• RUB:
    5.05
  • USD:
    489.06
  • EUR:
    536.21
Басты сайтқа өту
09 Қараша, 2016

Құт дарыған қазыналы өлке

509 рет
көрсетілді

Қарағанды облысына – 80 жыл Ел Тәуелсіздігінің ширек ғасырлық мерейтойы әрбір қазақстандық сияқты, мен үшін де аса маңызды белес. Тарихи өлшеммен алғанда аз ғана уақыт ішінде еліміз бүкіләлемдік саяси аренада өзінің лайықты орнын таба білді. Қазақ елінің бүгінге дейін қол жеткізген жетістіктері алдымен Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен-ақ дұрыс жолды таңдай білген Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасы екені анық. Елбасы еңбек жолын бастап, саяси қайраткер ретінде қалыптасқан өңір мемлекетіміздің дамуына өз үлесін қосып келе жатқанын біз бүгінде мақтанышпен айтамыз. Сөзіміз дәлелді болуы үшін Қарағанды облысының жетістіктеріне тоқталып өткеніміз абзал. Оның үстіне, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Қарағанды облысының 80 жылдық мерейтойы да тұспа-тұс келіп отыр. Ширек ғасырда Қарағанды облысы өндірген өнімнің жалпы көлемі бірнеше есеге артып, 2015 жылы 3,1 трлн теңгеге жетті. Өңірімізге инвес­тициялар ағылуы арқасында өнер­кәсіп өндірісінің көлемі еселеп артты. Айталық, 1993 жылдан бастап, негізгі капиталға құйылған инвес­тициялардың жалпы көлемі 3,2 трлн теңгеден асты. Шағын және орта бизнес кәсіпорындары да көбейіп келеді. Қазір облыстағы жұмыс істейтін халықтың үштен бірі осы салада еңбек етуде. Шағын компаниялар өнеркәсіп алыптарымен иық тірестіріп, солармен бірдей өнім шығарады дегенге осыдан небәрі жиырма жылдай бұрын сену қиын еді. Ал қазір қарап отырсақ, қарағандылық кәсіпорындар жылына 700 миллиард теңгенің дайын өнімін шығарып отыр. Бұл дегеніңіз «АрселорМиттал Теміртау» АҚ пен «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС секілді алып кәсіпорындар шыға­ратын өнімдерді қоса есептегенде шығатын көлемге барабар. Инфрақұрылым дұрыс болма­йын­ша, өнеркәсіптің дамуы мүмкін емес. 25 жыл ішінде жүк айналымы он екі есеге артты. Мұндай жоға­ры көрсеткішке жаңа автожолдар, Жезқазған – Бейнеу теміржол магистралін салу нәтижесінде қол жетті. Соның арқасында біздің кәсіпорындарымыз өз өнімдерін шалғайдағы сыртқы нарықтарға шығару мүмкіндігіне ие болды. Облысымыздың әлеуметтік сала­дағы жетістіктері де баршылық. Тәуелсіздік жылдарында өңірде жа­ңа­дан 66 білім беру нысаны, оның ішінде дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептер мен «Назарбаев зияткерлік мектебі» сынды бірегей білім беру нысаны өмірге келді. Денсаулық сақтау саласында 60 жаңа нысан тұрғызсақ, оның ішінде еліміздегі маңдайалды емдеу орындарының біріне жататын кардиохирургиялық орталық, қан орталығы және нейроинсульттық орталық бар. Биылғы жылдың өзінде өңірімізде 27 отбасылық-дәрігерлік амбулатория іске қосылып, ауыл тұрғындарына сапалы да жедел медициналық көмек көрсетуге жағ­дай жасалды. 25 жыл ішінде облыста 6 млн шаршы метрден артық тұрғын үй пай­далануға беріліп, 61 мың отба­сының баспана мәселесі шешіл­ді. Құрылыстар жыл асқан сайын қарқын алып келеді. Әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған халық жеңіл­детілген мемлекеттік бағдарламалар арқылы баспанаға қол жеткізе алады. Салынып жатқан үйлердің үштен екісі осы мақсатқа арналған. Тұрғын үйлерден бөлек, әлеуметтік мақсатта салынып, қазір халық игілігіне жұмыс істеп жатқан алып ны­сандар да баршылық. С.Сей­фул­лин атындағы облыстық қа­зақ дра­ма театры, С.Сәпиев атын­дағы Бокс орталығы, Теннис орта­лығы, Мұз сарайы, Достық үйі – барша қара­ғандылықтардың ортақ мақта­нышы. Қарағанды десе, ауызға бірінші ілігетін көмір бассейнінің келешегіне келсек, барлау нәтижелері бойын­ша, қазір бізде 10,9 млрд тонна өндірілмеген көмір қоры бар. Об­лыс экономикасына тірек болып отырған негізгі саланың бірі осы көмір өнеркәсібі екені белгілі. Қарағандылық кеншілер республикада өндірілетін барлық көмірдің үштен бірінен көбін, ал кокстелген көмірді түгелімен шығарып отыр. Қазір облыста 11 шахта, 7 көмір разрезі, 4 көмір өндіруші ша­ғын кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Көмір өндірісін жетілдіру бойынша бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. «Шахтинская» шахтасының жанынан 17 млн тонна көмір қоры бар жер қойнауын игеруге рұқсат алынды. Шұбаркөл көмір кенішінде ақпан айында жылына 7,5 млн тонна жоғары сапалы көмір өндіре алатын жаңа кәсіпорын «Шұбаркөл Премиум» ЖШС іске қосылды. Облыс бойынша былтыр 31,5 млн тонна көмір өндірілсе, биылғы жылдың қорытындысында 33 млн тоннаға қол жеткіземіз деп отырмыз. Қазір көмірді шикізат ретінде ғана пайдаланбай, оны заманауи технологиялармен өңдеп, басқа мақсаттарға да пайдалану амалдары қарастырылуда. Мысалы, «Шұбаркөл Көмір» АҚ-та арнайы кокс өндірудің бірегей тәсі­лі игерілді. Бұл кәсіпорынның өнім­деріне еліміздің ірі металлургия кәсіпорындары зәру. Оған қоса, Қарағандыда биылғы жазда көмір байыту фабрикасы ашылды. Онда заманауи экологиялық стандарттар бойынша энергетикалық концентрат шығару ісі қолға алынған. Өнеркәсіп саласындағы даму қорытындылары бойынша біздің облыс еліміз бойынша бірінші орында тұр. Өсім, былтырғы жылдың осы уақытымен салыстырғанда 105,2 пайызға жетіп отыр. Өнеркәсіп өнді­рісінің 80 пайызын өңдеу өнеркәсібі құрайды. Бұл да республика бойынша ең жоғары көрсеткіш. Жалпы, еліміз бойынша өңделген өнімнің бестен бірін біздің өңір шығарады. Индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Тәуелсіздік жылдары облыста бірқатар жаңа өндіріс орын­дары ашылды. Мысалы, Ин­дустрияландыру картасы бойын­ша, «АК Алтыналмас» АҚ алтын айыру фабрикасы, катодтық мыс өндіру зауыты, «БорусанМакина Қазақстан» ауыр техникаларға сер­вистік қызмет орталығы се­кілді барлығы 72 кәсіпорын іске қосылды. Индустрияландыру картасы шеңберінде биыл 10 жаңа өндірісті іске қосамыз, бұл жаңадан мың шақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Қазір біз өнеркәсіп тауарларын, азық-түлік өнімдерін, халық тұтыну тауарларын өндіріп, экс­портқа шығарып отырмыз. Мы­са­лы, тәуелсіздік жылдары кабель өнімдерін шығаратын «Каз­центрэлектропровод» ЖШС іске қосылды. Техникалық кремний шы­ғаратын «Таукен Темір» ЖШС зауыты өз өнімдерін түгелдей экспортқа шығарады. Барлық қажетті инже­нерлік инфрақұрылымдар тартылып, салық тәртібі жеңілдетілген арнайы экономикалық аумақта бекіт­кіш арматура шығаратын «Бемер Арматура» ЖШС, бөлектелген құ­бырлар жасайтын «Изоплюс» ЖШС си­яқты жаңа өндіріс орындары ашылды. Бұл екі зауыт германиялық ин­весторлардың көмегімен салынды. Облыстағы тағы бір үлкен жаңа­лық – фармацевтикалық кластердің құрылуы. Кластер өзімізде жасалған тәсілдер бойынша отандық дәрі-дәр­мектер өндіреді. Азық-түлік шығаратын кәсіпорындар жылына 90 млрд теңгенің өнімдерін шығарып отыр. Соңғы ширек ғасырда өңі­рімізде сүт және сүт өнімдерін, ет өнімдерін шығаратын, астық өңдейтін және басқа да көптеген жаңа өндіріс орындары ашылған. Биыл облыс диқандары 1 миллион тоннадан артық астық жинап, бұрын-соңды болмаған рекордқа қол жеткізді. Соның арқасында шаруа адамдарын тұқыммен қам­тамасыз ету, несиелерді қайтару, жұмыскерлердің жалақысын төлеу мәселелері қиындықсыз шешілді. Машина-трактор паркі жаңартылып, тұқым сапасы арттырылып, келесі жылы егістік көлемі де ұлғайтылуы мүмкін. Қырманымыздың толуына жаңа агротехнологиялардың да игі ықпалы аз болған жоқ. Біздің фермерлер егістіктердің 78 пайызына, яғни 580 мың гектар жерге ылғал қорын сақтағыш технологияларды пайдаланды. Ауыл шаруашылығы техникалары да заман талабына сай, өнімділігі жоғары. Тұқым сапасын арттыруға, тиімді тыңайтқыштар мен гербицидтерге үлкен маңыз беріледі. Биыл облыс аумағында 200 мың тонна картоп, 30 мың тон­надан артық көкөніс жиналды. Майлы дақылдар өсіру ауқымы да артып келеді. Мал шаруашылығын айтсақ, облыс фермерлері ірі қараның санын биыл жарты миллионға жеткізді. Бұ­ған, әлбетте, мемлекеттің «Сы­баға» тәрізді бағдарламалары да көп көмегін тигізді. Мал басын көбейте түсу үшін қазір бордақылау орындарының құрылысын арттыруды көздеп отырмыз. Абай ауданында 3 мың басқа арналған бордақылау алаңы ашылса, жақында Бұқар жырау ауданында тағы бір сондай алаң іске қосылады. Қарағандының медицина саласы қашаннан мақтаулы және соған әбден лайық. Медицинаны дамытуға мемлекеттік деңгейде көңіл бөлініп отырғаны белгілі. Біздің облысымызда да денсаулық сақтау саласын жетілдіруге айрықша ден қойылған. Қарағандылық мамандар жүрек пен қан тамырларына, жұлын мен миға күрделі операциялар жасауды елімізде алғашқылардың бірі болып қолға алды. Жоғары технологиялы медицина облыс орталығында ғана емес, өңірдің басқа аудан-қала­ларында да өркендетіле бастады. Балқаш пен Жезқазғанда түтік тәрізді сүйектерге күрделі оталар жасалатын болды. Жезқазғанның орталық ауруханасында инсульт орталығы ашылса, осы Жезқазғанда, Балқаш, Теміртау қалалары мен Бұқар жырау ауданында төмен инвазивті операциялар жасалады. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік нәти­жесінде, заман талабына сай жабдықталған компьютерлік томография ка­бинеттері мен 2 диагностикалық офтальмологиялық орталық, УДЗ диагностикасының 3 кабинеті ашылды. Жақында Шахтинск қаласында гемодиализ орталығы, Қарағанды қаласындағы №1 ауруханада компьютерлік то­мография кабинеті ашылады. Қарағанды облысы – үш жылдық лизингтік жүйе бойынша 3 млрд теңгеден астам қаражатқа заманауи қымбат медициналық жаб­дықтар сатып алып отырған респуб­ликадағы жалғыз өңір. Білім беру саласындағы жетіс­тіктерімізді де мақтанышпен ай­туға болады. Қарағанды облы­сын­дағы мектеп түлектерінің ҰБТ қорытындысы жыл сайын республи­калық орташа көрсеткіштен жоғары болады. Мектеп оқушыларына қажетті жағдайдың бәрі де жасалған. Тәуелсіздік жылдарында облыста 12 жаңа мектеп салынды. Өңірімізде мектеп бағдарламасына робот техникалар курсын енгізу бойынша қанатқақты жоба елімізде бірінші болып қолға алынды. Мемлекеттік-жекеменшік әріп­тестік нәтижесінде жыл басынан бері Қарағандыда 3 жекеменшік балабақша ашылса, Қарқаралы мен Теміртауда және тағы да облыс орта­лығында сондай 8 балабақша ашу жоспарланып отыр. Бүгінде облыс халқының 29 пайызы спорт­пен тұрақты шұғылданады. Тәуел­сіздік жылдарында өңірімізде жа­ңадан 51 спорт нысаны салынды. «Аула клубтары», «Менің аулам» бағдарламаларын жүзеге асыру барысында аудан-қалаларымызда жасанды көкпен көмкерілген 200-дей алаң және сонша хоккей корттары пайда болды. Қазіргі уақытта облыста 3 мыңнан астам спорт және денешынықтыру ұйымдары жұмыс істеп тұр. Ал жоғары жетістіктер спортында біздің сайыпқырандарымыз ел намысын әлемдік спорт ареналарында қорғап жүр. Қазақстанның ұлттық құрамасында 1168 қарағандылық спортшы бар. Олардың жоғары деңгейін жанкүйерлер жақсы біледі. Қысқаша қорытқанда, Қара­ғанды облысы Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойына осындай же­тістіктерімен жетіп отыр. Отанымыз аман, заманымыз тыныш болсын делік, әлеуметтік-экономикалық ахуалымыз арта түсеріне сеніміміз мол. Бастысы – бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған бірлігіміз, бейбіт тіршілігіміз баянды болғай. Нұрмұхамбет ӘБДІБЕКОВ, Қарағанды облысының әкімі