• RUB:
    5.05
  • USD:
    489.06
  • EUR:
    536.21
Басты сайтқа өту
11 Қараша, 2016

Вадим ПРИСЯЖНЮК: Боксшы қыздардың бабы келе бастады

318 рет
көрсетілді

Қазан айының соңында Атырауда бокстан әйелдер арасында қазақтың батыр қыздары – Ә.Молдағұлованы, М.Мәметованы және Х.Доспанованы еске түсіруге арналған халықаралық турнирдің өткені белгілі. Ол еліміз былғары қолғап шеберлерін сынға салған биылғы жылдың қаңтар айындағы Қазақстан чемпионатынан кейінгі ірі жарыс болды. Оның соңын ала біз еліміздің әйелдер құрама командасының аға жаттықтырушысы Вадим Присяжнюкті әңгімеге шақырған едік. – Вадим Эдуардович, Аты­рау турнирі мамандар тарапынан жақсы баға алды деп естіп жатырмыз. – Жарыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны рас. Осы ретте оны ұйымдастырушылар атына ерекше алғысымды білдіргім келеді. Жасыратыны жоқ, бұл турнирдің біз үшін маңызы аса зор еді. Себебі, қыздарымызға әлем чемпионаты мен Олимпиададан кейін сайысқа түсетін сынақтар бола қоймады. Бұл сол олқылық­тың орнын толықтырды. Олар өздері де сынап көрді, біз де қазіргі дайындық деңгейлерін байқап, алда олармен қандай бағытта жұмыс жасайтыны­мыз­ды анықтап алдық. Біз биыл­ғы мамыр айында Астанада өт­кен әлем чемпионатын­да алтыннан алқа таққан 4 спорт­шымыздың үшеуін – Назым Қызайбайды, Дина Жоламанды және Валентина Хальзованы осы бәсекеге қостық. Тек Ләззат Күнгейбаева ғана қатыса алмады. Сол сияқты, Олимпиадада қола жүлдегер атанған Дариға Шәкімова мен қатысушы Жайна Шекербековаға өзіміз демалыс бердік. Ал қалған мықты деген боксшыларымыздың барлығы шар­шы алаңда шамаларын байқап көрді. Бұдан бөлек, Тәжікстан мен Украинадан боксшылар келді. Мұның бәрі турнирдің деңгейін көтеруге үлес қосты. – Бірақ ондағы бірінші орын­ды түгел өз қыздарымыз жеңіп алды ғой. – Ол да рас. Дегенмен, Тәжік­станның – 3, Украинаның 1 өкілі финалға шыққанын да айтып қойғанымыз жөн. Тәжік қыздары арасынан Светлана Веглина бұған дейін де талай жарыстың төрінен көрініп келген тарлан. Ал бізге ең керегі, бәрінен бұрын өз боксшыларымыздың жай-жағ­дайын білу еді, оған жете алдық. – Әлем чемпионы Дина Жо­ламанның финалда бірінші раундта нокаутқа түсіп қалғанын қа­лай бағалайсыз? – Әрине, бұл қолайсыздау көрініс болды. Бірақ спортта, соның ішінде бокста мұндай жағ­дайдың болып тұратынын ұмытпауымыз керек. Кейде бәрін кездейсоқ тиген бір соққының өзі шешіп кетіп жатады. Оның үстіне, боксшы қыздарымыздың көбі мамыр айында өткен әлем чемпионатынан кейін ешқандай сайысқа түсіп көрген жоқ. Негізінен, содан бері тынығып келді. Мұның да әсері бар. – Турнир жаңа есімдерді аша алды ма? – Дәл бұлай деп айта алмаймын. Себебі, әлдекімді елден ерек бөліп атай қоюымыз қиын. Негізінен турнирдің жеңімпазы атағына бұрыннан танымал тарландар жетті. Мәселен, 48 килоға дейінгі салмақта тараздық Алуа Балқыбекова жарысты өте жоғары деңгейде өткізді. Бірақ оның аты бұрыннан белгілі. Ол биылғы жылдың ақпан айында Астанада өткен республика чемпионатының финалында есе жіберіп алған қарсыласы, павлодарлық Алина Тұрлыбаевадан жақсылап тұ­рып есе қайтарды. Егер ол бұ­дан да әрі өрлей берсе, бізге На­зым Қызайбайды бір саты жоға­рылатып, 51 килоға дейінгі олим­пиялық салмаққа көтеруге тура келер еді. Шамасы, біз жаңа есім ретінде тек 57 кило сал­мақтағы астаналық тәжірибелі спорт­шы Сәния Сұлтанқызын ұт­қан қызылордалық Дәметкен Келім­бетті ғана ауызға алатын шығармыз. – Ал әлем чемпиондарының өнерлері жөнінде не айтар еді­ңіз? – Тұтастай атап өткенде, бәрі де алдарына қойған мақсаттарын орындап шықты. Динадан бас­қасы турнирде бірінші орын алды. Енді қыздарға Токиода өтетін Олимпия ойындарына жос­парлы түрде дайындала беру керек. Аталмыш жарыс олардың қазіргі функционалды дайындығы деңгейлерін тексеріп көруге қыз­мет етті. Бокс­шыларымыз ал­дағы жылғы мамыр айында өтетін Қазақстан чемпионатында бақ сынайды. Сонда үздік шыққандарды қыркүйекте жалау көтеретін Азия чемпионатына апарамыз. Атырау турнирі бізге олармен ендігі ке­зеңде қандай бағытта жұмыс жасауы­мыз керек екенін көрсетіп берді. – Олимпиадашы қыз­да­рымыз қашан сапқа тұрады? – Жайна да, Дариға да қазір-ақ шаршы алаңға шығуға дайын. Оларды өзіміз тоқтаттық. Қанша дегенмен, дене күші жа­ғынан да, психологиялық жағы­нан да біраз сыннан өтіп, қалжырап қайтты. Сондықтан, өз-өздеріне келулері үшін белгілі бір уа­қыт керек. Дариға менің төл шә­кіртім ғой, осы жолы турнир­ге қатыстыруымды қайта-қайта сұрады. Дегенмен, қазіргі күндері де қарап отырған жоқ. Мек­тептерге барып, оқушы­лар­мен кездесіп, олардың алдында дене шынықтыру сабақтарын жүр­гізіп жүр. Біз бұл екі қызды да Сербиядағы турнирге апаратын болып шештік. – Құраманың жақын уақыт­тардағы жоспары қандай? – Таяу күндері Ресейдің Хан­ты-Манси автономиялы респуб­ликасында болатын дәстүрлі Мұнайшы елдер кубогы үшін жарысқа аттанамыз. Онда 5 не 6 салмақта боксшы шығарамыз. Бұдан кейін Қарағандыда өтетін Ғалым Жарылғапов турнирінде құраманың біраз мүшесі күш сынасады. Ал келер жылдың басында, жоғарыда айтылған Сербия турнирі өтіп, оған толық құрамда ат қосамыз. Қаңтардың ақырында Алматы облысында орналасқан AIBA академиясындағы дайын­дық жиынына қатысамыз. – Қыздардың Олим­пиа­да­дағы салмақ дәреже­лері санын көбейту ж­ө­нінде әңгіме қозғалып жатыр. Мұның шеші­мі қандай бо­луы мүмкін? – Бұл мәселе AIBA Атқару комитетінің желтоқсан айында шақырылатын отырысында қаралғалы тұр. Алдын ала келісім бойынша, тағы екі салмақ категориясы қосылып, жалпы саны бесеу­ге жететіні белгілі болып отыр. Сөйтіп, боксшы қыздар Токио­дан бастап осы жүйеге көшеді. Әңгімелескен Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан»   АСТАНА