• RUB:
    5.05
  • USD:
    489.06
  • EUR:
    536.21
Басты сайтқа өту
09 Қараша, 2016

Клинтон ба, Трамп па?

332 рет
көрсетілді

Төрткүл дүниенің назары мұхиттың арғы бетіне ауып отыр десек, асылық болмас. Әлемдік саясаттың көзірін қолына ұстаған Ақ үйдің келесі қожайыны кім болады деген сауал талай елді мазалайтыны анық. Сайланған президенттердің алпауыт мемлекеттің жылдар бойы қалыптасқан сыртқы саясатына түбегейлі өзгеріс әкелуі қиындау. Әйтсе де, Ақ үйден жылы қабақ күтетін талай жұрт өздеріне ыңғайлы президенттің сайланатынынан үмітті... Сонымен, кімнің асығы алшысы түсер екен бүгін? Республикашыл Трамптың ба, әлде демократ Клинтонның ба? АҚШ-тағы президенттік сайлау қарсаңында сарапшылардан бөлек, қоғамдық пікірді қалыптастыратын бұқаралық ақпарат құралдарының болжамына америкалықтардың кәдімгідей ұйитыны бар. Оларда «Үйдегі сауданы базардағы нарық бұзбайтын» шығар, сірә. Не болса да, алпауыт елдің бұқаралық ақпарат құралдарының айтқанына үңіліп көрелік. New York Times Upshot Клинтонның жеңіске деген мүмкіндігі 84%-ды құрайтынына бек сенімді. Ал FiveThirtyEight Клинтон 65% деңгейінде дауысқа ие болып, жеңіске жетеді деп есептейді. HuffPost сенімі тым жоғары, Клинтонның президент болу мүмкіндігі 98% деп, бір-ақ қайырады. Әрине, болжам жасауға кім-кімнің де құқы бар. Онысы ондыққа дөп тиіп жатса, тіпті керемет. Әйтсе де, президенттік сайлауларда әлеуметтік сауалдамалардың жеңіске кепіл бола алмайтындығына талай мәрте куә болып та жүрміз. Сол сияқты бұл жолы да жеңістің тағдыры әрбір штаттағы сайлаушылардың кімді жақтайтынына байланысты шешіледі. Сауалдама демекші, соңғы жүргізілген сауалдамалар барысында әлі күнге кімге дауыс беруді айқындамаған штаттар дауыс беру сәтінде Дональд Трамптың пайдасына жеңіс тағдырын шешіп жіберуі әбден мүмкін. Ол үшін республикашылдардың кандидаты аталған штаттарда қарсыласын таза жеңуі тиіс. Трамп үшін тағы бір мүмкіндік – Пенсильвания, Мичиган немесе Вирджиния сияқты сауалдама бойынша Клинтон көш бастап келе жатқан штаттардағы күтпеген жеңіс оны Ақ үйдің төріне оздырады. Республикашылдар сенім артқан миллиардер Трамптың мінезі арсың-гүрсіңдеу көрінеді. Сайлау алдындағы додада бұл айқын байқалды. Дональд Трамп сайлаудан бір күн бұрын, дүйсенбі күні әлі нақты үміткер туралы тоқтамға келмеген, әрі-сәрі күйдегі бес штатта – Флоридада, Солтүстік Каролинада, Мичиганда, Пенсильвания мен Нью-Гэмпширде болды. Соңғысы таразы басының теңселуіне ықпал етіп қана қоймай, сондай-ақ, рәміздік маңызға ие. АҚШ-та «Нью-Гэмпшир қалай дауыс берсе, Америка солай дауыс береді» деген қанатты сөз бар. Америкалықтардың қанатты сөзі қазекеңнің ырымына жақын тәрізді ме, қалай? Не десек те, төрткүл дүниенің шартарабындағы адам баласының қай-қайсысы да жеңіс жолында кез келген жақсылықты жанына жақын тартып тұрады-ау, ә! АҚШ-тағы президенттік сайлау туралы Халықаралық қатынастар жөнін­дегі Еуразиялық кеңестің директоры Жан­болат Үсенов демократ Хиллари Клин­тон­ның жеңісіне сенімді. «Клинтон Демокра­тиялық партияға ертеден және көпшілігі тұрақты түрде дауыс беретін штаттардан сенімді түрде дауыс жинайды. Мәселен, оған Калифорниядан 55 таңдаушының дауысы, Нью-Йорктен 31 дауыс және тағы басқа. Дональд Трампқа өз кезегінде Республикалық партияның дәстүрлі тасқамалына айналған штаттарға мазасыздануының жөні жоқ. Оның қоржынына Техастан 34 дауыс, Джорджиядан 16 дауыс міндетті түрде алады. Ең бастысы, Клинтон Трамптан гөрі бейтарап америкалық сайлаушының қытығына азырақ тиеді. Сөйтіп, «толқымалы штаттар» бұрынғы бірінші ханымға салмақты артықшылық береді», деп болжам жасайды Ж.Үсенов. Сонымен, демократтар үкілеген Хиллари тұңғыш әйел президент ретінде бір кездері жұбайы Билл билік жүргізген орынтаққа отыра ала ма? АҚШ-қа төрелік айтқан әкелі-балалы Буштарды білетініміз бар-ды, алайда, ел тарихында жұбайы мен зайыбы екеуі бірдей президент болған емес. Бәлкім, бұл Клинтондар отбасынан бастау алар?! Сайлау алдындағы соңғы әлеуметтік сауалдама деректері бойынша Клинтон Трамптан үш пайызға ғана басым тұрды. Сөйтіп кеше АҚШ-та 45-ші президентті сайлау басталған-тын. Бәсеке бірден қызып сала берді... Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»