• RUB:
    5.05
  • USD:
    489.06
  • EUR:
    536.21
Басты сайтқа өту
09 Қараша, 2016

Ұлттық идея ұлт тарихын терең білуден басталады

392 рет
көрсетілді

Бүгін, міне, тәуелсіздіктің арқасында ғасырлар бойы ата-бабаларымыз арман етіп, жанын аямай күрескен еркіндікке, асқақ арманымызға қол жеткіздік, соның арқасында болашаққа нық қадам басып, елімізді көркейту үшін айқын, ауқымды жоспар құрудамыз. Бұл Елбасы көрсетіп берген үлгілі дамудың өзіндік моделі, ел болашағының сара жолы «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы болып табылады. Президентіміз Н.Ә.Назарбаев: «Мәңгілік Қазақстан» жобасы – ел тарихындағы біз аяқ басатын жаңа дәуірдің кемел келбеті», деп атап көрсеткендей, бұл жол елімізді Мәңгілік Елге айналдырып, соған бастайтын ең абыройлы, ең мәртебелі жол болмақ. Бұл жол халқымызды рухтандыратын, ар-намысын қамшылап, ерік-жігерін асыратын патриоттық жол. Ендеше, оның міндеттерін жүзеге асыру ұрпақ тәрбиесін дамытудан бастау алуы керек. Бұл орайда, білім ордалары мен әсіресе онда оқытылатын тарих пәнінің рөлі ерекше бол­мақ. Елбасы Н.Назарбаев «Нұр­лы жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауында осыдан ХІІІ ғасыр бұрын Тоныкөк абыздың «түркі жұртының мұраты – Мәңгілік Ел» деп өсиет қалдырғанын айтты. «Осынау жалпыұлттық құндылықты біз әрбір жастың бойына сіңіре білуге тиістіміз», деп тарихшыларымызға үлкен тапсырма беріп, ел тарихын ұрпақ бойына аса жауапкершілікпен меңгертіп, Мәңгілік ел болуға жол салуымыз керек екендігін атап өткен. Әрбір жас ұрпақ хал­қымыздың аты тарихтан өшпей, жалғасып, шарықтап дамуы үшін аянбай күресіп, тер төгуі қажет еке­нін сезуі тиіс. Сонда ғана тәуелсіздігіміз баянды болып, еркін дамыған, әлем таныған елге айналарымыз хақ. Қазіргі аумалы-төкпелі, сы­нағы мен қайшылығы көп заманда елдігіміз бен бірлігіміз, ерлігіміз бен еңбегіміз сыналар кез келіп отыр. Өткенімізден тағылым алмай, мұндай қиын-қыстау заманда алға жылжу мүмкін емес. Бабаларымыздың қалдырған әрбір ізі, ерлігі, қайсарлығы бізге сабақ, үлгі болады. Ендеше, әр сабағымызда осыған баса көңіл бөліп, халық ерлігін насихаттау керек. Оқушылар бойында туған жерге деген елдік санасын, сүйіспеншілік сезімін қалып­тастыра отырып, өз халқы мен Отанының бақыты үшін аянбай күресетін ұрпақ тәрбиелеу басты мақсат болмақ. Ол үшін: біріншіден, жас ұрпақты мәң­гілік тәуелсіздігімізді көздің қара­шығындай қорғай білуге үйрету; екіншіден, әрбір жастың жүрегінде елімізге деген шексіз мақтаныш сезімін қалыптастыру; үшіншіден, халқымыздың ұлы істерінің арқасында қалыптасқан жасампаз қазақстандық патрио­тизмді дамытып, ұрпақтан ұр­паққа жеткізу керек. Ұлттық идея  ұлт тарихын терең білуден бастау алады. Сондықтан, әр ұрпақ өзінің төл тарихын жан-жақты оқып, терең білуі тиіс. Тарихтың әр беті болашаққа үлгі, оған бағыт беретін бағдаршам десек те болады. Бізден білім алған әр қазақстандық: «Біздің мақтан тұтатын қасиетті тарихымыз бар, біздің сүйікті Тәуелсіз Отанымыз бар!» деп мақтанышпен айтып, оны көркейтіп, қорғау үшін әрқашанда дайын болуы керек. Себебі, біздің мақсатымыз айқын, оған жету жолдары да нақты көрсетілген. Ол – «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы. Бақытгүл КЕНЖЕБАЕВА, Жыланды орта мектеп-лицейінің жоғары санатты тарих пәнінің мұғалімі. Алматы облысы, Алакөл ауданы