• RUB:
    5.05
  • USD:
    489.06
  • EUR:
    536.21
Басты сайтқа өту
09 Қараша, 2016

Депутат жабық стадион салып берді

328 рет
көрсетілді

«Уәде – құдай сөзі» дейді халық. Облыстық мәслихаттың депутаты, кәсіпкер Мұрат Төлтебаев Төле би ауданы «Көксәйек» ауылдық округіндегі Мұхаммед Хайдар Дулати мектебіне жабық стадион салып берді. Кәсіпкерде басы артық ақша болмайды. Қаржы салуды қалайтын сала көп. Солай бола тұра «елде болса ерінге тиеді» деп ойлайтын азаматтар тапқан табысының бір бөлігін туған елін өркендетуге жұмсайды. – Елбасымыз саламатты өмір салтын қалыптастыруға үлкен мән беріп келеді, – дейді Мұрат Төлтебаев. – Жас ұрпақ білімді бо­луымен қатар денсаулығы мықты болуы керек. Осындай жағ­дайда спорт кешендерінің көп бол­ған­дығы жақсы. Біз еліміздің ар­қасында осындай дәулетке ие болдық. Сондықтан, елге қолымыздан келгенше осындай көмек көрсетіп жатырмыз. Спорт та ел намысы, мемлекет мерейі. Қазақ спортшылары әлемдік спорт аламанында биіктен көрініп жүрсе, ол Отанымыздың мықтылығы, болашағының кемелдігі. Осы мақ­сатқа бәріміз жұмылып күш бі­ріктірсек, жолымызда нар көтер­мейтін жүк қалмайды. Жаңа спорт кешенінің ашылуы Көксәйек халқы үшін үлкен қуаныш болды. – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан­дағы халықтың 30 пайызы бұқа­ралық спортпен айналысуы қажеттігін айтқан болатын, – дейді аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Әтірхан Шыңғысбаев. – Біздің Төле би ауданында жыл сайын спорт кешендері салынып, бүгінде ха­лықтың 23 пайызы спортпен шұғылдануға мүмкіндік алды. Мұрат Төлтебаев сынды мемлекетшіл жігіттерміз осы іске өз үлестерін қосып келеді. Құ­дай қаласа, осы бүгінгі қарқын сақ­талса, 2019 жылдары Елбасы тап­­сырған межеге жетіп қаламыз. Бұл жай ақпар үшін керек емес, жастарымыз қайратты, шымыр болып өсу үшін қажет шаруа. Жабық спорт кешенінің ашылу салтанатына келген халық қа­лаулылары мен зиялы қауым осылай ағынан ақтарылып жатты.