• RUB:
    5.05
  • USD:
    489.06
  • EUR:
    536.21
Басты сайтқа өту
09 Қараша, 2016

Сахнадағы сатирамыз сын көтермейді. Неге?

536 рет
көрсетілді

Тұтастай алғанда, қазіргі сатира-юморымызға тәубе деуімізге болады. «Қазақ әдебиеті» газетінде «Қалжың қалта», «Айқында» – «Жатыпатар», «Жас Алашта» – «Сүзеген сөз», «Жас қазақта» – «Бүгінгі сатира», «Егемен Қазақстанда» «Сөз сойыл» әзіл-қалжың отаулары жүйелі шығып жатыр. Ал оларда жарияланған әзіл-сықақтардың сапа деңгейіне келер болсақ, айтуға тұрарлық дүниелер де баршылық десек те, солардың ішінде «Әп, бәрекелді!» дегізері некен-саяқ. Не жазса да «дүр» еткізетін Сейіт Кенжеахмет ағамызды іздейтін болдық. Қазір сатира жазудағы көштің алдында Мұхтар Шерім тұр. Жазғандарының тәуірлері басым десек те, оның билікке, саясатқа жасаған «шабуылдары» құнсыздау дүниелер. Ал бүгіндері сатира-юморға бет бұрған жастар жоқтың қасы десек болады. Мұндайда академик Темірбек Қожакеевтің «Сатира – күштілер қаруы» деген қанатты сөзі еске түседі. Егде тарландарымыз өз уақытында күрескер күлкіні көтеруге өз үлестерін қосты. Ал қазір заман басқа, талап «қарақасқа» болып, сатира сарбаздары тоқырау, тосырқау күй кешуде. Ал біраз жыл бұрын сатирамыздың көзайымы болған «Ара» журналын жауып алғанымызға қынжыламыз... Әзіл-оспақ театр өкілдері үнемі «Қазір сатира жоқ» деумен келеді. Олардың айтып отырғаны сахнаға алып шығатын скетч болса керек. Бүгінгі күндері «жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай» көбейіп кеткен әзіл-қалжың театрлары алғаш құрылып, жарқ етіп шығарда бірлі-жарым тәуірлеу материалмен көрінеді де, күн өте «тақырға тап болып» сұйылып, ақыры үнсіз кетеді. Неге? О баста қоржындарын скетчпен қамтымағанында. Негізі, олардың ұжымында сатира-юмор жазатын қаламгерлермен қоян-қолтық жұмыс істейтін редактордың жоқтығында. Театрға керегі – қазанның үш бұты: режиссер, автор және актер бірігіп жұмыс істесе, қазандағы ас бабымен пісіп, асып-төгілер еді. Кезінде әзіл-сықақ театрларының бастауы «Тамаша» болса, кейін келе «Бауыржан шоу», «Терісқақпай», «Күлкі-керуен», «Аққу-Гәкку», «Нысана» деп бөлек-бөлек жеке отау тікті. Аймақтарда да құрылды. Өткенде «Хабар» арнасындағы «Ду-думан» атты бәйгеден «Қуандық пен Бақыт», «Беймарал», «Керемет» деген әзіл-оспақ театрларын өз басым бірінші рет естіп, көрдім. Жарайды, көптік етпес. Осы жерде «сан сапаға әсер етеді» атты қағиданы еске алуға да болатын шығар. Мәселен, Мәскеуде 480-дей театр бар деп жұбату айтамыз... Ал осы ана «Тамашадан» тартып қазір бәр-бәріне көрерменнің көңілі тола ма? Сол жағын ойландық па? Мына парадоксты қараңыз, Ресейдің «Кривое зеркалосында» 20-дай әртіс бір ұжымға топтасқан. Олардың әрқайсысы бір-бір жеке театр құруға қабілет-қарымы жетіп артылса да, бір ұжымда еңбек етеді. Неге? Ұжым – ұтады. Жетекшісі Евгений Петросян «ұтудың» оңды жолын тапқан. Мәселен, скетч табуда Петросяндардың талғамы керек. Олардың қоржынына мыңға жуық материал келіп түседі екен. Себебі, келіп түскен материалдардан таңдап алынғанына төленер қаламақы өте қомақты көрінеді. Және де Петросян керек авторымен үнемі сұхбат жүргізіп, насихаттап отырады. Яғни, авторларын бағалап, кейін де үзбей ат салысуына мұрындық болады. Ал олардың менталитеті басқаша деген пікірге келіспеймін. Өз басым ол театрдың әр қойылымын ыждағаттылықпен тамашалаймын. Үлгі боларлық театр-ақ... «Тамаша» алғашқы әзіл-сықақ театры болды. Телеарналар аз, сол шақта оларда қазіргідей апта сайын гулетіп жататын әзіл-сықақ бұрышы атымен жоқ еді. Ал «Тамаша» мерекелерге орайластырылып жылына 5-6 рет қана Республика сарайында қойылып барып, теледидардан көрсетілетін. Оны қалың жұртшылық тайлы-таяғымен келіп тамашалайтын. Негізгі ерекшелігі сол, «Тамашада» белгілі бір театрдың танымал әртістері ойнайтын. Және де ондағы әртістер рөлді ойнағанды ғана білетін. Саусақпен санарлық скетчтер болмаса, оларға материалды тауып беріп отыратын театрдың арнайы редакторлары бар еді. Және бұған сол кездегі Оспанхан Әубәкіров, Шона Смаханұлы, Сейіт Кенжеахметов секілді белгілі сатириктер үзбей ат салысты. КТК – көңілді тапқырлар клубы – жастардың әзіл-сықақ отауы. Артықшылығы – қысқа-нұсқалығында. Яғни, анекдот пошымында айтылып, айтарын шолақ қайырады. Орындайтын да, тыңдарманы да көбіне жастар болып келеді. Ал олардың әлсіз болатыны – эфирге жолданарда талғамы жоғары редактордың сұрыптауынан өтпейтіндігінен. Ресей «КВН»-шілерінде сұрыптаудан өтіп, редакцияланып барып ұсынылады екен. Ал осы жерде айта кететін жағдай, КТК-дан тартып, жалпы, анекдот айтқызып жүрген телебағдарламалар – қазақ сатирасы емес. Қазақ сатирасын олардың деңгейімен өлшеуге әсте болмайды. Түйіп айтсақ, қазіргі сахнадағы сатирамыз сын көтермейді. Берік САДЫР, «Егемен Қазақстан»