• RUB:
    5.05
  • USD:
    489.06
  • EUR:
    536.21
Басты сайтқа өту
08 Қараша, 2016

Назарбаев Жапонияның іскер топ өкілдерімен кездесті

242 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы жетекші жапон компаниялары өкілдерімен кездесу өз сапары аясындағы аса маңызды іс-шараның бірі екенін атап өтті. "Осы сапардың қорытындылары біздің елдеріміз арасындағы стратегиялық әріптестікті жаңа сапалық деңгейге көтеруде шешуші рөл атқаратынына сенімдімін", – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті екі ел түрлі бағыттағы, соның ішінде мұнай-газ, металлургия, қаржы салалары, тау-кен өндірісі бойынша ынтымақтастық орнатып отырғанын атап өтті. "Республикамызда 50-ден астам жапон кәсіпорындары жұмыс жүргізуде. Сонымен бірге біздің қатынастарымыздың әлеуеті толық пайдаланылып отырған жоқ. Сондықтан бүгінгі кездесуіміз сауда-экономикалық өзара іс-қимылымызды жандандыруға арналады", – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы елімізде бизнеспен шұғылданудың жағдайын жақсарту үшін жүйелі шаралар қабылданып жатқанын, Дүниежүзілік банктің «Бизнес жүргізу жеңілдігі» рейтингінде Қазақстан 35-орынға шыққанын атап өтті. Қазақстан Президенті іскерлік ахуалды одан ары жетілдіру және ел экономикасының құрылымын өзгерту үшін атқарылып жатқан жұмысқа назар аударды. "Шикізатқа тәуелділіктен арылу үшін мемлекеттік индустриалық-инновациялық даму бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Онда экономиканың басымдығы бар бірнеше бағыты айқындалды. Олар – мұнай өңдеу, мұнай-газ химиясы, агрохимия, қара және түсті металлургия, тамақ өнеркәсібі, көлік өндірісі және электротехникалық машина жасау салалары. Басымдығы бар салаларда инвесторлар корпоративті табыс салығы мен жер салығын төлеуден 10 жылға, мүлік салығынан 8 жылға босатылды", – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы тәуелсіздік жылдарында бір ғана Жапониядан келген инвестицияның жалпы көлемі 10 млрд долларға жеткенін атап өтті. "Бізде либералды салық режімі және салықты әкімшілендіру де оңтайландырылған, небәрі 13 салық қана бар. Жұмыспен қамту саласындағы салық мөлшерлемелеріне қатысты заңнаманың тұрақтылығына кепілдік берілген. 2015 жылы біз әлемдегі 35 елдің азаматы үшін визасыз режім қолданылатын тізім құрамын ұлғайттық, келесі жылы ол 56 мемлекетке дейін көбейтіледі. Жапон инвесторлары Қазақстанға еркін келе алады", – деді Қазақстан Президенті. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның ірі экономикалық бастамалары Жапония бизнесінің қызығушылығын тудыратынына сенім білдірді. "Жапония үкіметімен арада қол жеткізген уағдаластықтарды іскер топтар іске асыратындықтан, біздің бүгінгі кездесуіміз аса маңызды. Сіздермен қарым-қатынасымыздың аясын кеңейтіп, сауда мен тауар айналымын ұлғайтуға ниеттіміз", – деді Мемлекет басшысы. Сондай-ақ, Қазақстан Президенті еліміздің жаңа Жібек жолы жобасына белсене қатысып, көлік инфрақұрылымын белсенді түрде жандандырып жатқанына назар аударды. Бұл логистика мәселелерін шешіп, екі ел бизнесінің өзара іс-қимылы үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын болады.