 км автожолды жөндеу аяқталды.
2016 жылдың соңына дейін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізінде тұтастай, «Орталық – Оңтүстік» дәлізінің Астана – Теміртау және Алматы – Қапшағай учаскелерінде қозғалыс ашылады. Батыста Ақтау – Бейнеу автожолында қозғалыс ашылады. Қазіргі уақытта Көкшетау – Петропавл автожолы ашылды. Қостанайдағы Тобыл өзені және Павлодар облысында Ертіс өзені арқылы өтетін көпірлер пайдалануға берілді.
Ағымдағы жылы республикалық маңызы бар 1 200 км автожолда күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу жүргізілді.
2017 жылы республикалық маңызы бар 2 мың км-ге жуық автожолды жөндеу жұмыстарымен қамту және 555 км жолды пайдалануға беру жоспарланған, оның ішінде «Орталық – Шығыс» дәлізі бойынша – 208 км, Қапшағай – Талдықорған – 24 км, Бейнеу – Ақтау – 230 км, Қордай ауылындағы айналма жол – 40 км, Орал – Каменка – 27 км және Ақтөбе – Атырау – 26 км.
«Біз сондай-ақ, «Астананың Оңтүстік – Батыс айналма жолының», Жетібай – Жаңаөзен, Бейнеу – Ақжігіт, Қостанай – Денисовка, Талдықорған – Өскемен, Күрті – Бурылбайтал және т.б. жаңа учаскелерін қайта құру жұмыстарын бастауды жоспарлаудамыз», деді вице-министр.
Кеңес барысында автожолдардың жергілікті желісін дамыту мәселелері қаралды. Қазақстандағы жергілікті маңыздағы автожол желісінің жалпы ұзындығы 72,8 мың км-ні құрайды.
Бүгінгі таңда жергілікті желіде жол-жөндеу жұмыстарымен 2 мың км-ден астам автожол қамтылған, соның ішінде 130 км құрылыс пен қайта құру, 1 884 км күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар, Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай және Павлодар облыстарында жергілікті бюджеттен жеткіліксіз қаржыландырудың байқалатыны айтылды.
А.Мамин жергілікті автокөлік жолдарын тиісті сапамен қамту осы саланың басым міндеттерінің бірі саналатынын ескерді. Осыған орай, облыс әкімдеріне 2017 жылға жергілікті маңыздағы автокөлік жолдарын дамытуға, жөндеуге және оны қамтуға жергілікті бюджеттен қаржы көлемін ұлғайту тапсырылды.
Жол бойындағы сервис нысандарын дамыту мәселесі бойынша соңғы жылдары республикалық маңызы бар жолдарда жыл сайын 6%-дық деңгейде жүк тасымалының тұрақты үдерісінің артқаны байқалады.
Жолдағы автотасымалдарды әрі қарай заманауи, сапалы қызметтермен қамтамасыз ету мақсатында 2015 жылы жол бойы сервисі нысандарына арналған ұлттық стандарт бекітілген болатын.
Бүгінде республикада шамамен 2,5 мың жекелеген сервис нысандары қызмет көрсетеді, оның көбі АЖҚС және сауда мен тамақтану орындары, оның 80%-ы бекітілген стандарттардың талаптарына сәйкес келмейді.
«Нұрлы жол» бағдарламасына сәйкес, 2020 жылға дейін негізгі автожолдарда стандартқа сай келетін сервистің бірінші кезектегі 260 нысаны орналастырылатын болады.
Олардың жергілікті атқарушы органдармен келісілген түрде бірқалыпты орналасуы үшін аталған нысандарды А, В, С және Д санатымен орналастырудың сызбасы Инвестициялар және даму министрінің бұйрығымен әзірленіп, бекітілді.
Шаралардың өңірлік жоспарларының негізінде биылғы жылдың желтоқсанында «ҚазАвтоЖол» 20 мыңнан астам адам жұмыс істейтін, жол сервисінің бірінші кезекті нысандарының дамуы мен қолданыстағы нысандарды жетілдіруден тұратын 2020 жылға дейінгі жол бойы сервисін дамыту бағдарламасының жобасын уәкілетті органның қарауына жіберуді жоспарлайды.
Селекторлық жиынның қорытындысын шығара отырып, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары «2016 жылы Қазақстанның автожол инфрақұрылымын жетілдіру жөнінде едәуір жұмыстың атқарылғанын» айтты. Сонымен бірге, ол бірқатар тапсырма берді:
– Инвестициялар және даму министрлігіне жергілікті атқарушы органдармен және «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-пен 2017 жылы құрылыс жұмыстарын уақтылы бастау;
– 2017 жылдың 1 сәуіріне дейін 2020 жылға дейін халықаралық және республикалық маңыздағы автокөлік жолдарының Жол сервисін дамыту бағдарламасын және оны іске асыру бойынша шаралар жоспарын бекіту.