• RUB:
    5.05
  • USD:
    489.06
  • EUR:
    536.21
Басты сайтқа өту
09 Қараша, 2016

А.Ахметжан. Оқулық олқылығы опық жегізбесін десек

265 рет
көрсетілді

Сапалы оқулық – мұғалім мен оқушының сенімді серігі һәм білімнің қайнар көзі. Оқулық сапасы туралы елде жиі «шу» көтеріледі, бірақ толық шешілген емес. Оқулық мәселесін шешу үшін оқулық жазу құқығын баспадан алып, ғылым академияларының біріне берген абзал. Себебі, бас­па, ол – жауапкерлігі шектеулі серіктестік, яғни олардың бас­ты көзқарасы сапа емес – сауда, көздегендері білім емес – ақша, олардың негізі бағыты – бизнес-жоспарын орындау. Сол үшін де бағдарлама, оқулық кешенін негізгі жауапкершілігі бар, мемлекеттік мекеменің құзыреттілігіне беру керек. Біз арғы-бергі мемлекеттердің тәжі­рибесін пайдалана отырып, оқулық сапасын арттыруға мынадай ұсыныс білдірсек дейміз. Алғашқы мәселе, оқулықты жеке автор емес, арнайы құрылған шығармашылық ұжым жазуы керек. Орта білім саласының маңызды құжаттарын талдау және зерттеу институты болса… Дамыған елдер тәжірибесіне негізделгенде, оқулықты сол мамандықтың білгір ғалымы (кемінде екі) мен сол пәнді балаға оқытатын педагог (кемінде екі әрі мектепте он жылдан артық сабақ берген, үздік шәкірт тәрбиелеген) бірлесіп жазулары керек. Себебі, кей ұғымдардың оқушыға қалай түсінікті боларын педагог жақсы біледі. Сонымен бiрге, ұжым құрамында тарихшы болуы керек, себебi елiмiздiң тарихы, мәдениетi кез келген оқулығымызда көрiнiс берiп тұруы тиіс. Сонымен бiрге, авторларға бiр психолог, бiр қазақ тiлi мен әдебиетiнiң маманы көмектесуi қажет. Өйткені, оқулықтағы әр сөйлемнiң мазмұны құрылымы дұрыс па, бұрыс па, тексерiлгенi жөн. Тілдің түсінікті болуы балаға аса маңызды. Енді оқулық құрылымына кел­сек, оқулықта тақырыптың со­ңында тақырыпқа сәйкес, әр тараудың соңында тарауға қоры­тынды жаттығулар болуы керек. Әрі ол жаттығулар тек есептер мен тестілер ғана емес, сан-са­лалы, алуа­н түрлі болуы тиіс. Бұл жерде тек Ресей жүйесіне қарау жет­кіліксіз, басқа да дамыған елдердің тә­жірибесін қолдануға болады. Нақ­ты ғылымдарда тірек сызбалар, тәжірибе барысының сызбалары, кестелер, ойланту сұрақтары, тағы басқа сызба нұсқаларды пай­даланған жөн. Жаратылыстану ғылымдарын сылдыр сөзбен жазу оқушыны жалықтырады. Соңғы ескерер түйін, оқулықты жазатын шығармашылық ұжым­ның алғашқы жұмысы мем­лекеттік стандартқа байланысты оқулық бағдарламасын өздері жасауы құнды болар еді. Бағдарлама жасалып болған соң әр оқулықтың ұжымы біріге отырып, пәнаралық байланыстардың сақталуын, маз­мұндардың біркелкілігін сәйкес­тендіріп алса, келесі жұмысы  сапалы оқулық дайындауға арналады. Оқулық дайындалған соң сараптамадан өтіп, келесі жұмысы – мұғалімнің күнтізбелік-тақырыптық жоспары (КТЖ) да осы оқулық ұжымының талқылап бекітуімен нақты, өзгертілмейтін нұсқамен жазылуы керек. Соң­ғы жұмыс – мектепаралық бақы­лауларға (МАБ) және Ұлттық бірыңғай тестілеуге (ҰБТ) қажетті жұмыс тобы жазған оқулықтарға, жаттығуларға сәйкес өздері құрас­тыруы керек. Бұл біртұтастық пен бір­жүйелікке алып келеді. Бұдан тыс, жыл бойы қо­сымша әр бағытта тереңдетілген мате­риалдар жасап, дамытып, ке­мелдендіріп отырса, нұр үстіне нұр. Егер осы шарттар толығымен орын­далса, біздің ұтатынымыз: бі­рін­ші – барлық орта білім оқулық­тарына қажетті материал­дар біріз­діленіп, жүйеленеді. Бұдан сапа туады; екінші – егер қате кетсе, бір-біріне сілтеу туын­дамай­ды. Жауапкершілік тек бір ме­кеменің құзыреттілігінде бола­ды. Бір оқулық ұжымына жүк­теледі. Жауапкершілік артады. Ұстаз­дардың басты мақсаты – ұлт болашағы ұрпақты тәрбиелеу. Оқу­лық – ұстаз бен шәкірттің көмек­­шісі, сырлас досы. Ол ешқа­шан да олқы болмауы керек, оқу­лықтың олқы­лығы опық жегізеді. Аятжан АХМЕТЖАН, республикалық «KAZBILIM» орталығының директоры