Қазақстанда допты хоккеймен айналысатын бірден-бір ұжым – Оралдың «Ақжайық» клубына жаңа бас жаттықтырушы келді. Оны енді отандық маман Владимир Кожевников жаттықтыратын болды.
Жаңа маман ұжымды қыркүйек айында қабылдап алды. Ал жасақтың жаттығуы қараша айының басында басталды. Клуб басшылығы жаңа бас бапкердің алдына 2016/2017 жылдарғы маусымда Бүкілресейлік командалар жарысы жоғары лигасының финалдық кезеңіне шығу міндетін қойып отыр. Оның қорытындысы бойынша міндетті түрде жүлдегерлер үштігінен табылу керек.
Өткен маусымда Саратовтың «Кристалын» жаттықтырған Владимир Кожевников биыл қаржы дағдарысына байланысты чемпионаттан тыс қалып отырған сол командадан өзімен бірге алты ойыншыны әкелді. Бұлардың қатарын қорғаушылар Сергей Пантеев, Александр Подметалин, жартылай қорғаушылар Евгений Суковин, Максим Никишов, Сергей Гаврилов, Артем Недоступов құрайды. Сонымен бірге, жасақ құрамынан кетіп қалғандар да бар. Мәселен, көп жыл капитан болған Іскендір Нұғманов ендігі тапсырыста жоқ. Себебі, Норвегия командаларының бірінде ойнауға кетіпті.
Қазір ойыншылардың өткен маусымнан қалған айлық жалақыларының қарыздары бар көрінеді. Олардың қашан төленетіні белгісіз.
Еске сала кетейік, биыл «Ақжайық» өзінің 40-шы маусымын өткізгелі отыр. Ол 20 қараша күні Ресей чемпионатында сөре тартады. Команда 1976 жылдың тап сол күні КСРО чемпионатындағы дебюттік матчын өткізіп, Верхний Уфалейдің «Никельщигімен» кездескен екен.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
ОРАЛ